5 дәріс
5-дәріс
5-дәріс. 1815 жылғы Вена конгресі. Халықаралық қатынастардың Веналық жүйесінің құрылуы, дамуы және күйреуі
1. Наполеон армиясының талқандалуы және Еуропадағы бейбіт реттеу мәселелері.
2. Венадағы еуропалық мемлекеттердің конгресі.
3. Вена конгресіндегі дипломатиялық күрес және оның негізгі шешімдері.
4. Халықаралық қатынастардың Веналық жүйесінің құрылуы, дамуы және күйреуі.
Наполеон армиясының талқандалуы және Еуропадағы бейбіт реттеу мәселелері. Вена конгресі Наполеон Бонапарт империясымен тығыз байланысты оқиға. Себебі - ол Наполеон империясы талқандалғаннан кейін Еуропадағы бейбіт реттеу мәселелерін қарастырған жиылыс болды. Сондықтан біз Вена конгресінен бұрын Наполеон армиясының күйреуіне тоқатала кетуіміз керек.
Наполеонның сол кездегі француз буржуазиясының езгісіне бағындырмақ болған халықтардың, әсіресе Испания мен Ресей халықтарының, француз әскерлеріне көрсеткен тегеуріні Наполеон империясына аса күшті соққы болып тиді.
Француз жаулап алушыларының басып кіруіне қарсы халық қозғалыстары. XV-XVI ғасырлардағы күшті Испания XIX ғасырдың басында Англия мен Франциядан едәуір артта қалған еді. Испания абсолюттік монархия болды. Елді король мен оған жаққан бір топ сарай маңындағы қызметкерлер басқарды. Дін басыларының ықпалы аса күшті болды, халықты күйзелту есебінен бұлардың байлығы арта берді. Елде инквизиция қаһарын төгіп тұрды.
1808 жылы Наполеон әскерлері Испанияға баса-көктеп кірді. Француз әскерлері Испания жеріне кірген күннен-ақ, онда халық соғысы - герилья басталды. Испандықтар партизан отрядтарын ұйымдастырып, шетел басқыншыларына қарсы күресті. 180 мың әскерді бастап, Наполеонның өзі Испанияға басып кірді, қылышын жарқылдатып, жолындағының бәрін қырып-жоя отырып, Мадридке кірді. Бірақ партизан соғысының өрті бүкіл Испанияда қаулай түсті.
Көтеріліс жасаған Сарагосаны 1808 жылы француз әскерлері қоршап алды. Олар сегіз ай бойы Сарагосаны ала алмады. Қаланың тұрғын халқы подвалдарға тығылды, қала түгел дерлік өртеніп кетті, ал артиллерия снарядтары түскен үйлердің қабырғаларынан табанды жауынгерлер мылтығын кезеп атты. Әйелдер жауға қарсы әкелерімен, ағаларымен, ерлерімен бірге шайқасты.
Сонымен бірге шаруалардың көтерілістерінен зәресі ұшқан помещиктер интервент француздарды жақтады.
Испан халқының шетел жаулап алушыларына көрсеткен қарсылығы революцияға ұласты. Революциялық жолмен жиналған кортестер (парламент) 1812 жылы Испанияда конституция қабылдады. Король өкіметі сақталып қалды, бірақ ол заңдарды кортестердің келісімі бойынша шығара алатын болды.
Испан революциясы туралы хабар теңіздің ар жағындағы отарларға да жетті, бұл Орталық және Оңтүстік Америкадағы испан отарларының көтеріліс жасауына себеп болды.
1812 жылы Ресейге жасалған жорық. Наполеонның Ресейге жорық жасаған жасаған жолы, толық апатқа ұшырады. Француз буржуазиясы дү -
ние жүзіне үстемдік етуге тырысып бақты. Ол қуатты Ресейден қауіптенді, сөйтіп Ресейдің күшін Англияға қарсы күреске пайдалану үшін, оны жеңіп алмақ болды. 640 мың адамы бар армияны қаруландырып, Наполеон Ресей жеріне баса-көктеп кірді. Ресейге қарсы соғысуға зорлап жиналған бұл армияда француздардан басқа, неміс, итальян, поляк солдаттары болды.
Соғыстың алғашқы кезінде Ресейдің батыс шекарасында орыс әскерлері аз болды, оның үстіне олар бүкіл шекараның бойына бытырап орналасып жатты. Сондықтан шегінуге тура келді. Можайскіге жақын Бородино селосының түбінде орыс армиясы Наполеонның ңегізгі күшімен шайқасқа шықты. 1812 жылдың 7 қыркүйегінде болған Бородино шайқасы ұзаққа созылған, табан тірескен, шайқастардың бірі болды, бұл Наполеонның басты шайқастарының ішінде тұңғыш рет жеңіліске ұшырағаны еді. Бірақ орыс әскерлерінің резервтері болмады. Сондай-ақ Наполеон бір гвардияны ұрысқа қоспай сақтады және әскерін қосымша күшпен нығайтып отырды, Кутузовка, Москваны жауға қалдырып, шегінуге тура келді. Француз әскерлері Москваны басып алған күннің ертеңінде қалада үлкен өрт басталды. Азық-түлік іздеп, Москвадан сыртқа шықпақ болған француздарға орыс әскерлері бас көтертпей, соққы берді. Француз әскерлерінің Москвадан шегінуіне тура келді.
Наполеон Ресейдің Оңтүстігіндегі азық түлігі мол облыстарға карай Калуга жолымен шегінбек болды. Бірақ орыс әскерлері Малоярославец түбінде Наполеон әскерлерінің алдынан шығып, жолын бөгеді. Малоярославец сегіз рет қолдан-қолға көшті, ең ақырында Наполеон Калуга жолын Кутузов бастаған 80 мың солдаты бар орыс армиясы бітеп тастағанын білді. Наполеонға Смоленскіге карай француз әскерлері тып-типыл етіп, түк қалдырмай тонап кеткен жол бойымен шегінуге тура келді. Француздардың соңына түсе отырып, орыс армиясы мен партизандар оларға өлтіре соққы берді. Қыс түсіп, аяздың қысуы Наполеонның армиясының қалғанының қырылуын тездетті.
Наполеон соғыстан ұтылғанын көріп, қырылып жатқан армиясының қалғанын тастады да, күймемен Германияны басып өтіп, 12 күнде Парижге жетті. «Армия қайда?»-деп сұрады одан жұрт. «Армия жоқ», - деп жауап берді ол, Наполеонның зор армиясын орыс халқы, ұлы колбасшы, тамаша патриот М.И. Кутузов бастаған қаһарман армия түгелімен құртып жіберді.
Француз әскерлерінің Ресейде жеңілуі француз империясының күш-қуатын талқандауда зор роль атқарды. 1812 жылғы шетел шапқыншылы- ғына қарсы жүргізілген соғыс тарихқа әділетті, Отан соғысы болып енді. Шаруалар армия қатарында ерлікпен күресті, партизан отрядтарына қосылды. Бірақ халық шетел жаулап алушыларынан отанды азат ету үшін құрбан болып жатқан кезде, патша мен помещиктер өз өкіметін аман сақтап қалып, оны күшейте беруге ұмтылды. Кутузов партизан қозғалысын қуаттаса, патша мен помещиктер оның өрістей түсуіне бөгет жасады.
Орыс әскерлерінің шетелдік жорығы. Өз өкіметін сақтап қалмақ болып, Наполеон жаңадан жиналған, үйретілмеген адамдардан жаңа армияны әзер дегенде құрды. Бұл кезде Германияны Наполеон езгісінен азат еткен орыс армиясы Берлинге кірді, бұларды халық құшақ жайып қарсы алды. Наполеонның Ресейде жеңілуімен және орыс армиясының Берлинге кіруімен байланысты, онда француз басқыншыларына қарсы ұлттық қозғалыс күшейе бастады. Француздардың асығыс жиналған жаңа армиясы 1813 жылы Лейпциг түбіндегі төрт күнге созылған «халықтар шайқасында» тағы жеңілді. Мұнда француз әскеріне қарсы Ресейдің, Пруссияның, Австрияның, Швецияның әскерлері шайқасты. Шегінген француздар ұзамай-ақ қашуға айналды. Лейпциг түбінде 100 мыңнан астам адам өлді, оның 60 мыңы француздар еді.
1814 жылдың 1-ші қаңтарына қараған түні одақтастар армиясы Франци-
цияның шекарасынан өтті, сонан соң науырыз айының аяғында Париж- ге барып кірді.
Наполеонды еріксіз тағынан тайдырды. Ол Корсика мен Апеннин түбегінің аралығындағы 223 шаршы километрлік кішкентай Эльба аралына жер аударылды. Наполеонды Эльба аралының билеушісі етті, тіпті оған мың солдат қалдырды.
Францияда Бурбондардың өкіметін қайта орнату (Реставрация). Одақтастардың қаруының күші арқасында Францияда революциядан бұрын патшалық құрған Бурбондар әулетінің өкіметі қайта орнады. Өлтірілген король XVI Людовиктің інісі XVIII Людовик король болды. Одақтастардың талабы бойынша, Франция шамамен революциядан бұрынғы шекарасына қайтарылды. Помещиктер мен діни иелері жаппай террор жасады. Францияға оралғаннан кейін, дворяндар мен шіркеу қожалары Бурбондарға революция кезінде кәмпескеленген жерлерін қайтарып беру туралы сөз ете бастады. Бұған жаңа меншік иелері - шаруалар мен буржуазия - наразы болды.
Бурбондарға деген өшпенділіктің күштілігі соншалық, Наполеон өкімет билігін тағы да басып алды. Ол Францияның оңтүстігіне келіп түсіп, Парижге шұғыл бет алды. Қарсы жіберілген әскерлер Наполеон жағына өтіп жатты. XVIII Людовик жанүясымен Бельгия шекарасына қарай қаша жөнелді. 1815 жылы 20 мартта Наполеон Парижге келіп кірді.
Өкімет билігін екінші рет қолына алған Наполеон оны бар болғаны жүз-ақ күн ұстап тұра алды. Бұл оқиғаны тарихта «Наполенның жүз күні» немесе «Қыранның самғау» деп атайды. Наполеон империясының қайта орнауынан үрейленген одақтастар оған қарсы тағы да армия аттандырды. Брюссельге жақын жердегі Ватерлоо түбіндегі ең соңғы үлкен шайқаста, ағылшын-пруссия әскерлері 1815 жылы 18 маусымда Наполеон әскерлерін біржолата күйретті.
Буржуазияның кейбір саяси қайраткерлері Наполеонға халық бұқарасын жәрдемге шақыруды, шаруаларға «1793 жылғы якобиншілдердің етігін кигізіп», революцияшыл, якобин ұрандарымен күреске көтеруді ұсынды, бірақ Наполеон одан бас тартты. Наполеон тұтқын ретінде оңтүстіктегі алыс жатқан әулие Елена аралына жөнелтілді. Сонда ол 1821 жылы өлді.
Францияға тағы да өкімет басына Бурбондар әулетінің корольі келді.
Европада реакция дәуірі, дворяндар өкіметі мен олардың артықшылығының қайта орнау дәуірі, алдыңғы қатардағы қоғамдық қозғалыстар мен идеяларды тұншықтыру дәуірі орнады. Франциядағы 1815-1830 жж. бұл кездеңді - Реставрация кезеңі деп атайды.
Наполеон армиясын талқандағаннан кейін одақтастар Франциямен қа -тынастарын реттеуге асықты. 1814 жылы 30 мамырда олар Людовик ХVIIІ –мен бейбіт келісім жасады. Ол Францияның егемендігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз етті. Ол өзінің 1789 жылғы шекарасын сақтады. Франциямен жасалған келісім Европадағы бейбіт реттеу мәселелерін толық шешпеді. Сондықтан 1814 жылы қыркүйектен - 1815 жылы маусым аралығында Венада еуропалық мемлекеттердің конгресі өтті. Ол Наполеон Империясы талқандалғаннан кейін Европадағы бейбіт реттеу мәселелерін қарастырды.
Венадағы Еуропалық мемлекеттердің конгресі.Наполеонды жеңгенненкейін барлық еуропалық державалардың өкілдері (Түркиядан басқасы) Еуропада феодалдық тәртіпті және наполеондық соғыс барысында құлатылған бірқатар бұрынғы әулеттерді қайта қалпына келтіру мәселелеріне байланысты шешім қабылдау үшін, Австрия астанасында жиналды. Бұл конгресс қатысушыларын тағы да бір ортақ міндет біріктірген еді – ол революциялық және демократиялық қозғалыстармен күрес. Сонымен қатар конгресс Франциядағы бонапарттық тәртіптің қайта оралмауына және Еуропаны жаулап алу әрекетінің болмауына тұрақты кепілдікті қамтамасыз етуі, сонымен бірге жеңімпаз державалардың территориялық дәмеленулерін қанағаттандыруы қажет болды.
Конгреске Европа мемлекеттерінің барлығының да өкілдері шақырылды. Венаға келген патшалар мен елшілер үшін күн сайын балдар, спектакльдер, серуендер жасалды, аңға шықты. Ал конгресс жыл бойы дерлік «жүмыс істесе де» жұмыс жайындағы мәселелерді талқылау үшін бірде-бір рет бас қоспады. Сондықтан бұл конгрес тарихқа «билеп өткен конгрес» атағымен кірді.
Конгреске қатысушылардың бәрі тең құқықты болды. Алайда барлық мәселені жеңген төрт мемлекеттің - Англияның, Ресейдің, Австрияның, Пруссияның - өкілдерінен құралған «төрттің комитеті» шешті. .Олардың атынан Ресей патшасы І Александр, британ сыртқы істер министрі лорд Каслри, Пруссия канцлері князь фон Гарденсбург, Австрия канцлері – князь фон Меттерних және т.б.сөйледі.
1814 ж. Венаға жиналған жеңімпаз мемлекет билеушілері алдарына үш негізгі мақсат қойды: 1) Франция тарапынан қайталануы мүмкін агрессияға қарсы кепілдеме құру; 2) өздерінің жеке территориялық мүдделерін қанағаттандыру; 3) XVIII ғ. француз буржуазиялық революциясының барлық салдарларын жою және ескі феодалдық-абсолюттік тәртіптерді барлық жерлерде қалпына келтіру.
Вена конгресінің маңызды міндеттері монархияларды қалпына келтіру, Наполеон басып алған аумақтарды азат ету, революциялық қозғалыстармен күресу, Францияда бонапартизмнің қайта өркендеуіне жол бермеу, жеңіске жеткендердің аумақтық және басқа да дәмелерін қанағаттандыру болды.
Бұл мәселелерді шешуде конгреске қатысушылар легитизм принціпін басшылыққа алды. Алайда Европалық үкіметтердің көбі бұрынғы 1789 жылға дейінгіге қайта оралудың мүмкін еместігін түсінді және оған монархтардың өздері оралғысы келген жоқ. Сондықтан көптеген монархтар легитизм дегенді - бұл жалпы мойындалған халықаралық келісімдерге негізделген заңды тәртіп деп түсінді. Вена конгресі халықаралық келісімдердің беделін, маңызын көтеруге тырысты. Ол жаңа Европалық тәртіптің негізіне алынуы тиіс еді. Бұл тәртіп ірі мемлекеттер арасындағы соғыстың қайталануы мүмкіндігін жоюға бағытталған еді. Легитизм принципі Наполеон соғыстары аяқталғаннан кейін құрылған Веналық деп аталған халықаралық тәртіптің негізіне алынды.
Вена конгресіндегі дипломатиялық күрес және оның негізгі шешімдері.
23 қыркүйекте, 1814 ж. 1 қазанына белгіленген конгресс ашылуына бір апта қалғанға дейін, Венаға басқа француздық дипломаттармен қатар XVIII Людовиктің сыртқы істер министрі князь Талейран – Перигор келді. Орыс патшасы І Александр Талейранды жақсы танитын еді. Оның патшадан бірнеше рет ақша сұрап алып, бермеген жағдайда ренжімейтіндігі бекер емес еді. Бірақ Талейранның барынша ақылдылығын, икемділігі, тапқырлығы, адамдарды тани білуі оны өте қауіпті қарсыласқа айналдырды. Талейран ұстанымының әлсіз жағы оның Вена конгресінде жеңілген жақтың өкілі болғандығында еді. Талейранның асқан зеректілік пен бұлтармалық қасиет көрсетуіне тура келді. Талейран Венаға келген сәтінде конгрестің басты назары қандай проблемаға ауатынын білген болатын, бұл басты польша – саксон мәселесі еді. Наполеон шегінгеннен кейін, әскері Варшава герцогтығын басып алған І Александр герцогтықты ешкімге де бермейтінін ашық айтты.
Бұл герцогтық, негізінен, Польшаның үш бөлінісінен кейін Пруссия жаулап алған жерлерден тұрған, кейін, 1807 ж. Наполеон тартып алғандықтан, Пруссия корольі III Фридрих Вильгельм Пруссияға Саксония корольдігін біріктіру түрінде компенсация ретінде алуға үміттенді. Александр бұл шартпен келісті, оның үстіне Саксония королінің иеліктерін оның ұзақ уақыт бойы Наполеонның одақтасы болғандығы үшін жаза ретінде тартып алуды жоспарлады. Талейран дәл осы негізде күрес ашудың пайдалы болатындығын бірден байқай алды. Ал дипломатиялық күрес Талейранның негізгі мақсатына жету үшін барынша қажет еді: Шомон одағын күйрету, яғни, басқаша сөзбен айтқанда, Австрия, Англия, Ресей және Пруссия арасына жік салу.
1814 ж. сәуір-мамырында Ресей, орыс үкіметінің қарамағындағы әскери күші жағынан ойсыраған, әлсіреген, континенталды Еуропаның басқа
мемлекеттерінің барлығынан мықты еді. Осыған байланысты Меттерних кон-
гресті күзге қалдырып, Австрияның біршама есін жинауына мүмкіндік беру үшін жағдай жасады. Александр патша Меттернихті барынша жек көргеніне және оның, онымен бірге Ресейге жаугершілік көзқарастағы, бірақ патшаның көзінше жағымпазданатын лорд Каслри мен француз королі XVIII Людовиктің қаскүнемдігін біліп отырғанына қарамастан, конгресті кейін қалдыруға келісті. Олардың барлығын Александр патша Еуропаның жаңа билеушісінің рөлін орындағысы келуі мүмкін деген ой қатты алаңдатты. Олар алдын ала, соншалықты бірлікпен болмаса да, қарсылық көрсетуге даярланды. Меттерних кезіндегі хатшы және сенімді тұлға публицист Генц басы – қасында болған адам ретінде кейіннен былай деп жазды: «Венаға келген кезде император Александр Австрия, Англия және Франциямен алакөз қарым – қатынаста еді». Лорд Каслри Александрға, Меттернихке қарағанда, едәуір жағымсыз еді. Икемсіз, Англияда революцияның болуынан қорқатын, орыс дипломатиясына сенімсіз көзқараспен қарайтын ағылшындық сыртқы істер министріне Александр «салқынқанды педант (тақуа)» деген мінездеме берді, қалай болғанда да Каслри Меттерних секілді ұятты жинап қойып, үнемі алдай бермейтін еді.
I Александр XVIII Людовиктің босаған француз тағына отырғанын онша
қаламады. Ал ол таққа отырған кезде Александр Францияға конституциялық хартияны сыйға беру керектігін талап етті. Бұл, әрине, оған конституциялық мекемелердің ұнағанын емес. Бірақ патша секілді ақылды да икемді корсикандық Поццо-ди-Борго, патшаның француз істері жөніндегі кеңесшісі, егер Францияда найзағай тартқыш ретінде конституциялық құрылым орнатылмаса, Бурбондар әулетін жаңа революция жойып жіберетініне сенімді болды. Александр король XVIII Людовик пен оның ағасы Карл Артуаға жағымсыз көзқараста еді, ал олар болса, өз кезегінде, патшадан қорқатын және оның қамқорлығынан құтылу үшін әр түрлі айлаға баруға әзір еді.
Талейран Венаға келген соң төрт «ұлы» держава өкілдерінің жиналысына қатысуға шақырылды. Ол бұл жиналысқа жеңілген ұлттың өкілі секілді емес, тәкәппарлықпен, өз-өзіне деген сенімділікпен келіп, жиналғандардан француз делегациясының калған мүшелері неліктен бұл жиналысқа шақырылмағанын сұрап, Пруссиядан болса, тек қана Гарденберг емес, В.Гумбольдтың да қатысып отырғанын айтып кетті. Одан соң алдын ала даярланған қаулыдағы «одақтастар» сөзіне тоқталды. «Егер одақтас державалар болатын болса, онда мен мұнда артықпын» - деп мәлімдеген ол, Францияның конгрестің басқарушысы комитетіне жіберілуін талап етті. Париж трактатына сегіз державаның өкілдері қол қойғандықтан, Талейран Испания, Португалия және Швеция өкілдерін шақыруды талап етті. Қалай болғанда да, ол басқарушы комитет құрамына енуге қол жеткізді, сөйтіп одақтастарды бір-бірімен ұрыстырып, қарама-қарсы қою мақсатында қастық жасау мүмкіндігін алды.
1814 ж. қазан айының бас кезінде Талейран император Александрға келді. Олардың арасында өте жағымсыз түсініктеме болды. Талейран өзінің «легитимизм принципін» ұсынды. Онда Александр революциялық соғыстарға дейін Ресейдің иелігінде болмаған Польша бөлігінен бас тартуы, ал Пруссия Саксонияға көз салмауы қажет делінді. Патшаның Ресейді өз жеңісінен тиесілі пайдасын алу керек деген сөзіне жауап ретінде Талейран: «Мен пайдадан құқықты жоғары қоямын!» - деді. Осы сөз, жалпы алғанда, өзін - өзі ұстай білетін Александрды шыдам шегінен шығарды. Құқықтың киелілігі туралы әңгіменің кезінде Эрфуртта Александрдың өзіне Наполеонды сатып, ол үшін ресейлік қазынадан ақшалай төлем алған соң Талейран айтып тұр еді. «одан да соғыс!» - деп мәлімдеді Александр.
Одан кейін лорд Касльримен келіссөз жүргізілді. I Александр оған «Польшаны бөлу кезінде жіберілген моральдық күнәмді жөндеуге шешім қабылдадым», - деп мәлімдеді. Ресей императоры дәл осы Вена конгресінде бұрынғы Польшаның барлық бөліктерін тез арада біріктіруді міндет етіп қоймайды. Ол әзірше Польша территориясының өзінің әскері 1814 ж. басып алған бөлігі туралы ғана айта алады. Ол Польшаның осы бөлігінен Польша корольдігін қалпына келтіріп қана қоймай, осы конституциялық корольдікке Ресей 1807 ж. алған Белосток округын, сонымен бірге 1809 ж. алған Тарнополь округын қосады.
Касльри, патшаның Польшаға бергісі келіп отырған конституциясын өте «либералды»,сондықтан да Австрия мен Пруссия үшін қауіпті деп тапты. Ол австриялық және пруссиялық поляктар конституцияны пайдаланып отырған қандастарына қарап толқуы мүмкін деген қаупін білдірді. Патша Польшаның тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін әрәкет жасап отырғанын дәлелдегеніне байланысты, буржуазиялық Англияның министрі соншалықты либералды болмауын ұсынды.
Австрия үкіметі Польшада либералдық тәртіптің орнауынан, Ресейдің польша жерінің көп бөлігін қосып алу арқылы күшейіп кетуінен ағылшын үкіметінен де ары қауіптенді. Австрия канцлері осы кезде Касльриге тығырықтан шығудың мынадай жолын ұсынды: Пруссияның өкілетті өкілі Гарденбергке Австрия мен Англияның бүкіл Саксонияны Пруссия короліне беруге келісетіндігі туралы айту керек. Ал Пруссия болса, өз кезегінде, Александрдан бас тартып, Австрия мен Англияға қосылады, сөйтіп патшаның Польшаны (Варшава герцогтығын) иеленуін болдырмайды. Осылайша, Саксония корольдің Александрдан бас тартқаны үшін төлем ретінде болуы тиіс еді.
Король III Фридрих-Вильгельм бұл жоспардан бас тартуды шешті. Меттерних пен Касльридің Талейранды ойға алынған мәмілеге қоспауы тектен-тек емес екендігі белгілі болды. Пруссия королі өз жағдайының соншалықты қауіпті екендігін кенет түсінді: Талейран барлық нәрсені I Александрға айтып қойса не болады, ең бастысы, оның өзі Франция мен Ресейдің Пруссияға қарсы бірлескен дипломатиялық, мүмкін тек қана дипломатиялық емес әрекеттер жасауын ұсынса қайтеді? Француз-орыс одағының сұмдығы, тильзиттік және тильзиттен кейінгі уақыттың өкініші әлі де ойдан кетпеген еді. Ойластыра келе, король III Фридрих-Вильгельм Александрға өзінің адамгершілігін дәлелдеу үшін барлығын мәлімдеу керек деп шешті. Патша Меттернихті шақырып алып, ашық сөйлесті. Бұл туралы Талейран XVIII Людовикке табалаушылықпен жеткізіп, Александр Меттернихпен кінәлі күтушіден де жаман сөйлескенін айтты.
Конгресс жұмысы ішкі күрестің кесірінен алға жылжымай қойды. Сол кезде Талейран бұрынғы көздеген мақсатын сақтай отырып, тактикасын өзгертті: жеңіскерлер қатарында алауыздықты тереңдету. Франция болса, Ресейдің күшеюіне кедергі келтіруге емес, Францияның тікелей көршісі әрі жауы Пруссияның күшеюіне кедергі жасауға мүдделі болатын. Сондықтан Талейран Александрға Францияның Александрдың өз империясы шегінде Польша корольдігін құруына Англия мен Австрияның қарсы тұруын қолдамайтындығын, бірақ Саксонияның Пруссия короліне берілуіне келіспейтіндігі туралы мәлімдеді. III Фридрих-Вильгельмнің де, оның дипломатиялық өкілдері Гарденберг пен Гумбольдтың да конгресте атқарған рөлі маңызсыз болатын. Оған Саксонияны беруге сөз берілді. Александр саксондық корольдігі сатқын деп атады, Саксонияны Польшаның бір бөлігіне айырбас ретінде ғана ала алады деп корольді сендірді. Сөйтіп Пруссия королі біраз уақытқа тыныштанды. Талейранның іс-әрекетін бұрынғы одақтастардың арасындағы шиеленісті қарама-қайшылық және Ресей мен Пруссияның жоспарларына ағылшын және австрия дипломатиясының белсенді қарсылық көрсетуі жеңілдетті. Қандай жолмен болса да, Ресейдің күшеюіне кедергі келтіріп, оның Наполеонды талқандау арқылы қол жеткізген ықпалын шектеуге ұмтылған Каслри мен Меттерних Франциямен жасырын одақ құруға дейін барды. Талейран, әрине, Францияның жеңіскерлерін ажырату мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысты. 1815 ж. 3 қаңтарында жасырын келісімге үш держава өкілдері қол қойды. Ол Ресей мен Пруссияға қарсы бағытталып, Австрия, Франция және Англияны «егер жоғары келісім жасаған жақтардың біріне бірі немесе бірнеше державалар тарапынан қауіп төнсе, әрқайсысы 150 мың солдаты бар армия жіберу арқылы бір-біріне көмекке келуге» міндеттеді. Үш қатысушының үшеуі де қарсыластармен сепаратты бейбіт келісім жасаспауды міндетіне алды. Әрине, келісім Александрдан, кез келген басқа адамнан да қатаң құпияда сақталатын болды. Оның бір данасы Венада Меттернихте қалды; екіншісі Талейранға беріліп, тез арада Парижге король XVIII Людовикке жіберілді; үшіншісі Каслридің қолына тапсырылып, ол ағылшындық принц-регент Георгқа жеткізді.
Бұл жасырын келісімнің саксондық жобаға қарсы қуатты күшейткені соншалық, Александрдың ажырауға барудан, мүмкін соғысқа кіруден немесе
келісуден басқа амалы қалмады. Польшада қалағанының бәрін алғаннан кейін
ол ұлы үш державамен Пруссия үшін ұрысқысы, одан жаманы – соғысқысы келмеді. Ол мынаған жол берді: Пруссияға Саксонияның тек бір бөлігі берілді. Саксония королі өз иелігіне тұрақты орнығып алды. Ол шынына келсек, едәуір кішірейген болатын.
Вена конгресі Германияның саяси бытыраңқылығын бекітті. Александр Меттерних секілді, Англия бұл мәселеге бейтарап қарады, ал Пруссия болса, күреске араласқысы келгенмен, әлсіз еді. Вена конгресі қайраткерлерінің барлық ой шабыты барлық жақтың да көтеріліп келе жатқан буржуазия мүдделеріне қандай да бір жеңілдік жасағысы келмейтіндіктерін дәлелдеді; неміс халықының Германияның бірігуіне артқан үміттің күл-талқан болуы реакцияның салтанат құруындағы тағы бір сипатты сызық болды.
Меттернихтің жоспарына сәйкес, конгресс «Германдық одақ» деп аталған ұйым құруды көздеді. Бұл одақ істерін жүргізу үшін «Германдық сейм» құрылды. Одаққа Австрия, Пруссия және басқа германдық мемлекеттер (жалпы саны – 38) енгізілді. Германдық одақтың міндетіне, Меттернихтің ойлауы бойынша, Францияның Рейнге қарай келешекте болуы мүмкін жаңа қозғалысына кедергі жасау, сонымен бірге Австрияның Германияда басшылық жасауын қамтамасыз ету кірді.
Франкфурт қаласында орналасқан сеймге төрағалық ету австриялық
өкілге жүктелді, ал сеймдегі дауыс берулер соңғы шешімді Австрия қабылдайтындай етіп бөлінді. Әрине, бұл сұрқия құрылым герман халқын біріктіруге емес, керісінше, оның бөлшектелгендігін мәңгіге қалдыруға және ұсақ феодалдық монархияны сақтап қалуға бағытталған еді. Осылайша, Германия тағы да, Ф.Энгельстің бейнелі сипаттамасына сәйкес, бұрын, дәлірек айтсақ, Германияның батыс бөлігінде француз революциясы және Наполеон талқандады деген «дінге сенушілік астауының» қасында қалды.
Конгресс өз жұмысын қорытындылауға кірісіп кеткен шақта, кенет оның қатысушыларын күтпеген жаңалық есеңгіретіп жіберді. 1 наурыз күні Наполеон Францияға кірді. Ал тағы үш аптадан кейін, 1815 ж. 20 наурызында Наполеон Парижге кірді. Империя қайта қалпына келтірілді. Вена конгресіндегі алауыздықтар туралы өсектің Наполеонның Эльбаны тастап шығуында басты рөл атқарғаны сөзсіз. Оны Парижде ғажайып сыйлық күтіп тұр еді. Кіруіне тек бір тәулік қалған кезде ғана қашқан Наполеон корольдің кабинетінде 1815 ж. 3 қаңтардағы баяғы жасырын келісімді тауып алды. Бұл Талейран арқылы XVIII Людовикке жіберілген үш көшірменің біреуі еді. Корольдің асыққаны соншалық, үстелінің үстіне осы құжатты қалдырып кеткен болатын. Наполеон жаушы әзірлеуге бұйрық беріп, оны осы пакетпен Венаға жібереді. Наполеон бұл пакетті император I Александрға тапсыруға бұйрық берді.
Александрдың өзіне қарсы бағытталған жасырын келісімді алғаш ашып оқығанына куәгер болған Будякиннің көрсетуінше, патша ашудан қызарып кетеді, дегенмен өзін - өзі ұстап қалады. Наполеон қайта оралғаннан бері пат -
шаның Еуропаны құтқаруына үміт артып жүрген Меттернихке келген кезде, Александр оған үнсіз ғана австриялық канцлердің дипломатиялық шығармашылығының жасырын жемісін ұсынады. Меттерних қатты сасып, өмірінде бірінші әрі соңғы рет айтарға өтірік таппай қалады.
Дегенмен де, Наполеон алдындағы қорқыныш белең алып, Александр сол жерде Меттернихке қалай болғанда да олардың ортақ жауы Наполеон екендігін мәлімдейді. 1815 ж. 18 маусымында Ватерлоо түбінде Наполеон жеңіліске ұшырағаннан кейін, Францияда Бурбондар екінші рет қайта қалпына келеді.
Ватерлооға дейін бірнеше күн қалғанда, 1815 ж. 9 маусымында Вена конгресінің соңғы жиналысы болды, онда 121 баптан және 17 жеке қосымшадан тұратын «Қорытынды актыға» қол қойылды. Конгреске қатысушылар мығым нәрсе құрдық деп ойлады. Бірақ конгрестің реакциялық утопиясы жаңа өндірістік қатынастарға да, Еуропадағы феодализм мен абсолютизмнің ескі қондырғыларын күйреткен жиырма бес жылдық күреске де қарамастан, жер шарының осы бөлігін ескірген құрылым шеңберінде ұстап қалуда болатын. Бұл утопия конгрестің барлық іс-әрекетінің негізінде жатты.
Бельгия Голландияның жаңа короліне сыйланды; Данияға, Шлезвигтен басқа, немістік Гольштейн берілді; Германия 38 дербес мемлекетке бөлініп қала берді. Польша тағы да үш бөлікке бөлінді, оның үстіне бұрынғы Варшава герцогтығының жерінен жаңа Польша корольдігі құрылды. Ол, конгрестің шешімі бойынша, «Ресеймен үздіксіз байланыста» болуы және Ресей патшасы сыйға тартқан конституциямен басқарылуы қажет еді. Познань, Гданьск (Данциг) және Торунь – Пруссияның, ал Батыс Украина (Галиция) Австрияның иелігінде қалды. Краков қаласы, «оған қарасты облыспен бірге, Ресейдің, Австрияның және Пруссияның қамқорлығындағы «мәңгілікке еркін, тәуелсіз және бейтарап қала» деп жарияланды.
Пруссия өзі айрылған польшалық территориялар үшін төлем ретінде, Саксонияның солтүстік бөлігінен басқа, Рюген аралын және шведтік Померанияны, ал батыста Рейн – Вестфаль обылысын алды. Нәтижесінде Гогенцоллерлер корольдігі, Талейран мен Меттерних тарапынан қарсылық болғанына қарамастан, патша жағынан қолдау берілуінің нәтижесінде және конгресте ағылшын дипломаттары ұстаған позицияға орай күшейе түсті. Пруссияның екі бөлікке – ескі, шығыс және жаңа, батыс бөліктеріне бөлініп қалағанына қарамастан, ол 1815 ж. кейін-ақ күш жинап, көршілері үшін қауіпті бола бастады.
Тирольды, Вальтелинаны, Триесті, Далммация мен Иллирияны алған Австрия да едәуір күшейді. Моденада, Тосканада және Пармада таққа император I Францтың жақын туыстары отырды, олар Австриямен одақтастық туралы келісім жасасқан болатын. Бурбондар билігі қалпына келтірілген екі Сицилия корольдігі Австриямен және Папа облысымен осындай келісімдер жасасты. Сөйтіп, Габсбургтар билігі саяси бөлшектелген жағдайдағы Италияның барлық территориясына таралды.
Қуатты екі еуропалық держава-Англия мен Ресейдің Франциямен ұзақ
мерзімді соғыстан едәуір нығайып, күшейіп шықты. Англия өзінің бұрын да аз болмаған отарлық иеліктерін кеңейтті. Ол өзінің басты бәсекелесі – Францияны шетке шығару арқылы толыққанды «теңіз иесі» болып қалды және басқа елдерді өзі орнатқан тонаушылық сипаттағы «теңіз құқығын» мойындауға мәжбүр етті, яғни ол ашық теңізде бейтарап елдердің сауда кемелерін жау жағалауына апара жатқан тауарларын алып қою мақсатында тоқтатып, қарау «құқығына» ие болды. Әсіресе британдық биліктің ағылшын буржуазиясының Таяу және Орта Шығыс елдеріне барар жолдағы әскери-теңіз базаларына айналған Мальта аралында және Ионикалық аралдарда орнауы маңызды орын алды.
Патшалық Ресей наполеондық Франциямен соғыстардан Варшава гер -цогтығы, Финляндия және Бессарабия жерлерінің есебінен едәур кеңейіп шықты. «Вена конгресі Ресейге Польша патшалығын әкелді», - деп әділетті жазды кейінірек Ф.Энгельс, сонымен қатар «патшаның қазіргі Еуропада алған орны бәрінен де маңыздырақ» деп атап өтті. Еуропалық континентте Ресейге тең келетін бәсекелес қалмады.
Негізгі саяси және территориялық мәселелерді шешуден басқа, Вена конгресі Бас трактатқа қосымша актылар ретіндегі бірқатар арнайы қосымша қаулылар қабылдады. Олардың ішінде 1815 ж. 8 ақпанында қол қойылған «Державалардың негрлерді сатуын жою жөніндегі Декларация», 1815 ж. 19 наурызында конгресс қабылдаған «Дипломатиялық өкілдердің рангілері туралы Ереже» маңызды орын алады. Соңғы ереже алғаш рет әр түрлі дипломатиялық қызметке халықаралық құқық нормасы ретінде ұзақ уақытқа енді және осы күнге дейін күшінде. Бұл қаулы XVII ғ. дипломатиялық тәжірибесінде әдеттегідей болып қалған үлкендік туралы шексіз ұрыстар мен қақтығыстарға нүкте қойды. Рангілер былайша белгіленді: 1) елші, папалық легат және нунций; 2) өкіл; 3) сенімді өкіл. Кейінірек, 1818 ж. бұл үш рангіге министр-резидент рангісі енгізілді, ол өкіл мен сенімді өкілдің арасына қойылды.
1814 ж. Венаға жиналған жеңімпаз мемлекет билеушілері алдарына үш мақсат қойғанын жоғарыда айтып кеткенбіз. Біріншісі - Франция тарапынан қайталануы мүмкін агрессияға қарсы кепілдеме құру; екіншісі - өздерінің жеке территориялық мүдделерін қанағаттандыру; үшіншісі - XVIII ғ. француз буржуазиялық революциясының барлық салдарларын жою және ескі феодалдық-абсолюттік тәртіптерді барлық жерлерде қалпына келтіру.
Бірақ осы мақсаттардың тек алғашқысы ғана толығымен орындалды. Екіншіге – территориялық мүдделерін қанағаттандыруға келсек, тек бірқатар жеңіскер елдер ғана Франциямен болған ұзақ та қантөгісті соғыста Еуропаның едәуір әлсіз елдерінің есебінен кеңейіп шықты.
Вена когресінің үшінші мақсаты – революциялық бастауларды жою және легитимизм принциптерін толығымен бекітуге қатысушылар қол жеткізе алмады.
Халықаралық қатынастардың Веналық жүйесінің құрылуы, дамуы және күйреуі
Вена конгресінің шешімдерінің нәтижесінде, Еуропада және жалпы әлемде халықаралық қатынастардың Веналық деп аталған жаңа жүйесі орнатылып, ол қатынастардың жаңа тәсілдері мен нысандарын бекітті және континенттегі қарама-қайшылықтарға жаңа түйін салды.
Қасиетті Одақтың құрылуы. Халықтың Наполеонға қарсы күресі француз империясының күйреуімен аяқталды. Наполеонның жеңілісін монархиялық, феодалдық- абсолюттік мемлекеттер коалициясы өз мүддесіне пайдаланды. Наполеон империясының жойылуы Еуропадағы дворияндық-монархиялық реакцияның салтанат құруына әкелді.
Франциямен бейбіт келісім, Төрттік Одақ туралы жаңғыртылған келісім және Вена конгресінің Қорытынды актісі тарихқа «веналық жүйе» атауымен енген Наполеоннан кейінгі дәуірдегі халықаралық қатынастардың негізі болды. Жеңімпаз – державалардың мүдделері қарама – қайшылықты еді. Бірақ Вена конгресінің қорытынды сатысында антинаполеондық коалиция мүшелері өзара қайшылықтарды жойып, ымыры шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. 1814 ж. Бірінші қыркүйегімен 1815 ж. Тоғыз шілдесі аралығында жиналған Вена конгресінің қабылдаған шешімдері Еуропадағы дворяндық монархия реакцияның күшеюіне ықпал етті. Революциялық және ұлт – азаттық қозғалыстармен күрес жүргізуді күшейте түсу үшін еуропалық мемлекеттердің реакциялық үкіметтері өзара Қасиетті Одақ құрды.
Еуропалық дипломатия тарихына Қасиетті Одақ революциялық рухты, саяси және діни бостандық сүйгіштікті, қай жерде бой көтерсе де, басып жаншу идеясы негізінде құрылған, айқын клерикалдық – монархиялық идеологиясы бар біріккен ұйым ретінде енді. Жеңімпаз – елдердің Қасиетті Одағы Вена конгресі бекіткен жаңа халықаралық саяси жүйенің тірегіне айналды. Бұл Одақтың Ресей императоры I Александр жасаған актысына 1815 жылдың 26 қыркүйегінде Австрия императоры І Франц, Пруссия королі ІІІ Фредрих Вильгельм қол қойып, бұл акті олардың атынан басқа еуропалық державаларға таратылды. Қасиетті (Киелі) Одақ актысына Англиядан басқа еуропалық мемлекеттердің барлығы да қосылды. Ал Англия формалды түрде Қасиетті Одаққа кірмегенмен оның үкіметі өз саясатын Қасиетті Одақтың жалпы желісімен көбінде үйлестріп отыратын еді.
Рим Папасы алуан елдердегі католиктердің наразылық бүлдіруінен қауіптеніп, актыға қол қоюдан бас тартты. Құжаттың мәтінінде шынайы туыстық дәнекерлікке және христиан діні принциптеріне сүйене отырып, олардың бір-біріне көмек көрсетуді міндеттеріне алатындығы айтылған болатын. Қатысушылардың мақсаты 1815 ж. Вена конгресі бекіткен еуропалық шекараларды сақтау және «революциялық рухтың» қандай да бой көтеруімен күрес еді.
1815-1830 жж. еуропалық дипломатия. Қасиетті Одақ құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдары оған қатысушылардың түрлі көзқарасына қарамастан еуропалық мемлекеттер еркін ойлаушылыққа қарсы бірыңғай майданда болды.
Қасиетті Одақтың 3 конгресі болды. Оның бірінші конгресі 1818 ж. Батыс Германиядағы Аахен қаласында өтті. Оған Ресей, Австрия, Пруссия, Ұлыбритания, Франция қатысты. Конгресс Францияны Қасиетті Одаққа тең құқықты мүше ретінде қабылдады. 1818 жылғы 30 қарашаға дейін оның аумағынан оккупациялық әскерлерді шығару туралы шешім қабылданды.
1820 ж. аяғы қазан-желтоқсан айлары Троппауда, 1821 жылы қаңтар-наурызда Лайбахта Қасиетті Одақтың «қосарланған» екінші конгресі болды. Лайбахта Троппау конгресінің жалғасы өтті. Оған Ресей, Австрия, Англия, Франция өкілдері, Неаполь королі және т.б. қатысты. Итальан монархтары, Рим папасымен келіссөздер жүргізді.
Қасиетті Одақтың үшінші конгресі 1822 ж. 20 қазаны - 14 желтоқсан аралығында Италиядағы Верона қаласында өтті. Верона конгресінде Ұлыбританияның өкілі – герцог Веллингтон қатысты. Конгресс Испаниядағы революция, Грециядағы көтеріліс, орыс-түрік жанжалына байланысты туған ауыр сыртқы саяси жағдайларда өтті.
1820 жылы Испания, Португалия, Неаполь мен Пьемонттегі революциялардың ықпалымен 1821 ж. түрік-осман езгісінде болған гректер азаттық күреске көтерілді. Ең алдымен Ресейдің оңтүстігінде өмір сүрген гректер қолдарына қару алды.1821 ж.наурызда олардың отрядторы түрік сұлтанына тәуелді Молдавияға кіріп, осман үстемдігіне қарсы Жалпы көтеріліс жасауды мақсат етті. 1822 ж. көтеріліс Грецияның өзінде де басталды. 1821-1822 жж. түріктер грек көтерісшілердең үлкен шығынға ұшырады.
Қасиетті одақтың Верона конгресінде грек көтерілісі туралы мәселе талқыланды. Европалық монархтың көпшілігі, оның ішінде ресей императоры да грек көтерілісшілерін легитимді тәртіпті бұзушылар, өз заңды монархы-түрік сұлтанына қарсы шыққан бүлікшіліктер деп айыптады.
Тек қана Ұлыбританияның өкілі Каннинг 1823 жылы 25-ші наурызда соғысушы 2 жақты (грек-түрік) тең құқықты деп, грек көтерілісін заңды деп, гректерді қолдады, екеуінің арасында делдал болды. Бұл шешім Қасиетті одаққа соққы болды, себебі ол Ұлыбританияның Қасиетті Одақ принциптерінен кете бастағанын көрсетті. Верона конгресі Қасиетті Одаққа қатысытын елдердің Еуропадағы революциялық қозғалыстарды басуға араласуы керек деп шешті.
Верон конгресінде Қасиетті Одақтың Латын Америкасына әскери интервенциясы да талқыланды. Испания Латын Америкадағы испан отарлық үстемдігін қалпына келтіруі тиіс болды. Бірақ Латын Америкасына интервенция жасауға Ұлыбритания қарсы болды, себебі оның бұл ауданда өз сауда мүддесі болды. Ағылшын шетел істері бойынша статс секретары Джордж Каннинг 1823 жылы Испандық Америкамен іскерлік және сауда қатынастарын жүргізетіндігін жариялады.
Монро доктринасы. Бұл уақытқа таман АҚШ Еуропадағы болып жатқан істерге белсенді түрде қатысатын болды. Олар Қасиетті Одақтың Латын Америкасына әскери интервенция жасау идеясын қарсы шығып, «Америка американдықтар үшін» деген ұран тастады. Қасиетті Одақтың бұл әрекеттері АҚШ президенті Дж.Монроның 1823 ж 2-ші желтоқсанда Сенатқа, Конгреске жолдауын жіберуге әкелді. Ондағы идеялар тарихқа «Монро доктринасы» деген атпен енді. «Монро доктринасы» Испания отарларына өз тәуелсіздігін алуда жағымды рөль атқарды. ХІХ ғ. 20 жылдарының ортасына таман Латын Америкасында Парагвай (1811), Аргентина (1816), Чили (1818), Колумбия (1825) және т.б. тәуелсіз мемлекеттер пайда болды.
1830 жж. Еуропадағы революциялар және Қасиетті одақ. 1830 жылы Еуропада революциялық көтерілістер басталып, олар 1848 жылға дейін созылды.
Революция 1830 жылы шілдеде Францияда басталды. Х Карл француз конституциялық жүйесін жойған ордонанстарға қол қойды. Нәтижесінде Х Карлдың реакциялық саясатына қарсы елде революция басталып, ол жеңді, таққа герцог Филипп Орлеанский отырып, ол І Луи Филипп деген атпен билік құрды. Ресей Францияға қарсы орыс-австрия-пруссия интерверциясын ұйымдастыруға тырысты, бірақ оның ұсынысы қабылданбады.
1830 жылы Париждегі революциялық оқиғалар ықпалымен 1830 жыл қыркүйек -1831 жылы қазан аралығында Польшадағы орыс иеліктерінде көтеріліс бұрқ ете түсті. Алайда оны І Николай басты. 15 жыл бойы болған революциялық күрес, ХІХ ғ. 40-ж аяғында Қасиетті одақтың ыдырауына әкелді.
«Шығыс мәселесінің» пайда болуы және еуропалық дипломатия. Халықаралық қатынастардың веналық жүйесін тұрақсыздандырғыш күшті фактордың бірі - ХVII-XVIII ғасырлардан қалған мұра және ХІХ ғасырда шиеленісуін жалғастырған Шығыс мәселесі, яғни Осман империясы мен оның Балкандағы, Солтүстік Африкадағы, Таяу Шығыстағы иеліктерінің тағдыры туралы мәселе еді. Бұл маңызды аймақта, үш континеттің түйіскен жерінде сұлтан режимінің, Австрия мен Ресей империяларының, Жерорта теңізіне әрдайым қызығушылық танытып отырған Англия мен Францияның геосаяси дәмелері, себебі Балкан түбегі мен Оңтүстік Шығыс Европаны мекендеген халықтардың этноұлттық және конфессиялық қажеттіліктері, мүдделері қиысып жатты.
Бұл уақытта Англияның сыртқы саясатында бірқатар өзгерістер болып жатты. Ұлыбританияның саясатындағы бұл өзгеріс Шығыс мәселесінің немесе Осман империясының, ең алдымен оның европалық провинцияларының тағдыры туралы мәселенің шиелінісуімен байланысты болды. Бұл мәселеге Ұлыбритания үкіметі мән берді, себебі Балқан түбегі мен шығыс Жерорта теңізі оның сауда және стратегиялық мүддесінің аймағы болды. Осы аймақ арқылы Батыс Европадан оңтүстік Азияға қысқа жол жатыр еді.
Ұлыбританияның Балкандағы белсенді әрекеттері, шығыс мәселесінің маңыздылығын түсінуі, қоғам тарапынан қысым - мұның бәрі басқа да европалық мемлекеттердің грек көтерілісіне және Шығыс мәселесіне байланысты өз ұстанымдарын қайта қарауға мәжбүр етті.
Ресей императоры І Николай болғанғаннан кейін, 1826 ж. басында ол Осман империясы үкіметінен түріктердің Балкан түбегінің христиан халықтарына қатысты зорлық – зомбылықтарын тоқтатуды талап етті.1827 ж. 24-ші шілдеде Ұлыбритания, Ресей, Франция Лондонда осы шартты конвенцияға қол қойды. І Николай грек көтерілістерін бүлікшіліктер деп санайтынын, бірақта Түркиямен өз есебінің барын мәлімдеді.
Үш мемлекет - Ресей, Ұлыбритания, Франция Түркияға 1827 жылы қарсы соғысқа әскери іс қимылдар жасай бастады. Түріктер Греция жағалауларына өз кемелерін жібереді. 1827 ж. 8 қазанда Наварин мүйісі маңында одақтастар флоты түрік сүлтанымен египет патшасының флотын талқандады.
14-ші сәуірде 1828 ж. Ресей Түркияға соғыс жариялады. Орыс әскерлері
Ресей мен Осман империясының шекарасы болған Прут өзенінен өтіп, Дунай
княздықтарын алды, Ыстамбулға жылжи бастады.1829 ж. 2 қыркүйекте Адрианопольде бейбіт келісімге қол қойылды. Ол бойынша Дунай сағасы және Кубан өзенінен Аджария шекарасына дейінгі Қара теңіздің Кавказ жағалауларының бәрі Ресейге қарады.
Осылайша, 1828-1829 жылғы Түркиямен соғыста Ресей Дунай мен Кавказда орыс иеліктерін біраз кеңітті, Грецияны азат етті. Алайда Осман империясының құрамындағы дербестік гректерді қанағаттандырмады. Олар толық тәкелсіздікті қажет етті. Одақтастар оны қанағаттандырды. 1830 ж. ақпандағы Лондон конференциясының шешімі бойынша, Греция тәуелсіз мемлекет деп жарияланды.
Шығыс дағдарысы египет патшасы Мұхаммед Алидің түрік сұлтанына қарсы бүлігінен басталады. 1833 ж. сәуірде орыс әскерлері Босфордың азиялық жағалауында түсіп, египет армиясының Ыстамбулға жолын бөгеді. Ресей мен Осман империясы арасындағы одақтық келісімге 1833 ж. 26 маусымда қол қойылды. Ункяр-Искелеси келісімі Батыс елдерін шошытты.
ХІХ ғасырдың 40-60-шы жж. халықаралық қатынастар. Веналық легитимдік тәртіпке 1848-1849 жылдардағы революциялар терең соққы берді. Олар Италияда басталып, бірден бірнеше мемлекеттерді – Франция, Австрия, Пруссия және т.б. герман мемлекеттерін қамтыды. Бұл еуропалық мемлекеттердің арасында тығыз экономикалық, мәдени, саяси байланыстар бар екендігін ғана емес, себебі олардың алдында бірдей және ұқсас мәмелелердің тұрғандығын көрсетті.
Мәселелердің бастысы бұл елдердегі азаматтардың көпшілігі өз елдер-дегі саяси режимге қанағаттанбай, өз құқықтары мен бостандықтарын кеңей-
туге ұмтылды.Абсолюттік мемлекет елдерінде конституция еңгізуді талап етті, ал либералдық конституциясы бар елдер жалпыға бірдей сайлау құқығын еңгізуді талап етті.
«Әлеуметтік мәселе» де - өткір мәселе болды. Себебі Вена конгресі орнатқан легитимді тәртіпте үлкен наразылық туғызды. Әсіресе оған мемлекеттік билігі немесе мемлекеттік дербестігі жоқ, шетел әлеуметтері билігінде болған халықтар итальяндықтарр, немістер, полыктар, венгрлер т.б. қарсы болды. Тіпті тәуелсіз және егеменді мемлекет – Францияның өзінде де қоғамдастық легитимді тәртіпке өз наразылығын білдірді. Француздар Веналық тәртіп олардың ұлттық мүдделеріне қайшы келеді, себебі ол Францияны реакциялық монархиялар – Австрия, Пруссия, Ресейдің ыңғайына қарай сыртқы саясат жүргізуге міндеттейді деп есептеді.
1848 ж. қаңтарда Сицилияда халық көтерілісі мен басталған революциялар санаулы апталарда жарты Европаны қамтыды. 23-нен 24 ақпанға қараған түні үкіметке қарсы демократиялық толқулар Парижде көтеріліске ұласты. Халықаралық көтерілістер нәтижесінде Еуропадағы саяси жағдай өзгерді. Францияда Шілде монархиясы құлатылып, республика жарияланды. Рим папасы Римнен қашты. Бұл Европадағы халықтардың бүкіл жүйесіне әсер етті. Ревоюциялар ықпалымен қысқа уақытта Вена конгресінде құрылған тәртіп әлсіреді. Австрия үкіметінің басшысы К.Меттернихтің биліктен кетуі революциялар соққысымен Вена жүйесінің күйреуінің символы болды. 1848 ж. революциялар нәтижесінде көптеген Европалық мемлекеттердің үкіметтері сыртқы саяси бағытын бірден өзгертті. Француз республикасының Уақытша үкімет басшысы басқа елдерге үлгі көрсетті. 1848 ж 2-ші наурызында ол Еуропаның барлық үкіметтеріне Манифест жолдады.
Революция Австрия мен Пруссия арасындағы қатынастарды нашарлатты. 1834 ж. Пруссия королі бастамасымен Герман кедендік одағы құрылды. 1848 ж. сәуірде Пруссия әскерлері Шлезвигті алды, пруссия-дания соғысы басталды.
Бұл кезде венгр патриоттарының қозғалысы да жүрді. Олар Австрия империясы құрамындағы кен дербестікті талап етті. 1848 ж. 14-ші сәуірде Венгрия тәуелсіз республика деп жарияланды.
Австриялық Габсбургтер үшін әскери қимылдар Италияда табысты болды. 1848 ж. 22-ші шілдеде австрия әскерлері италияндықтарды талқандап, Пьемонт үкіметін 8 тамызда уақытша бітімге қол қойдыртты. Австрия империясына революциялық қозғалыстармен күресуде Ұлыбритания және Ресей қолдау көрсетті.
1848-1849 жылдардағы оқиғалардың жалпы қорытындысы: революциялар жеңілді. Европалық мемлекеттер «1814-1815 жылғы трактаттармен» анықталған шекараларына оралды.
Еуропалық мемлекеттердің сыртқы саясатындағы бұл өзгерістердің салдарынан «европалық концерт» түпкілікті ыдырады. Ірі европалық мемлекеттер 1848-1849 жылдардағы революцияға дейінгі күштердің ара салмағын өз пайдасына өзгертуге тырысты.
Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:
1. Н.Бонапарттың Ресейге жорығының барысы және нәтижелері қандай
болды?
2. Қай оқиға Францияда реставрация деп аталады?
3. Вена конгресінің қызмет еткен уақыты?
4. Вена конгресіне қатысушылардың мақсаттары?
5. Вена конгресінде үстемдік еткен қай мемлекеттер?
6. Вена конгресінің күн тәртібіндегі қай мәселенің шешілуі үлкен қарама-қайшылықтарды тудырды?
7. Вена конгресі Германия мен Италияның тағдырын қалай шешті?
8. Вена конгресіне қатысқан Ш.М.Талейран қандай мақсаттарды көздеді?
9. Вена конгресінің шешімдері бойынша, Еуропада қандай территориялық өзгерістер болды?
10. Халықаралық қатынастардың Веналық жүйесінің қызмет еткен жылдары?
11. Вена конгресінде құрылған реакциялық ұйым?
12. Қасиетті одақтың негізгі конгрестері қай жылдары болды және оларда қандай шешімдер қабылданды?
13. Халықаралық қатынастардың Веналық жүйесіне қатты соққы берген оқиғалар?