ДӘРІС 3. ГЕОҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫҢ НЕГІЗГІ ТҮРЛЕРІ: ГЕОДЕРЕКТЕР, ГЕОАҚПАРАТТАР, ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕ

ДӘРІС 3. ГЕОҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫҢ НЕГІЗГІ ТҮРЛЕРІ: ГЕОДЕРЕКТЕР, ГЕОАҚПАРАТТАР, ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕ

Дәрістің мазмұны

 

1.     Ақпараттық және геоақпараттық ресурстар түсініктері

2.     Геодеректер

3.     Геоақпараттар

4.     Геоақпараттық жүйе(ГАЖ)

 

Геоақпараттық ресурстар табиғи, әлеуметтік, экономикалық және басқа аумақтық нысандар мен процестерді сипаттайды және топологиялық және субстанциялық геодеректердің жиынтығы болып табылады.

Ақпараттық ресурстар – ақпараттық жүйелердегі (кітапхана, мұрағат, фонд, дерекқор, музей және т.б.) жекелеген құжаттар мен құжаттардың жекелеген массивтері. Ал геоақпараттық ресурстар дегеніміз – ақпараттық жүйелердегі кеңістік туралы деректердің жиынтығы.

Геоақпараттық ресурстардың негізгі ерекшелігі – дәлдігі, ол ресурстың түріне және оны ұсыну форматына байланысты түрленетін мәліметтердің аумақтық «байлануымен» көрінеді.

Ақпараттық жүйелердің электрондық (электрондық кітапхана каталогы, статистикалық және бақылау агенттіктері мен ұйымдарының сайттары, ұялы телефонның жазба кітапшасы және т.б.) және электрондық емес (кітапханалардың әліпбилік каталогы, әртүрлі мекемелердегі жазбаша регистратура және т.б.) деп екіге бөлінеді, осы ақпараттық жүйелердегі кеңістік туралы деректердің көлемі біз ойлағаннан да көп.

 

Геоқпараттық ресурстардың негізгі түрлері

Геоақпараттық ресурстарды орналастыру ұлттық серверлік зоналарда жүзеге асырылады. Әдетте, ресурстар белгілі бір аймақтың пайдаланушыларының ұлттық тілдерінде жасалады және әлемдік қоғамдастық үшін кең қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағылшын тіліне де аударылады. Осыған байланысты геоақпараттық ресурстар кеңістікте орналасуы бойынша ішкі және сыртқы деп екіге бөлінеді.

Ішкі геоақпараттық ресурстар ұлттық серверлерде орналастырылған және аумақтағы елдің өнімі болып табылады.  Сыртқы геоақпараттық ресурстар – ғаламшардың басқа нүктелерінде жасалған және жарияланған ресурстар. Ішкі геоақпараттық ресурстарды жинақтауға жеке мемлекеттердің өздері мүдделі, ал сыртқы геоақпараттық ресурстар қорын жасауда халықаралық ұйымдар зор рөл атқарады.

Қазіргі кезде орналасу жағдайына және кеңістіктік қамту ауқымына қарамастан, географиялық мәліметтер 3 түрге бөлінеді: геодеректер, геоақпараттар және геоақпараттық жүйе.

 

1.     Геодеректер

Геодерек – жіктелген және бірыңғай мәліметтер тобына біріктірілген жер бетіндегі процестер мен құбылыстар туралы ақпарат (1-сурет).

 Сурет 1 

Геодеректер жалпылама ақпарат ретінде тек Жер туралы ғылымдар ғана емес, сонымен қатар көлік, экономика, экология, басқару, білім беру, талдау, жасанды интеллект сияқты басқа салалардың ақпараттарын қамтитынын айта кету керек. Басқаша айтқанда, қазіргі кездегі "геодеректер" терминінің ауқымы жер туралы ғылымдардан асып түсіп, жүйелілік, ақпараттық, технологиялық ерекшеліктерге ие болды.

Геодеректерді ұйымдастыру негізі кеңістік, экономикалық, аймақтық және басқа да талдау түрлеріне қажетті алуан түрлі кеңістік-мерзімдік ақпараттарды жинақтау болып табылады. Геодеректер - бұл жай деректер емес, деректер жүйесі мен ақпараттық ресурс болып табылады. Олар әртүрлі салалардағы нақты кеңістік қатынастарды көрсетеді, бұл геодеректерді аймақтық басқаруда, экономикада, көлікте және т.б. кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Бастапқы ақпарат әртүрлі технологиялар мен жүйелердің көмегімен жиналады. Бұл бастапқы ақпарат қоршаған ортадағы объектілердің сипаттамалары мен қасиеттерін көрсетеді, олар өлшемі, сандық мәнінің көрсеткіші, разряды, дәлдігі бойынша әртүрлі болуы мүмкін. Орыс картографтары: В.П. Савиных және В.Я. Цветковтың тұжырымдауы бойынша, Геоақпараттарды  қалыптастыру технологиялық процесстер арқылы бір-бірімен қарама-қайшы емес деректерді бір модельге топтастыру арқылы жүзеге асады.

 

2.     Геоақпараттар

Демек, геоақпарат геодеректерді одан әрі түрлендірудің нәтижесі болып табылады (2-сурет).

 Сурет 2

Геоақпарат (Geoinformation, Spatial information) – құбылыстар мен нысандардың арасында кеңістіктік қатынастардың болуымен сипатталатын, жер бетіндегі объектілер мен құбылыстар туралы мәліметтер мен сипаттамалардың жиынтығы. Қолданбалы мағынасында геоақпарат - бұл әртүрлі ақпараттық жүйелерде, соның ішінде ГАЖ-да қолдануға және өңдеуге арналған ақпараттық модельдердің жиынтығы түріндегі өзгертілген геодеректер.

Бұл американдық ғалым Рассел Линкольн Акофф негізін қалыптастырған әйгілі DIKW моделін еске түсіреді. DIKW моделі (ағылш. data, information, knowledge, wisdom — мәліметтер, ақпарат, білім, даналық) — әр деңгей алдыңғы деңгейге белгілі бір қасиеттерді қосатын ақпараттық иерархия. Әрбір келесі деңгей жетілудің кемелденген деңгейімен (өмір сүруге жарамдылығымен) және ақпараттың аз мөлшерімен сипатталады.

Түрлендірудің осы кезеңінде геодеректермен салыстырғанда артық мәліметтер мен қателер азаяды. Бұл геоақпараттық жүйемен де тығыз байланысты.

Геоақпараттың маңызды қасиеті - деректерінің үш тобындағы  "орын", "уақыт", "тақырып" мәліметтерді геоақпараттық бірыңғай жүйеге біріктіру. Геоақпарат екі деректер тобымен: сандық және сапалық параметрлермен сипатталады. Геоақпараттың сандық параметрлері тек қабылданған есептеу нүктесіне, ал сапалық параметрлері жеке кеңістікті қабылдау ерекшеліктеріне байланысты.

Ақпараттың көптеген түрлерінің ішінде кеңістік ақпарат (геоақпарат) басқарудың практикалық мәселелерін шешуде және әлемді сипаттауда қолданылады. Бұл қазіргі кездегі адамзат өркениетінің дамуындағы негізгі фактор - ақпараттық ресурстардың зор маңызға ие болғанын, яғни ақпарат адам қызметінің барлық түрлерінің негізгі бөлігі болып қалыптасқанын білдіреді. Ақпараттың маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын геоақпараттар бізді қоршап тұрған географиялық кеңістік туралы үйлестірілген ақпараттық базаны құрайды. Аумақтық басқарудың міндеттерінде шешімдердің шамамен 70% -ы геоақпаратты пайдаланумен байланысты болады.

Осыған орай, қазіргі уақытта тұтынушыларға (мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдар мен азаматтарға) кеңістік ақпаратты жедел ұсыну және мекемеаралық және деңгейаралық ақпарат алмасу үшін жағдай жасау мәселелері өзекті болып табылады.

 

3.     Геоақпараттық жүйе (ГАЖ)

Әлемдегі ең алғашқы геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) ХХ ғасырдың 60-жылдарында Канада мен АҚШ-та жасалған болатын. Қазіргі таңда әлемнің барлық елінде алуан түрлі салаларда мыңдаған ГАЖ қолданылады. ГАЖ барлық кеңістік деңгейлерді (ғаламдық, аймақтық, ұлттық, жергілікті) қамтып, қоршаған орта мен қоғам туралы барлық дерлік геодеректерді (картографиялық, статистикалық, қашықтан зондылау, меторологиялық және т.б.) жүйелейді. Геоақпараттық жүйе (ГАЖ) - кеңістік деректерін және олармен байланысты қажетті нысандар туралы ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, талдау және графикалық визуализациялау жүйесі.

 Уильям Дж. Кук бастаған американдық ғалымдар ғылыми мақалаларында 20 ғасырдағы адамдардың өміріне ең қатты әсер 25 маңызды оқиғаның бірі – геоақпараттық жүйелердің пайда болуы деп тұжырымдаған.

 Сурет 3

Қарапайым тілмен айтқанда, геоақпараттық жүйелер – кеңістік таралған ақпаратпен тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік беретін компьютерлік жүйелер. Бұл атаулардағы «гео» кеңістікке қатысты деген мағына берумен қатар, зерттеу ұстанымының кешенділігі мен жүйелілігіне де қатысты қолданылған.  Кеңістік таралған ақпарат – кез-келген адам өз қызметінің түріне қарамастан, күн сайын кездестіретін ақпарат. Бұл ықшам ауданның сызбасы немесе ғимарат жоспары, web-карта немесе компания кеңселері арасындағы байланыс сызбасы, автомобиль жолдарының атласы немесе кескін карта, топографиялық немесе шаруашылық картасы және басқалар болуы мүмкін (3-сурет)

ГАЖ мұндай ақпаратты жинауға және талдауға, қажетті деректерді тез табуға және оларды қолдануға ыңғайлы (картографиялық, кестелер, сызбалар, мәтіндер түрінде) түрде көрсетуге және ұсынуға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Лайсханов Ш.У., Каймулдинова К.Д., Алиаскаров Д.Т. Геоинформатика: География мұғалімдерін даярлайтын ЖОО студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: ОНОН баспасы, 2022. – 198 б.

2.     Шайтура С.В. Электронно-геоинформационные ресурсы и технологии // Науки о Земле. - 2012. - № 2.-  С. 65-68.

3.     Савиных В.П., Цветков В.Я. Геоданные как системный информационный ресурс // Вестник российской академии наук. -  2014. - том 84. -  № 9. - С. 826–829

4.     Соловьёв И.В., Цветков В.Я. О содержании и взаимосвязях категорий “информация”, “информационные ресурсы”, “знания” // Дистанционное и виртуальное обучение. 2011. - № 6. – С. 11-27

5.     Бешенов Б.Н. Организация и использование информационных ресурсов // Информационные ресурсы России. – 2015. - №4. – С. 21-26.