Дәріс 1

1-дәріс

1-дәріс.  Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы курсына кіріспе

 

1. Пәннің мақсаты мен міндеттері

2. Жаңа заман тарихының Еуропа тарихында алатын орны мен маңызы

3. Еуропа және Америка елдерінің жаңа тарихының хронологиялық

шеңбері мен кезеңдері

 

Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінің мақсаты - тарих мамандығы бойынша оқитын студенттерге капиталистік қатынастар пайда болуынан бастап - ХХІ ғасырдың басындағы Еуропа және Америка елдерінде орын алған елеулі өзгерістер және тарихи оқиғалар туралы сипаттама беруге және танып-білуге мүмкіндік береді. Студенттер дүние жүзіндегі жетекші елдердің ішкі және сыртқы саясаттарында орын алған принциптік өзгерістер, экономика мен халықаралық қатынастардағы, жалпы қоғам өміріндегі жаңа құбылыстар мен тенденциялар туралы мағлұмат алады.

Бұл курсты оқу барысында студенттер жаңа және қазіргі замандағы орын алған елеулі оқиғалар, жекелеген елдердің қоғамдық, саяси өміріндегі өзгерістер мен саяси-экономикалық даму тенденциялары, дамыған капиталистік державалардың біріншілік үшін ұмтылысы, дүниені қайта бөлісу үшін болған I-ші және ІІ- дүниежүзілік соғыстар, дүниежүзілік халықаралық қатынастардың басты мәселелері туралы мағлұматтар алады.

Дәріс курсының методологиялық негізі - Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихын оқыту мен тарихқа жүйелі көзқарас қалыптастыру болып табылады, бұл зерттелетін проблематиканы XV ғасырдан бастап индустриалдық және постиндустриялық қоғамның қалыптасу тарихы, эволюциясы, халықаралық қатынастардың Вестфаль жүйесінің қалыптасуынан – «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейінгі халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің пайда болуына дейін қарастыруға  мүмкіндік береді.

Дәріс курсының  міндеті - тарихи үрдістің заңдылықтарын анықтау, жаңа және қазіргі заманның хронологиялық кезеңіне сәйкес Ұлы жағрафиялық ашуларынан бастап - ХХІ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын Европа және Америка елдеріне ортақ мәселелер мен үрдістерді талдау болып табылады. Жаңа және қазіргі заман тарихының кез-келген кезеңіндегі тарихи процестің біртұтастылығы мен оның заңдылықтарын, негізгі елдер мен аймақтардың даму ерекшеліктері туралы көзқарас қалыптастыру.

Дәрісті дайындау барысында  ХХ ғасырдың басында қуатты елдер қатарында болған Германия, Франция, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Италия және Ресей сияқты елдердің ішкі саяси дамуын, экономикалық жағдайын, әлеуметтік саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін, сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын, осы елдердің өзара қарым-қатынастарында жалпыға бірдей болған үрдістер мен мәселелерді айқындауда көптеген тарихи зерттеулер мен құжаттарға, ғылыми әдебиеттерге сүйендік.

Дәріс курысында Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы кезеңіне, яғни 1945–2019 жылдардағы Еуропаның жетекші елдеріндегі және АҚШ мемлекетіндегі аса маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жан-жақты сараптама жасау мақсаты қойылған.

Сонымен қатар курс барысында студенттер, Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихына қатысты негізгі тірек сөздері мен терминдермен таныстырылады.

Жаңа заман тарихының Еуропа тарихында алатын орны мен маңызы. Еуропа үшін жаңа заман (XV - XIX ғасырлар) қоғам дамуындағы маңызды тарихи кезең болып саналады. Бұл дәуірдің әр ғасыры тарихи оқиғаларға, мәдени төңкерістерге толы. Жаңа заман - өнеркәсіптік өркениеттің қарыштап алға басып, қоғамның барлық салаларында түбегейлі өзгерістердің белең алғандарға байланысты жаңа сипатқа, жаңа мазмұнға ие болды. Ғылымның дамуына еркіндіктің берілуі қоғамдық сананы жаңа сатыға көтерді. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында жетекші орынға ие бола бастаған ғылым -  адамдардың нәсіліне, ұлтына, табына қарамастан халықтың рухани дүниесін байытуда айтарлықтай рөл атқарды. Мемлекет тарапынан жасалынған үлкен қамқорлықтың арқасында XVII ғасыр ғылыми революцияның даму қарқыны өте жоғары болды. Ғылыми революция математика және механика саласында басталды да, басқа ғылым салаларындағы ғылыми жаңалықтармен жалғасты.

XVII ғасыр ғылыми революция — адамзат баласының өзін қоршаған дүниені танып-білуге деген құлшынысының жемісі болды. Ғылымның қарышты қадаммен алға басуы және оның қоғамдық өмірдің барлық саласына біртіндеп кіре бастауы рационализмнің қалыптасу процесін аяқтауға мүмкіндік берді. Рационализм жаңа заман адамының өмірі мен бет-бейнесін жан-жақты айқындай отырып, халық санасынан еркін орын алды. Рационализм қоғамдағы орын алған тарихи жағдайларды ескере отырып, христиан дінінің католиктік тармағымен, оның дүниені құдайдың жаратқандығы туралы ілімімен де санасып отырды.

Олай болса, жаңа еуропалық сана мен буржуазиялық мәдениет таза атеистік сипатта болмағандығын аңғарамыз. Христиан діні мен шіркеулер Реформацияға (XVI ғасыр) дейін де, Реформациядан кейін де өз беделін жойған жоқ, қайта олардың қоғамдық, саяси және рухани өмірдегі рөлі бұрынғыдан артпаса, мүлде кеміген жоқ, қайта христиан діні өз өрісін бұрынғыдан да кеңейтіп азаматтық, мемлекеттік өмір салаларына кеңінен араласты. XVII ғасырда Еуропа — жаңа өмір жолына түскен жас Еуропа болатын. Бұл жол — өткен ғасырлардың бай тәжірибесін ой елегінен өткізіп сарапқа салу жолы болды. Бұл тарихи жолда орта ғасырлар кезеңіндегі мәдени құндылықтарды ғана емес, жалпы адамзат баласының сонау көне заманнан бергі жинақтаған рухани байлығын игерумен қатар, сол бір баға жетпес мәдени дөстүрлерді жаңа заман талабына сай қайта жаңғырту сияқты игі мақсаттар жүзеге асырылды. Көне заман мен жаңа заманның арасында қаншама уақыт өтсе де олардың өзара сабақтастығы өмірлік сипат алды. Ойымыз дәлелді болу үшін, ғылым саласындағы әр заман өкілдерінің бізді қоршаған дүние жайындағы ой-толғамдарын қарастырып көрейікші. Шындығында да, жаңа заманның философы, әрі математигі Лейбниц (1646- 1710) пен көне дәуірдің философы, әрі математигі Пифагордың (б.з.б. VI ғасырлар) дүниеге қатысты ғылыми көзқарастарының бірдей болып шығуын қалай түсіндіруге болады? Екі ғұлама да әлемді өзара тығыз байланыстағы біртұтас организм деп қарастырады. Лейбництің философиясында «айқындалған үндестік» теориясы басты орын алады. Бұл теория — діни-теологиялық, гуманистік және эстетикалық мазмұнға бай жан-жақты теория болып саналды. «Айқындалған үндестік» теориясын - замана талабы, қоғамдық сана-сезім және халықтық түсінік тұрғысынан қарастыратын болсақ; бұл-құдайтағаланың даналығына шексіз сенім болса, ал рухани тұрғыдан қарастырсақ, бұл — өнер атаулыны (мысалы, Бахтың  музыкасын немесе классицизм стиліндегі өнер туындыларын және т.б.) бүкіл жан-дүниеңмен қабылдау болып табылады.

Жаңа заманда еуропалықтардың күш-жігері табиғатты меңгеруге жұмсалды, сондықтан да болар XVII ғасырда ғалымдарының басты назары табиғат құбылыстарын ғылыми тұрғыдан зерттеуге бағытталды. Сонымен қатар XVI—XVII ғасырлар қалыптасқан ұлттық, мемлекеттік, экономикалық және саяси қарым-қатынастардың негізінде философиялық, әлеуметтік және саяси-құқықтық теориялар өмірге келді. Олардың авторлары ғасыр ойшылдары: Гоббс, Локк, Спиноза, Гроций және т.б. болды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл дәуірде әлем техникаландырыла бастады, табыс пен байлыққа ұмтылыс бұрын-соңды болмаған қарқынға ие болды, капитал күшіне енді. Ең бастысы - ғасырлар бойғы қалыптасқан өмір салтының бұзылуы адамдардың санасын өзгертіп, жалпы мәдениеттің дамуына өз ықпалын тигізді. Сондықтан да болар, қоғамда қандай терең өзгерістер жүзеге асырылса да, жаңа заман мәдениеті өзінің тар шеңберінен толық шыға алмады. Оның үстіне Еуропалық өркениеттің алға басуы дүние жүзінің басқа да халықтарын, соның ішінде көне мәдениеттің ошағы болған ұлы халықтарды (Үндістан, Қытай, Мексика және т.б.) ашықтан-ашық тонау есебімен жүзеге асырылды. Өркөкірек еуропалықтар өздерінің өркениетгі-мәдениетті елдерге айналуына тікелей әсер еткен бұл мемлекеттердің мәдени ықпалын тез арада ұмытып кетті. Еуропалықтар «ұлы географиялық ашулар заманын» басынан кешірді, жаңа жерлерді игерді, талай мемлекеттерді экономикалық тәуелділікте ұстады. Бірақ, өкінішке орай, олар жаңа жерлерді игергенмен, халықтардың рухани байлығын игеруді қажет деп санамады. Демек, жаңа еуропалық мәдениетті бір жақты қарастыруға болмайды. Оның шоқтығы биік мәдениет екендігін мойындай отырып, оның қарама-қайшылықтарын, ақтаңдақтарын да шындық тұрғысынан көрсете білуіміз қажет.

Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихының негізгі мәселелерін қарастырғанда негізгі методологиялық мәселе болатын - Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихының кезеңделуі. Ұсынылып отырған дәрісімізде біз мынадай кезеңдеуге негізделдік:

1. XV ғ. - 1870 жж. қамтитын Еуропа және Америка елдерінің жаңа       тарихының бірінші кезеңі. Бұл кезеңнің негізгі оқиғалары: халықаралық қатынастардың Вестфальдік жүйесінің құрылуы, XVII – XVIII ғғ. алғашқы буржуазиялық революциялар: Ағылшын буржуазиялық революциясы, өнеркәсіп төңкерісі, солтүстікамерикандық революция және Америка Құрама Штаттарының (АҚШ-ның) құрылуы, Ұлы француз  буржуазиялық революциясы,  Франциядағы Консулдық пен Бірінші империя, наполеондық соғыстар,  1815 ж. Вена конгресі және Еуропаның саяси картасының қайта құрылуы, халықаралық қатынастардың Веналық жүйесінің құрылуы, АҚШ-ғы Азаматтық соғыс, Италия мен Германияның бірігуі, халықаралық жұмысшы қозғалысының пайда болуы, марксизм ілімінің қалыптасуы және Халықаралық Жұмысшылар Серіктігінің – I Интернационалдың пайда болуы.

2. 1870 жж.- 1914 жж. қамтитын Еуропа және Америка елдерінің жаңа

 тарихының екінші кезеңі. Бұл кезеңнің негізгі оқиғалары: Франция - Пруссия соғысы және Германияның бірігуінің аяқталып Герман  империясының құрылуы, 1870-1890 жж. жетекші еуропалық және Америка мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының ерекшеліктері, капитализмнің өзінің жоғарғы сатысы -империализмге аяқ басуы және оның белгілерінің жекелеген елдердің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көрініс табуы, социлисттік қозғалыстың пайда болуы және дамуы, имериализм дәуіріндегі мемлекеттердің  бөлінген әлемді қайта бөліске салу үшін күресі және 1914-1918 жж.  Бірінші дүниежүзілік соғыстың туындауы.

Еуропа мен Америка елдерінің саяси-экономикалық дамуының қазіргі заман тарихындағы бірінші бөлігінің өзін саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты төрт кезең шеңберінде қарастырамыз.

Бірінші кезең барысында (1918–1920 жылдардың аяғы) халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтондық жүйесі құрылды, мандаттық жүйе қалыптасты.

1924-1929 жж. қамтитын екінші кезеңде, капитализмнің салыстырмалы тұрақты даму кезеңінде, Еуропа және Америка елдері Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қирап қалған экономикаларын қалпына келтірді, капиталисттік елдер мен тарихтағы алғашқы социалисттік мемлекет- КСРО арасында бейбіт өмір сүру дәуірі басталды, пацифисттік идеялар таралды.

1929-1933 жж., әлемдік экономикалық дағдарысы жылдарын қамтитын  үшінші кезеңде,  барлық мемлекеттер бұл дағдарыстан шығу жолдарын іздестіре бастады, фашизм туындады, жекелеген елдерде авторитарлық, тоталитарлық режимдер орнады.

1933-1939 жж. қамтитын төртінші кезеңде Еуропа мен Азияда соғыс ошақтары пайда болды, Италия, Германия, Жапонияда билік басына келген фашисттік режимдер дүниені қайта бөлісу үшін соғысқа дайындық жүргізе бастады, соның нәтижесінде 1939-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғышарттары қалыптаса бастады.

Еуропа мен Америка елдерінің саяси-экономикалық дамуының қазіргі заман тарихындағы екінші бөлігінің өзін саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты төрт кезең шеңберінде қарастырамыз.

Бірінші кезең барысында (1945–1950 жылдардың аяғы) ғылыми-техникалық революцияның алғашқы қадамдарын, капиталистік елдердегі мемлекеттік реттеу жүйесінің қалыптасуы, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы халықтық-демократиялық революциялар және Кеңестер Одағының басшылығымен әлемдік социалистік жүйенің қалыптасуы, отарлық жүйенің ыдырауының басталуы және ірі екі держава АҚШ пен КСРО арасындағы «қырғи-қабақ соғысының» тұтануы жаңа халықаралық қатынастар жүйесінде «қосполярлы әлемді» құрды.

Екінші кезеңінде (50-жылдардың аяғы – 70-жылдардың ортасы) капиталистік елдерде индустриалды қоғамның қалыптасуы, интеграциялық үрдістердің өрістеуі, отарлық жүйенің күйреуі және әлемдік саясатқа бұрынғы отарлық «шет аймақтардағы» жас тәуелсіз мемлекеттердің араласа бастауы көрініс тапты.

Үшінші кезең (70-жылдардың ортасы – 80-жылдардың аяғы) әлемдік капиталистік шаруашылықтың құрылымдық дағдарысымен сипатталса, социалистік елдер үшін ҒТР-дің жаңа кезеңіне бейімделе алмағандықтан, бұл кезең тоқырау мен дағдарыс үрдісінің шиеленісуіне әкелді, ақыр аяғында Еуропадағы, оның ішінде КСРО-дағы социалистік жүйе құлады, бұл «қырғиқабақ» соғысының аяқталуына және халықаралық қатынастардағы «қосполярлы әлемнің» жойылуына әкелді.

Төртінші кезең (ХХ ғасырдың 90-жылдары) ақпараттық және технологиялық революция ретінде ҒТР-дің одан әрі дамуымен сипатталады, жетекші капиталистік елдерде ақпараттық қоғамның қалыптасуымен, ал Орталық және Шығыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдері мен КСРО аумағында пайда болған жаңа тәуелсіз елдер үшін нарықтық экономикаға, демократиялық тәртіпке өтуімен сипатталады.

Әлем елдерінің қазіргі заман тарихының екінші бөлігін оқып білу ХХ ғасырдың ортасынан бүгінгі күнге дейін Жер шарында қандай ұлы өзгерістердің болғанын түсінуге, саяси жүйелердің ауыспалы екендігін ұғынуға мүмкіндік туғызады.

Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы кезеңін қарастыру барысында адамзаттың тарихи даму заңдылығы бір орында тұрмайтындығына, жаңа өзгерістерге толы екендігіне көз жеткіземіз.

Қазіргі заман тарихы кезеңіндегі жаңа еуропалық өркениетке мынадай белгілер тән болды:

           - плюрализм, төзімділік және жеке тұлғаның басымдықтарын, оның бостандықтарын; меншік пен кәсіпкерліктің құқықтарын, мүдделерін жалпыға бірдей тану;

          - тап күресін, қоғамның капиталисттерге (өндіріс құралдары мен меншік иелеріне) мен жалдамалы жұмысшыларға бөлінуін мойындау;

          - мемлекеттілігі мен өнеркәсіптік өндірісі бар сыныптар мен сословиялардың симбиозы ретінде ұлттардың пайда болуын қабылдау;

          - адамдардың табиғатқа қатысты басымдылығы оның ресурстарын барынша пайдалану болды, бұл антропогендік және техногенді бұзылудың бастауы болды;

          -  ғылымның дамуы қоғам дамуының органикалық бөлігіне айналды (ҒТР - ғылыми-техникалық революция);

          - әлсіз халықтардың бағынуы және олардың табиғи байлықтары мен адами ресурстарын пайдалану, бұл бірте-бірте отаршылдық пен империализм идеологиясында орнығуы.

 

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінің мақсатын атаңыз?

2. Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінің міндеті не?

3. Жаңа заман тарихының Еуропа тарихында алатын орны мен маңызын қалай түсінесіз?

4. Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы қай уақыт аралығын қамтиды?

5. Еуропа және Америка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы қандай кезеңдерге бөлінеді?

6. Қазіргі заман тарихы кезеңіндегі жаңа еуропалық өркениетке қандай белгілер тән болды?

7. Буржуаиялық революциялар сипаты қандай?