Педагогика – білім туралы ғылым
Педагогика – білім туралы ғылым
Педагогика – жеке ғылыми пән.
Қарастырылатын сұрақтар:
1.Педагогика – білім туралы ғылым
2.Педагогика ғылымының нысаны мен пәні, ұғымдық - категориялық аппараты.
3.Педагогика ғылымының дербестігі мен ашықтығы.
4.Педагогика ғылыми білімдер аумағында
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Педагогика ғылымы және оның объектісі мен пәні. Педагогика әрекеттің ерекше түрін зерделейді. Бұл әрекет – педагог өз алдына белгілі бір мақсат қоятын болғандықтан, мақсатты бағытталған әрекет: белгілі нәрсеге үйрету және тұлғаның мынадай қасиеттерін тәрбиелеу (ізгілік, адамгершілік, өз бетінше жұмыс жасауға, шығармашылыққа қабілеті). Егер осы іске кең мағынада қарасақ, бұл – адамзат қоғамының мәңгі өмір сүретін қызметін орындау әрекеті: жаңа ұрпақтарға жинақталған әлеуметтік тәжірибені жеткізу, беру, кейде мұны «мәдениет трансляциясы» деп те атайды.
Осы негізде педагогиканы қоғамдық өмірге баулу мақсатындағы ерекше, әлеуметтік және тұлғалық себепті байланыстылық, педагогикалық мақсаттылық және педагогикалық басшылықпен сипатталатын әрекетті зерттейтін ғылым ретінде анықтауға болады. Жеке тұлғаның әлеуметтік тәжірибені меңгеруіне және өзін-өзі дамытуына бағытталған әрекеттің осы түрі педагогика ғылымының өз пәні болып табылады.
Ғылымның пәнін анықтау оның мәдени-әлеуметтік мәртебесіне бағынышты. Педагогика әлеуметтік-гуманитарлық ғылым болғандықтан, оның пәнін былайша көрсетуге болады: педагогика ғылымының объектісі болып табылатын әрекеттегі қарым-қатынастар жүйесі. Мысалы, педагогикалық ғылыми пәннің бірі – дидактикадағы оқытудағы қатынастар жүйесінде оқушы оқытудың объектісі және білім алудың субъектісі болып табылады.Дәстүр бойынша осы әрекетті тәрбие терминімен белгілеуге болар еді.
Педагогика ғылымы зерделейтін жоғарыда келтірілген әрекеттің ерекше түрін бейнелеуге өз мағынасы жағынан ең жақын тұрған түсінік – «әлеуметтендіру». Әлеуметтендіру деп өскелең адамның тұлға ретінде тарихи жинақталған мәдениетті, әлеуметтік тәжірибені меңгеруі және жасауы арқасында оның қоғамға ену үдерісі түсініледі. Педагогикаға қатысты бұл әрекетті тұлғаның мақсатты бағытталған әлеуметтенуі деп белгілеуге болады.
Педагогикада «білім беру» ұғымы мәні жағынан тәрбиеге өте жақын. Білім беру әрі қоғамдық құбылысты, әрі педагогикалық үдерісті білдіреді. Ол педагогиканың объектісін жалпы әлеуметтік нысанаға ендіреді, сондықтан педагогика ғылымының объектісі – білім беру деуге болады.Педагогика – бұл білім беру әрекетінің түрлі жақтарын зерттейтін басқа ғылымдар қатарындағы білім беру туралы арнайы ғылым. Бұл білім беруді өзінің құрамдас бөліктерімен бірлікте қарастырып зерттейтін, өзінің зерттеу объектісі ретінде санайтын бірден –бір ғылыми пән.
Педагогиканың ұғымдық аппараты. Әрбір ғылымның пайдаланатын ұғымдары мен түсініктерінде жинақталған білім көрініс табады. Барлық ғылыми ұғымдар негізінен екі топқа бөлінеді: философиялық және жеке ғылымилық, яғни ерекеше сол ғылымға ғана тән. Одан басқа да ұғымдардың ерекше тобы - жалпы ғылымилық ұғымдарды бөліп қарастырылады. Педагогика барлық осы топтарға жататын ұғымдарды қолданады.
Педагогикадағы философиялық ұғымдар. Философиялық ұғымдар болмыстың ең жалпы белгілері мен байланыстарын, жақтары мен қасиеттерін көрсетеді, педагогика мен оның зерделейтін болмыс бөлігінің даму заңдылықтары мен үдерістерін түсінуге көмектеседі. Педагогиканың объектісі туралы «әлеуметтену» сөзін және теория туралы немесе «мән» және «құбылыс», «жалпылық» және «бірлік» сияқты ұғымдарды қолданбай педагогиканың объектісі туралы айтуға болмайды. Мұндай ұғымдар қатарына «қарама-қайшылық», «себеп және салдар», «болмыс», «сана», «практика» сияқты ұғымдар жатады.
Педагогиканың өз ұғымдары. Оларға жататындар: «педагогика», «тәрбие», «педагогикалық әрекет», «педагогикалық болмыс», «педагогикалық өзара әрекеттестік», «педагогикалық жүйе», «білімдік үдеріс» , «оқыту мен білім алу», «оқу пәні», «оқу материалы», «оқу жағдаяты», «оқыту әдісі», «оқыту тәсілі», «мұғалім», «оқушы», «сабақ» және басқалар. Бұл барлық ұғымдар өзара байланысты, өздері көрініс табатын болмыстың құбылыстары сияқты олар жылжымалы және икемді. Ғылыми және практикалық жұмыс барысында олардың мазмұны қайта ойластырылады, байиды. Білім берудің анықтамасын басшылыққа ала отырып, білім үдерісін құрайтын екі негізгі құрамдас бөліктер – тәрбие мен оқыту туралы түсініктер нақтыланады. Педагогиканың объектісінің педагогиканы оқыту мен тәрбиені біріктіретін тұтастық деп қарастыратын анықтамасы негізге алынады. Екеуінің де жалпы мақсаты - адамдарды қоғам өміріне баулу, яғни, жоғарыда көрсетілгендей, адамды мақсатты-бағытты әлеуметтендіру.
Педагогиканың пәні оның объектісінде пайда болған қатынастар педагогика ғылымдарының жүйесін құрайтын педагогикалық пәндер қатарын анықтауға негіз болады. Солардың ең бастысы – дидактика. Ол оқыту мен білім алу арасындағы алдын ала ойластырылған, жасалған оқу жағдаяттарымен белгіленеді. Тәрбие теориясы қарастырып отырған тәрбиелік қатынастар өмірмен тікелей байланысты, ал тәрбиенің өзітікелей және сырттан келетін әсерлерге ашық жүйені құрайды.
Тәрбие әдістері арқылы берілетін мазмұн ерекше. Оны былайша анықтауға болады: адамның әрекеттерінің түрлерінің жиынтығы ретінде бұл әрекет шындығында іске асатын шарттармен бірлікте қарастырылатын өмір бейнесі. Басқа сөзбен айтқанда, бұл күнделікті өмір динимикасын көрсететін және тұлғаның өзін іске асыру үдерісі.Оқытудың мазмұндық жағы сөз болғанда, шындық болмыс ойластырылған, «кристалданған», екшеленген әлеуметтік тәжірибе ретінде қарастырылады. Бұл болмыс бүгін және осы жерде қазіргі уақыттың тілімен айтсақ, тәрбие мазмұнын құрайды. Әлеуметтік тәжірибені меңгеру өмірге тұлғаны енгізудің алғышарттары болып табылады: тәрбие шарты - оқыту.
Айтылған айырмашылықтарды түсіну педагогиканың бұл ұғымдарын дұрыс түсіну, сондай-ақ, тәрбие және оқыту теориясы, дидактикалық зерттеулер беретін білімдерді тиімді пайдалану үшін қажет. Сондай-ақ, педагогика үшін аса маңызды «өздігінен білім алу» және «өзін-өзі тәрбиелеу» ұғымдары тағы бар. Белгілі бір мағынада білім беруді өздігінен білім алуға даярлық, ал тәрбиені өзін-өзі тәрбиелеуге даярлық деп түсіну қажет.
Жалпы ғылымилық ұғымдар. Ғылымның дамуы ғылыми білімнің саралануы мен кірігуінің өзара байланысты үрдісімен сипатталатыны бәрімізге мәлім. Ғылымдардың жақындасу үдерісі, кешенді тәсілді қолдану көптеген жеке ғалымдарға тән, бірақ философиялық ұғымдардан ажыратылатын түсініктердің пайда болуына ықпал етті. Бұндай интегративті сипаттағы ғылыми негіздеме бірнеше пәндердің әлеуетін біріктіретін түсініктер педагогикада да кеңінен қолданылуда. Осы уақытта іргелі зерттеу жүргізу мұндай жалпы ғылымилық «жүйе», «құрылым», «әрекет», «әлеуметтік», «оңтайлылық», «жағдай», «ұйымдастыру», «болжам», «деңгей» және басқа да түсініктерсіз мүмкін емес.
Терминологиядағы жалпы мен ерекшенің бірлігі. Жалпы ғылыми түсініктерді педагогиканың пәніне қатысты ойластырғанда, педагогиканың терминологиясы «педагогикалық болмыс», «педагогикалық жүйе», «білімдік үдеріс», «педагогикалық өзара әрекеттестік», сияқты сөз тіркестерімен байиды. Олардың қысқаша сипаттамасы төмендегідей.
Бұл жалпы ғылымилық ұғымдар аясында жоғарыда көрсетілген үш түсінікті қарастырамыз.
Жүйе дегеніміз - бір өзгеріске ұшыраса, басқалары да өзгеретін өзара байланысты элементтердің тұтас кешені.
Зерделенетін объектіге жүйелі тәсілді қолдануды анықтау есепке алынатын жүйенің ең қажетті сипаттамасы: құрамы (оған енетін элементтер жиынтығы), құрылымы (олардың арасындағы байланыс) және әрбір элементтердің қызметі, оның жүйедегі рөлі мен маңызы. Өз кезегінде жүйенің элементі басқа бір кең жүйеге оның бөлігі ретінде енуі мүмкін.
Философиялық тұрғыдан әрекет мазмұны әлемді өзгерту мен қайта құру болып табылатын адамның өзін қоршаған әлемге белсінді қарым-қатынасы. Адам әрекетінің жеке түрлері - өндірістік, экономикалық, ғылыми-этикалық, педагогикалық әрекеттер кеңірек жүйенің, мысалы, қоғамды тұтас алсақ, соның бір кіші жүйесі болып табылады. Сонымен, жүйелілік және әрекеттік тәсілдер бірігеді де, қоғамдық әрекетке, жеке алғанда ғылыми және педагогикалық әрекетке жүйелілік-әрекеттік тәсіл қолданылады.
Енді тек мұғалім жұмысымен шектелмейтін «педагогикалық әрекет» ұғымы мазмұнын нақты анықтауға болады. Жалпы әлеуметтік мағынада, өндірістік, саяси, эканомикалық және т.б. әрекеттерімен қатар әрекеттің бұл кіші жүйесінен құралатын осындай әрекет адамдарды қоғам өміріне қатысуға үйрету қызметін атқарады. Тұтас педагогикалық әрекет жүйесін құрайтын әрекеттің келесі түрлері былайша ажыратылады:практик-педагогтардың жұмысы; әкімшілік әрекет; білімдік үдерісті ұйымдастырушы; ғылыми-зерттеу әрекеті; педагогика ғылымы нәтижелерін практикаға жеткізу. Жүйе және әрекет туралы айтылғандардың барін есепке алсақ, педагогикалық әдебиеттерде жиі қолданылатын «педагогикалық жүйе» терминін түсінуге мүмкіндік туады. Бұндай жүйе өзінің құрамына, яғни оның элементтерінің мазмұнына байланысты нақты толықтырылады: оқытудың ұйымдастыру формалары немесе әдістері, білім мазмұнының элеметтері жүйесі, әдістемелік жүйе, тәрбие жүйесі және т.б. Бұл жүйені жасаушыға немесе оның зерттеушісіне қойылатын басты талап - оны жүйелілік тәсіл тұрғысынан сипаттай білу, құрамын, құрылымын және қызметтерін нақты белгілеу.
Педагогика кез келген ғылым сияқты объективті болмысты бейнелейді. Сондықтан, педагогикалық болмысты педагогиканың әрекет аспектісінде ғылыми қарастыруға алынған болмыс деп анықтауға болады.
Жүйе және әрекет туралы түсініктер мен «білім беру үрдісі» түсінігі арақатынасын қарастыру керек. Үдеріс - жүйенің күй жайының ауысуы,демек, білім беру үдерісі - әрекет ретінде білім беру жүйесінің күй-жайының ауысуы. Сондықтан, педагогикалық (білімдік) әрекет және педагогикалық үдеріс - екеуі бір нәрсе емес. Педагогикалық үдеріс – қозғалыстағы, дамудағы әрекет. Тек оны ойша ғана тоқтатып, педагогикалық әрекеттің бөліктері талдауға болады. Енді бір маңызды ұғым «педагогикалық өзара әрекеттестік», практикалық педагогикалық әрекеттің мәнді белгісі – оның екі жақты сипатын бейнелейді. Бұл қасиет арқылы педагогикада мақсат қоюмен және басшылық етумен байланыстының бәрін сипаттайды. Ең соңында педагогикалық зерттеулерде іргелес ғылымнан алынған ұғымдарды бөліп көрсетуге болады: психология («қабылдау», «меңгеру», «ақыл-ойдың дамуы», «еске сақтау», «іскерліктер», «дағдылар»), кибернетика («кері байланыс», «динамикалық жүйе»).
Математика, физика немесе логика сияқты ғылымдардан өзгеше педагогика негізінен жалпы қолданыстағы сөздерді пайдаланады. Бірақ сөздер ғылыми айналымға түскен соң, табиғи тіл сөздері ғылыми терминнің өзіндік қасиетіне – осы саланың ғалымдары бірдей ұғынатын бір мағыналық қасиет алады. Сөз ғылыми терминге айналғанға, ол үлкен ғылыми еңбектің көрінісі болып табылады.
Педагогика басқа ғылымдармен тығыз ынтымақтастықта дамыды. Ол үнемі өзінің ғылыми құрал-жабдықтарын, ғылыми аппаратын басқа ғылымдардағы ғылыми аппаратпен, әдіс-тәсілдермен салыстыруға мүмкіндігі болды. Педагогика нақты теориялық және қолданбалы жасалымдарға қажет жалпы ғылымилық негіздерді өңдеп, терең зерделеп отырды. Педагогиканың жалпы ғылымилық негіздері оның көпғасырлық болмысында мәнді өзгерістерге ұшырады. Демек, педагогика үшін заманауи сұрақ: бүгінгі күні педагогиканың жалпы ғылымилық базасы қандай?
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша сұрақтар
1.Педагогика ғылымының объектісі мен пәнін нақтылаңыз.
2.Педагогиканың ұғымдық аппаратын сипаттаңыз.
3. Педагогикадағы филиософиялық және жалпы ғылымилық ұғымдар жүйесін түсіндіріңіз.
4.Ғылым философиясы тұрғысынан білім берудің мақсаттарының және оның субъектілерінің дамуына өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
5.Педагогиканың ғылым философиясы тұрғысынан даму генезисін қалай пайымдар едіңіз?