ІV-ХІІ ғасырлардағы Византия империясы.

ІV-ХІІ ғасырлардағы Византия империясы.

 

1. Шығыс Рим (Византия) империясының құрылуы және оның дамуындағы ерекшеліктер.

2. І Юстиниан кезіндегі Шығыс Рим (Византия) империясы. І Юстинианның ішкі және сыртқы саясаты.

3. VІ-VІІ ғасырдың соңындағы империядағы дағдарыс және әскери-әкімшілік реформалар.

4. ІХ-ХІ ғасырдың екінші жартсындағы Византия.

5. ХІ-ХІІ ғасырдың аяғындағы Византия, дағдарыстың тереңдеуі.

 

Деректер:

  1. Византийский земледелческий закон (под ред. И.П.Медведева). Ленинград, 1984.
  2. Дигесты Юстиниана. Москва, 1984.
  3. Продолжатель Феофана. Жизнеописания византийских царей (изд.Я.Н.Любарский. Санкт-Петербург, 1992.

Әдебиеттер:

     1. Бородин О.Р. Византийская Италия в VІ-VІІІ в. Барнаул, 1991.

     2. Византийские очерки Москва, 1961, 1971, 1982, 1991, 1996

     3. Курбатов Г.Л. История Византии (от античности к феодализму) Москва, 1984.

     4.Чекалова Александра Алексеевна  Константинополь в VІ веке. Восстание Ника                                    Москва, 1986.

     5. Жұмағұлов Қ.Т., Мырзабекова Р.С. Орта ғасырлар тарихы. Алматы, «Қазақ университеті»,  2016.

     6. Боранбаева Б. Орта ғасырлар тарихы. Оқу құралы. Фолиант 2013

     7. Мырзабекова Р.С. Кейінгі орта ғасырлар тарихы. Алматы, «Қазақ университеті» 2012.

     8. Мырзабекова Р.С. Орта ғасырлар тарихының терминдері. Алматы, «Қазақ университеті», 2016.

 

            330 жылы император І Константин Рим империясының астанасын Шығыстағы Византии қаласына көшірді. Жаңа астананы императордың құрметіне «Константин қаласы»-Константинополь деп атады. Ол жердің табиғаты жайлы болды. Қазба байлыққа бай (алтын, күміс, мыс, темір) болды. Астананың шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік елдердің сауда жолдарының түйіскен жерінде орналасуы, оны аз уақыт ішінде Еуропадағы ірі қалалардың біріне айналдырды.

            Ақырында, бүкіл Жерорта теңізі айналасын алып жатқан Рим империясы 395 жылы екіге бөлінеді. Бір бөлігі Батыс Рим империясы деп аталып, орталығы-Рим болса, ал екінші бөлігі Шығыс Рим империясы деп аталып, орталығы-Константинополь қаласы болды. Константинополь бұрын грек дәуірінде Византии деп аталған қала болған. Кейін орта ғасырлар кезінде астананың ежелгі есімімен империя Византия деп аталды. Шығыс Рим империясы бір мың жылдан астам уақыт өмір сүрді, яғни 1453 жылы Константинопольдің түрік жаулаушылығының нәтижесінде қирауына дейін.

            Шығыс Рим империясының тарихын үш кезеңге бөлуге болады:

1.      ІV-VІІ ғасырдың ортасы- құлдықтың жойыла бастауы мен ерте феодалдық қатынастар элементтерінің тууы. Орталықтандырылған монархия мен әскери-бюрократтық аппарат пен император билігінің нығаюы.

2.      VІІ ғасырдың соңы мен ХІІ ғасыр- феодалдық қатынастардың қалыптасуы мен шексіз монархияның орнауы.

3.      ХІІІ-ХV ғасырлар- дағдарыстар кезеңі.

            Шығыс Рим империясының құрамына мына жерлер кірді: Балқан түбегі, Кіші Азия, Солтүстік Месопотамия, Армения мен Грузия территориясының бір бөлігі, Сирия, Палестина, Египет. Халқы: Гректер, иллириялықтар және фракиялықтар.

            Шығыс Рим империясы да, Батыс Рим империясы да құл иеленушілік империя ретінде өмір сүрді. Бірақ екеуінің тағдыры екі түрлі болды. 395 жылы Батыс Рим империясы құрылып, ал 476 жылы варварлардың шабуылының нәтижесінде құлайды. Оның территориясында жек-жеке королдіктер құрылады. Осындай жеті королдіктің аты тарихта қалғанын білеміз. Шығыс Рим империясы Батыс Рим ипериясы құлағаннан кейін де өмірін жалғастырды және VІІ ғасырдың басына дейін құлдық мемлекет ретінде дамыды. Яғни, Батыспен салыстырғанда Шығыста құл иеленушілік қатынастар жүйесі тағы да 150 жылдай өмір сүрді. Себебі неде?

            Шығыста құлдықтың сақталып қалу себебі, Шығыс Рим империясындағы дамудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты еді:

1.      Рим империясы екіге бөлінген мезгілде Шығыс Рим империясының қарамағына дағдарысқа ұшырамаған аудандар енген еді. Олар: Дакия, Фракия, Македония, Грекия жері, Кіші Азия, Абхазия, Египет, Қос Өзен бойы еді. Кіші Азия, Дакия жерлері астыққа бай өлке болды. Сонымен қатар Шығыста сауданың, қолөнердің орталығы болған үлкен-үлкен қалалар болды. Шаруашылығы аса көп күйзеліске ұшырамағандықтан орталық өкіметке түсетін пайда көп болды. Мұны орталық өкімет пен қарулы күшін нығайтуға жұмсады. Сондықтан экономикасы жоғары дамыған аудандардың Шығыс империяның құрамында болуы бұл жерде құлдықтың көп уақыт сақталуына әсер етті.

2.      Батыспен салыстырғанда Шығыс Рим империясында ішкі қайшылықтар, тап тартысы көп бола қойған жоқ. Рим мемлекеті Италия жерінде құрылып, алғашында Жерорта теңізінің батыс жағалауындағы жерлерді жаулады, ал Шығыс ауданды кейінірек жаулаған еді. Шығыста негізінен жаңадан жаулап алған провинциялар болды. Сондықтан Рим қолға түскен құлдарды Батыс ауданға алып кетіп отырды, құлдар негізінен Батыста жинақталды.

3.      Батыс Рим империясымен салыстырғанда Шығыста ерікті шаруалар көп болды және құлдар еңбегімен қатар олардың да еңбегі пайдаланылды. Себебі, Шығыста егін шаруашылығы жақсы дамыды. Қос Өзен т.б. жерлердегі егінде астық суғарылмаса шықпайтын еді. Сондықтан егін шаруашылығы негізінен ирригациялық жүйеге негізделді. Ал, мұндай құрылыстар жеке адамдардың қолынан келмейтін еді, сондықтан Шығыс империяның қарамағындағы көптеген провинцияларда шаруалар қауымдасып өмір сүрді. Бұл жағдай құл иеленушілік мемлекет үшін пайдалы болды. Ерікті шаруалардың болуы тап тартысының дамуна жол бермейді, себебі ерікті шаруалар құлдар көтерілісін қолдаған жоқ.

4.      Шығыс Рим империясының астанасы Константинополь өз заманына лайық жақсы бекініс болды. Үш жағын теңіз қоршап жатты. Мұндай қаланы сыртқы жаулардың алуы оңай болған жоқ. Астана тұрғандықтан империя да ұзақ өмір сүретін еді. Ал, Рим болса ашық жерге орналасқан еді.

Шығыс Рим империясы құл иеленушілік  империя ретінде өмір сүруімен қатар, құлдық жойылған жерде құлдықты қайта орнату үшін әрекеттер жасады. Осындай саясатты ұстанған император Юстиниан1(527-565жж.) болды. Ол елді 30 жылдай уақыт басқарды. Ү ғасырда өмір сүрген тарихшы Прокопий Кесарийский Юстинианның қарама-қайшылыққа толы бейнесін кейінгі ұрпаққа қалдыра білген. Жаңа император заманына сай білімді, керемет ақылды, саясаткер және таусылмас қайрат иесі де болған.

Оның әйелі-императрица Феодора өзіне сай болды. Өзінің сұлулығымен патшаның басын айналдырып алған, бұрынғы куртизанка және көше артисі, императрица болғаннан кейін мемлекет басқару ісіне және шіркеу мәселелеріне де араласа бастады. Тіпті елшілерді қабылдап, жоғары қызметтегі адамдардың тағдырларын да шешіп отырды. Кейде күйеуіне білдіртпей императорға оппозициялық топтардың өкілдерімен де байланыс жасаған.

Юстиниан өз саясатында Рим империясының байырғы құдіреттілігін қалпына келтіруді, императорлық өкімет пен  үстемдік құрушы шіркеудің онсыз да шексіз билігін одан әрі нығайта түсу идеясын басшылыққа алды.

Империяны нығайтуда Юстиниан кезінде Рим заңдарының біртұтас жүйеге келуінің маңызы зор болды. Білгір заңгерлерден құралған комиссия алты жыл ішінде (528-534жж.) бұрынғы Рим заңдарын қайта қарап және соның негізінде «Азаматтық праволар жинағын» жасап шығарды. Ол мынадан тұрды:

1.      «Институтциялар» - кодексті пайдалануға нұсқау.

2.      «Кодекс» - ІІ-VІғ. Басындағы императордың заңдары.

3.      «Дигестер» - Рим заңгерлерінің шығармаларынан үзінділер.

4.      «Новеллалар» - Юстинианның өз заңдары.

Бұл кодекс 60-тан астам кітаптардан тұрған екен. Бұл арқылы Юстиниан құл иеленушілік правоны берік етуге тырысты. Ал, біз үшін бұл кодекс өте бағалы тарихи дерек болып табылады. Юстиниан заңдарының негізгі әлеуметтік арқауы – патшаның, яғни, «құдайдың жердегі өкілінің» билігіне шек қойылмау, мемлекет пен христиан шіркеуінің одағын сақтау, олардың артықшылығын қорғау, дінге еріктіліктен бас тарту және пұтқа табынушылар мен діннен безгендерді қудалау идеясы болатын. Жеке меншіктік правоны негіздеуі және қорғауы Юстинианның «азаматтық праволар жиынтығының» өміршең болуына игі әсер етті және ол бүкіл орта ғасырлар бойы мәнін жойған жоқ.

Юстиниан құл иеленушілік мемлекетті берік қылуға тырысқанымен, оның бұл ойы толық мәнінде жүзеге аспады. Империяның өз ішінде де халықтардың қозғалыстары жиі-жиі болып жатты. Оның айғағы 532 жылғы қаңтар айындағы «Ника» көтерілісі еді. Бұл грекшеден қазақшаға аударатын болсақ «Жең» деген мағынаны білдіреді. Көтерілісшілер үкімет үйлері мен ақсүйектердің үйлерін өртеп, қирата бастады. Император және оның жақтастары Сарайда қоршауда қалды, үкіметке қауіп төнді. Юстиниан астанадан қашып кетуді ұйғарды. Бірақ осы тұста Юстинианның жұбайы, императрица Феодора үлкен өжеттілік пен табандылық танытты. Ол қашу деген ойдан қайтуды және дереу шабуылға шығуды талап етті. Ақырында ұйымдасқан үкімет әскерлеріне қарсы тұра алмай көтерілісшілер жеңіледі. Нәтижесінде 30 мыңнан астам адам қаза тауып, қан судай ақты. Бірақ, жеңілгеніне қарамастан басқа да осындай көтерілістер Шығыс рим империясының іргетасының шайқалуына әсер еткен еді.

Юстинианның сыртқы саясаттағы басты мақсаты – бұрынғы Рим империясын қайтадан қалпына келтіру еді. Сондықтан ол Рим империясының орынында пайда болған варвар тайпаларын бағындырудан бастамақшы болды. Ең алдымен 534 жылы солтүстік Африкадағы вандалдар мемлекетін тізе бүктірді. Одан кейін орасан зор шығындарына қарамастан Италиядағы остготтар королдігін басып алып, 536 жылы Рим империясының көне астанасы Римді жаулап алды. 555 жылы Италияны толығымен жаулап алды. Сонымен бірге Испаниядағы вестготтарға да шабуыл жасап, басып алды. Сөйтіп, Византия мемлекетіне Далмация, Италия, Солтүстік Африка, Испанияның оңтүстік шығысы, Сицилия, Сардиния, Корсика және Балеар аралдары қайтадан қосылған болатын. Бірақ, бұл жағдайлар тұрақты болмады.  Юстиниан билігінің ақырғы кезеңінде және оның мирасқорлары кезінде Шығыс Рим империясының саясаты құлдырай бастады.

Сырттай қарағанда Юстиниан патшалық құрған кезде Византия жағдайы жақсы болып  көрінгенімен халық бұқарасының тұрмыс-халі ауыр болды. Көптеген халық көтерілістерінің болуы, әсіресе 532 жылғы көтеріліс осының айғағы еді. Император 84 жасында қайтыс болғасын оның орнына келген Юстин 11-ге елді басқару оңайға түспеді. Юстинианның билігінің ақырғы жылдарында салық мөлшерінің бұрынғыға қарағанда өскендігіне қарамастан мемлекет қазынасында қаржы жоқ еді. Жергілікті жерлерден салық жинау, онсыз да салықтан, алымнан қажып отырған халықтың ашу-ызасын туғызып, қарсылығын күшейтті.

VІғ.2 жартысы мен VІІғ. І жартысында Византия қоғамының қоғамдық құрылысы қарама-қайшылықтарға толы еді. Византияда құлдық құрылыс бұл кезде көрепе көзге ыдырай бастаған еді. Ауыл шаруашылығы мен қолөнерде шаруалардың ерікті еңбегі құлдар еңбегін ығыстыра бастады. Соған қарамастан  бұл кезде құлдық әліде болса толық жойылған жоқ еді. Жаңа, прогрессивтік феодалдық қатынастар өте баяу дамыды. Өндіргіш күштердің де дамуы да осыған байланысты өте баяу болды. Мұны біз бір кездегі Балқан түбегіндегі құнарлы егіндік жерлердің, Кіші Азия провинцияларындағы далалардың қаңырап бос қалғандығынан да көре аламыз.

VІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың басында қала кедейлері, құлдардың, колондардың, қауымдық шаруалардың әртүрлі қозғалыстары бұрынғыға қарағанда өсе түсті. Египет, Сирия сияқты жерлерде Константинопльден бөліну мақсатындағы сепараттық қозғалыстар да жиіледі.

Империяның сыртқы жағдайы да нашарлай түсті. Империяны жан-жағынан көптеген жаулар қоршап жатты. Юстиниан қайтыс болғасын Византия иеліктері қысқара бастады. 568 жылы лангобардтар Орталық Италияның бір бөлегі мен солтүстігін жаулап алады. Vғ.80 жылдарының басында испаниядағы иеліктерінен де айырылды. VІғ. 2 жартысы мен VІІғ. басында славяндар балқан түбегіне бірнеше рет жорықтар жасап, Пелопоннеске дейін жетті. Дунай бойындағы империя әскері аврлармен ұрыста жеңіліп қалды. VІІғ. І жартысында парсылар шығыс провинцияларды бірінен соң бірін басып ала бастады. Тіпті, Константинопльдің өзіне де қауіп төндірген еді.

            602 жылы Дунай маңындағы армия ішінде көтеріліс болады. Қатардағы центурион (жүзбасы) Фока өзін император деп жариялайды. Көтерілісшілер халық бұқарасының көмегімен Констатинопльді басып алды. Юстиниан династиясының соңғы өкілі император Маврикий тақтан құлатылып, бес баласымен бірге өлтірілді. 602-610 жылдардың аралығында Византия тағында Фока отырды. Елде Киликияны, Сирияны, Палестинаны, Кіші Азияны, Египетті қамтыған ашықтан-ашық азамат соғысы басталды.

            610 жылы Фока тақтан түсіріліп, өлтіріледі де, таққа империяны нығайтуға тырысқан, ірі жер иелеріне айналған провинциялық ақсүйектер өкілі Ираклий келеді. Ол 610-641 жылдары билікте болды.Ол өзінің қарсыластарына соққы беріп, Сирияны, Палестинаны, Египетті қайтарып алады. Бірақ арабтардың жаулаушылығының нәтижесінде VІІғ. 30-40 жылдарының басында  бұл жерден екінші рет түпкілікті айырылды.

            Ираклийдің мұрагерлері кезінде империя территориясы бұрынғыдан да тарыла түсті. Арабтардың жаулауының нәтижесінде Солтүстік Африкадан да толық айырылып қалды. Сөйтіп Византия империясы Батыстағы жаулап алған жерлерінен де және өзінің Солтүстік пен Шығыстағы жерлерінен айырылады. Империя жеріне басып кіре бастаған славяндар VІғ. басынан бастап осы елге қоныстана бастады. VІІғ. басында олар Фракия, Македония және Грецияға орналасты. Олар Далмация мен Истрияны да басып алады. VІІғ. ортасында бүкіл Балқан түбегіне славяндар толық қоныстанып алған еді. Империяның сыртқы жаулаушылыққа тойтарыс беру қабілетінің нашарлауының нәтижесінде Балқан түбегіне славяндардың баса көктеп кіруіне жағдай жасады.

            Сөйтіп, 679ж. Балқан түбегінде тұңғыш ірі славян мемлекеті – Болгар мемлекеті пайда болды.

            VІІғ. аяғында Византияда Юстиниан тұсындағы территорияның үштен біріндейі де қалған жоқ еді. Империя құрамында тек қана Балқан түбегінің оңтүстік бөлігі, Оңтүстік Италияның бір бөлігі, Қырымның оңтүстік жағалауы, Кіші Азия мен Архипелагтағы аралдар ғана қалған еді.

            Бұл кезде Византияда көптеген әлеуметтік-саяси өзгерістер де болып жатқан еді. Ең алдымен империя бұрынғыдай грек-римдік емес, енді таза гректік болды. Ресми мемлекеттік тілі -  грек тілі болды. Империяның басты назары енді толық Балқан түбегі мен Кіші Азияға бағытталды. Константинопльдің экономикалық және саяси ролі де өсті. Елде феодалдану процесі тез дами түсіп, құлдық қатынастар бұрынғыдан да тезірек ығыстырыла түсті.

            Шығыс империяда да құлдықтың құлауына батыс Рим империясында қандай жағдай себеп болса мұнда да солай болды:

1.      Құлдық қоғамның дағдарысы.

2.      Елдің ішіндегі тап тартысының шиеленісуі.

3.      Сыртқы жаулардың шабуылы және оған империяның тойтарыс бере алмауы.

Құлдық қоғамға негізделген Батыс Рим империясы V ғасырда, ал Шығыс Рим империясы VІІ ғасырда құлады. Құлдықтың құлауына себеп болған бізге белгілі жағдайлар еді. Сонымен қатар Шығыс Римде өзіне тән ерекшеліктер де болды:

1. Батыс Рим империясында құлдық тез жойылды, ал Шығыста құлдықтың жойылу процесі ұзақ уақытқа созылды.

2. Батыс Рим империясында империя құлағасын, оның территориясында құрылған мемлекеттерде саяси билікке ие болған варварлық ақсүйектер еді. Ал, Шығыста билікке ие болған, бұрынғы жергілікті ақсүйектер өкілдерінің феодалдана бастаған бөлігі еді.

3. Батыста құл иеленушілік құрылыстың құлауына байланысты Рим империясы да жоқ болды, оның орнына толып жатқан мемлекеттер құрылды. Ал, Шығыста құлдық жойылғанымен империя сақталып қалды, бірақ феодалдана бастаған мемлекетке айналды.

Византиядағы феодалдану процесін екі кезеңге бөлуге болады:

1.      VІІ ғасырдың ортасынан-ІХ ғасырдың ортасына дейін, Исаврлар династиясы кезі (717-802жж.).

2.      ІХ ғасырдың ортасынан ХІ ғасырдың ортасына дейін, Македон династиясы кезі (867-1056жж.).

Византиядағы славяндардан шыққан қоныстанушы шаруалардың тұрмыс жағдайынан құнды мәліметтер беретін тамаша деректің бірі «Егіншілік заңы» болып табылады. «Егіншілік заңы» - Византиядағы шаруалар қауымының праволарының жинағы. Бұл заң ғалымдардың зерттеуі бойынша ҮІІІ ғасырда жазылған, бірақ ҮІІ ғасырдағы аграрлық қатынастарды да көрсететін және одан құнды мағұламаттар да беретін еді. «Егіншілік заңы» да, «Салий ақиқаты» сияқты селолық қауымның өз ішіндегі қатынастарды реттеуді көздейтін, праволардың жиынтық жазбасы болып табылады.  ҮІІ-ҮІІ ғасырларда славяндардың отарлауы салдарынан Византияда ерікті селолық қауымдардың көбейуі байқалады. Бұл жағдай Византияда ерікті шаруалар қауымынын қайтадан қалпына келтіруге ықпал етеді. Ерікті шаруалардың саны да өседі. ҮІІІ-ІХ ғ. Византияда ерікті селолық қауым басым болды. Ал, қауымның ыдырауы Франк қоғамындағы сияқты феодалдық қатынастардың тууына әсер ететін еді.

Бұл дерекке қарағанда егінші шаруалар жер бөліктері, жүзімдіктері мен бақтары бар ерікті қоныстанушылардан тұрған екен. Шаруа шаруашылығында егіншілікпен қатар, олардың өмірінде малшылық та жоғары роль атқарды. Шаруаның жер бөлігінде жыртылатын жер, жүзімдік немесе бақ оның меншігі болып есептелінді. Бірақ , бұл жердің негізінен қауымдық жер екендігі заңда көрсетілді. Мысалы, оның үлестік немесе жеребе деп аталуы оған дәлел. Бұдан біз қауым мүшелерінің жерді өзара бөліскендігін көреміз. Заңда егер жерді алғашында дұрыс бөлмесе, участоктерді қайтадан бөлетін бап та бар еді. Шалғын, жайлымдарды, ормандарды және басқа да жерлерді қауым мүшелері бірігіп пайдаланатын еді. Мұны «Заңның» 79 пунктінен көруге болады. Астығын жинап алған жер бөліктерін қауым мүшелері бірігіп, мал үшін жайлым қылатын еді. Ал, жыртылатын жердің қауым мүшелерінің арасында бөлінетіндігін 9-10 пункттерден көруге болады. Бірақ, үлестік жерлерін сатуға шаруалардың құқығы болмаған болуы керек, себебі бұл туралы «Заңда» ештеңе көрсетілмейді. Иесі тастап кеткен жер бөлігі қауымның пайдалануына берілетін еді. Барлық қауымдар мемлекетке салық төлеп тұрған. Қауымда мүліктік теңсіздіктің де пайда бола бастағандығы байқалады. Ерікті қауым мүшелері-георгтер, ал, дүние мүлкі жоқ кедейлер-апорлар деп аталған. Георгтер қауымның толық мүшелері еді. Ал, апорлар жерді арендаға алып пайдаланушылар еді, өздерінің жер участоктері жоқ. Сонымен қатар иелеріне ондық салық төлеп отырған-мортиттер деген шаруалардың категориясы да болған еді. Негізінде бұлар да шаруа-арендаторлар еді. Бұлардың жағдайы оларға қарағанда жоғарылау еді. Кейбір зерттеушілер бұлар бұрынғы жері бар шаруалар еді, бірақ жерінен әртүрлі себептермен айырылып, ірі жер иелеріне тәуелділікке түскен еді деген де пікірлер айтады.

Сонымен қатар «Заңда» қауымның малын жалданып бағатын, жалдамалы бақташылар-мистиялар да болғандығы айтылады.

«Егіншілік заңы» Византия қауымына, оның әлеуметтік құрылымына, әлеуметтік жіктеліс, қанау түрлері, қауым мүшелерінің тұрмысы, ауыл шаруашылық техникасына толық сипаттама беретін еді.

Сонымен, Византиядағы феодализмнің дамуындағы ерекшеліктің бірі-оларда Батыс Еуропаға қарағанда, құл иеленушіліктің қалдықтарының әліде кең көлемде сақталып қалғандығы еді.

VІІ ғасырдың басында Византияның жағдайы әліде болса ауыр еді. Арабтар Кіші Азияға ұмтылып, Кипр және Родос аралдарын басып алған еді. Араб әскері Константинополь түбіне келіп, оны бір жыл бойы (717-718жж.) қоршап жатқан еді. Бірақ арабтар Константиноплді ала алмады. Константиноплдің стратегиялық жағынан қолайлы жерге орналасқандығы, оған Болғарлар тарапынан көмектің болуы, «грек оты» - деп аталған лақтырылатын жанғыш заттарды пайдалану, аяғында араб әскерінің шегінуіне әкелген еді.

717 жылы Сириямен шекаралас жатқан Исаврий провинциясынан шыққан әскердің бас қолбасшысы, талантты ұйымдастырушы ІІІ Лев Исаврді ақсүйектер император етіп сайлады. Сөйтіп, елді жүз жыл бойы, 717-802 жылдары билеген Исаврлар династиясы осылай дүниеге келген еді. Оның негізін салушы ІІІ Лев 717-740 жылдары билікте болды. Одан кейін мұрагері Ү Константин (740-775жж.) билеген кездерінде арабтарға күшті тойтарыс берілді. Екеуі де әскери адамдар еді. 740 жылы ІІІ Лев арабтарды тас-талқан етіп жеңген еді. Ал, V Константиннің тұсында Византияның өзі араб халифатына шабуылға шығып, 746 жылы Сирияны басып алып, Ефрат жағалауы мен Армения жеріне дейін жеткен екен. Бұл жетістіктер VІІғ. Император Ираклий тұсында басталған әскери реформаны ІІІ Левтің әрі қарай дұрыс жалғастыра білуінің нәтижесі еді. Ираклий тұсында жалдамалы әскермен қатар, жергілікті жасақтар да құрылған еді. Жергілікті жасақтарды сол құрылған жердің қаражатымен ұстайтын еді. ІІІ Лев кезінде Византия әскері территориялық сипатқа ие болып, белгілі жерлер мен белгілі шекараны қорғайтын болды.

Империя әскери округтерге – фемдерге бөлінді. Фемдердің  басында стратигтер болды. Стратигтер әскери қолбасшылар болуымен қатар, сол жердегі азаматтық өкіметтің де иесі болды. Олардың көмекші офицерлері – турмархилер деп аталды, ал, қатардағы жауынгерлер – стратиоттар деп аталды. Қатардағы жауынгер өмір бойы әскери қызмет атқаруымен қатар егіншілікпен айналысатын шаруа болуға да тиіс еді. Олардың семьясымен игеретін егістік жері де болған екен. Олар жерінің бір бөлігін басқа шаруаларға арендаға да бере алатын еді. Бұл жер олардың күнкөрісінің көзі болып табылды. Әскери қызметтері үшін стратиоттар салықтың бір бөлігінен босатылатын еді. Жаңа типтегі әскердің құрылуы жаңа әлеуметтік қатынастарды да туғызған еді. Жалақымен қатар, жер де алған стратигтер мен турмархилер іс жүзінде жаңадан пайда болып келе жатқан әскери-феодалдық сословияның өкілдері болған еді. Стратиоттардың да әлеуметтік бейнесі бірыңғай болған жоқ. Жаяу әскер жер өңдеушілерден тұрса, атты әскер (кавалерия) ұсақ поместьелі рыцарлық типтегі жауынгерлерден тұратын еді. Сөйтіп, VІІІғ. Византияда ірі және ұсақ феодалдар саны тез өскен еді. Жаңа феодалдар құлдарды жерге бекіту арқылы оларды басыбайлы шаруаға айналдырды. Сонымен қатар үлестік жерінің көлеміне қарай әскери қызмет атқара алмаған қауымдық шаруалардың бір бөлегін де басыбайлы шаруаға айналдырып отырған екен. Жері жоқ шаруалар да басыбайлы шаруаға айналды.

Әскери феодалдар енді үкіметтен өз жағдайларын одан әрі жақсарту үшін реформалар жасауды талап ете бастады:

1.Мемлекет басқару билігін әскери феодалдар қолына беру.

2.Монастрлік жерлерді ішінара секуляризациялау (мемлекет меншігіне қарату) және сол жерлерді әскер қатарындағы адамдарға бөліп беру.

Исаврлар императорлары осындай шіркеуге қарсы саясаты үшін замандастарынан «иконаға қарсы күресушілер» деген атақ алған еді. Иконаға қарсы күресушілер иконаға табынуға қарсы шықты, олар алла тағаланың суретін жасау мүмкін емес, сондықтан пұтқа табыну сияқты иконаға табынуға болмайды деді. 726 жылы ІІІ Лев иконаға табынушыларға ашық қарсы шықты. Бұл қозғалысты шіркеуге наразы халық бұқарасының бір бөлігі де қолдады. 754жылы Ү Константин иконаға табынушыларды айыптаған шіркеулік жиналыс шақырды. Күрес мұнымен аяқталмады, иконаға қарсы күрес ІХ ғасырдың ортасына дейін созылды. Бұл күрестің мақсаты, осыны пайдаланып, үкімет ірі монастрлерді жауып, жерін, дүние-мүлкін конфискілейтін еді. Ал, мемлекет қарауына алынған жерлер византия рыцарларына бенифиция сияқты бөлініп берілетін еді. Мұндай жерлер Византияда «харистикий» («жарылқаушылық», «қайрымдылық») деп аталған екен. Ақырында, 843 жылы иконаға табынушылық салтанатты түрде қайтадан қалпына келтіріліп, бұрынғы ескі дәстүрлер де жанданды. Бірақ, шіркеуге одан кезінде тартып алған байлығы қайтарылмады.

Ірі феодалдық жер иеліктерінің көбеюі, феодалдардың шаруаларды қанауының күшеюі елде тап тартысының шиеленісуіне әкелді. Әсіресе, ІХ ғасырда Византияда халық бұқарасының қуатты толқулары жиі болып тұрды.

820 жылдың аяғында Кіші Азияда біраз жерді қамтыған көтеріліс болды. Көтерілісті славян қоныс аударушыларынан шыққан әскери басшы Фома Славянин деген басқарды. Сондықтан бұл көтеріліс тарихта Фома Славянин көтерілісі деген атпен белгілі. Аз уақыт ішінде оның туының астына феодалдарға қарсы болған көп адамнан тұрған армия жинақталды. Фома тақты басып алуға ұмтылды. Оған сарай саясатына наразы болып отырған ақсүйектердің бір бөлігі, иконаға табынушылар, монахтар қосылды. Араб халифаты да оны қолдады. 821 жылдың аяғында Фома Славяниннің әскері астананы қоршайды. Оны Фракия мен Македониядағы славяндар да қолдады. Бірақ астана жанқиярлықпен қорғанды. Император флоты да көтерілісшілер флотына қарағанда күшті еді. Көтерілісшілер құрамының да әлеуметтік жағынан ала-құла болуы көтеріліс барысына кері ықпал жасады. Қоршаудан нәтиже шықпады. Императорға Болгария әміршісі көмектесті. 823 жылдың жазында Болгарлар Фоманың әскерін талқандайды. Кейінірек ол Фракияның бір қаласында император әскерінің қоршауында қалады. Қоршалғандар Фоманы ұстап береді. Оны жан түршігерліктей азаптап өлтіреді.

Фома Славяниннің басшылығымен болған көтеріліс езілушілердің қозғалысын туғызды. Кіші Азияда павликан қозғалысы да өрістеді. VІІ ғасырда Армения немесе Сирияда пайда болған діни секта ретінднгі павликандық ІХ ғасырда көтеріліске шыққан шаруалардың діни идеологиясы болды. Павликандар Фома Славяниннің көтерілісіне де қатынасқан болатын. Олардың ілімінің негізі әлемдік екі күштің арасындағы тартыс:

1.      Алла тағала дүниесі.

2.      Жын-шайтан дүниесі.

Яғни, бірі рухани дүние де, екіншісі материалдық дүние. Олар материалдық дүниені, шіркеуді, оның байлығын «жын-шайтанның ісі» деп санайтын.

            Иконаға табынуды қалпына келтіргеннен кейін үкімет павликандарға қарсы аяусыз шабуылға шықты. Бағытынан қайтпағандарды аяусыз ұрып-соқты, теңізге батырды, өртеді. Соның нәтижесінде жүз мыңға дейінгі адамды қырды. Бірақ павликандар ұзақ қарсыласты. IX ғасырдың ортасында Кіші Азияда орталығы Тефрика қаласы болған тәуелсіз Павликан мемлекеті де құрылды. Кейінірек Павликандардың қолына Бүкіл Кіші Азия қарады. Тек, 872 жылы ғана олардың әскері талқандалып, Тефрика қиратылды. Х ғасырда Балқанға жайылып, Богомилдер қозғалысына ұласты.

            Македон династиясы тұсындағы Византия (IX-XIғғ.)

            IX ғ. екінші жартысынан бастап XI ғ. басына дейін Византияны Македон династиясы биледі. Бұл династияның алғашқы өкілі 1 Василий Македонянин (867-886жж.) билікке ие болды. X ғасырда да бұл династия бірнеше атақты императорларды таққа әкелді. Олар VII Константин Багрянародный (912-959жж.), белгілі ғалым, өз заманындағы жазушы және атақты қолбасшы Никифор Фока (963-969жж.), Иоанн Цимисхий (969-976) және II Василий Болгаробоица (976-1025жж.).

            Македон династиясы билігі кезінде Константинополь Европа мен Азияның арасындағы саудада делдалдық роль атқарған ірі сауда орталығына айналды. Константиноплде араб, орыс-славян және италян саудасы өте қызу дамыды. Византия императоры сыртқы саудадан бұрын IX-X ғасырларда батыстағы ешқандай королдер мен императорлар таппаған пайданы тапты.

            Сонымен қатар IX ғ. екінші жартысынан бастап Византияға арабтардан төніп отырған қауіп те жойылды. Бұл кезде араб халифатының өзі де ыдырап бірнеше ұсақ дербес мемлекеттерге бөлініп кеткен еді. Бұл кезде Византияның өзі арабтық шығысқа шабуыл жасай алатын еді.

            Македон династиясы тұсында империя территориясы қайтадан ұлғаяды. Шығыста арабтардан Крит, Кипр және Сирияның үлкен бөлігі Антиохиямен қоса жаулап алынды. Батыста империя өзіне Апулия мен Сицилияны да біраз уақытқа қаратты. Сонымен қатар Византия славян мемлекеттерімен жанқиярлық соғыстар жүргізіп отырды. Әсіресе, X-XI ғасырларда Византия-Болгария қатынасы өте шиеленісіп кеткен еді. XI ғасырдың басында 1018 жылы Византия Болгар патшалығын жаулап алуға қол жеткізді. Империя шекарасы солтүстік Балқан түбегінде қайтадан Дунайға дейін жетті, ал солтүстік батыста Адриат жағалауларына дейін жеткен еді. Серб тайпалары да біраз уақытқа дейін Византия империясына бағыны. Бірақ, кейін II Василий өлгеннен соң көп ұзамай-ақ ішкі талас-тартыстан әлсіреген империя қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Оның шекаралары қайтадан тарыла бастады. Шығыстағы жерлері жаңа жаулардың, түрік-салжұқтардың шапқыншылығына ұшыраса, европалық провинцияларына Қара теңіз маңындағы далалардан печенегтер қаптап келе бастады және олардың шабулы барған сайын қауіпті бола бастады.

            Македон династиясы тұсында басқаларға қарағанда Византия орыстармен бейбітшілдеу қатынаста болды. XI ғ. екінші жартысында қызу сауданың, мәдени байланыстардың дамуы нәтижесінде және ортақ жауларға-печенегтерге, хазарларға, половцыларға қарсы күрес олардың арасында достық байланыстардың орнауына әкелді. «Варягтардан гректерге тартылған Ұлы жол» Византиялықтарға жақсы белгілі еді. 988 жылы Русь христиан дінін қабылдағасын, Византия мәдениетінің орыс жеріне енуіне де қолайлы жағдай туған еді.

            Достық қатынастар кейде бұзылып та отырды. Мысалы, 1043 жылы орыстар Константиноплге соңғы рет жорық жасаған еді. Бұл жорық орыстар үшін сәтсіз аяқталды. Флоты дауылмен қирап, «Грек оты» арқылы өртенді.

            Константинопль патриархы Киев митрополитін-орыс шіркеуінің басшысын тағайындауға құқы бар еді. Князь  Ярослав кезінде Русьтің Константиноплге шіркеулік тәуелділігін жойды. 1051 жылы ол өз өкілеттілігімен Киев митропоиті етіп орыс священнигі Илларионды тағайындады.

            XI ғ. ортасында Византия шіркеулік өмірінде үлкен өзгеріс болды, ол Рим папасымен байланысты үзу еді. Константиноплдің Италиямен байланысты үзуі, бір жағынан Батыста Рим папасының саяси билігінің өсуі енді шіркеудің екіге бөлінуіне әкелді. Бұған дейін біртұтас болып келген шіркеу енді екіге бөлініп, Батыс шіркеу-католиктік, Шығыс шіркеу-православиелік болды. Бұған дейін де олар әдет-ғұрпымен бөлектене бастаған болатын, құдайға құлшылық етудегі тілі мен басқаруы жөнінен. Батыста-папа мен кардиналдар, ал шығыста-патриархтар, ең басында Константинопль патриархы. Бөлініс 1054 жылы болған еді.

 


Последнее изменение: Понедельник, 8 ноября 2021, 17:24