Ұлы географиялық ашылулар және отарлық жүйенің басталуы

Ұлы географиялық ашылулар және

отарлық жүйенің басталуы

 

1.Ұлы географиялық ашылулар кезеңінің басталуы. Ондағы Португалия мен Испанияның ролі.

            2. Ұлы географиялық жаңалықтар — ХV ғ-дың соңы мен ХVІІ ғ-дың ортасы аралығында еуропалық саяхатшылардың жаңа жерлерді, құрлықтар мен аралдарды, мұхиттар мен теңіздерді, аса маңызды теңіз жолдарын ашу кезеңі.

            3.Жаңа жерлердің көптеп ашылуы және отарлық жүйенің қалыптасуы

 

Әдебиеттер:

1. Қ.Т. Жұмағұлов, Р.С. Мырзабекова Орта ғасырлар тарихы. Оқу құралы – Алматы «Қазақ университеті», 2020.

2. А.К. Қапышев, Е.А. Шайхыгалиев Дүние жүзі тарихы. 3 томдық. Ежелгі және орта ғасырлар тарихы. 1-том. Алматы, 2017.

3. Б.Боранбаева Орта ғасырлар тарихы (V ғ. екінші жартысы – XVII ғ. ортасы). Оқу құралы – Астана, 2013.

4. Қ.Т. Жұмағұлов, Е.Т. Қартабаева Азия және Африка елдерінің орта ғасырлар тарихы. Оқу құралы – Алматы «Қазақ университеті», 2020.

5. История средних веков. Учебник для академического бакалавриата. Под редакцией И.Н. Осинского, Г.А. Ртищевой, Н.В. Смирновой – Москва-Юрайт, 2018.

6. Тортаев С.Ә. Орта ғасырлардағы Азия және Африка елдерінің тарихы. Оқулық – Алматы, 2017.

7. Орта ғасырлар тарихы. І-том. Алматы, 2015.

 

ХV ғ. ортасына қарай Еуропа елдерінде өнеркәсіп пен сауданың мықтап өркендеуі, Еуропаны Шығыс Азиямен байланыстыратын құрлық жолын және кеме қатынасы өркендеген Жерорта теңізінің шығыс жағалауын түріктердің басып алуы, ашық мұхитқа шығып, алысқа жүзе алатын берік кемелердің жасалуы, ғылым мен техниканың жандануы бұған қолайлы жағдай туғызды. Араб саяхатшысы Әбу-Абдаллаї Мұхаммед ибн Баттута Еуропа саяхатшыларына дейін 30 жыл бойы саяхат жасап, Африканың солт. жағалауын бойлай жүзіп, Танжер қаласынан (Марокко) бастап Египет, Арабия, Кіші Азия түбегін, Қырым, Ресей, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Индонезия, Испанияда болған. Ұлы географиялық ашылуларды сол кезде күшті дамыған елдер — Португалия мен Испания бастады.

15 ғ-дың 2-жартысында Португалия ханзадасы, теңізші Генрих (Энрико) Африка жағалауына көптеген экспедициялар ұйымдастырып отырды. Португал теңізшілері құрлықтың батыс және оңтүстік жағалауын бойлай жүзді.

1488 ж. Б.Диаш Африканың оңттүстік шетіндегі Қайырлы Үміт мүйісіне жетті. Португалдардың бұл саяхаттары Ұлы географиялық ашылулардың бастамасы болды. Олармен бәсекелес испандықтар Шығыс Азияға апаратын теңіз жолын батыстан іздеуге тиіс болды. Орта ғасырларда ежелгі дүние ғалымдарының Жерді шар тәріздес деген ұмытылған пікірі қайта жандана бастаған еді. Осыған сәйкес бірқатар ғалымдар мен теңізшілер Испаниядан шығып үнемі батысқа қарай жүзе берсе Азия жағалауына жетуге болады деп есептеді. Неміс картографы М.Бехаймның глобусында (1492) және Италия космографы П.Тосканеллидің картасында (15 ғ-дың 2-жартысы) Еуропаның батыс жағалауы мен Азияның шығыс жағалауы арасында ешқандай құрлық жоқ, мұхиттың ені кішірейтіліп көрсетілген. Х.Колумбтың осы пікірге негізделіп ұйымдастырылған экспедициясы 1492 ж. Американы ашты. Оның 4 саяхатының (1492 — 1504) нәтижесінде Орталық Америкадағы Багам, Үлкен Антиль және Кіші Антиль аралдары, Оңтүстік Американың солтүстік жағалауы ашылды.

1497-1499 ж. португал теңізшісі Гама (Васко-да-Гама) Африканы оңтүстігінен айналып өтіп, Үндістанға апаратын теңіз жолын ашты (экспедицияны Африка жағалауынан әрі қарай араб лоцманы Ахмет ибн Мәжит бастап барды).

1497 ж. ағылшын теңізшісі Джон Каботт Үндістан мен Қытайға Солтүстік теңіз жолын іздеу кезінде Нью-Фаундленд аралдарына және Лабрадорға жүзіп барып, Солтүстік Американы ашуды бастады. Х.Колумбтан кейін испан және португал теңіз саяхатшылары Оңтүстікте А.Веспуччи құрлықтың жағалауларына бірнеше рет жүзіп барып, оны жаңа дүние ретінде сипаттап жазды. Бұдан әрі испан конкистадорлары Солтүстік және Оңтүстік Американың ішкі аудандарын жаулау кезінде бірқатар жаңа жерлер ашты (Э.Кортес, Х.Писарро).

1503 ж. В.Нуньес де Бальбоа Панама мойнағы арқылы Тынық мұхит жағалауына шықты. Бальбоаның жаңалығы Атлант мұхитынан “Жаңа Дүниені” айналып, “Оңтүстік теңізге” (мойнақтан қарағанда оңттүстікте көрінетіндіктен саяхатшылар солай деп атаған) асатын жолды іздеу туралы ой тудырды. Бұл идеяны Ф.Магеллан басқарған испан экспедициясы жүзеге асырды. Магеллан және оның серіктері Атлант мұхитынан жол тауып, Тынық мұхитқа өтті, онан әрі дүние жүзін айналып шықты (1519-1522).

16 ғ-дың ортасында Ұлы географиялық ашылулардың заманының бірінші кезеңі аяқталды.

16 ғ-дың 2-жартысынан 17 ғ-дың 2-жартысына дейін созылған екінші кезеңнің басында Шығыс Азия елдеріне Еуразияның және Солтүстік Американың солтүстік жағалауын айналып жүретін теңіз жолын (Солтүстік-шығыс және Солтүстік-батыс жолдарын) іздеуге байланысты географиялық ашылулар жасалды. Еуропадан Үндістан мен Қытайға баратын Оңтүстік теңіз жолдары Испаниямен Португалияның қолында қалғандықтан жаңадан өркендеп келе жатқан Англия мен Голландия теңіз жолын басқа жақтан, солттүстіктен іздеуге мәжбүр болды. Солтүстік-батыс жолды іздеу барысында

М.Фробишер (1576 — 1578),

Д.Дэвис (1585 — 1587),

Г.Гудсон (1610),

В.Баффин (1612 — 1616) Американың арктикалық бөлігінің аралдардан тұратынын анықтады.

Ағылшындар мен голландттардың Солтүстік-шығыс жолды іздеуі (Барроу 1556, Пит пен Джекмен 1580, Баренц 1594, Флеминг 1664 — 1668) нәтиже бермеді. Олар Баренц және Қара теңіздерінде жүзіп Ямал түбегіне дейін ғана жете алды. 16 ғ-дың соңы мен 17 ғ-дың 1-жартысында орыстар көптеген географиялық жаңалықтарға қол жеткізді. Орыс казактары бас-аяғы 50 жылдай уақытта Оралдан (1584) Тынық мұхитқа дейін (1639) жетті.

1639 ж. И.Москвитиннің отряды Охота теңізінің жағалауына шықты.

1644 — 45 ж. В.Поярков Амурды бойлап, оның сағасына дейін барды. Көп ұзамай-ақ Е.Хабаров 1647 —51 ж. Амур өлкесіне бірнеше жорық жасады.

1648 ж. С.Дежнев пен Ф.Попов Азияның солтүстік-шығыс жағалауын бойлай жүзіп, Азияны Америкадан бөлетін бұғазды ашты. Осы ашылулармен бір уақытта француздар (С.Шамплен, Э.Брюле, т.б.) Солтүстік Американың ішкі бөлігіне өтіп, Аппалачтың солтүстігін, Ұлы көлдерді ашты. Бұл кезде голландтар Оңтүстік жарты шарда “Белгісіз оңтүстік жерді” (Terra іncognіto Australіs) іздеумен айналысты.

1605 ж. олар Үнді мұхитымен жүзу кезінде Австралияның солтүстік-батыс жағалауын көрген болатын.

1641 — 43 ж. А.Тасман Австралияны айнала жүзіп, оның полюстік аймақты түгел қамтитын қиялдағы “Белгісіз оңтүстік жерден” бөлек екенін анықтады, Жаңа Зеландияны және бірнеше топаралдарды ашты. Ұлы географиялық ашылулардың нәтижесінде адамдардың Жер туралы түсінігі түбегейлі өзгерді. Картаға “Ескі Дүниеге ” қосымша жаңа дүние бөліктері — Америка мен Австралия, Жер шарындағы ең үлкен — Тынық мұхит, көптеген аралдар, теңіздер мен бұғаздар енді. Жердің шар тәрізді екендігі түпкілікті дәлелденді. Жер бетінде ежелгі ғалымдар ойлағандай құрлық емес, судың басым екендігі анықталып, біртұтас дүниежүзілік мұхит ұғымы қалыптасты. Ұлы географиялық ашылулар түрлі ғылым салаларын дамытуға негіз салумен бірге әлем елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасады. Жаңа ашылған жерлердегі елдерді жаулап алу әлемдік отарлау үрдісіне бастама берді.

            Географиялық ашылулардың алғашқы нәтижесі Батыс Еуропаны сауда жолдарының түйісіне айналдырып, Үнді мұхитында және оңтүстік теңіздерде мұсылман үстемдігін азайтты, Еуропа көп ғасырға созылған әскери, сауда және өндірістік үстемдік үшін күрестің орталығынан орын алды. Оның бұл орны болашақтағы жеңісіне бастама салып берді. Табиғи-географиялық жағдайдың өзгеруіне техникалық құралдар арқылы қол жеткізілді.

 


Последнее изменение: Понедельник, 8 ноября 2021, 18:49