лекция 7

лекция 7

Дәріс №7. Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырлардағы мемлекеттер (VI - ІX ғғ.).

 

Қаралатын мәселелер:

1)Түрік қағанатының құрылуы мен дамуы;

2) Батыс және  Шығыс Түрік , Түргеш қағанаттары;

3) Қарлұқ қағанаты;

4) Оғыз мемлекеті;

5) Кимек қағанаты;

6) VI – IX ғғ.  мемлекеттердің  басқару, қаржы  және заң жүйесі,

мәдениеті пен өнері

 

Әдебиеттер:

Қазақстан тарихы. 1том. – Алматы, 1996.  – 296-389-бб.;

Қазіргі Қазақстан тарихы. – Астана, 2010. – 37-41-бб.;

Махаева А.Ш. Ұлы жібек жолы. – Астана, 2009. – 30-4; 99-121-бб.;

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. – Алматы, 2002.       

 – 68 б.;

Берденова К.А., Коробков В.С., Ташенов Б.Т. Экономическая история Казахстана. – Алматы, 2000. – 256 с.

 

1) Түрік қағанатының құрылуы мен дамуы (551- 603 жж.). «Түрік»  этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында 542 ж. айтылады. Қытайлар түріктерді ғұндардың ұрпағы деп санаған. «Түрік» (кытайша - ту-кюе) сөзі алғаш тар мағынасында ашина мен ашидэ деген екі Ақсүйектер руын білдірді. Түрік кағандары – ашина, ал олардың қалыңдықтары ашидэ руынан болатын. Бірте-бірте «түріктер» деп оларға бағынған тайпалар да атала бастады. «Түрік елі» (түрік будын) деген атау көне түркі жазба ескерткіштерінде көшпелі держава атауын білдірген. «Күлтегін» жырында:

«Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім – Бумын қаған, Істемі қаған отырған, – делінеді.

 

 

Күлтегін ескерткіші

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

551 ж. Бумын қаған бастаған түріктер жуан-жуандарды жеңіп, Түрік қағанатының негізін салды. Сол үшін ол «Елхан» деген атаққа ие болды.

Түрік кағанатының территориясы 552-560 жж. (Істемі, Қара Еске, Таспар, Мұкан және т.б. қағандар тұсында) Солтүстік Қытайдан Қара теңізге дейінгі ұлан- байтақ жерді алып жатты. Оның негізін Алтай мен Орталық Азияның түрік тілдес тайпалары құрады.

 

Тоныкөк ескерткіші

 

Білге қаған ескерткіші

Түрік каганатын Бумын кағанан кейін баскарған Қара Еске (552-553 жж.) және Мұқан қаған (553-572 жж.) тұсында түріктер жужандарды біржола жеңіп, мемлекеттің куаты арта түседі. Түріктер бірте-бірте қырғыздарды, чиктерді, кидан, отыз оғыз тайпаларын бағындырды. Мұкан кағаннын кезінде ¥лы Түрік кағанатына шығыстан батыска карай Ляодунь түбегінен Оралға, оңтүстіктен солтүстікке қарай Қытайдан Байкалға, Саян-Алтай тауларына дейінгі байтақ жер енді.

Алтай түріктерінің батысқа жорығын Бумын каганның інісі Істемі (Естеми, Истеми, Ши-де-ми, Сильзабул, Синжибу, Дизабул) басқарды. Ол 555 ж. эфталиттерге қарсы күресте Иран билеушісі Хұсрау I Ануширванмен (531-579 жж. ел билген) одақ құрды. Оған қызын ұзатып, екі ел арасындағы қарым- қатынасты нығайта түсті. Сасанидтік Иран эфталиттерге ұзАқ уақыт күміспен салык төлеп тұрды. Эфталиттердің қуатты мемлекеті Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатты. Эфталиттердің патшасы Гатифар түрік-иран байланысының күшеюіне барынша кедергі жасап бақты. Алайда Істемі каған 563-567 жж. эфталиттерді талқандады. Иран мен Түрік кағанаты арасында келісім орнап, бұл келісім бойынша Әмударияның батысындағы елдер Істеміге салық төлеп тұруға тиіс болды. Істеміні Батыс Түрік қағанатының негізін салушы деп те атайды.

Түрік-Византия елшілігі. Византия елшісі Земархтың  Түрік еліне сапары.  Ұлы жібек жолы бойындағы жерлерді көбірек иеленуді көздеген Иран соғды көпестерін Византияға өз жері арқылы өткізбей тастады. Одақтастар арасында араздық туды. Істемі каған 568 ж. Маниах бастаған өз елшілігін Византияға (Ұрымға) аттандырды. Елшілік Каспий теңізінің солтүстігімен жүріп, Кавказ арқылы Константинопольге келеді. Византия императоры Юстиниан II түрік елшілігін өте жылы қабылдап, олардың сауда туралы және Иранға қарсы соғыс шартына колдау көрсететінін білдірді. Юстиан II Түрік қағанаты елшілігі өкілдерімен бірге Земарх бастаған өз елшілігін қоса жіберді. Византия тарихшысы Менандр түркілерге византиялыктар 568-576 жж. 7 рет елшілік жіберді дейді. 571 ж. Істемі Иран шаһымен өзара бейбіт келісімге келіп, екі елдің шекарасы Әмудария болып белгіленді.

 

 

Соғдылықтар

Хұсрау шах жыл сайын түріктерге 40 мың алтын теңге төлеп тұруға міндеттенді. Мұндай жағдай Византия билеушілеріне ұнамады. Түрік-Византия байланысы нашарлап кетті.

576 жылы іскер де беделді Істемі каған қайтыс болды. 581 жылы жоғарғы билеуші Таспар каған (572-58Іжж. басқарды) да қайтыс болды. Ел ішінде таққа талас басталып кетті. Мемлекет әлсіреп кетті. Суй әулеті басқарған Қытай (581- 618) салық төлеуден бас тартты. 588 ж. Иран Герат түбінде батыс түріктердің әскерін талқандады. 590 ж. Византия олардан Боспорды тартып алды. Түрік қағанатының негізін салған екі ағайынды Бумын мен Істемі құрды, сондыктан олар пайда болған кезінен бастап, екі тәуелсіз империяға бөлінді. Ішкі-сыртқы қайшылықтардан Түрік қағанаты 603 жылы ресми түрде екі дербес қағанатқа - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлініп кетті.

 

Шығыс Түрік қағанатының атақты қолбасшысы

Күлтегіннің мүсіні (VIII ғасыр).

 

 

 

Көне түріктің  М.М.Герасимов жасаған бейнесі

Түрік қағанатының басқару орталығы Орхон өзенінің бойына орналасты. Мемлекет негізінен ру-тайпа жіктері бойынша оң қанат және сол канат болып екіге бөлініп баскарылды. Тайпа басқарушысын «шад» д.а. Ябғу және елтебер де мемлекеттегі жоғары лауазымдар болатын. Қаған жоғары билеуші әрі әскер басы болды, мемлекеттің ішкі-сыртқы істерінің бәріне басшылык жасады, ру басшыларын тағайындады. Сот қызметтерін бұрықтар мен тархандар атқарды. Түрік қағанатының заң жүйесі болды. Қытай деректерінде оның 7 бабы көрсетіледі. Қағанаттағы ақсүйектер тобын бектер құрады. Тайпа басшылары осы ақсүйектерден тағайындалды.

2) Батыс және  Шығыс Түрік , Түргеш қағанаттары.

Батыс түрік қағанаты  (603-704 жж) «Он оқ бұдун» - он тайпа ел деп аталды. Оны бес тайпа дулу, бес тайпа нушеби құрады. Территориясы Шығыс Түркістанның егіншілік аудандарын, Орта Азия, Арал маңының далалы жерін, Жайықтың төменгі бойын, Солтүстік Кавказды қамтыды. Астанасы - Суяб қаласы (казіргі Тоқмақ қаласының маңы) болды. Қағанат Шегу (610-618 жж.) және Тон жабғу (618-630 жж) қағандар кезінде барынша көркейді.

Тон жабғу кағанның ордасында VII ғасырда Қытай саяхатшысы Сюань-Цзан болды. Ол Қытайдан Үндістанға сапары барысында Шу-Талас өңірінен өтеді. Сюань-Цзан түрік дәуіріндегі қалаларды, соның ішінде Шу өзені бойындағы Суяб қаласын,  Талас өңіріндегі Мыңбұлақты көреді. Ол соғдылықтардың сауда-саттықпен айналысатынын жазады.

656 жылы Батыс Түрік қағанаты Тан империясының вассалы болады. Елді «қуыршақ қағандар» басқарады.  Батыс түрік қағанатындағы саяси билік  ішкі-сыртқы қайшылықтардың әсерінен 704 жылы түргештердің қолына өтеді.

Шығыс Түрік қағанаты (582 – 742) териториясының негізін  қазіргі Моңғолия жері құрады. 630 жылы Шығыс Түрік қағанатын Тан империясының әскерлері жаулап алады. 682 жылы Білге Құтылық  бастаған түріктер қазіргі Моңғолия және Оңтүстік Сібір  жерінде өз биліктерін қайта орнатады. VII ғасырдың аяғы VIII ғасырдың басында Қапаған қаған, Білге қаған, Базе қаған және Тоныкөк пен Күлтегін секілді қолбасшылардың тұсында  түріктер белсенді түрде жаулаушылық саясат жүргізеді. Тарихта бұл мемлекет екінші Түрік қағанаты (682-742)  деп те аталады. Олар 688 жылы ұйғырларды, 711 жылы қырғыздарды және т.б. талқандайды. 618-Алайда 742 жылы ұйғырлардан жеңіліс тауып, өмір сүруін тоқтатады. Шығыс Түрік қағанаты тұсында атақты «Күлтегін, «Білге қаған», «Тоныкөк» жырлары дүниеге келді.

Түргеш кағанаты (704-756 жж.). 704 жылы Үшелік Баға тархан Құлан каласында батыс түріктердің соңғы қағаны Ашина Синдиді өлтіріп, таққа отырады. Сөйтіп, Түргеш мемлекетінің негізін Үшелік каған (699-706 жж.) калады. Астанасы Шу бойындағы Суяб қаласы, екінші ордасы Іле бойындағы Күнгіт қаласы болды. Түргештер қара және сары түргештер болып бөлінді. Үшелік қаған елді 20 әкімшілік аймАқка бөліп басқарды, әр аймақ 7 мың әскер шығара алатын. Түргештердің төрт тарапынан Тан империясы, Шығыс Түрік кағанаты, Тобандар және Араб халифаты секілді қуатты елдер қауіп төндіріп тұрды. VIII ғ. басында арабтар Орта Азия жерінде жаулаушылық соғыстарын өрістетті. 706 ж. араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим Балхты басып алып, Бұхара түбіндегі Пайкендке карай жылжығанда, Үшелік бастаған түргештер соғдылықтарға жәрдемге келіп, нәтижесінде түргеш-соғды біріккен күші арабтарға ойсырата соққы береді.Үшелік Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнатты, бірАқ Шығыс Түрік кағанатымен жер үшін және саяси үстемдік үшін талас-тартысқа түсіп, жиі қақтығысып қалатын. Үшеліктің мұрагері Сақал (Согә) қағаннын (706-711 жж.) тұсында Қытаймен ара катынас нашарлады. Ел ішінде бірлік болмады. Сақалдын інісі Чжен ағасына қарсы көтеріліске шығып, Шығыс Түрік қағанатының билеушісі Қапағанды көмекке шақырды. Шығыс түріктер 711 жылы Болучу өзені бойында түргештерді ойсырата жеңеді. Қағанат Сұлу қағанның билігі кезінде (715-738 жж.) барынша күшейді. Әскери- әкімшілік билік кара түргештердің колына өтіп, ел ордасы Таласка көшірілді. Сұлу қаған білікті дипломат және көреген әскер басы ретінде танылды. Ол шығыстан келер қауіпті құда-жекжаттық жолмен сейілтіп, бар күшін батыска, арабтарға қарсы жұмсады. Оның тұсында түргеш-соғды біріккен күші арабтарға талай рет соққы берді. 724 жылы арабтарға қарсы жорықты сұлудың өзі басқарды. Сұлу қағанды батыл әрекеттері және кайтпас, қайсар мінезі үшін арабтар «Абу музахим», яғни Сүзеген деп атады. 726-729 жж. түргештер соғыс даласында арабтармен бірнеше мәрте жолықты. 737 ж. Хорасандағы араб наместнигі Асад Абдаллах көп қолмен түргештерге қатты соққы берді. Сұлу қаған қолға түсе жаздап, зорға құтылады. Арабтармен болған ұзаққа созылған соғыс (717-738 жж.) түргештердің экономикалык ахуалын нашарлатып жіберді. Қазына ортайып, ел ішінде наразылық күшейді. Сұлу қаған суық тиіп, сал болып қалады. Ол 738 ж. өзінің қолбасшысы Бага Тарханның қолынан қаза табады. Билік үшін қара түргештер мен сары түргештер арасында 20 жылға созылған күрес басталып кетіп, ел арасында берекесіздік орын алды. Жетісу жеріне 746 ж. қарлұқтар Алтай мен Тарбағатай жАқтан қаптай бастады. 748 ж. қытайлар Суябты басып алады. Түргештер жері үшін арабтар мен қытайлықтар арасында 5 күнге созылған шайкас  –  Атлах шайқасы 751 ж. өтті. Қарлұқтар арабтар жағына шығып, Қытай әскері жеңіліс табады. Тарихта «Талас шайқасы» деген атпен белгілі болған Атлах маңындағы шайқас Орталык Азия елдері тарихында елеулі із қалдырды. Ол Тан империясының енді ортаазиялық  істерге араласуын тоқтатты, арабтар Талас өңіріне көп тоқтамай, Шашқа қарай шегінді. Шайқас нәтижесі қарлұқтардың беделін өсіре түсті. 756 (766) жылы қағанаттағы билік қарлұқтарға өтті.

3)Қарлұқ кағанаты (756 (766)-940 жж.). Қарлұқтар туралы алғашқы деректер  VII ғасырда кездеседі. Олар бұл тұста «гэлолу»  деген атпен мәлім болған.  Х-ХІІ ғасырлардағы мұсылман авторлары еңбектерінде «харлух», «халлух»түрінде кездеседі. Қарлұқтардың  «үш қарлұқ» тайпалық бірлестігі  бұлақ, жікіл (шігіл) және ташлық тайпаларынан құралды. Олар негізінен Алтай тауларынан Балқаш көліне дейінгі жерді қоныс етті.  

Қарлұқ тайпалары Түрік, Шығыс Түрік және Ұйғыр (744-840) қағанаттарының саяси өмірінде белсенді рөл атқарады.

Саяси үстемдікке ұмтылған қарлұқтар түрік қағанаттарына қарсы бірнеше рет қарсы  жорықтарын ұйымдастырып отырды.  742 жылы  үш тайпаның –  қарлұқ,  ұйғыр және басмылдардың одағы құрылады. Алайда одақтастар арасындағы алауыздық кесірінен 744 жылы басмылдар талқандалады,  745 жылы қарлұқтар мен түргештердің біріккен күші ұйғырлардан жеңіліс табады. Ұйғырлардың қысымына шыдамаған қарлұқтар 746 жылы Жетісуға қоныстана бастайды.

751 жылы Атлах  шайқасына тұсында  қарлұқтар қытайлықтарға қарсы бас көтереді. Қытайлықтар жеңіліп, Жетісуда бірте-бірте қарлұқтар үстемдік ете бастайды.

 840 жылы қырғыздардың Ұйғыр қағанатын құлатуы себепті қарлұқтар күшейіп, осы жылы Білге Күл Қадырхан өзін қарлұқтардың қағанымын деп жариялайды. 888 жылы саманилік билеуші Исмаил ферғаналықтарды қиратып, Таразға дейін жетті. Ибн ХаукалТараз мұсылман әлемінің көшпенді қарлұқтармен шекарасына айналғанын көрсетеді.

Қарлұқтардың мемлекеттік құрылысы үлестік тайпалық жүйе болуымен  ерекшеленеді. Қарлұқтардың жабғуының билігі сөз жүзінде ғана болды. Жікіл, Тухси және Яғма сияқты ірі тайпаларды басқарып отырған үлестік билеушілер өздерінің жартылай дербес және іс жүзінде тәуелсіз иеліктерін нығайтуға ұмтылды.

Қарлұқ қағанатының үлестік тайпалық одағы, бір орталыкты мойындамай, билік жолындағы күрестің күшеюіне себепші болды. X ғасырдың алғашқы жартысында қарлұқ бірлестігі бытыраңқылық орын алды. 940 жылы қарлұқтардың билігі қарахандықтарға өтеді.

5)Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғғ.).  ІХ –Х ғасырларда Қазақстанның оңтүстік және батыс аймағында бірте-бірте оғыз этносы қалыптасады. Махмұд Қашқари оғыздар 24 тайпадан, кейінірек 22 тайпадан құралған деп көрсетеді. Олар өз кезегінде бұзықтар мен ұшықтар болып екіге бөлінді. Билеушілер  бұзықтардан шықты.

Оғыздадың мемлекеті туралы алғашқы мәліметтер ІХ-Х ғасырлардағы араб тіліндегі тарихи-әдеби шығармаларда айтылады. Оғыздардың көршілес тайпалармен соғысын көрсеткен Әл-Якубидің (ІХ ғ.)  мәліметі оғыздар туралы алғашқы хабарлар қатарына жатады. Жазбаша деректер ІХ ғ.  аяғы – Х ғ.  басында оғыздардың қалыптасқан мемлекеті болғанын көрсетеді. Ибн әл-ФАқих (Х ғ.)оғыздардың түрік тайпалары арасында көбірек құрметтелетінін баяндайды. Дегенмен,  оғыздарда тұтас, орталықтанған  мемлекет болған жоқ. Әл-Идриси  (ХІІ ғ.) оғыздарда бірнеше патшалар болды деп көрсетеді. Оғыз мемлекетінің астанасы Х ғасырда Жаңакент (Янгигент) немесе Жаңа Гузия болды. Жаңакент керуен жолының үстінде орналасты.

Оғыздарды  ХІ ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандады. Бір кездері арабтар «Оғыз даласы» (Мафазат әл-ғұз) деп атаған территория енді қыпшақ даласының құрамына кіріп кетті.

Қыпшақтардың қысымына шыдамаған  олардың селжұқтар бастаған тобы Алдыңғы Азия елдерін жаулап алды. Батысқа кеткен бөлігі оңтүстік орыс далаларына қоныстанып, сондағы халыққа сіңіп кетті. Арал, Сырдария алқабын және Солтүстік Каспий маңын қоныс еткен оғыздар қазақ, түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтарының қалыптасуында өзіндік із қалдырды. Кавказ бен Кіші Азия өңіріне кеткен оғыздардың оңтүстік тобы ғағауыз, әзірбайжан, түрік халықтарының этногенездік үрдісінде өзіндік орын алды. 

Оғыздар дәуірінен қалған  құнды жәдігерлер қатарында «Қорқыт ата кітабын», «Оғызнаме» шығармаларын атауға болады.

5)Кимек қағанаты (ІХ ғасырдың соңы – ХІ ғасырдың басы). Мемлекеттің орталығы Ертіс өзенінің орта бойында орналасты. Кимектердің  ордасы  Имекия (немесе Кимекия) қаласында болды. Әл-Идриси кимектердің 16 қаласы болғанын көрсетеді.

Этникалық тайпалық құрамы жөнінде  Гардизи еңбегінде  мәліметтер бар.  Ол кимектердің этникалық құрамына жеті тайпа: эймур, имек, татар, байандүр, қыпшақ, ланиказ, ажлар кіреді деген мәлімет береді.

X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың басында Кимек мемлекеті ыдырап, саяси билік  қыпшақтарға өтті.

Кимек қағанатынан атақты Қимақи Жанах ибн Хақан сияқты оқымыстылар шыққан. Әл-Идриси  оның туындысын атап, үзінділер келтіреді.

 

6) VI – IX ғғ.  мемлекеттердің  басқару, қаржы  және заң жүйесі, мәдениеті пен өнері.  Түріктерде билік үш сатылы басқышпен басқарылды.  Жоғарғы басқышта қаған және оның жақын көмекшілері мен туыстары отырды. Ортаңғы басқышты қағанның бұйрығын орындайтындар – тархандар, бұйрықтар мен түтіктер  орналасты. Ең төменгі басқышта бектер мен ру мен тайпаның ақсақалдары отырды. Тақ мұрагерлері тегін деп аталған. Мысалы, Күл-тегін, Алып-тегін және т.б.

    Жабғу мен шадтар көбіне қағанның ұлдарынан қойылатын және олар оң және сол қанатты  әскерді басқаратын. Бұйрықтар сот ісін қарады. Тархандар мен түтіктер қағанның руынан болмаса да салық жинаумен айналысты. Елтеберлер мен еркіндер ірі тайпалардың қолбасшылары болды.

  Сауда мен ақша айналысы    қалалардың дамуына барынша септігін тигізді. Қалаларда қала мен дала тұрғындарының,  қала мен оның төңірегіндегілердің арасында, сондай-ақ  мемлекеттер арасында  тауар алмасу  қарқынды жүрді. Оған халықаралық керуен жолдарының қызметі де өз әсерін тигізбей қоймады. VI-ХII  ғасырда  Қазақстан территориясындағы қалалар мен қоныстардың сауда-саттық және қолөнер кәсібінің орталықтары, әрі қырдағы ел мен отырықшы аймақты  өзара байланыстырған маңызды экономикалық буын ретінде үлкен рөл атқарған. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірі егіншілік пен мал шаруашылығының, дала мен қаланың өзара әсері тоғысқан аймақ болуымен  ерекшеленеді. Көшпенділер мен егіншілер арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-этникалық тығыз байланыс бұл  өңірде біртұтас экономикалық жүйенің қалыптасуына алып келеді.         Алайда кейде малшылар егіншілікпен айналысып,отырықшы өмір салтын ұстанса, егіншілер де мал бағуға бейімделіп, көшпелілікке өтіп отырған. Көшпелі малшылармен бірге малшылартың жартылай көшпелі, жартылай отырықшы топтары болды. Егіншілер мен қала тұрғындары ықпалымен көшпелілер отырықшылыққа, қала өміріне өтіп отырды.                                        VI - ІХ  қала мәдениеті Оңтүстік Батыс Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда дамыды. Бұл кезеңде көшіп қону аумағы шектеліп, белгілі көшу жолдары қалыптасады, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар егістік жерлер пайда болды. Мемлекеттік басқару ақпараты құрылып , ортақ тіл мен жазу қалыптасады, елшілік дәстүр дамиды, сауда- саттық байланыстар нығаяды. Мұндай жағдай қалалардың саяси - әкімшілік, мәдени – экономикалық маңызын арттырып, олардың қатарының көбейе түсуіне септігін тигізді.

    VI - ІХ ғғ. қалаларды  көлеміне қарай үш топқа бөліп қарауға болады:    

1)астаналық және ірі қалалар:Тараз, Суяб, Невакет және Нүзкет т.б

2)Орташа қалалар:Текабкет, Меркі, Аспара, Сус, Жол-Сокулук        

   Жуван,Сарығ және т.б

3)Шағын қалалар: Құлан, Кірміреу және т.б

 Қалалар қатарының көбеюі ІХ – ХІІ ғғ.  айқын байқалды. Оңтүстік Қазақстанда Испиджаб басты қала ретінде танылса, Шу аңғарларында Баласағұн  жетекші орынға шығып, астана рөлін атқарды. Ол Х – ХІІ ғғ.  хан ордасы ретінде қалыптасты. Талас өзені аңғарында  Жікіл, Балу, Шелже, Текабкет, Көл, Кенжак  қалалары орналасты. Іле өзені аңғарында  Талкиз, Лабон, Қоялы, Екіөгіз, Ілебалық қалалары болды.                                          Сыр өзені мен оның тармақтары аңғарында Испиджабтан өзге Сүткент, Фараб, Сауран, Сығанақ, Жанкент, Аспас, Баршынкент, Иассы, Кедер және т.б.қалалар санының артуы, олардың аумағының кеңеюі,қала халқының көбеюі, қолөнер мен сауданың дами түсуіне  игі әсерін тигізді.Қала халқының өсуі ауыл шаруашылығы өніміне деген сұранысты күшейтті.Бұл кезегінде суару жүйесінің дамуына, егістік алқаптарын пайдаланудың барған сайын жетілдіруін талап етті.

Аймақаралық және халықаралық сауда ісінде Қытай, Соғды, Ферғана, Бұхара теңгелері айналымда болды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда да теңгелер соғылды. Түргештердің теңгелері ортасында шаршы тесігі бар дөңгелек етіп жасалынды. Олардың диаметрі 12-28 миллиметр аралығын құрайды. Қазақстан жерінен шетелдік теңгелер де көптеп табылуда.

 

 

VIII –  X ғасырларға жататын  ортағасырлық теңгелер

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлы жібек жолы бойымен таралған теңгелер

 

 

       Ұлы Жібек жолы – бұл Батыс пен Шығысты жалғастырған халықаралық керуен жолы. Ұлы Жібек жолы Еуразия құрлығындағы сауда, керуен жолдарының жалпы атауы, б.з.б. ІІ – ХVI ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды  алдыңғы Азиямен  байланыстырды. Чжан Цяньның жасаған саяхаты нәтижесінде  б.з.б. ІІ ғасырда ашылды. Ұлы Жібек жолы Сианьнан Ланчжоу  арқылы Дунхуанға апарады,  сол жерден  жол екі торапқа бөлінеді, Солтүстік  жол Турфан, Қашқар,Самарқан, Мервті, Ферғана, алабын, ал Оңтүстік жол Хотан, Жаркент, Балх және Мервті басып өтіп, Памирдің тау жолдары арқылы Үндістанға, сондай-ақ Таяу Шығысқа  апарды. Мервте Оңтүстік және Солтүстік жолдар қосылып, одан әрі батыстағы Ұлы Жібек жолы  Ниса, Чекатомпил, Экбатана, Бағдад арқылы  жерорта теңізінің шығыс жағасындағы  порттарға, Тир мен Атиохияға дейін созылып жатты. Экспорт  үшін арнаулы  дайындалған  және Батыста  жоғары бағаланатын Қытай жібегі негізгі сауда – тауарлары болды.Ұлы Жібек жолы арқылы сауда, дипломатиялық байланыс мейлінше дамыды.

     ІІІ – VI  ғғ. Қытайдан батысқа  Жетісу мен  Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жол жандана түседі. VI  – VIІІ ғғ. Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттары: Сирия – Иран, Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан – Талас аңғары - Шу аңғары –  Ыстықкөл ойпаты – Шығыс Түркістан болды.

        Ұлы Жібек жолы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда қалалық мәдениеттің дамуына үлкен әсерін тигізді. Жетісуда жаңа қалалар  бой көтерді.Оңтүстік Қазақстанда  Жібек жолы  бойындағы қалалар  және сол қалалармен сауда байланыстары болған қоныстар да тез өсіп, дамыды.        ХV ғасырдан теңіз байланыстарының дамуына  байланысты Ұлы Жібек жолы маңызын жоя бастады. Алдыңғы  Азия мен Орталық Азия  және мәдени байланысты дамытуда Ұлы Жібек жолының рөлі зор болды. Ұлы  Жібек  жолының ұзындығы 7 мың км  асты.

 

     Керуен жолы бойындағы түйелер

 

      Түрік тілдері тарихындағы ең алғашқы жазу – сыртқы нұсқасына қарай «руникалық» немесе табылған жеріне қарай «Орхон – Енисей жазуы» деп аталған жазу. Бұдан өзге көне түрік тайпалары: соғды, ұйғыр,манихей, брахми, эстрангело, тохар жазуларын да білген.        Руна әліпбиіндегі, аймақтық және хронологиялық нұсқаларын есепке алғанда 40 – тан астам таңба бар. Оқылуы оңнан  - солға қарай.

 

Көне түріктердің жазуы. Руна жазуы

 

      Руна жазуының таралу аймағы  деп осы жазу үлгісі бар ескерткіштердің мәлім болған жерлерін айтамыз. Мұндай аймақтар – Сібірдегі Енисей, Лена өзендері аңғарлары, Монғолиядағы Орхон, Оңгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия  мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы.

    Атақты «Күлтегін» (732 ж.), «Білге қаған» (735 ж.) және «Тоныкөк» (716 ж.) жылдары тасқа қашалып жазылған руникалық  ескерткіштер ішіндегі ең көлемдісі әрі көне түріктердің өздері туралы өздері жазған аса құнды бірегей жәдігерліктер болып табылады. Сыртқы пішіні пирамида  секілді Күлтегін ескерткішінің негізгі  бетінде  40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі  13 жол жазудың жалғасы  болып есептеледі. Түркология лық әдебиеттерде ескерткіштегі 40 жол жазу үлкен жазу деп , ал 13 жол жазу – кіші жазу деп аталады.Кіші жазу үлкен жазудың кіріспесі іспетті. Күлтегін жырында  түрік  халқының ата – бабалары туралы, елге  ерен  істерімен белгілі болған Елтеріс, Қапаған. Білге қағандар және қолбасшы Күлтегін  жайлы, түріктердің жорықтары туралы айтылады. Жыр авторы – Йолығ тегін. Ол  жырдың басты идеясы етіп халық бірлігін алған. Ел бірлігі арқасында  бастыларды еңкейтіп, тізелілерді бүктіргендіктерін жазған. Бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге боларлық бұл тарихи жәдігерлік, өкінішке орай 1961 жылы үстіне жай түсіп, күл-талқан болған. Бұл күндері Күлтегін ескерткіштерінің тек орны ғана сақталған.

      Білге қағанға қойылған тас ескерткіштердің ұзындығы 3м 45см., ені 1м 74 см және қалыңдығы 72 см.Сырт бейнесі көркемдік нақышы жағынан да, мазмұны жағынан да  Білге қаған  және Күлтегін ескерткіштері  бір – бірімен ұқсас, текст мазмұны бір – бірін қайталайды. Тоныкөк ескерткіші екі бағана тасқа бөлініп жазылған. Біреуінің биіктігі 1м 60 см мұнда жырдың жалғасы, яғни 37 – 62 жолдар орналасқан.

         Жыр авторы Тоныкөктің өзі деген болжам бар. Бұл жырда түрік халқының табғаштарға бағынышты  болып қалуы, кейін бас біріктіріп жауға қарсы тұруы, сол кезде қаған сайлауда, жауды жеңуде Тоныкөктің ақыл – кеңесі, ерлік істері зор болғандығы баяналады. Мұнда да ел бірлігі, сол елдің  басын қосып, ынтымаққа жеткізуде ақылгөй Тоныкөк  секілді қариялардың, ел басшыларының үлкен рол атқарғандығы дәріптеледі.

 Руна жазуының әліпбиінің сырын 1893 ж. дат. ғалымы  Копенгаген университеттің профессоры Вильгельм Томсен  (1842 - 1927) ашқан еді.Осы  В.Томсон құпиясын ашқан әліпбиді пайдалана отырып, В.В.Радлов  (1837 - 1918) Орхон  ескерткіштері мазмұнын 1894 жылы  орыс тілінде жариялайды, ал Томсенның өзі жасаған аударма неміс тілінде 1895 жылы жарыққа шығады. Содан бері көне түрік руна ескерткіштерін әр қырынан зерттеу  жұмысы үздіксіз  жүргізіліп келеді.

     Орхон жырлары ежелгі түрік тайпаларында  ортақ әдеби дәстүрдің болғандығын байқатады. Бұл жырларды қазақ эпосы үлгілерімен, қазақ жыраулары шығармаларымен өзара салыстыра зерттеу нәтижесінде әдебиеттанушы ғалымдарымыз көне түріктердің ақындық, шешендік, даналық, көркем ойлай алушылық өнері ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға үздіксіз жалғасады деген тұжырым жасап отыр.

     

        Соғды жазуы

Тәңіршілдік – монотеистік сипаттағы діни жүйе. Ол бір құдайды мойындайды және орталықтанған қаған билігінің, түрік империясының кейіннен қағанаттардың идеологиясы ретінде қызмет еткен.

 

Тәңірге табынудың идеялық негізі – табиғат заттары мен құбылыстарын жанды деп қарау болып табылады. Тәңіршілідік сана әр заттың иесі, жаны бар деп пайымдайды. Дүниеніңі барлық объектілері  адам секілді, оларға сезім мен сана тән-мыс.

       Тәңірге табыну алғашында дін түрінде емес, космологиялық түсініктер мен идеялардың жиынтығы ретінде, табиғи құбылыстарға мінажат етумен байланысты пайда болады.

         Тәңір бейнесі біздің заманымыздан  бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған. Орталық Азиядағы ең көне мифалогиялардан келіп шығады. «Тәңір» атауының шығу тегі ғұндардың «Ченли» және қытайдың «Тянь», тіпті шумерлік «Денгир» сөздерімен байланыстыра қарастырылады. Бұл сөздердің бәрі бір мағынаны – аспан, мәңгі көк аспан дегенді білдіреді. Басқа құдайлардан айырмашылығы Тәңірі материалданбаған, ол – рух, бүкіл тіршіліктің иесі.

 

            Бұғыт жазуы

    

     

   «Тәңірі – құдай», – деп көрсетеді. Ш.Уәлиханов. Ұлы Абай да тәңірі ұғымын «Жасаған» ретінде көп қолданған.    Тәңірінің «Жасаған» ұғымына айналуы VII-VIII ғасырларда Орталық Азияда Түрік қағанатының пайда болуымен тығыз байланысты. Тәңірі идеясы Түрік қағанатының билігін уағыздап дәріптеді.                                                                                           

       Түркілер арасында Ислам дінінің таралуы арабтардың жаугершілік жорықтарымен бірге  VIII ғ. басында басталды. Араб  әскерлерінің  басшылары, мұсылман  саудагерлері  мен қол өнершілері  түркі елдерінде исламды  таратушылар да болды. Исламның  түркілерге ықпалы  ІХ – Х ғғ. басталды.

 

 

 

 

 

 

Назар салыңыз:

Көк түріктер – Түрік қағанаты кезіндегі түркі халықтарының  жиынтық атауы. Бұл атау көбінесе тарихи-әдеби еңбектерде жиі қолданылады.

Түркітану – түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін мәдениетін, фольклорын зерттейтін гуманитарлық ғылымдардың жиынтығы. Алғашында филологиялық пән ретінде, ал ХІХ ғ. ортасынан тарихи-филологиялық ғылым ретінде дамыды.

Түркі  тілдері – алтай тіл бұтағына кіретін жақын туыстас тілдер тобы.

Таралу аймағы: Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс және Кіші Азия, Оңтүстік және Батыс Сібір,  Еділ-Кама бойы, Оңтүстік Орал, Солтүстік Кавказ, Зақавказье, Қаратеңіз жағалауы.