2021 жылдың 25-29 қазан аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-нің біліктілікті арттыру және қашықтықтан білім беру орталығы шағын жинақты мектеп басшылары үшін «ШЖМ-де оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру және басқару» тақырыбы бойынша қашықтықтан оқыту режимінде қазақ және орыс тілдерінде 40 сағаттық біліктілікті арттыру курстарын өткізді. Курстарда Қазақстан Республикасының 12 өңірінен шағын жинақты мектептердің 163 басшысын оқытуға мүмкіндік болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің даму стратегиясы аясында Қазақстан Республикасындағы орта білім берудің жаңартылған мазмұны жағдайында ШЖМ басшыларының біліктілігін арттыруда әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында бұл курстарды өткізу бастамасы университеттің басшылығына тиесілі.
Тыңдаушылар нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістермен танысуға; ұйымдастыру-басқару қызметін жобалауда қолдау алу; білім беру мазмұнын жаңарту аясында бағдарламаларды іске асыру үшін қажетті концептуалды және теориялық негіздерді пайдалана отырып, ББО қызметін жоспарлау алгоритмін жетілдіруге мүмкіндік алды.
2021 жылдың 29 қазанында курс қорытындысы бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Біләлов Дархан Нұрланұлы және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанбеков Хайрулла Нышанұлының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Университет басшылары тыңдаушыларды шағын жинақты мектептермен жұмыс бағыттары туралы хабардар етті, әдістемелік қолдаудың ұзақ мерзімді перспективаларына және кері байланыстың маңыздылығын түсінуге сендірді.
Өз кезегінде, мектеп директорлары БАжҚББО оқытушылары А.Ш.Орақова, Т.Б.Корнилова, М.Т.Белденбаевалардың курсты өткізудің өзектілігі мен жоғары деңгейін атап өтіп, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнымен тығыз ынтымақтастық орнату туралы тілек білдірді. Әңгіме барысында ШЖМ басшылары өз мәселелерімен бөлісіп, бірқатар қызықты ұсыныстар білдірді.
Көптеген директорлар интернеттің әлсіздігі, мұғалімдердің жетіспеушілігі салдарынан мектептердің бастан кешіп жатқан қиындықтары туралы ой бөліскен Түркістан облысы, Отырар ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы ШЖМЖОМ директорының орынбасары Ербол Нұржігітұлы Бөгенбаевты қолдады.
Болатова Зарина Асқарқызы (СҚО, «Казнаков орта мектебі») мен Аленова Галия Альбековна (СҚО, Таман мектеп-ясли-балабақша кешені) университет тарапынан одан әрі әдістемелік қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Біржан Сағынбайұлы Сапаров (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, № 6 ЖББОМ) талапкерлерді тарту мақсатында ЖОО-ның кәсіби бағдарлы ролигін құру туралы қызықты ұсыныс берді.
Курс тыңдаушылары Қ.Қайсенов атындағы орта мектептің директоры Жиналиева Гульмира Меңдібайқызының (БҚО, Бәйтерек ауданы) университет тарапынан ұзақ мерзімді қамқоршылық (патронаждық) әдістемелік қолдау көрсету туралы ұсынысын қолдады. Дөңгелек үстелде жас мамандарды мақсатты бағыттау, пәндер бойынша мұғалімдерге курстар өткізу, шағын жинақты мектептердің мұғалімдері мен оқушылары арасында байқаулар өткізу мүмкіндіктері де талқыланды.