лекция 10

лекция 10

ДӘРІС 10. ТӘҢІРШІЛДІК – КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ  ДІНІ

 

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):

1. Тәңіршілдік: генезисі, мәні.

2. Тәңіршілдіктің  діни рәсімдері.

Тәңіршілдік – монотеистік сипаттағы діни жүйе. Ол бір құдайды мойындайды және орталықтанған қаған билігінің, түрік империясының, кейіннен қағанаттардың идеологиясы ретінде қызмет еткен.

 Тәңірге табынудың идеялық негізі - табиғат заттары мен құбылыстарын жанды деп қарау болып табылады. Тәңіршілдік сана әр заттың иесі, жаны бар деп пайымдайды. Дүниенің барлық объектілері адам секілді, оларға сөзім мен сана тән-мыс. Тәңірге табыну алғашында дін түрінде емес, космологиялық түсініктер мен идеялардың жиынтығы ретінде, табиғи құбылыстарға мінәжат етумен байланысты пайда болады. Жеке бір халық қана тәңірге табынған десек қателік болады. Тәңірге сенудің терең тарихи тамырлары бар. Ол күллі дін атаулыдан бұрын пайда болған.

Тәңірі бейнесі б.э.д. бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған Орталық Азиядағы ең Көне мифологиялардан келіп шығады. «Тәңірі» атауының шығу тегі ғұндардың «ченли» және қытайдың «тянь», тіпті шумерлік «дингир» сөздерімен байланыстырыла қарастырылады. Бұл сөздердің бәрі бір ғана мағынаны – аспан, мәңгі көк аспан дегеңді білдіреді. Басқа құдайлардан айырмашылы Тәңірі материяланбаған, ол – рух, бүкіл тіршіліктің иесі.

«Тәңірі – құдай», - деп көрсетеді Ш.Уәлиханов. Ұлы Абай да Тәңірі ұғымын «жасаған» ретінде көп қолданған. Тәңірінің «жасаған» ұғымына айналуы VII – VIII ғасырларда Орталық Азияда Түрік қағанатының пайда болуымен тығыз байланысты. Тәңірі идеясы Түрік қағанатының билігін уағыздап, дәріптеді.

Қоршаған орта, табиғат көшпелі түрік тайпаларының тұрмыс -  тіршілігінің кезі ретінде маңызды рөл атқарды, бұған қоса олардың кәсіби қызметі, яғни малды күтіп-бағу  табиғи-климаттық  жағдайларға тәуелді болды. Сондықтан да Көне түріктердің діни наным-сенімдері  табиғатқа табынушылық сипат алды.

Тәңір – құдайдың пайда болған уақыты қай кез деген мәселе бойынша оқымыстылардың пікірі бір ізді емес, француз ғалымы Жан – Поль Ру біздің заманымыздың аз алдында десе, қытайлық тарихшылар б.з.б. V – III ғ.ғ. дейді, ал белгілі лингивист-ғалым  О. Сүлейменов Шумер ескерткіштері негізінде б.з.б. ІV мыңжылдықта пайда болған деген ойды ұсынады. Ол: «Ғайса пайғамбар туғаннан 4 мың жыл бұрын философиялық ілім ретінде қалыптасып, жер бетіндегі ең ескі ілімдер – семит және үнді-иран  діндерінің анасы болып, ежелден мысыр діндеріне елеулі әсерін тигізген тәңіршілдік», - деп жазды.

Ертетүрік дәуірінің өне бойында Тәңірге табынушылық бүкіл Евразия көшпелілері арасына тарайды.

 «Биікте Көк Тәңірі,

 Төменде қара жер, жаралғанда,

  Екеуінің арасында адам баласы жаралган», - дейтін  Күлтегін  жырының  үлкен  жазбасындағы  жыр жолдары  Көне түріктерді  Аспан және адам бір мезгілде жаралды деп түсінгендіктеріне меңзейді. Кеңістікті Жоғарғы, Орта және Төменгі әлем деп (жоғарыда – аспан  төменде – жер екеуінің арасында адам) деп бөлу көрінісі байқалады.

  Көне түріктердің мифологиясындағы ең жоғарғы сатыда бір объект - көк аспан және кұдайды білдіретін Тәңірі бар. Тәңірі құдай Көне түріктер түсінігі бойынша бірнеше сипатқа ие: а) жоғарғыны, яғни көкті көрсетеді; ә) жаратушы қызметін атқарады; б) жазалаушы қызметін де атқарады; в) еркектік бастаумен байланысты қаралады. Осыған орай, Күлтегіннің үлкен жазбасынан тағы да мысал келтірейік:

                                          «Түркі халкы:

                                         «Қырылайық, жойылайық»  десті,

                                          Ажалға жылжи бастады,

                                          Көкте түрік тәңірісі,

                                         Түріктің қасиетті жері, суы

                                          Былай депті:

                                          «Түркі халқы жойылмасын», – дейді.

  Орхон жазбалары мазмұны көрсеткендей, Тәңірі халыққа шексіз билік жүргізеді. Оның жердегі өмірін жүргізуші қағанның іс-әрекеті  де тікелей Тәңірінің тілегімен астасып жатады.

                                      Түркі халқының атақ-даңқы

                                      Өшпесін деп,

                                      Әкем қағанды,

                                      Шешем қатынды

                                      Көтерген тәңірі,

                                      Ел берген тәңірі

                                      Түркі халқының атақ-даңқы

                                      Өшпесін деп,

                                      Мені каган етіп отырғызып еді.

                                     ...Көп қолмен он екі жорық жасадым.

                                     Сөйтіп тәңірі жарылқады.

 Тәңірінің адамдарға қатысы Тоныкөк жырынан да байқалады:

                                    Соғыстық,

                                    Бізден екі-үш есе артық еді,

                                    Тәңірі жарылқағандықтан,

                                    Көп деп біз қорықпадық.

                                    ...Жеңдік.

Өзінің мәні жағынан Тәңірі монотеистік дінге жақын болды. Діни көзқарастардың дамуы барысында көк аспан сияқты Тәңірінің: барынша күрделі құдай-космос-Тәңірі-каинат  түсінігі алмастырады. Мұндай ұғымдағы Тәңірі өзіне космосты, оның кез көрінетін бөлшектерін: күңді, айды, планетаны, жұлдызды, адамды, табиғат құбылыстарын, жан – жануарды, өсімдіктерді қамтиды. Енді табиғат культі және басқа культтер, наным – сенімдер  көзқарастар барынша күрделенген Тәңірі туралы ұғымға айналады. Тәңірі әрі рух, әрі дене, әрі олардың бірлігі секілді бейнеге ие болады.

          Көне түріктер дәуіріңде «Тәңірі» сөзі бірнеше мағынада қолданылады: 1) аспан, дүние бөлігі ретінде; 2) Құдай ретінде; 3) құдайланған адам ретінде; 4) әмір етуші, әмірші. Осы политеистік мәнде Тәңірі аспанда, жерде, суда, тау мен жануарлар әлемінде де болса керек. Қазақтарда: «Көк тәңірі», «Жер тәңірі», «Аң тәңірі», «Су  тәңірі», «Құс тәңірі» деген  ұғымдар сақталған. Барлық сөз тіркестерінде «тәңірі» сөзі «бұйырушы», «құдай», «билеуші» деген мағынаны білдіреді.

          Көне түріктердің түсінігі бойынша жердегі өмірмен байланысы бар көк аспанның негізгі атрибуттары бұлар күн мен ай болған. Енисейлік құлыптас ескерткіштерде «көк аспандағы күн мен айды жоғалттым» деген сөздер жиі кездеседі. Орхон түріктері күнге қарап бағыт – бағдарды  айқындаған.

          Тәңірі бейнесі түркі тіддес халықтардың ғана рухани мұрасы емсс, ол — Орталық Азиядағы барлық халыққа ортақ дүние. Тәңіршілдік дінінің терең даналығы сонда, ол адамды кемсітпейді, қайта адамды ерлікке, жақсы іске қарай ынталандырады. Ұмай ертедегі Орталық және Орта Азияны мекендеген көшпелі түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке молшылық құдайы болған. Бұл әйел құдай Көне түрік қорымдарында (пантеонында) ғарыш құдайы Тәңірден кейін екінші орын алған. Көне түріктердің ғұламасы Тоныкөкке арнап қойылған ескерткіште мынадай жолдар бар: «Бізді дәйім жебеп жүрген Тәңірі ием, Ұмай анам мен жер – суым».

          Көптеген түрік халықтары тілінде де «Ұмай» мен «ұма» сөзі мағыналас. Олар баланың орны, жатыр, құрсақ мағынасында қолданылады. «Ұмай» сөзінің төркіні алтайша емген (ана), сахаша бие деген мағынаны береді.

          Сонымен Көне түркілердің ұғымында Тәңірі аспандағы ер рөлінде көрініп, Ұмай  –  Жер-ана болып қабылданған. Көне түріктердің Ұмай анаға табынуы Күлтегін, Тоныкөк жырларында байқалады. Мұнда қағанның әкесі Тәңірге, анасы Ұмай анаға теңестіріледі.

          Көне түріктер ұғымында Отан сөзі қасиетті Жер – су  деп беріледі. Жер – су  культіне байланысты түркілер таудың  жартастың, өзен-көлдердің рухына сиынған.

Осы дәріске арналған сұрақтар:

1.«Тәңір» ұғымы.

2.Тәңіршілдік: генезисі, мәні.

3.Тәңіршілдіктің  діни рәсімдері.

4. Көк аспанның негізгі атрибуттары

5. Қасиетті Жер-Су, Ұмай ұғымы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1        Ақатаев - С.  Күн мен көлеңке. Ғылыми - танымдық аңсар. – Алматы, 1990.

2        Аджи М. Тайна Святого Георгия. – Алматы, 1997.

3        Аджи М. Полынь половецского поля. –  М.,   1994.

4        Агелеуов Г.Е. Йол – Тенгри бог пути в миротворчестве древних тюрков // Военное искусство кочевников. – С. 101-104.

5        Аюпов Н.Г. Тенгрианство. Учебное пособие. – Алматы, 1998.

6        Древнетюркский словарь. - Л., 1969.

7        Дыренкова Н.П. Умай в культе турецких племен // Культура и письменность Востока. Баку, 1928. - С. 136

8        Зия Гөкалп. Түрікшілдік негіздері // Жас Түркістан. – 1998. – № 2.

9        Зуев Ю.А., Агелеуов Г.Е. буд – Тенгри – божество древнетюркского пантеона // Военное искусство кочевников Центральной азии и Казахстана. Алматы, 1998. – С. 106-112

10    Күлтегін // Көне дәуір әдебиеті. – Алматы, 1991.

11    Кляшторный С. Г. Мифологические сюжеты в древнетюркских памятниках // тюркологический сборник. –  М.,   1981.

12    Мифологический словарь. –  М.,   1990.

13    Сүлейменов О. Аз и Я. – Алматы,1992.

14    Стеблева И.В. К реконструкции древнетюркской религиозно – мифологической системы // Тюркологический сборник. – М., 1972.

15    Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985.