ДӘРІС 12. ГЕОДЕРЕКТЕР БАЗАСЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ. ГЕОДЕРЕКТЕРДІ ЭКСПОРТТАУ / ИМПОРТТАУ
ДӘРІС 12. ГЕОДЕРЕКТЕР БАЗАСЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ. ГЕОДЕРЕКТЕРДІ ЭКСПОРТТАУ / ИМПОРТТАУ
Дәрістің мазмұны
1. Геодеректер базасын құру және басқару
2. Деректер базасын басқару жүйесі
3. Геодеректерді экспорттау / импорттау.
Геодеректер базасын құру және басқару. Бұл топтың функцияларының ерекшелігі координаталық жүйелерді, кеңістіктік модельдерді және аумақтарды картаға түсіру масштабын ескере отырып, мәліметтерді позициялауды ұйымдастыруымен көрінеді. Мұндағы ең маңызды функцияларға:
- еркін түрде жасалатын нысандардың сипаттамасын қамтамасыз ететін ГАЖ үшін ішкі деректер моделін орнату;
- координаттық жүйелерді қолдану арқылы аумақты көп деңгейлі (масштаб бойынша) ұсынуды қамтамасыз ету;
- ақпараттың сапасы туралы деректерді енгізу, оның ішінде шығу көзі, деректердің дәлдігі, нақтылығы және толықтығы (оның ішінде нысан бойынша);
- растрлық деректерді парақтар бойынша немесе аумақтың учаскелері бойынша енгізу және ұйымдастыру (іріктеу, біріктіру);
- векторлық деректерді енгізу және ұйымдастыру (жинақтау, салыстып тексеру, біріктіру – геометриялық іргелес нысандарды интерактивті немесе автоматты түрде қосу, немесе бөлінген, клиппирлеу, нүктелерді қосу және/немесе алып тастау);
- атрибуттық деректерді енгізу және өзгерту (идентификаторларды өзгерту, кодтарды біріктіру);
- локализация түрі, тақырыбы, нысандардың класстары бойынша деректер массивтерін ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
- деректер базасының жобаларын қолдау (белгілі бір кеңістіктік мәселені шешу үшін белгілі бір аумақтағы мәліметтер жиынтығы);
- дәйекті, тікелей және деректерге қол жеткізу кілтін қолдау;
- атрибутивті деректер мен позициялау деректерінің байланысын басқару;
- деректерді жаңартуды қамтамасыз ету (қосу, жою, өзгерту);
- деректер қорының транзакцияларын бақылау мүмкіндігі;
- деректер базасында оқу/жазу өкілеттіктерін белгілеу мүмкіндігі;
- деректер базасын қарау;
- апаттық жағдайлардан кейін дерекқорды қалпына келтіру мүмкіндігі.
Геодеректерді басқару деректер базасын басқару жүйесі арқылы орындалады. Деректер базасын басқару жүйесі (ДҚБЖ) – бұл мәліметтер базасын құру мен пайдалануды басқаруды қамтамасыз ететін жалпы немесе арнайы мақсаттағы бағдарламалық және лингвистикалық құралдардың жиынтығы.
ДҚБЖ негізгі функциялары:
- сыртқы жадтағы деректерді басқару (дискілерде);
- диск кэшін (жылдам қол жеткізу жады буферін) пайдаланып жедел жадтағы деректерді басқару;
- журналды өзгерту, резервтік көшірме жасау және сәтсіздіктерден кейін дерекқорды қалпына келтіру;
- деректерді басқару тілдерін қолдау (деректерді анықтау тілі, деректерді басқару тілі).
Геодеректер базасын құру ГАЖ бағдарламасында растрлық және векторлы модельдерді құру арқылы жүзеге асырылады. Олар ГАЖ бағдарламасында нақты бір стандартты форматтарда жеке немесе файлдық деректер базасында немесе қолданушы тарапынан ашылған папкаларда сақталады және құралдар көмегімен басқарылады.
Геодеректерді экспорттау / импорттау. Деректерді экспорттау және импорттау функциялары ГАЖ-дың басқа ақпараттық жүйелермен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етуге арналған.
Іс жүзінде бұл топта үш негізгі функция бар:
- басқа жүйе форматтардағы бірқатар сыртқы деректерден ішкі ГАЖ форматына айырбастау/конвертациялау (деректерді экспорттау);
- ГАЖ-дың ішкі форматынан деректерді басқа жүйелер форматтарындағы деректерге айырбастау (деректерді импорттау);
- жалпы (іс жүзінде стандартты) халықаралық алмасу форматтарын қолдау.
ГАЖ-да экспортталатын және импортталатын деректерді растрлық деректер және векторлық деректер деп 2 топқа бөлуге болады.
Растрлық деректер ГАЖ-ға сандық камералардан, сканерлерден немесе басқа көздерден алынған дайын файлдар түрінде импортталады. Көптеген ГАЖ-да растрлық суреттерді өңдеуге арналған құралдар бар. Растрларды қолдану үшін олардың кеңістікте байланған болуы шарт.
Векторлық деректер қазіргі барлық ГАЖ-да жасалады және олар белгілі бір форматта экспортталады немесе немесе бұрын басқа ГАЖ арқылы жасалған векторлық деректерді қолданыстағы ГАЖ бағдарламасына импорттап алуға болады.
Мысалы, ArcGIS бағдарламасында деректерді импорттау және растрлық деректерді кеңістіктің байлау ArcMap және Arccatalog қосымшаларында орындалады.
Геокеңістіктік деректер және сервистер саласындағы жетекші халықаралық ұйым - Open GIS Consortium(OGC) картографиялық web-қызметтер стандарттарынан басқа деректерді web-қызметтерден пайдаланушыларға беру үшін қолдануға болатын кеңістіктік деректер форматтарының стандарттарын жасады. Олардың ішінде Geography Markup Language (GML-Географияны белгілеу тілі), Keyhole Markup Language (KML/ KMZ), GeoPackage (GPKG), GeoRSS және т.б. айта кету керек. Алайда, деректер бұл форматта болуы міндетті емес және пайдаланушыларға кеңістіктік деректерді осы немесе басқа ГАЖ пайдаланатын форматтарда беруге болады.
ГАЖ-да жұмыс істеуге және басқа ГАЖ бағдарламаларымен деректер алмасу үшін қолданылатын негізгі векторлық файл форматтарына: Shape file, MID/MIF, FIM және SXF, DWG, GML, KML, DGN, GeoPackage, Стандартты растрлық файлдар (BMP, JPG, PCX, TIF, GIF, PNG және т.б.), ERDAS Imagine (кеңістіктік айқындығы бар IMG файлдары), GeoTIFF, Mr. SID және ECW жатады.
Жоғарыда көрсетілген форматтар ГАЖ бағдарламаларында геоақпараттарды сақтау үшін қолданылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Лайсханов Ш.У., Каймулдинова К.Д., Алиаскаров Д.Т. Геоинформатика: География мұғалімдерін даярлайтын ЖОО студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: ОНОН баспасы, 2022. – 198 б.
2. Лисицкий, Д.В. Геоинформатика: учеб. пособие / Д.В. Лисицкий. – Новосибирск: СГГА, 2012. – 115 с.
3. Кащенко Н. А. Геоинформационные системы: учебн. пос. для вузов / Н.А. Кащенко, Е.В. Попов, А.В. Чечин; Нижегор. гос. архитектур.- строит. ун-т – Н.Новгород: ННГАСУ, 2012. – 130 с.