лекция 8
лекция 8
Дәріс №8. Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы дамыған орта ғасырлардағы мемлекеттер (X – ХIII ғғ.). Қарахан қағанаты (942-1212 жж.)
Қаралатын мәселелер:
1) Қарахан қағанаты: құрылуы,нығаюы және екіге бөлінуі;
2) Басқарылуы, әлеуметтік- экономикалық құрылымы;
3) Қарахандар дәуіріндегі мәдениет, ислам дінінің мәдениетке әсері;
4) Қарахандар дәуіріндегі архитектура және құрылыс;
5) Қарахандар дәуіріндегі ғылым мен өнер;
6) Шығыс және Батыс Қарахан қағанаттарының күйреуі. Қарақытай мемлекеті;
Әдебиеттер:
Қазақстан тарихы. – І том. – Алматы, 1996. – 398-440-бб;
Кадиркулова Г.К. История Казахстана. – Алматы, 2003. – С.38-58;
Караев О. История Караханидского каганата. –Фрунзе, 1983. – С.211-215;
Махаева А.Ш. Ұлы жібек жолы. – Алматы, 2009. – 76-82, 97, 105, 116-бб.
Махаева А.Ш. Батыс Қарахан қағанаты // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы, 1999. – Т.2. – 197-198-бб.
Машанов А.Әл-Фараби. – Алматы, 1970.
1)Қарахан қағанаты (942-1212жж.):құрылуы, нығаюы және екіге бөлінуі. X ғасырдың орта шенінде Жетісу аймағында және Шығыс Түркістанның бір бөлігінде (Қашғардың) саяси-әлеуметтік кұрылымы біршама дамыған Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.) пайда болды. Баласағұн қаласы әкімшілік орталыққа айналды.
940 жылы Шығыс Түркістаннан келген яғма тайпасы Жетісудағы қарлұқтардың жеріне басып кіреді. Нәтижесінде Қарлұқ қағанаты ыдырап, Қарахан мемлекеті орнайды.
Қарахан мемлекетінің алғашқы кезеңі туралы деректер сақталмаған деуге болады, өйткені көбіне аңыз әңгімелерден тұрады, ал кейінгі кезеңі жайлы мәліметтерді араб, парсы жазбалары береді. «Қарахан» сөзі X ғ. аяғынан бастап мұсылман деректерінде көріне бастайды. Қарахан атауын шартты түрде ғылыми айналымға XIX ғ. орыс шығыстанушысы В. В. Григорьев өзінің «Караханиды в Мавреннахре» еңбегі арқылы енгізген. «Қара» деген сөз орта ғасырларда ұлы, мықты, күшті деген мағына берген. Демек, Қарахан Ұлы хан дегенді білдірген. Зерттеушілер «Қарахан» атауы бір әулеттің атынан шыкқан деп жорамалдайды. Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұк Боғра хан (Қарахан) (915-955). Ол өлер алдында, яғни 955 ж. исламды қабылдап, мұсылманша Абд-ал Керим (Әбдікерім) деген атқа ие болады.
Сатұқ Боғра хан ескерткіші. Атуш қаласы. Шығыс Түркістан.
Сатұқ өлген соң, билік оның ұлы Байтасқа (Мұса) өтеді. Мұса 960 ж. исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Мұсаның кезінде астана Қашқар қаласы болды.Сатұктың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленсе керек. Өйткені, бұл өңірді оның баласы Хасан Боғра хан мұраға алған.
Сатұқ
Мұса
Сүлеймен-ілек
Әли Арслан Хасан Боғра хан
Қарахан әулетінің саяси тарихы осы екі әулеттің арасындағы өзара қырқысқан күресіне толы болды. Алғашкы кезде әлиліктер басым болса. кейіннен хасандыктар басым болды. Хасан Боғра хан Саманилер әулетінің әлсірей бастағанын пайдаланып, 990 ж. Испиджаб қаласын, 992 ж. Бұхараны жаулап алды. 1005 ж. Мауреннахр қарахандықтар қолына өтті.
1041 ж. мемлекет Батыс және Шығыс Қарахан кағанаты болып 2-ге бөлінді. ІІІығыс қағанат қарахандықтардың негізгі бөлігі болып саналған. Сондықтан да оның қағаны дәстүр бойынша ұлы қаған деп есептелген. Шығыс хандықтың жері Жетісу, Қашқар, Хотан аймағын алып жатты. Астанасы Баласағұн каласы маңындағы Құзорда және Қашкар қалалары да саяси орталық болды. Алғашқы ұлы қағаны – Сүлеймен бин Жүсіп. Оның лақап аты – мемлекет даңқы. Ибн ал-Асир оны «адал, әділ билеуші, ғылым мен діннің досы» деп жазды. Шығыс Қарахан хандығында Махмұт Қашқари және Жүсіп Баласағұн дүниеге келген.
Батыс Қарахан қағанатының билігі Әли Арслан хан ұрпағына тиді. Территориясы – Мауреннахр және Ферғананың батыс бөлігі. Сыр өңірі екі қағанаттың үнемі таласатын жеріне айналып, оған иелік ету қағанаттардың әл-қуатына қарай өзгеріп отырды. Орталығы Үзкент, кейін Самарқан болды. Іс қағаздары түрік және араб тілінде жүргізілді.
Екі қағанат арасындағы шекара Сырдарияны бойлай өтеді. 1089 ж. Селжұк сұлтаны Мәлік-шах Самарқанды басып алды. Сөйтіп, батысқарахандықтар селжұқтардың билігін мойындады. 1141 жылы Самарканның маңындағы далада Қатуан шайқасы болды. Селжұқ сұлтаны Санжар мен Батыс Қарахан кағанатының біріккен қолы жеңілді. Батыс қарахан қағанаты қарақытайлардың вассалына айналды. 1156 ж. Батыс қарахан қағанатындағы билік Шығыс Қарахан қағанатын билеген Хасан әулетінің қолына көшті. Батыс қарахан қағанатының соңғы қағаны Оспан ибн Ибраһим Хорезмшах 1212 жылы Мұхаммед ибн Ибраһим қолынан қаза тапты. Қарахан мемлекеті 1212 ж. кұлады.
2)Басқарылуы, әлеуметтік- экономикалық құрылымы.
Басқарылуы. Қарахан мемлекеті феодалдык-иерархиялық принцип бойынша басқарылды. Барлык жер билеуші әулеттің меншігі болып саналды. Бүкіл мемлекетті тамғаш хан (хандардың ханы) биледі. Қарахан қағанатындағы қаған руынан шыққан мұрагерлер тегін, ал ілек деп ханға бағынған билеушілер деп аталды. Жоғарғы билеушінің жанында әскери-азаматтық істерді басқарушы кеңсе – диван болды. Сарай қызметшілерінің ең жоғарғы сатысында, атқарушы биліктің басында хас-хаджиб тұрды. Ол қағанның бұйрығының, заңдардың орындалуын қадағалады, жергілікті билеушілерді, елшілерді т.б. қабылдауды ұйымдастырды, хас хаджибтен кейін уәзірлер (везир), субасы (әскери басшы) т.б. болды. Атқарушы биліктің құрылымында жоғарғы қаржылық орган – мустауфи маңызды рөл атқарды. Шығыс қарахан қағанатында қымбат заттарды, жібекті сақтаушыларды қазынашы – «агычы», ал Батыс қарахан қағанатында қазынашыны мустауфи деген парсы сөзімен атаған. Мушриф ( бақылау-инспекциялық мекеме) бақылау қызметін атқарды.
Әлеуметтік-экономикалық құрылымы. Тамғаш хан өзі жаулап алған жерлерге елхандарды, өз туыстарын қойды. Бұлар өз кезегінде салық жинауға құқылы болды. Салық жинау құқы «ихта» деп аталды. Ихтадар салықтын 1 бөлігін өзіне, 2-сін ханға беріп отырды. Ихта иелену хақы елхандарда да болды. Үлескерлік – шаруалар үлеске жер алғаны үшін өніммен төлеген салық түрі. Коммендация институты – шаруалардың феодалдар қамқорлығы, қорғағаны үшін төлеген салығы.
Қарахан мемлекетінде тауар-ақша қатынасы табысты жүрді және Отырар, Испиджаб, Жент, Тараз қалаларында теңге шығаратын сарайлар болды. Қарахандықтардың теңгелері жануарлар, құстар т.б. суреті болуымен ерекшеленді.
3) Қарахандықтар дәуіріндегі мәдениет. Ислам дінінің мәдениетке әсері. Қоршаған орта, табиғат көшпелі түрік тайпаларының тұрмыс тіршілігінің көзі ретінде маңызды роль атқарды. Араб билеушілері жаулап алған жерлерінде өздерінің мемлекеттік тәртібін орнатты, жергілікті халыққа ислам дінін қабылдатты, араб тілін және мәдениетін таратты. Ислам діні ресми дін ретінде Қарахан мемлекетінде 960 ж. жарияланды. Ал исламды қабылдаған алғашқы түрік ханы Қарахан мемлекетінің билеушісі Сатұқ Боғрахан (915 - 955) деп есептелінді. Ислам дінінің таралуына байланысты Орта Азия мен Қазақстанда түрік жазуын бірте – бірте араб әліппесі ығыстырды. Уақыт өте келе араб пен ирандықтардың исламға негізделген мәдениетінің түркілерге тигізген әсері күшейе берді. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тілдері негізінде X – XIIІ ғғ. араб графикасындағы түрік жазуы қалыптасты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда мешіттер бар қалалар көп болған. X – XI ғғ. басында Жетісу халқы жаппай мұсылман дініне өткен кезде Боран мұнарасы (мешіт) тұрғызылды. Ең ертедегі мешіт орны Кедерден (Құйрық төбе) табылды.Талас аңғарының діни құрылыстары арасында қазіргі Тараз қаласының батыс жағында 18 шақырым жердегі Бабаджа-қатын және Айша бибі кесенлері (XI ғ.) ерекше назар аударады.
Қала мәдениетінің дамуында жаңа дін – ислам маңызды роль атқарады. Мұсылман сәулет өнерінің діни құрылыстары Құйрықтөбе, Баласағұн, Тараз қалаларынан табылды. Х ғасырдан бастап мұсылмандық жерлеу ғұрпы Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуда кеңінен тарай бастады.
Архитектура мен құрылыс. Х-ХІІІ ғасырларда Ұлы жібек жолы бойындағы қалалар барынша көркейді. Қарахандықтардың қалалардың көркін кіргізген мұнаралардан бізге дейін жеткендері – Борана және Үзкент мұнаралары. Борана мұнарасы Жетісуда исламның қанат жайған кезінде, Х ғасырдың аяғы – ХІ ғасырдың басында салынған.
Борана мұнарасы(қырғыз жерінде).
Үзкенттегі қарахан билеушілерінің кесенесі. ХІІ ғ. Қырғызстан.
Ортағасырлық кесенелердің бірқатары Қазақстан жерінде сақталып қалған. Олардың қатарында «Қарахан», «Айша бибіні» атауға болады.
Тараз қаласы маңындағы «Қарахан» кесенесі. Х-ХІ ғ.
Тараз қаласы маңындағы «Айша бибі» кесенесі. Х-ХІ ғ.
Керуен сарайлардың көбі Қырғызстан жерінен табылып отыр. Бізге жеткені – Санташ, Таш-Рабат (суретте).
Таш-Рабат керуен-сарайының орны. Қырғызстан.
Ғылым. Х-ХІІІ ғғ.түрік жерінде аты әлемге әйгілі ойшылдар мен ғалымдар өмір сүрді. Солардың бірі – әл-Фараби. Ғылыми еңбектері дүние жүзіне әйгілі болған данышпан философ, энциклопедист әл-Фараби, Мұхаммед ибн Тархан ибн УзлАқ әл-Фараби әт-Турки 870 жылы Фараб қаласында дүниеге келген. Ғылыммен жас кезінде айналыса бастаған. Өзінің туған тілі түркі тілімен қатар араб, грек тілдерін жетік білген жан. Жас шағында Аристотель, Платон еңбектерін оқып үйренеді. Сонымен қатар математика, астрономия, емдеу ісі, музыка теориясымен айналысады. Өзінің ғылыми ізденістерін тереңдету үшін сол кездегі ғылым мен мәдениет орталықтары болып саналатын Бағдад, Халеб, Дамаск, Каир т.б. қалаларға сапар шегеді. Сол қалаларда оқып, еңбек етеді. «Шығыстың Аристотелі» аталған әл-Фараби әйгілі философ болды.
Ол Платон, Аристотель сияқты ой алыптарының шығармалары туралы көптеген трАқтаттар мен түсініктемелер жазды. Әл-Фарабидің іргелі еңбектері хақында «Ғылымды жүйелеу», «Музыканың ұлы кітабы», «Азаматтық саясат» т.б атауға болады. Ғалым еңбектерінің жалпы саны туралы нақты деректер жоқ, дегенмен де зерттеушілер 200-ден аса трактаты болған деп көрсетеді.
Ғалымның «Қайрымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Бақытқа қол жеткізу», «Мемлекеттік саясаттар кітабы», «Саясат», «Азаматтық саясат» еңбектері мемлекетті басқару, идеалды қоғамды құру, бақытқа жету секілді қоғамдық-саяси мәселелерді талдауға арналған. Қалаларды тұрғындарының және билеушілерінің адами қасиеттеріне қарай зәру қала, надан қала, пасық қала, даңғой қала, тәуелсіз қала, коллективті қала деп бөледі. Надан қалалардың билеушілері де надан болатынын, қайрымды қалаларда даналар тіршілік ететінін, мұндай қалалардағы игіліктер адамның бақытты болуына бағытталатынын көрсетеді. Әл-Фараби адамның мақсаты бақытқа қол жеткізу, ал бақыт дегеніміз абсолютті қайырымдылық деп түйіндейді.
Салмақты, ойлы еңбектері арқылы әл-Фараби Шығыс пен Батыстың ғылыми қауымын грек философиясымен, логика ғылымымен, ежелгі мәдениетімен таныстыруда зор роль атқарды.
Қарахан қағанатының даңқын шығарған ғалымдардың арасында Махмұд Қашқари мен Жүсіп Баласағұн есімін ерекше атауға болады.
Махмуд Қашқари. Махмуд ибн әл-Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари – ХІ ғасырдағы ортаазиялық атақты филолог, түрколог. Баласағұн қаласында туылған. Оның әкесі Хусейн ибн Мұхаммед Қарахандар мемлекетінің атақты бектерінің бірі болған. Кейін Қашқарға қоныс аударды. Махмұд Қашқари Қашқарда білім алып, кейін оны Бұқара мен Нишапурде жалғастырды. Ол түркі тайпаларының тілі мен ауыз әдебиетіне, этнографиясына аса зейін аударды. Түркі тайпалары мекен еткен жерлерді аралап, олардың сөздері мен өлең, жұмбақ, аңыздарын, әдет-ғұрпын мұқият жазып алып отырды. Жинақтаған бақылауларын Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрік» деп аталатын басты еңбегінде қорытып береді. Махмұд Қашқаридің еңбегі – ерте орта ғасырдағы түркілердің өмірі жайлы жазылған шынайы энциклопедия. Онда ХІ ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпаларының өмірі, олардың этнонимдері, топонимдері, туысқандық, жекжаттық ерекшеліктері, лауазымдары мен әр түрлі қызметтері, ас-тағам аттары, асыранды және жабайы жануарлар мен құстар, мал шаруашылығы, қалалар мен елді мекендер, ауру түрлері мен дәрілер, металдар мен минералдар, анатомиялық, әскери, спорт, әкімшілік теримнологиялар, дін мен миф, балалар ойын-сауығы жөнінде құнды мағұлматтар береді. Әр түрлі тайпалар арасындағы өзара тарихи-мәдени байланыстар Қазақстан жерінде болған тарихи оқиғалар жайлы да маңызды мәліметтер мен жекелеген ескертпелер беріледі. М.Қашқари «Түріктер – соғдыша, соғдылар түрікше біледі» деп көрсетеді.
Махмұд Қашқари тіл маманы, ол тұңғыш рет түрік тілінің оқулығын жасап, грамматикасын түзді. Түркі тілдерінің сөздігінің лексикасы 9 мың сөзді құрайды. Әр сөздің мағынасы мысалдармен, мақал-мәтелдермен, афоризм сөздермен өлеңдерден, ертегілерден, дастандар мен поэмалардан т.б. үзінділер келтіріліп, түсіндіріледі. Түрік тілдерінің сөздігінде 242 шумақ өлең, жыр, 200-ден астам даналық сөз бен мақал-мәтелдер қазіргі қазақ тілінде өзгеріссіз қолданылып келеді.
Махмұд Қашқари жұмыс үстінде
Мысалы «Бес саусақ бірдей емес», «Қонақ келсе, құт келер» , «Адам аласы ішінде,жылқы аласы сыртында», «Әдептің басы – тіл», «Үйдей бұзау болмас», «Көсеуі ұзын болса, қолы күймес», «Тау мен тау қауышпас, кісі мен кісі қауышар» деген секілді мақал- мәтелдер ел ішінде кеңінен танымал. Махмуд Қашқаридің сөздігінде жастарға арналған ұлағатты, ойлы сөздер де көптеп кездеседі, әсіресе, жас жеткіншектерді оқу-білімге, ғылымды меңгеруге шақыратын жәйіттер мол, солардың қатарында: «Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым біл, оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе, тәлім қыл», «Ұлым менің, өсиетімен жанды аузына қаратқын, ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқан», «Өмірді білмесең – білімің жоғалар, талғамды қашан да бос сөзді доғарар», «Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға, ұрпақ өссе, естілер өмірге алаңдар ма?» деген сияқты тағылымы мол өлең жолдары бар.
Махмұд Қашқари түрік тілдеріне фонетикалық және граматикалық ерекшеліктеріне алғаш рет топтаған (классификациялаған) ғалым. Ол таза дұрыс тіл деп шет елдер тілінің ықпалына түспеген тілдерді айтады. Осы негізде ғалым түрік тілдерін былайша топтайды: 1) Таза, бұзылмаған дұрыс тілдер; 2) Аралас емес, бұзылған тілдер, қалалықтар тілін ол бұзылған тіл деп есептеген. Махмұд Қашқари түрік тілдеріне фонетикалық және граматикалық ерекшеліктеріне алғаш рет топтаған (классификациялаған) ғалым. Ол таза дұрыс тіл деп шет елдер тілінің ықпалына түспеген тілдерді айтады. Осы негізде ғалым түрік тілдерін былайша топтайды: 1) Таза, бұзылмаған дұрыс тілдер; 2) Аралас емес, бұзылған тілдер, қалалықтар тілін ол бұзылған тіл деп есептеген.
Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде туған тілі – түрік тілінің ұлылығын көрсетуге тырысқан. Сол себептен де ғалым түрік тілінің өзге жұрттар арасындағы қолдану аясының кеңдігін, халықаралық тілдерінің бірі екендігін айшықтауға ұмтылады.
Махмұд Қашқари жасаған әлемнің дөңгелек картасы (ХІ ғ.)
Махмұд Қашқари әлемнің ең көне картасын жасаған автор ретінде де мәшһүр болған ғалым. Оның дөңгелек картасы ең ежелгі түрік картасы ретінде белгілі. Картада көкжиек тұстары солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс деп төртке бөлініп беріледі. Махмұд Қашқари картасындағы жер бедері қазіргі карталардағы жер бедерімен сәйкес келеді. Картадағы түрік дүниесіндегі ежелгі шаһарлар Х-ХІ ғасырлардағы атаулармен көрсетілген және Испиджап, Тараз, Баласағұн ,Екіоғыз, Кәми Талас, Қашқар т.б. сияқты ежелгі қалалар мен елді мекендер түгел дерлік қағаз бетіне түскен. М.Қашқари картаны назарға ала отырып, өз еңбегінде 29 тайпаның атын айтады. Олардың ішінде пешенег, қыпшақ, оғыз, башқұрт, басмыл, ябАқу, татар, қырғыз, яғма т.б. бар. Өзі атаған түрік тайпаларының мекендеген жерін тілдік ерекшелігін сипаттаумен қатар М.Қашқари ХІ ғасырдағы, яғни өз заманындағы қалалардың, жер-су атауларына да толық түсініктемелер береді. Мысалы: «Еділ өзені қыпшақтар елі арқылы ағып өтеді» деп жазады, ал Іле өзені жөнінде: «Ила өзенінің екі жағалауында түркі тайпаларының яғма, тохси рулары мен жігілдердің бір тобы өмір сүреді. Бұл өзен түркі елдерінің Жейһуны» деп көрсетеді.
М.Қашқари өз еңбегінде 102 жағрафиялық атауға түсініктеме берген және де Түрік елдерінің территорясы Рұмнан Машынға дейінгі 8 мың персекті (1 персек=6,24км) құрайды деп маңызды мәлімет қалдырды. Түрік
халықтарының тарихи жәдігерлігі – «Түрік тілдерінің сөздігінің» бізге ХІІІ ғасырда жазылған жалғыз қолжазбасы жетті, қазір ол Түркияның Стамбул қаласында сақталып тұр. Махмұд Қашқаридің еңбегі бүгіндері түрік, өзбек, қазақ, орыс және т.б. тілдерге аударылған.
Жүсіп Баласағұн. Баласағұни Жүсіп Хас Хаджип 1020 жылы Баласағұн қаласында туылған. Өлкен жылы белгісіз. Ақын, ғұлама ғалым. Баласағұнның біздің заманымызға дейін жеткен ең ірі туындысы 1069 жылы жазылған «Құдатғу білік» (Құт әкелетін білім) поэмасы. Поэманың үш нұсқасы сақталған. Оның алғашқысы – XV ғасырда Гераттан (Ауғанстан) табылған, ұйғыр әріпімен жазылған нұсқасы. Вена қаласында сақтаулы. Араб әріпімен екінші нұсқасы Каирдің ұлттық кітапқанасында, ал араб әріпімен жазылған үшінші нұсқасы Наманганнан (Өзбекстан) табылған. Шығарма негізі патша Күнтуды, данышпан Айтолды, оның ұлы Ұғдүлміш, туысқаны Одгүрміш сияқты кейіпкерлердің өзара диалогтары түрінде жазылған.
Поэмада көшпенділер өміріне тән образдар мен теңеулер молынан пайдаланылған. Поэма әрі көркем шығарма, әрі адамдарды адамгершілік абзал қасиеттерге баулитын этикалық-дидАқтикалық, саяси-философиялық трАқтат. Поэманың идеясы әл-Фарабидің «Қайрымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трАқтатымен үндес. Ж.Баласағұн осы поэмасы арқылы түркі поэзиясына ауыз өлең өлшемін енгізді.
Ж. Баласағұн бейнесі қырғыз сомында. ХХ-ХХІ ғасырлар.
Ж.Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегі ғалымның көзі тірісінде- ақ ел арасына кеңінен танылды және түркі тілінде жазылған ең үздік кітап болып саналды.Бұл кітап әр елде түрліше аталған. Шын елі адамдары –«Абатул - Мүлік» (Әкімдердің әдептілігі), Мешін жұрты – «Айнкүл мамлАқат» (Мемлекет тәртібі), Шығыс елдерінің әкімдері – «Зийнатул-умаро» (Әмірлердің сән-салтанаты), парсылар – «Шахномоий туркий» (Түркілердің шахнамасы), тұрандықтар «Құтағу білік» (Құтты білік) деп атаған. Түрік әдебиетімен мәдениетінің танымал жәдігері – «Құтты білік» әрқайсысының көлемі әр түрлі болып келетін 73 тарауға бөлініп жазылған. Дастанның жалпы көлемі 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. «Құтты білік» – ғибрат түріндегі дастан. Ондағы идея 4 қағидаға негізделіп құрылған:1) әділ заң. 2) елге бақ – дәулет, құт қонсын деген тілек. 3) ақыл – парасат 4) қанағат – ынсап.
Ж.Баласағұнның бұл шығармасы сол кездің өзінде Қытай,Үндістан, Араб, Парсы оқымыстылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бүгіндері «Құтты білік» неміс, түрік, француз, қазақ, орыс, өзбек, қырғыз және т.б. тілдерге аударылған.
ХІІ ғ. Иассыда туылған Қожа Ахмет Иассауи (1103 - 1167) өз заманының үздік ойшылы және ақыны болды. Ахмет Иассауидің «Диуан-и Хикмет» (Даналық кітабы) деген өлеңдер жинағында жаратқанға деген сүйіспеншілік, сопылық уағыздалды. Ең ескі нұсқасы – ХV ғ. орта тұсында араб емлесімен көшірілгені. Ал толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Ол 149 хикметтен тұрады, оның 109-ы Иассауидің өзінікі, қалғанын шәкірттері қосқан.
Иассауи хикметтерінің мәні, философиялық өзегі – адам. Адам кемелдікке жету үшін қажетті білімді игеріп, мәліметтермен қарулануы тиіс. Иассауи нәпсіге құл болуды, менмендікті надандық деп бағалаған, осы менмендіктен арылғанда ғана адам өзінің ардақты атына лайық болатынын меңзейді. Иассауи хикметі түрік-мұсылман ән ұранына кең тараған.
Ахмет Иассауиге тікелей ықпал жасаған ұстазы Арыстан баб болды, ал шәкірттерінің ішіндегі белгілісі Сүлеймен Бақырғани еді. Ахмет Иассауи Қазақстанда мұсылман дінін таратты. ХIV ғ. оның қабірінің үстіне Әмір Темірдің әмірімен кесене салынды. 1978 жылы 28 тамызда Қазақстан үкіметі шешімімен «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайы ашылды. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі Юнесканың қызыл кітабына енгізілді.
«Ақындардың ақыны, даналардың көшбасы, Гауһардан сөз теретін, одан ешкім озбады» деп баға берген Ахмет Иүгінеки ақын, ғұлама ғалым болды. Ол Жүйнек қаласында туылған. «Хибатул-хақайық» (Ақиқат сыйы) атты оның еңбегінің ең көне нұсқасы – Стамбул нұсқасы. Бірақ ол Стамбулда сақтаулы тұр. Себебі, 1444 жылы сонда көшірілген. Берлин нұсқасы арабша көшірілген. «Ақиқат сыйы» – дидАқтикалық шығарма. Ол бірнеше тараудан тұрады: 1) алғашқысы «Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны» деп аталады. «Білім – бақыт жолы», «білім – сарқылмас тауар» дейді. 2) тілді тыйып ұстау – әдептілік шарты; 3) тіл жайында; 4) дүниенің өзгеріп тұратыны турады; 5) жомарттық пен сараңдық туралы; 6) игі мінез бен жарамсыз қылық жайында т.б. «Ақиқат сыйы» төрттік ұйқаспен, аруз түрінде жазылған. Онда мақал-мәтел, нақыл сөздер, қанатты сөздер өте көп. Қазақ тіліне 1985 жылы Ә. Құрышжанов аударды.
Әбу Райхан әл-Бируин Өзбекстандағы Ибн Сина ескерткіші
4)Қарақытай мемлекеті (1125-1212 жж.). Шығыс авторлары моңғол тектес тайпалар деп көрсеткен қидандар (қарақытайлар) тарихи деректерде V ғ. бастап кездеседі. Олар Қытайдың солтүстіғінді Манчжурия мен Уссури аймағын мекендеғен. X ғ. басында Солтүстік Қытайды басып алған соң, Солтүстік Маньчжурия мен Монғолияда Ляо мемлекетін (907-1125 жж.) құрады. 1125 ж. Ляо әулетін Маньчжурядағы чжурчжен тайпалары бағындырып алады. Қидандардың 1 бөлігі чжурчжендерге бағынып, ал Елюй Дашы бастаған 2-ші бөлігі батысқа келіп қоныстанады. Оларды жергілікті жерлерде «қара қытай» деп атады. Батысқа кеткендер Ыстықкөл маңында Батыс Ляо (Си Ляо) мемлекетін құрады. Гурханның ордасы – Хосунорда (Күшті орда) Баласағұн маңында, Шу өзені бойында орналасты. Оның осы кездегі иелігіне Тараздан Үштұрфанға, Балқаштан Жаркентке дейінгі жерлер қарады. Қарақытайлықтар Хотанды жаулап алғаннан кейін Мауреннахрға көз тіге бастайды. 1137 жылы қарақытайлықтар Ходжент түбінде батысқарахандық әулеттің өкілі, Самарқаннның билеушісі Махмұд ибн Мухаммед қағанмен соғысып, жеңіске жетеді. Бірақ қарақытай билеушісі өзінің ары қарай соғысуға мүмкіндігі жоқ екенін сезіп, ымыраға келеді. Махмұд қаған «дінсіздермен» соғысу үшін селжұқтардың билеушісі Санжар сұлтаннан жәрдем сұрайды. Ол қарарахандық әскердің құрамындағы қарлұқтарға сенбейтін. Қарахандықтар мен селжұқтардың біріккен күші алдымен қарлұқтарды жазаламақ болды. Қарлұқтар болса, гурханнан көмек сұрады. Сөйтіп, 4 жылға созылған тыныштық бұзыла бастады. Мұның соңы 1141 жылы 9 қыркүйектегі Қатуан шайқасына алып келді. Қарақытайлық қолбасшы өз әскерін оң, сол және орта қылып, үш қанатқа бөліп орналастырады. Қатуан шайқасына екі жақтан қатысқан әскердің саны 100 мыңнан 300 мыңға дейін барған. Дегенмен, деректерде бұл мәліметтер түрліше екенін де айта өткен жөн. Майдан даласында бірнеше мыңдаған мұсылмандардың сүйегі шашылып қалды. Зерттеуші Л.Н. Гумилев: «Санжар сұлтанның өзі қашып құтылады да, оның әйелі мен қарулас серіктері тұтқынға түседі, ал салжұқтардың ең таңдаулы 30 мың сарбазы ерлік өліммен қаза табады» деп көрсетеді (Гумилев Л.Н. Қиял патшалығын іздеу. – Алматы, 1992. – 134-бет). Бұл суық хабар сол кездегі мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін Гурхан (хандардың ханы) деп жариялайды. Қайтар жолда гурхан әскерлері Самарқан мен Бұхараны оңай басып алып, Хорезмнің жасыл алқабын талауға салады. Хорезмшах гурханмен дереу келісімге келіп, жыл сайын алтынмен 30 мың динар және белгіленген мөлшерде заттай алым-салық төлеуге міндеттенеді. Батысқарахандықтарды да бас идірген гурхан әскерін алып, Шу бойындағы ордасына қайтып кетеді. ХІІ ғасырдың 30-40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның жері, Мауереннахр аймағы қарақытайлықтардың иелігіне айналады. Қарақытайлықтардың билігі тұсында әрбір түтіннен 1 динардан қазынаға салық жиналып тұрды. Қалалықтар салықты көбірек төлеген. Мұны Баласағұн тұрғындарының табысының оннан бір бөлігін қазынаға бергені көрсетеді.
Елюй Дашы 1143 ж. қайтыс болды. Мемлекеттің ендігі билігі оның ұрпақтарының қолына өтеді. Тақ мұрагері Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң, яғни 1150 жылы Елюй Дашының ұлы Иле әкесінің тағына отырып, гурхан болды. Оның тұсында халық санағы жүргізілді. 1151 жылғы санақ бойынша мемлекетте 84 500 шаруашылық болды, оның әрқайсысы түгел жасақталған 2 жауынгерден қоюы тиіс болды. Осы дерекке қарағанда, қарақытайлардың әскері, шамамен, 169 мыңды құраған. Қарақытайлық әскерлер өте жылдам қимылдайтын және жинақылығымен де ерекшеленді. Алайда, қарақытайлықтарға қарсы вассал елдер жиі бас көтеріп отырды. Батыста Хорезмшах күшейіп алып, салық төлеуден бас тартты. Шығыста ұйғырлар чжурчжэндермен ымыраласып, бас көтерген және гурханға қосылғысы келген шығыстық қарақытайлықтарды, сондай-ақ гурханның елшілерін ұстап беріп жатты. 1155 (1163) жылы Иле гурхан қаза тауып, билікті оның қарындасы Бұсұған алады. Қарақытайлықтардың соңғы билеушісі Чжилугу тұсында мемлекеттің орталықтанған билігінен береке кетіп, әскербасылар жеке дара билей бастады. 1212 жылы Жетісудағы қарақытайлықтардан билікті наймандар алды.