Глоссарий
Мекеме — өндiрiстiк емес саладағы экономиканың бiрiншi буыны.
Көшi-қон, миграция — адамдардың тұрғылықты мекенiнен әртүрлi себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшiп-қонуы.
Оралмандар — тарихи отанына қайта оралған этникалық қазақтар (топтар).
Өлiмнiң жалпы коэффициентi — халықтың өлiмiнiң көбеюiн анықтайтын көрсеткiш. Жыл бойына өлгендердiң жалпы санының халықтың жылдық орташа санына қатынасын көрсетедi. Әдетте 1000 адамға шаққанда есептеледi.
Рекреация — адамдардың денсаулығы мен еңбекке қабiлетiн табиғат аясында, туристiк саяхат арқылы қалпына келтiру.
Репродуктивтiк кезең (жас) — әйелдiң бала тууға қабiлеттi жасы. Статистикалық мақсаттарда көпшiлiк елдерде шартты түрде 15–49 жас аралығы алынады.
Салалық құрылымның жұмыспен қамтылуы — материалдық өндiрiс пен өндiрiстiк емес сфераларда, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы, т.б. салалардағы жұмыс пен қамтылғандардың ара-салмағы. Осы ара-салмақ көрсеткiш арқылы елдердi экономикалық тұрғысынан аграрлық, индустриялдық немесе постиндустриялдық типке бөледi.
Сумен қамтамасыз етудiң айналымдық жүйесi — суды пайдалануда ысырапқа жол бермеу үшiн қолданылады. Суды өңдегеннен кейiн (суытып, тазартқан соң) өндiрiсте қайта пайдаланылады.
Табиғат — бар тiршiлiк, бүкiл әлемнiң сансыз көп формаларын қамтитын және әр алуандылығымен, үйлесiмдiлiгiмен, көркемдiлiгiмен ерекшеленетiн жаратылыс дүниесi.
Табиғатты қорғау — адамзат қоғамы мен бүгiнгi және келешек ұрпақтың материалдық, мәдени және рухани қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету мақсатында табиғат пен оның байлықтарын тиiмдi пайдалануға және қайтадан қалпына келтiруге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi