Дәріс 9. Нивелирлік және тахеометриялық түсірілім
Дәріс 9. Нивелирлік және тахеометриялық түсірілім
Дәрістің мазмұны
1. Нивелирлеу түсінігі мен маңыздылығы және құралдары
2. Нивелирлеу процесі және нивелирлеу түрлері
3. Тахеометриялық түсіру құралдары мен және тахеометриялық түсірілім
Нивелирлеу – Жер бетіндегі нүктелердің биіктіктерін қайсы бір бастапқы нүктемен немесе бастапқы деңгейлік бетпен салыстыра отырып анықтау.
Нивелирлеу – Жер беті бөліктерінен таңдап алынатын нүктелер биіктіктері айырмалары мен оларға есептеулер жүргізу бағытындағы жазықтыққа қарағанда салыстырмалы биіктіктерді анықтау жұмыстарын жүргізеді. Кеңес Одағында, бастапқы есептеу жүргізетін негізгі жазықтық ретінде мұхит деңгейінде болатын деңгейлік жазықтық – геоид аталымының қабылдауына сәйкес Балтық теңізінің орта деңгейліктегі жазықтығы алынады.
Нивелирлеу тірек геодезия желісін түзу, топографиялық түсірулердің биіктік негізін құру, жер бедерін түсіру, түрлі ғимараттарды, тас жол мен тас жолды жобалау, тағы басқа мақсаттарда жүргізіледі. Жер пішінін зерттеу, жер қыртысының вертикаль қозғалыстарының шамасын анықтау, теңіз және көл деңгейінің өзгерісін белгілеу, тағы басқа ғылыми зерттеулерге қажет мағлұматтар береді. Нүктелердің биіктігі іргелес екі нүктенің биіктік айырымына қарай анықталады. Геометриялық және тригонометриялық Нивелирлеу топография түсірулерде биіктіктерді үлкен дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Барометрлік және механикалық нивелирлеу түрлі экспед. зерттеулер кезінде пайдаланылады. Гидростатикалық Нивелирлеумен ғимарат-тардағы өзгерістер айқындалады. Бұлардан басқа астрономиялық немесе астрономиялық-гравиметриялық Нивелирлеу қолданылады.
Нивелирлеу геодезиялық өлшеулердің саңдық көрсеткішінің бір түрі. Ол биік тірек геодезиялық торды (жер бетінің ойлы-қырлы өлшем көрсеткіштерін) құруда, топографиялық жер бейнесін түсіруде жер бетінің бейнесін кішірейтіп (масштабпен), сондай-ақ инженерлік ғимараттарды, темір жолдар мен тас жолдарды, каналдарды және т.б. жобалау, құру және оларды пайдалану мақсаттары үшін жүргізіледі.

1-сурет. Нивелир AL 132
Нивелир – өлшеу жұмыстарында өте жиі қолданылатын аспап. Нивелирдің негізгі құрылысы:
– орнықтыру табаны;
– нысаналау түтікшесі;
– цилиндрлік деңгейлегіш.
бөліктерінен тұрады. Нивелирмен жұмыстарды жүргізбес бұрын, оны алдын ала дөңгелек деңгейлегіш арқылы әзірлікке келтіреді.
Өндірісте нивелирдің мынадай түрлері жасалып шығарылды: Н -3, Н- 05, Н – 31, Н – 10, 2Н – 10Л, Н – 10К, Н – 10КЛ техникалық нивелирлер.

2-сурет. Нивелирлеу
Нивелир орындалу тәсілдеріне қарай:
- геометриялық нивелир;
- тригонометриялық нивелир;
- барометрлік нивелир;
Нивелирлеу процесі:
Нивелирлеу мыналармен жүргізіледі:
1) нивелирмен – топографиялық немесе геометриялық нивелирлеу;
2) бұрыш өлшеуіш аспаппен – геодезиялық немесе тригоно-метриялық нивелирлеу;
3) барометрдің көмегімен – барометрлік нивелирлеу.
Геометриялық нивелирлеу - жер бетіндегі нүктелердің биіктік айырмашылығын (өзара биіктікті) горизонтальдық көздеу арқылы анықтайтын тәсіл. Геометриялық нивелирлеу нивелир және рейканың (қаданың) көмегімен орындалады.
Тригонометриялық нивелирлеу – екі нүкте арасындағы биіктікті анықтау, а нүктесінің деңгейлік бет бағытымен құралған б нүктесі арқылы өтетін сызықтың катеттері мен ab беткейінің сызығы гипотенузасы болып келетін үшбұрыштың шешімдеріне негізделеді. Теодолит-тахеометр аспабы қолданылып, түсіру жұмыстары көлбеулік сәулелер арқылы жүргізіледі.
Барометрлік нивелирлеу – жергілікті жердің абсолюттік биіктігінің өзгеруіне байланысты атмосфералық қысымның төмендеуі немес артуына негізделген нивелирлеу барометрлік деп аталады.
Тахеометриялық түсіру
Түсіру арнайы тахеометр – теодолиттің (теодолит) және өлшеу райкасының көмегімен іске асырылады.
Тахеометриялық топографиялық түсіру инженерлік 1:500 – 1:5000 масштабында қолданылады.
Тахеометрия – нүктелердің жер беті биіктігі бойынша және пландағы орналасуларын олардың горизонтальды және вертикалды бұрыштары мен ара қашықтығын бір уақытта өлшеу арқылы анықтайтын әдіс. Тахеометрияда айналма тахеометр немесе тахеометр-автомат деп аталатын аспап қолданылады. Олардың көмегімен іздеген шаманы есептемей-ақ табуға болады.
Тахеометрлік суретке түсіру полярлық әдіс бойынша жүргізіліп, ситуация мен рельеф горизонтальдар арқылы жоспарға түсіріледі (біркелкі биіктіктер сызықтары). Тахеометрлік суретке түсіруде ситуациялық сипаттамалық нүктелерінің орны анықталып, солар арқылы берілген масштаб дәлдігі мен ситуацияның контуры салынады. Өлшеу нәтижелері тахеометрлік журналға толтырылып, қосымша крок жұмысы жүргізіледі. Крок – грекше «сурет нобайы». Кротың абристен ерекшелігі – онда бедер бейнеленеді де, өлшемдер жазылмайды.
Тахеометр (грек. tachyc, tacheos – шапшаң және …метр) – тахеометрлік түсіру кезінде қолданылатын геодезиялық аспап. Тахеометр арқылы белгілі бір нүктенің (пикеттің) бақылаушы тұрған (прибор орналасқан) нүктемен салыстырғандағы горизонталь және вертикаль бұрыштары, қашықтығы және өсімшесі (h) анықталады.
Тахеометриялық түсірісте түсірілетін нүктеде тұрған рейкадағы аспаптың дүрбісімен бір рет нысаналау арқылы осы нүктенің координаталарын, яғни бағытын, арақашықтығын және салыстырмалы биіктігін анықтайды. Демек, тахеомертлік түсірістің мәні аспаптың нысаналау осінің бір жағдайында вертикаль бұрышты v, горизонталь бұрышты β және рейкадан қашықтық өлшеуіш жіптерінің аралығындағы бөліктер санын есептеуден тұрады. Осы мәліметтер арқылы нүктенің кеңістіктегі координаталарын есептеп шығарады.
Тахеометриялық түсірісте жергілікті жердің топографиялық нысаны түсірілетін нүктелердің барлық үш координаталарын есептеп шығаруға мүмкіндік беретін мәліметтерді жинайтын далалық жұмыстар мен планды сызу және есептеп шығарулардан тұратын ғылыми өңдеу жұмыстары нәтижесінде жасалынады.
Тахеометриялық түсірісті тахеометрлермен немесе теодолиттермен атқарады.
Тахеометрлердің түрлері:
Электрондық тахеометр (ТЭ) – ара қашықтықтарды, горизонталь және вертикаль бұрыштарды өлшеуге арналған, әрі өлшеу нәтижелерін автоматты түрде тіркейтін электроскопиялық аспап.
ТД тахеометр – 2-разрядты полигононметриялық жүрісті салуға және жоғары дәлдікті тахеометриялық түсірісті жүргізуге айналған. Ол Т5к теодолиті негізінде жасалынған және екі кесінді авторедукциялық қашықтық өлшеуішпен жабдықталған, ал екі метрлік горизонталь рейка бойынша жазықтыққа келтірілген редукциялнаған ара қашықтықты 1/5000-ге жуық салыстырмалы қателікпен анықтауға мүмкіндік береді. Осы рейкадан салыстырмалы биіктікті де анықтайды. Рейкадан есептеуді есептеу микроскопы мен нонониустың көмегімен жасайды.
ТН тахеометр – номограммды аспап болып табылады. Оның көмегімен горизонталь және вертикаль бұрыштарды, ара қашықтықтың горизонталь ұзындығын және салыстырмалы биіктікті өлшеуге болады. Вертикаль дөңгелектің көрініп ұратын бөлігіне, дөңгелек сол жақ бөлігінде (СД) болған кезде, номограмма салынған.
Тахеометрдің дүрбісін негізгі дөңгелек пен верттикаль штрихтың қиылысқан жері рейканың керек нүктесіне бағытталатындай етіп рейкаға нысаналау қажет.
ТВ тахеометр – ішкі базалы оптикалық аспап болып табылады, ол аспаптың өзі де екі кесінді айнымалы базасы бар қашықтық өлшеуішпен жабдықталған. База каретканы жылжыту арқылы өлшеніледі. Осы аспаппен дүрбіні арнайы рейкаға немесе жергілікті затқа тікелей нысаналағанда горизонталь ұзындықты және салыстырмалы биіктікті анықтауға болады. Оның өзінде 60 метрге дейінгі қашықтықты рейкасыз, ал 60 метрден 180 метрге дейінгі қашықтықты рейкамен өлшеуге болады.
Тахеометр түрлері:
- Дөңгелектік
- номограммалық
- Авторедукциялық
- ішкі базалық

3-сурет. Тахеометр
Тахеометриялық жүріс – төбелері қазықшалармен бекітілген көпбұрыш түріңдегі геодезиялық құрылма. Мұнда горизонталь бұрыштар, қашықтық өлшеуіштің көмегімен қабырғалар ұзындығы және жүріс қабырғалары бойынша биікайырымдар өлшенеді, осы арқылы жүріс төбелерінің координаталары және биіктік белгілері есептеледі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. М.Қ. Омаров. Картография және топография негіздері: (оқу әдістемелік құрал) / Құрастырушы М.Қ. Омаров. – Павлодар, ПМПИ, 2013. – 210 б.
2. Тоқпанов Е., Мазбаев О.Б. Картография және топография негіздері – А, 2012. – 464 б.
3. Мұздыбаева Қ.Қ. Картография топография негіздерімен Практикум – А, 2011 – 112 б.
4. Жұмаділда Б.Ы., Жантілесова Д.М., Жантілесов Ж.Х. Топография геодезия негіздерімен – Қарағанды «Ақнұр баспасы», 2012. – 240 б.
