Философия -әдіснамалық білімдердің жоғары деңгейі

Философия -әдіснамалық білімдердің жоғары деңгейі

Философия әдіснамалық білімдердің жоғары деңгейі

Қарастырылатын сұрақтар:

1.Диалектикалық материализмнің педагогика теориясының дамуындағы ролі.

2.Педагогиканың философиялық негіздері.

3.Педагогика әдіснамасы ретінде қолданылатын философиялық ілімдер: экзистенциализм, неотомизм, позитивизм, неопозитивизм, прагматизм, диалектикалық материализм т.б.

Дәрістің қысқаша мазмұны:

Материалистік диалектика табиғатты үздіксіз қозғалыспен даму барысындағы біртұтастықтың бірлігі ретінде ашып көрсете отырып табиғат және адам тәжірибесі туралы ғылымдарының деректерімен толық сәйкестік барын көреді. Диалектикалық әдіс таным процесі арқылы заттар және олардың ойша (идеалды) бейнесі, яғни ұғым пайда болу процесінде, үздіксіз дамуда, олардың органикалық бірлігі мен өзара байланысында материалдық шындықтың заңдылықтарын ашады.

Қазіргі кезеңде адам зерттеулеріне байланысты əрқилы ғылымдар əдіснамасы сипатында көптеген философиялық бағыт-бағдарлар, теориялық көзқарастар бір қатар жасауда. Солардың ішінен бүгінгі педагогикада өз орнын тапқан келесі философиялық білімдерді ажыратуға болады: экзистенциализм, прагматизм, неотизм, неопозитивизм, диалектикалық материализм ж .т.б.

Экзистенциализм немесе адамның тіршілік, болмыс толғаныстары философиясы. Бұл бағытты дəріптеуші көрнекті өкілдер: Н.А. Бердяев, Л.И. Шестов (Ресей), М. Хайдеттер, Г. Ясперс (Германия), Ж. Сатр, А. Камю (Франция), Э. Брейзах, П. Тиллих (АҚШ) т.б. Экзистенциализмнің негізгі ұғымы- тіршілік – өз «меніне» шомған жекеленген адам болмысы. Экзистенциалистер түсінігінде шынайы дүниенің мəні оның субъектті сипатта болуына тəуелді. Олар тікелей объектив білімдер мен объектив шындықты мойындамайды. Сырттай дүние əр адамның ішкі «мені» тарапынан қалай қабылданса, солай танылуы тиіс.

Экзистенциалистер қазіргі қоғамның жеке адамды күйреуге соқтыратын, оның өзіндік ерекшелігін жойып, қауымнан аласталуына жəне т.б.себепші келеңсіздіктерін алға тартады. Мұндай қиыншылықтан құтылудың жолын олар əр адамның өзін-өзі кемелдендіру əрекетімен байланыстырады. Осыдан, мектептің мақсаты, экзистенциалистердің пікірінше, оқушыларды өзін-өзі қалыптастыруға үйретіп, өз «менін» жасауға қажет тəрбие, білім беру.

Шынайы білімдерге қарсы тұруымен аталған бағыт теоретиктері мектеп бағдарламалары мен оқулықтарына қарсылық білдіреді. Білім құндылығы мен қажеттілігі əр нақты тұлға үшін өзіндік маңызға ие болуынан мұғалімнің міндеті оқу, тəрбие материалын игеруде оқушыға толық еркіндік беріп, оның ынта-ықыласы мен қызығуларына жол ашу. Заттар мен құбылыстар мəнін ұғыну оқушы еркінде. Ал ұғу процесі санаға негізделмей, бала сезімдері, арманы мен сеніміне орай іске асырылады. Экзистенциализм жекелеп оқытудың философиялық негіздемесі ретінде танылып отыр. 

Неотомизм – орта ғасырлық діни философ Фома Аквинскийден бастауын алған əдіснамалық бағыт. Бұл ағымның ерекшелігі – сана объективтігін мойындайды. Бірақ мұның астарында сыр бар: сана неотомистер үшін діни догмаларды дəлелдеу мен шіркеудің адамдарға болған ықпалын күшейте түсу құралы ретінде ғана қажет.
Ғылыми білімдердің адамдар өміріне жан-жақты, берік енуін мойындаудан, неотомистер ортағасырлық Ф.Аквинский идеяларын осы заман жағдайлары мен талаптарына сəйкестендіре қолдануға мəжбүр болып отыр. Алайда олар танымында дүние екі талай: заттасқан жəне рухани. Заттасқан болмыс- ең төмен деңгейлі, өлі, мақсаты мен мəні жоқ дүние – оны зерттейтін ғылым.

Эмпирикалық деректерді жинауға бағдарланған ғылым дүние мəнін ашуда қауқарсыз, себебі ол мəн Алланың қолында. Сондықтанда анайы шындық, неотомистердің пікірінше, Жаратқан ақылымен ғана танылады, оның аяны арқасында ғана пенде санасына қонады.
Адам – екі тарапты, қосарланып жүретін заттасқан жəне рухани дүниеден тұрады. Соңғысы жоғары құндылық ретінде танылып, тұлғаның адамгершілік сипатын көрсетеді. Бұл адамға мəңгі өмір берген Алла тартуы.
Неотомистер мектептің шектен тыс ақыл-ойға тəуелділігін (рационалдығын) сынап, оны баланың санаға дейін тума берілген астарын қалайтын табиғи мүмкіндіктерін (сүйіспеншілік, бақыт, еркіндік пен өмір мəнінің негізі) жадтан шығарғандығымен айыптайды. Сондықтан барша оқу жəне тəрбие жүйесі баладағы Алладан дарыған санаға дейінгі ұмтылысты дамытуға бағытталуы қажет.
XIX-XX ғ.ғ. тоғысында химия, биология жəне т.б. жаратылыстану ғылымдарының өрістей дамуымен философия сахнасында жаңа – позитивистік бағыт пайда болды. Бұл бағыт өкілдері табиғаттану пəндері мен оларда қолданылатын əдістерді əсіре дəріптеп, сандық зерттелген дəйектерді ғана дұрыс та дəлелді деп таниды. Таптық күрес, қоғам дамуы, əлеуметтік қайшылықтармен байланысты проблемаларды тіпті де жалған, ғылыми деректеуге келмейді деп жариялады.Позитивистер үшін бірден бір мəнді ғылымдар – бұл математика мен табиғаттану, ал қоғамдық ғылымдар- шындыққа сиыспайтын ертегі.

Неопозитивизм мəндік тұрғыдан өз негізі позитивизмді қолдай отырып, қазіргізаман ұғымдары мен терминдерін пайдалануымен осы дəуір философиясында елеулі орын иеледі. Педагогика əлсіздігін, неопозитивистер, оның шынайы деректермен іс-əрекеттерге орынды мəн бермей, пайдасыз идеялар мен абстракцияға бой ұрғандығынан көреді. Олар білім беру жолында мазмұнға емес, əдістерге елеулі мəн беріп, оқу мен тəрбиеде негізгі нəрсе «білім емес, ал оны ұғу мен игеру əдістері» - деген тұжырымды алға тартты. Неопозитивизмнің көрнекті өкілі- ірі атомшы ғалым, АҚШ-тың саяси қайраткері – Дж. Конант. Оның «Бүгінгі Америка орта мектебі», «Американ мұғалімдерін дайындау» атты еңбектері АҚШ педагогикасының өркендеуіне зор үлесін қосты.

Прагматизм философиялық ағым ретінде XIX-XX ғ.ғ. шектерінде пайда болды. Ғылым, техника жəне өндірістің қарқынды дамуы материалистік философияның тұғырын бекіте түсіп, абсолюттік идеализмнің негіздеріне ақау салды. Прагматистік бағытты  қалаушылар идеализм мен материализмнен бөлектенген жаңа философияны ұстанатынын жария етті. Прагматизмдегі басты ұғым- «тəжірибе», «іс»(грекше «прагма»), осыдан олар болмыс танудың негізі жеке адамның іс-тəжірибесінде деп біледі де объектив білімдерді мойындаудан бас тартады. Олардың пікірінше, адамның практикалық іс-əрекетінің нəтижесінде алынған, ол үшін құндылықты болған білімдер ғана шынайы сипатта болуы мүмкін.

Прагматизмнің аса көрнекті өкілі- американдық ғалым-Дж.Дьюи. Оның шығармашылығымен жүзеге келген прагматикалық педагогика көптеген елдердің, əсіресе АҚШ-тың мектептік білім жүйесінің қалыпқа түсіп, өркендеуіне зор ықпал жасады, əлі де ықпал жасауда. Өзінің көптеген педагогикалық еңбектерінде Дж.Дьюи ескі, схоластикалық мектепті сынай отырып, оқу мен тəрбиеге орай аса маңызды болған бірқатар принциптерді алға тартты. Олардың ішіндегі бала белсенділігін дамыту, бала оқуының ықпалды мотиві- қызығуға дем беру принциптерінің орындалуын білім игертудегі басты міндет деп есептеді.
Прагматизмнің тірек ұғымы «тəжірибеге» сүйене отырып, Дж.Дьюи оқу процесінің негізі баланың жекеленген іс-əрекеттік тəжірибесінде болатынын уағыздады. Оның ойынша, оқу-білім мақсаты балаға тумадан берілген инстинкттер мен қабілеттердің өзіндік көрінуіне ықпал жасау. Дж.Дьюи жəне оның ізбасарлары (Т.Брамельд, А.Маслоу, Э.Келли жəне т.б.) инабаттылық тəрбиесі мəселелерін де осы жекеленген тəжірибе тұрғысынан қарастыруды дəріптейді.

Адам өз əрекет-қылығын басқаруда алдын ала жоспарланған принциптер мен ережелерге тəуелді болмай, нақты жағдай мен көзделген мақсатқа орай белгілі əрекетке кірісуі қажет екендігін мақұлдайды. Жеке табысқа жету жолында жəрдем бергеннің бəрін прагматистер ізгілік нышаны ретінде таниды.

Диалектикалық материализм табиғат, қоғам жəне ойлау процестерінің жалпы қозғалыс жəне даму заңдылықтары жөніндегі философиялық білім ретінде XIXғ. 40-жылдарында туындады. Ол XXғ., əсіресе социализм елдерінде кең өріс тапты. Бұл бағыттың көрнекті өкілдері – К.Маркс жəне Ф.Энгельс қоғам тарихын танудың құралы материализмді жариялай отырып, теориялық таным үшін қоғамдық тəжірибенің рөлін негіздеді, материализм мен диалектиканы табиғи ұштастыққа келтірді.
Диалектикалық материализмнің негізгі тұжырымдары келесідей: материя – бірінші, ал сана – одан туындаушы, материяның (адам миының) дамуы нəтижесінде пайда болатын өнім (материалистік монизм принципі); объектив дүние мен сана құбылыстары себепті шарттасқан, өзара байланысты жəне тəуелді (детерминизм принципі); барша заттар мен құбылыстар қозғалыс жағдайында болып, дамиды жəне өзгеріске келеді.
Диалектикалық материализм философиясында аса маңызды орын диалектика заңдарына берілген: сандық өзгерістердің сапалық ауысуы, қарама-қарсылық бірлігі мен күресі, жоқты жоққа шығару.
Диалектикалық материализм педагогикасының негізгі идеялық ұстанымы- тұлға қоғамдық қатынастардың объекті де, субъекті де. Адамның тұлғалық дамуы мен кемелденуі сыртқы жағдайлармен себепті тəуелділікте (детерминирован), сонымен бірге сол нақты адамның табиғи болмысына байланысты.

Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды  бақылау бойынша  сұрақтар

1.Философия мен педагогиканың өзара байланысының қүрделілігін қалай түсіндіресіз?

2. «Неге философиялық білімдер педагогикалық зерттеуді әдіснамалық қамтамасыз етудің құрамына кіреді?» деп ойлайсыз? Жауабыңызды негіздеңіз.

3.Философия мен педагогиканың арақатынасын түсінудегі бағыттарды сипаттаңыз.

4.Философиялық тұғырларды педагогикалық болмысты  зерттеу пәніне  көшірудің қисынын түсіндіріңіз.