лекция 6
лекция 6
Дәріс № 6. Тақырыбы: «Үйсіндер, қаңлылар, ғұндар»
Қаралатын мәселелер:
1. Үйсіндер
2. Қаңлылар
3. Ғұндар
Әдебиеттер:
Негізгі:
Ким Г.В. История Казахстана. Учебник для вузов. 5-е изд., перераб. и доп.
– Алматы: Алматыкітап, 2013. – С. 50-53.
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. – І том. – Алматы, 1996.
– 158-229-бб.
Қосымша:
Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии
в древние времена. – Алматы, 1998. – Т. 1.
Жұмабаев М. Пайғамбар. Өлеңдер // zharar.com›kz/olen/3052-
paygambar.html
Өтениязов С.К. Өтениязов С.К. Аттила және оның әлем әдебиетіндегі
орны. – Алматы: Қазақ университеті, 2021.
Үйсіндер. Б.з.б. III – б.з. ІV ғғ. өмір сүрген. Олар жөнінде қытай тарихшысы Сыма Цяньнің «Ши-цзы» (тарихи жазбалар) еңбегінде айтылады. Территориясы негізінен Іле, Шу, Талас өзендері бойы, Қаратау, Балқаш көлі, Тянь-Шань, Ыстықкөл маңы болды. Халқы 630 мыңды құрады, 30 мың атты әскері, 10 мың садақшылары болған. Соғыс жағдайында 188 мың әскер шығара алған. Астанасы – Чигучэнь (Қызыл аңғар) болды. Көсемі гуньмо деп аталды. Елді басқаруда бектер, әскер басылар да шешуші рөл атқарды.
Ескерткіштері. Қарғалы диадемасы (әйел адамның басына киетін алтын тәжі). Ұзындығы – 35 см, ені – 4,7 см. Уақыты – б.з.б. II ғ. - б.з. I ғ. аралығында жасалған.
Қарғалы диадемасы
Үйсіндер ежелден келе жаткан түркі тілдес тайпалар.
Қаңлылар. Б.з.б. III – б.з. VІІ ғ. аралығында өмір сүрді. Олар туралы кытай деректерінде, «Авестада», «Махабхаратада» айтылады. Кангюй атауы (қытайша – канцзюй) алғаш рет деректерде б.з.д. II ғ. кездеседі. Б.з.д. 138 ж. Қытай императоры У-ди Чжан-Цянь бастаған сауда елшілігін батыс елдеріне жібереді. Ол елшілік тек 13 жылдан кейін қайтып келеді. Оның жазбаларында бұған дейін Қытайға мәлім болмаған мемлекеттер сиппатталған. Солардың ішінде Каңлы мемлекеті де бар. Қытай саяхатшысы Чжань-Цянь қаңлылар өркөкірек, өжет келеді деп сипаттаған. Қаңлылардың көршілері сарматтар мен үйсіндер болды. Қаңлылар Рим, Кушан, Қытай мемлекеттерімен саяси-экономикалық және мәдени байланыстар орнатты.
Астанасы – Битянь қаласы. Арыстың сол жағасынан каңлылардың Көк-Мардан қаласының орны табылды. Құлата – қаңлылардың металл өндіретін ежелгі қаласы болды. Қаңлылар – түркі тілдес тайпалар. Қаңлы елінің 600 мың халқы, 120 мың әскері болған. Негізгі жері – Арал, Сыр бойы, Қаратау өңірі. Қаңлы елі 5 иелікке бөлініп басқарылған. Әр иелікті кіші хандар басқарған. Ханға 3 орынбасары және уәзірі ел басқаруға жәрдемдескен.
Мәдениеті. Қауыншы ( Ташкент төңірегі, Шардараға жақын жердегі Ақтөбе конысы), уақыты – б.з.б. II-I ғғ., Жетіасар (Қуандария, Жаңадария өзендері аймағы), Отырар-Қаратау (Сыр, Талас бойы, Қаратау маңы).
Қаңлылар аса өнерпаз болған. Қытай ақыны Бэй Жүшін қаңлы қыздарына «Биші бикеш» деген өлең арнаған. Қытай деректеріне қарағанда, қаңлылардың заң жүйесі де болған.
Ғүндар. Б.з.б. ІV – б.з. V ғ. қытай деректерінде ғұндар түркілердің арғы бабасы делінеді. Қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев «Пайғамбар» атты өлеңінде ғұндарды арғы бабаларымыз деп дәріптеді. Ол «Ерте күнде отты күнннен ғұн туған, отты ғұннан от боп ойнап мен туғам» деп жырлады.
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,
Туа сала жалынменен мен жуғам, – дейді Мағжан ақын.
Ғұндардың бірлестігі б.з.б. IV – б.з.б. III ғғ. құрылды. Олар Байкал-Тибет таулары және Шығыс Түркістан-Хуанхэ өзенінің орта ағысы маңын қоныс етті. Ғұндар 300 жылдай қытайлықтармен соғысты. Б.з.д. III ғ. ғұндардың Қытайға шабуылы үдей түсті. Цинь патшалығының императоры Шихуанди (б.з.б. 215-212 жж.) б.з.б. ІІІ ғасырда Ұлы Қорған салдырды. Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы шығыстан батысқа қарай, Шанхайгуань қаласынан (Ляодунь мүйісі) Цзюйгуань кентіне дейін – 4,5-5 мың км, биіктігі – 6,6 м (кей жерінде – 10 м.), ені – 6,5 м ( жоғарғы жағы – 5,5 м) болды. Қорғанда бақылау мұнаралары мен күзет бекіністері орналасты.
Ұлы Қытай қорғаны
Қытайда Цинь әулеті билігі құлап, Хань әулеті билігі орнаған тұста ғұндарды Модэ шаньюй (б.з.б. 209 – б.з.б. 176 жж.) басқарды. Ол ғұндардың қуатты мемлекетін орнатты. Б.з.б. 209 жылы ғұндарға оңтүстіктегі көршілері дунхулар бағынды. Сол тұста ғұндар ханьдықтармен тең дәрежеде байланыс жасады. Модэ туралы қытай жазбаларында тарихи мәліметтер сақталып қалған. Модэ айтқан «Жер – мемлекеттің негізі» деген қанатты сөздер жазба деректерде сақталып қалған.
Ғұндар осындай болған
Б.з. б. 206 ж. ғұндардың билеушісі Модэ шаньюй (б.з.б. 228-174 жж.) үйсіндерге шабуыл жасады. Халқы 1,5 млн адам болды. Б.з.б. 55 ж. ғұн одағы 2-ге бөлінді. Б.з.б. 47 ж. солтүстік ғүндар Тянь-Шаньнан өтіп, қаңлылармен көрші болды. Чжи-чжи шаньюй үйсіндерге қарсы қаңлылармен одақтасты. Ол б.з.б. 37-36 жж. Талас өзені бойынан қала салдыртты. Б.з.б. ІІ ғасыр – б.з. IV ғасырында ғұндар шығыстан батысқа жылжыды.
Ғұндар жолындағы тайпаларды бағындыра отырып, IV ғасырдың 70- жылдары Оңтүстік- Шығыс Еуропа жеріне келіп кіреді. Ғұндар халықтардың ұлы қоныс аударуына түрткі болды. Ғұндар Баламер патшаның тұсында Еуропаны жаулауды бастады, бұл үрдіс V ғасырда өмір сүрген Аттиланың кезінде де жалғасты.
Түркі халықтары Еділ деп атаған Аттила (400 – 453(459) жж.) таққа 434 жылы отырып, немере ағасымен бірге 10 жылдай басқарады, ал 445-453 жж. жеке билік құрды. 451 жылы Аттила бастаған қол Каталаун шайқасында жеңіске жетті. V ғ. ортасында Аттила әскері Рим империясын құлатты. Аттиланың әлем әдебиетінде, драматургиясында, музыкалық шығармаларында, бейнелеу мен мүсін өнеріндегі бейнесі оның адамзат тарихы мен мәдениетінде үлкен орын алатынын көрсетеді.
Ғұндардың полихромды өнері