лекция 9

лекция 9

ДӘРІС 9. КӨНЕТҮРІКТІК МЕМЛЕКЕТТЕРДЕГІ ЕЛ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):

1. Көне түріктердің ел басқару дәстүрі.

2. Көнетүріктік  мемлекеттердің қоғамдық идеалдары және социомәдени

     құрылымы.

3. «Мәңгілік ел» идеясы

4. Көне түріктердің құқықтық жүйесі.

«Түрік елі» (түрік будын) деген атау көне түркі жазба ескерткіштерінде көшпелі держава атауын білдірген.

«Күлтегін» жырында:

«Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім – Бумын қаған, Істемі қаған отырған, – делінеді.    

          551 ж. Бумын қаған бастаған түріктер жуан-жуандарды жеңіп, Түрік қағанатының негізін салды. Сол үшін ол «Елхан» деген атаққа ие болды.

Қытай жылнамасы «Таншуда» Көне түріктердің заң жүйесі жайлы былай делінеді:

«Олардың қылмыстық зандары бойынша:

-Бүлік шығарғандар, сатқындық істегендер, кісі өлтіргеңдер, әйел зорлағаңдар, сәйгүлік ұрлағандар өлім жазасына кесіледі.

-Төбелесіп, біреуді майып қылғандар, салған жарақатына қарай жазаланады.

-Көз шығарғандар қызын беруге тиіс, қызы жоқ болса, әйелінің мүліктерін береді.

-Дене мүшелерінің бірін майып қылғандар жылқы төлеуге тиіс.

-Ат және басқа заттарды ұрлағаңдар оның құнын он есе төлеуге тиіс».

         Түрік кағанатының территориясы 552-560 жж. (Істемі, Қара Еске, Таспар, Мұқан және т.б. қағандар тұсында) Солтүстік Қытайдан Қара теңізге дейінгі ұлан- байтақ жерді алып жатты. Оның негізін Алтай мен Орталық Азияның түрік тілдес тайпалары құрады.

          Еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы идея көне түрік дәуірінен бастау алады. Елтеріс Құтлық қаған Екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін (682 ж.) Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда. «Күлтегін» ескерткішінде: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті Жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» – деген жолдар бар. Көне түріктер бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпеуін, мәңгі сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. 

 «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.

Түріктік екі тасбітіктің авторы, әрі жазушы, әрі тарихшы Йоллығ-тегін тарихи материалдарды іріктеп пайдаланған. Ол – өз заманының  жаршысы. Йоллығ-тегін де, Тоныкөк те екінші Түрік қағанатының ресми ұлытүріктік, империялық «Мәңгілік Ел» идеологиясына қызмет етті және оны ұлықтап отырды.  Бұл идеологияның негізіне тұтас түрік елін қайткенде де сақтап калу идеясы жатты. Түріктердің өзіндік идеялық бағыты төл мәдениетін, дүниетанымын, әдет- ғұрпын  Қытай секілді куатты көршілердің ықпалынан, ырқынан сақтап қалу жолын іздестірді. Осы ізгі жолды, бағытты бектер мен қалың бұқараға түсіндіру үшін «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк»  жырлары жазылды. Л.Г. Гумилевтің түсіндіруінше, көне түріктер сөз куатын, сөз күшін ұғынатын, әрі қоғамдық пікір өмір сүрген қоғамды, дамыған қоғамды құра алды. Сондықтан үш жазудың үшеуі де түрік қоғамының қалың бұқарасына үндеу іспетті рөл атқарды.

Иоллығ-тегін  халыққа елдігін сақтап қалудың нақты бағдарламасын ұсына білген: «Қытайдың қол астына кірсең, түрік халқы, жоқ боласың, ал Өтүкен жерінде елдігіңді сақтап отыра берсең, мәңгі ел болып, тоқ боласың» дейді. Осылайша, Йоллығ-тегін  қытай мәдениетін, оған еліктегіш өз халқының мінез- құлқын  сынға алады.

Көне түріктердің эпиграфиялық текстері консервативтік мүддені алға тосады: кез келген әдет-ғұрыптың, саяси, әлеуметтік немесе діни өзгерістің бәрін зиянды деп  есептейді. Бұдан VIII ғ. Орталық Азиядағы түріктерге және олардың көршілеріне Қытайдың экономикалық және мәдени ықпалы күшті болғаңдығы байқалады. «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп  жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. Олар тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді.  Жақын қонып, сосын олардан әдепсіз қылықты үйренуші еді», – дейді Білге қаған. Оны Тоныкөк те куаттайды: «Бағынғаның үшін басқаға, Тәңірі сені өлімші етті. Түрік халқы қырылды. Әлсіреді, жойылды. Түрік-сір халқы жерінде тіршілік қалмады».

Тарихи мәліметтер Орхон жазбаларында асқан шынайылық тұрғысынан берілген деп есептеуге негіз бар. Себебі, ата- баба аруағын қадір тұтқан Көне түріктерде болмағанды болды деп айту, жазу бір шеті бабалар рухын сыйламаушылық болып саналса, екіншіден, әлі бұл тарихи оқиғаларды  ұмыта қоймаған көзі тірі тайпаластардың сенімсіздігін, коғамдық кері пікірін туғызып, ері осы тасбітік арналған кісінің қадірін түсіруі хақ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды»  деп түсінетін халық үшін бұндай әрекет аруақтың  қаһарына  ұшырау болып  саналар еді. Сондықтан да Көне түрік дәуірі тарихшылары тасбітіктің мазмұнына, ондағы тарихи оқиғалардың шынайылығына аса зор мән бергені өзінен-өзі  түсінікті болса керек.   

Эпиграфиялық текстердегі тарихи баяндауларда әулеттік және әскери оқиғаларға үлкен көңіл бөлінеді. Өлген кейіпкердің ерліктерін баяндау көбіне таза тарихилықтан гөрі эпикалық нақышта беріледі: «Табғаш, Оңтұтықтың бес мың әскері келді, соғыстық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Оңтұтықтың  қарулы басшыларымен қолға түсірді. Қарулыларды қағанға еншіледі. Ол әскерді сонда талқандадық».

Көріп отырғанымыздай, жеке батырдың ерлігі қысқа, нұсқа, әрі қарапайым тұрғыда  айтылған. Әйтсе де осы әскери оқиғалардың саяси және экономикалық негіздермен байланысы жоқ емес. Бәрі де түріктердің игілігі үшін болғандығын Білгенің мына сөздері аңғартады:

«Әкеміз, ағамыз құрған халықтың, аты, даңқы өшпесін деп,

Түрік халқы үшін, түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым.

Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-тіріліп  жерді ұлғайттым.

Халықты көтермек боп... көп қолмен он екі жорық жасадым.

Сөйтіп, Тәңірі жарылқады.

Бағым болғандықтан,сәті түскеңдіктен, өлімші халықты тірілттім.

Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым,

Тату елге жақсылық қылдым».

Тоныкөк болса өзінің «қызыл қанын төгіп, қара терін ағызып, күш- қуатын аямай жүріп бастаған жорықтарының нәтижесінде неге қол жеткізгенін мына жолдармен түсіндіреді: «Бүкіл түрік халқына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым».

Түріктердің тарихты түсіну философиясында екі бағыт байқалады. Бірі Қытайдан тәлім-тәрбие алған Тоныкөктің бағыты – субъективтік- идеалистік  және Иоллығ-тегіннің құдайшылдық танымы. Тоныкөк Тәңіріге сенеді, бірақ жердегі түріктердің жетістіктеріне тек мен істедім деп менмендікке бой алдырады.

Йоллығ-тегін  бәрін Тәңірі ісі деп ұғынады. Бұл жерде екі автордың өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, ойлау жүйесінде айырма бар екендігі сыр береді.

Орхон ескерткіштерінде тарихи синтез жасау әдісі арқылы кейіпкердің өмір сүрген дәуірі жайлы баян болады. Кейіпкердің өмірбаяны қоғам тіршілігімен тығыз байланыста қарастырылады және саяси контекске сәйкестеле әңгімеленеді. Мысалы, Тоныкөк өмірі саяси оқиғалар желісімен көрсетіледі. Бірінші түріктердің қытайлықтарға қарсы ірі күресі көшпелілердің  жеткілікті әзірлігі болмағандықтан басылып  тасталады, содан кейін Тоныкөк өзі қолға алып, түріктерді жеңіске бастайды.

Білге қаған мен Күлтегін әрекеттері де осылай тарихи синтез жасау әдісімен сол дәуірдің саяси, әскери және әулеттік қысыл-таяң кезендерімен, өзгерістерімен байланыста алынып жырланады.

Тарихты хронологиясыз баяндау мүмкін еместігі баршаға аян. Көне түріктердің уақытты белгілеу жүйесі олардың жазба ескерткіштерінде айқын көрініс  береді. Қазіргідей  24 сағаттық тәулік түсінігі болмағанымен, күн мен түнді айырып, бөлек санаған. Түндер ерекше жағдайда, мысалы, түнде болған маңызды оқиғаны көрсеткен кезде болмаса, есепке алынбаған.

 

Осы дәріске арналған сұрақтар:

1. Көне түріктердің ел басқару дәстүрі

2.Көнетүріктік  мемлекеттердің  әлеуметтік сипаты

3.Көнетүріктік  қоғамның құрылымы

4.Көнетүріктік  мемлекеттердің қоғамдық идеалдары және социомәдени

   құрылымы

5.Көне   түріктердің  «Мәңгілік ел» идеясы

6.Көне түріктердің құқықтық жүйесі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Войтов В.Е. Древнетюркский пантеон и модель мироздания в культурно-поминальных памятниках Монголии VI – VIII вв. – М., 1996.

Гумилев Л.H. Көне түріктер. – Алматы, 1993. 

Жумаганбетов Г.С. Проблемы  формирования и развития древнетюркской системы государственности и права. VI-XII вв. – Алматы: Жеті жарғы, 2003. 

Күлтегін Тоныкөк: Көне түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли). – Алматы: «Өлке» баспасы, 2001.

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. –  Алматы,  2002.

Сарткожаулы К. Объединенный каганат тюрков в  745-760 годах (по материалам рунических надписей). – Астана: «Фолиант», 2002. 

Сартқожаұлы Қ. Байырғы түріктердің мемлекеттілігі және басқару жүйесі // WWW.GOOGLE.COM

Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар. – Алматы: «Алматыкітап» баспасы, 2005.

 «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы. – Алматы,  2013.

Худяков Ю. С. Древние тюрки на Енисее. –  Новосибирск, 2004.