лекция 1
лекция 1
Дәріс № 1. Тақырыбы: «Кіріспе».
Қаралатын мәселелер:
1) Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында оқытудың мәні мен маңызы;
2) Тарих ғылымының тармақтары мен дерек көздері;
3) Қазақстан тарихының кезеңдері ;
4) Қазақстан тарихы пәнінің міндеттері.
Әдебиеттер:
Негізгі:
Ким Г.В. История Казахстана. Учебник для вуза. 5-е изд., перераб. и доп. – Алматы: Алматыкітап, 2013. – С. 3-14.
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. – І том. – Алматы, 1996. – 12-31-бб.
Қосымша:
Есмағамбетов К.Л. Қазақстан шетел әдебиетінде. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 3-6-бб.
Рустемов С. Тарих // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – 8-том. – 234-б.
Харари Ю.Н. Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. – 386 б.
«Тарих» араб сөзі, зерттеу, оқиғалар жөнінде әңгіме деген мағынаны білдіреді. Тарих – табиғат пен қоғамның уақыт пен кеңістіктегі өткен жолы. Тарих – адамзат қоғамының өткенін жан жақты зерттейтін ғылым саласы. Қоғам тарихы адамзаттың пайда болуынан бастап бүгінге дейінгі кезеңін қамтиды. Тарих адамзаттың өткені туралы халықтың зердесі болып табылады.
Қазақстан тарихы – дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі. Соның ішінде түркі тілдес халықтар тарихының, Шығыс халықтары тарихының, Орталық Азия халықтарының тарихы аясына да кіреді.
Тарихты білу – туған жеріңнің, өскен еліңнің өткенін тану деген сөз. Қазақстан тарихын білу – республиканың әр азаматының азаматтық борышы.
Тарих өткенді білуге ғана емес, болашақты болжауға да көмегін тигізетін ғылым. Қазақстан тарихы бойынша берілетін тарихи білім қазақ жастарының ұлттық рухын бекемдей түсуге қызмет етеді, жас адамның интеллектуалдық тұрғыдан өсуіне, шығармашылық қабілетінің арта түсуіне ықпалын тигізеді. Сондықтан да тарих ғылымы гуманитарлық ғылымдардың маңызды тармағы болып табылады.
Тарих қарастырылатын обьектісіне қарай, дүниежүзілік немесе жалпы тарих, континенттердің (мысалы: Азия және Африка тарихы), белгілі бір елдің (мысалы, Қазақстан тарихы) немесе өлкенің тарихы (мысалы, Жетісу өлкесінің немесе Семей өңірінің тарихы) болып бөлінеді. Тарих ғылымы көп тармақты. Ол әлеуметтік, азаматтық, соғыстар тарихы, экономикалық, саясат, дін, құқықтың және т.б. тарихы болып тармақтарға жіктеледі. Тарихты зерттеуге қосалқы пәндер жәрдем береді. Олар хронология, палеография, нумизматика, эпиграфика (тастағы, металлдағы жазу, генеология (шежіре), сфрагистика (мөрлер), топонимика (жер-су аттары), метрология (өлшем бірлігі), геральдика ( герб және символдар), вексиология (тулар туралы), өлкетану.
Тарих деректер арқылы жазылады. Дерек түрлері: археологиялық жазба, этнографиялық, фольклорлық және т.б. Тарихтың қосалқы тармақтарының ішінде деректану мен тарихнама ерекше орын алады.
Қазақстан тарихын зерттеу үрдісі ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Оны зерттеу өзінің бастауын ерте замандардан алады. Тарих ғылымының даму барысын зерттейтін ғылым саласын тарихнама деп атайды. Тарихнама ең алдымен тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуын, өзекті мәселелерін қарастырады.Қазақтан тарихының бүгіндері отандық және шетелдік бай тарихнамасы бар.
Қазақтан тарихы республикамыздың барлық оқу орындарында оқытылады. Қазақстан Республикасының Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасын» қабылдап, өткенді және қазіргіні ой елегінен өткізе отырып, Қазақстанның, оның халқының тарихи тағдырына талдау жасауды жандандырып, тереңдете түсуді міндеттеді. Тарих бүгінгі күні тәрбиелік, танып-білушілік, саяси-практикалық, дүниетанушылық қызмет атқарады. Әрбір елдің, халықтың тарихы өздері үшін Отан тарихы болып саналады.
Қазақстан тарихы жеке пән ретінде 1992 жылдан бастап республикамыздағы оқу орындарының барлығында оқытылады. Қазақстан тарихын ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейін оқып үйрену жастарға Отанымыздың өткен тарихи даму жолын тереңірек түсінуге, дүниетанымының, өзіндік көзқарасының қалыптасуына жәрдемдеседі. Сонымен бірге тарихи-мәдени құндылықтарды бағалай алуға, оларды қорғауға септігін тигізеді.
Қазақстан тарихының кезеңдері:
– Ежелгі Қазақстан ( тас, қола және темір дәуірі);
– Орта ғасырлардағы Қазақстан (VI-XVIII ғ. 30 жж.), соның ішінде ерте ортағасырлық (VI-XII ғ.), ортаортағасырлық (XIII-XV), кейінгі ортағасырлық ( XVI-XVIII ғ. 30 ж.);
– Жаңа замандағы Қазақстан (1731-1917 жж.);
– Қазіргі заманғы Қазақстан ( 1917-2012 жж.), соның ішінде Тәуелсіз Қазақстан ( 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін).
Курстың негізгі міндеттері:
Қазақстан тарихының мәні мен мазмұнын, кезеңдерін ашып көрсету;
Қазақстан жерінде өмір сүрген мемлекеттердің саяси және әлеуметтік –
экономикалық, мәдени даму үрдісін түсіндіру;
Студент жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.
«Қазақстан тарихына кіріспе» тақырыбы бойынша бақылау сұрақтары:
Тарих ғылымы нені зерттейді?
Тарих ғылымының тармақтары қандай?
Қосалқы пәндердің түрлерін көрсетіңіз?
Тарихи деректану және тарихнама жөнінде не білесіз?
Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін көрсетіңіз?
Қазақстан тарихы курсының міндеттері қандай?