Глоссарий
Апартеид (нәсiлдiк езгi), апартхеид (бөлек өмiр сүру) — нәсiлдiк белгiлерiне бола байырғы тұрғындарды арнаулы қамауда оқшауландырып ұстау арқылы саяси, әлеуметтiк-экономикалық және азаматтық құқыларынан айыратын нәсiлдiк кемсiтушiлiктiң шектен шыққан түрi.
Атеист — құдай барын жоққа шығарушы адам.
Әлеуметтану — қоғам, адамдардың әлеуметтiк тобы мен олардың арасындағы өзара байланыс туралы ғылым.
Әлеуметтiк қорғау — мемлекеттiң халықаралық және ұлттық нормалар негiзiнде адамның әлеуметтiк құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi аса маңызды мiндетi.
Биржа — тауарлардың iрi партиялары (тауар биржасы), құнды қағаздар (қор биржасы), валюта (валюта биржасы), сатылатын және сатып алынатын тұрақты жұмыс iстейтiн рынок.
Бюджет (қоржын) — белгiлi бiр уақытқа арналған (әдетте бiр жылға) күтiлетiн кiрiстер мен болжамдалған шығын туралы жоспар. Бюджеттiң пайда болуы мемлекеттiң дамуы мен оның қаржы ресурстарына деген сұранысының артуымен тiкелей байланысты.
Геноцид (зұлмат) — белгiлi бiр әлеуметтiк топты нәсiлдiк, ұлттық, этникалық немесе дiни өшпендiлiкпен жою.
