лекция 3

лекция 3

Дәріс №3. Тақырыбы: Қола дәуіріндегі Қазақстан (б.з.б. ХVІІІ -  ІХ ғғ.).

 

1.Қола дәуіріндегі Қазақстан (б.з.б. ХVІІІ - IX ғғ.).

Қаралатын мәселелер:

Қола дәуірінің кезеңдері;

Қола дәуірінің тарихи кезеңдері;

Қола дәуірінің антропологиялық кезеңдері;

Қола дәуіріндегі өндіріс;

Қола дәуіріндегі тұрмыс, өнер және діни наным-сенім.

 

Әдебиеттер:

Негізгі:

Ким Г.В. История Казахстана. Учебник для вуза. 5-е изд., перераб. и доп. – Алматы: Алматыкітап, 2013. – С. 25-38.

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін.  –  І том. – Алматы, 1996. – 101-137-бб.

Қосымша:

Қазақстанның жеті кереметі. – Алматы, 2006. – 1-29-бб.

Маргулан А. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана.   

– Алматы, 1988.

Мир Сатпаева. (Юбилейный сборник). – Алматы: Шартарап’с, 1999.

Самашев З., Жетібаев Ж. «Қазақ петроглифтері» (көне тамыры мен сабақтастығы). – Алматы: «Иль-Тех-Кітап». 2005.

 

 Негізгі еңбек құралы мыс пен қалайының қоспасы – қоладан жасалғандықтан бұл дәуірді археологтар қола дәуірі деп атайды. Қола дәуірі 2-1 мыңжылдық аралығын қамтиды. Қазақстанның қола дәуірін зерттеуге қазақ ғалымдары Ә. Марғұлан (археолог), Қ.И. Сәтбаев, 3. Самашев, О. Ысмағұлов (антрополог) және т.б. зор үлес қосты.

Қола дәуірінің кезеңдері: ерте қола дәуірі (Феодоров кезеңі, б.з.б. ХVІІІ-ХV ғғ.); орта қола дәуірі (АлАқөл кезеңі, б.з.б. ХV-ХІІІ ғғ.); кейінгі қола дәуірі (Замараев кезеңі, XIII-VІІІ гғ.).  Қола дәуірінің ірі мәдениеті Андронов мәдениеті.1914 жылы Оңтүстік Сібірден табылған.

Кейінгі қола дәуіріне сәйкес келетін Қазақстандағы мәдениет – Беғазы-Дәндібай. Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы Ә.Х. Марғұлан арнайы монография жазды.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің хронологиялық ауқымы – б.з.б. XII-VІІІ ғғ. Қазіргі уақытта Орталық Қазақстанда қола дәуірінің 50-ге жуық қонысы мен 150 ірі қорымы табылды. Қазба ісі 40 қорым мен 10 қоныста жүргізілді.

Ә.Х. Марғұлан (1904-1985).

 

Қола дәуірінің тарихи кезеңі. Ер адамның еңбегін көп қажет ететін металлургия мен мал шаруашылығының тез дамуы қоғамда ер азаматтардың рөлін арттыра түсті, сөйтіп туыстас әке жағынан санала бастады. Енді матриархатты патриархат ауыстырды. Қола дәуірінде рулық тайпалық одақтар құрыла бастады. Өнімнің артуына байланысты рулық меншіктің орнына жеке меншік келіп шықты. Мүлік теңсіздігі туды. Қоғамның негізгі тобы – жауынгерлер, діни жорамалды жүргізуші абыздар болды. Антропологиялык сипаты. Андроновтықтарға европеоидтық сипат тән.

   

Қола дәуіріндегі әйел адам және әшекейлер

 

Қола дәуіріндегі өндіріс. Қола дәуірінің тұрғындары кенді өндірудің омыру әдісі, яғни кенді балтамен, тоқпақшамен омырып, уату әдісін қолданды. Ал тығыз кенді отпен уату әдісімен өндірді, сонымен бірге үңгіп қазу әдісін кеңінен жүзеге асырды. Тазаланған кенді арнайы пештерде балқытты. Кен өндіру орталықтары Шығыс және Орталық Қазақстанда болды. Қола дәуірінің тұрғындары тесе, кетпен, келі мен келсап, орақ және шалғы сиякты еңбек құралдарын пайдаланды.

Қола дәуіріндегі құрал-саймандар

 

 

Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар. Қыш ыдыстарды таспалық әдіспен және қалыпқа салып пішіндеу әдісімен даярлаған. Әдемі болуы үшін қыш ыдыстарды шырша, шаршы, үшбұрыш (ерте қола кезеңінде), ирек сызық, ирімді сызық, үшбұрышты өрнектермен (орта қола кезеңінде), таспа және бүршік тәріздес өренектермен (кейінгі кола кезеңі) әсемдеген.

 

 

Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар

 

Тұрмысы. Қола заманындағылар тұрғын үйлерді де ыңғайлы етіп салды. Төртбұрышты немесе сопақша қылып жертөле мен жартылай жертөле үйлер тұрғызды. Қабырғалары балшықпен сыланған шарбақтардан тұрды. Төбесін ағашпен немесе таспен жапты. Үй аумағы 100-400 шаршы метрге дейін жетті. Үй ішінде ас дайындайтын әрі жылытатын тастан қаланған пеш орналастырылды. Жартылай мал шаруашылығының дамуымен жер бетінде салынған үйлер де пайда болды. Ғалымдар андрондық тайпалар киіз үйдің прототипін жасады деген ғылыми болжам ұсынуда. Қоныстар өзен жағасында, көл маңында орналасты. Қоныстар 6-10 үйден, үлкендері 20 үйден құрылды. Олар бір немесе екі қатар үйлер болып бөлінді. Қола дәуіріндегі ежелгі қала – Арқайым. Ол Қостанай мен Челябі облыстарының түйіскен жерінен табылды.

 

 

Қола дәуірінен қалған қала – Арқайым

 

Қола дәуіріндегі үйлер мен қазіргі киіз үйлер

 

Діни наным-сенімдері.  Қола дәуіріндегі тайпалар о дүниеге сенді. Күнге, айға, жұлдыздарға сыйынды. Отқа табынды. Құрбандыққа  бұқа немесе койды шалды. Ошақты қатты құрметтеді.

Өнер. Тастағы суреттер. Таңбалы тас. Қаратау, Ешкіөлмес, Тарбағатай, Маймақ, Бөкентас петроглифтері. Жабайы бұқа бейнесі. Күнбасты кұдай. Екі аяқты арба.

 

Таңбалы тас – қола дәуірінен қалған ескерткіш, Қазақстанның жеті кереметінің бірі

 

 

   Суретші

 

 

Қазақстанның қола дәуірінің ескерткіштерінің таралу ареалы. 15 –Дәндібай; 20 – Беғазы.

«Қола дәуіріндегі Қазақстан (б.з.б. ХVІІІ -  ІХ ғғ.)»  атты тақырып бойынша сұрақтар:

1)Қола дәуірінің археологиялық сипаты қандай?

2)Қола дәуірінің антропологиялық және тарихи сипаты қандай?

3) Қола дәуірінің кезеңдерін атаңыз.

4) Қола дәуірінің ескерткіштерігің таралу ареалын сипаттаңыз.

5) Ә. Марғұлан –  қола дәуірін зерттеуші ретінде

6) Таңбалы тас – қола дәуірінен қалған ескерткіш, Қазақстанның  

    жеті кереметінің бірі

7)Қола дәуіріндегі діни тұрмыс, наным-сенім және өнер

8) Қола дәуірінен қалған қала – Арқайым: сипаты