ДӘРІС 10. ГЕОПОРТАЛДАР
ДӘРІС 10. ГЕОПОРТАЛДАР
Дәрістің мазмұны
1. Геопортал ұғымы және функциялары
2. Кеңістіктік геопорталдар
3. Тақырыптық геопорталдар
Геопортал ұғымы. Интернет қолданушылары арасында аса танымалдылыққа ие Google іздеу сервері Google Earth және Google Map картографиялық ресурстарын қолданысқа шығарғаннан бері бірнеше жыл болды. Салыстырмалы түрде аз уақыт өткеніне қарамастан, олар интернет желісіндегі визуализация және картографиялық ақпаратты басқару құралдарында төңкеріс жасады және бүкіл әлемдегі қарапайым қолданушылар арасында жаппай танымалдылыққа ие болды деп сенімді түрде айтуға болады. Мұндай ресурстар геопортал деп аталады. Ол геоақпараттық ресурстың ерекше түрі.
"Геопортал" сөзі "гео" морфемасын "портал"сөзімен біріктіру арқылы құрылған. Портал ( ағылшын тілінен аударғанда «portal - негізгі кіру, қақпа»), ақпараттық портал, интернет-портал немесе web-портал. Геопорталдар әртүрлі және бірыңғай тақырыптардағы көптеген web-қызметтер мен кеңістіктік метадеректерді жинақтауға және олардың ішінде іздеу жұмыстарын жүргізуге, оларды қарауға, алуға, жүктеуге және талдауға мүмкіндік береді. Бұл жердегі кеңістіктік метадеректер (геометадеректер) деп отырғанымыз - геопорталдарда іздеу, бағалау және қарау жұмыстарын орындауға мүмкіндік беретін олардың маңызды қасиеттері туралы стандартталған мәліметтер жиынтығы түріндегі кеңістіктік деректер.
Геопортал – бұл кеңістіктік деректерге, web-қызметтерге және басқа географиялық байланған ресурстарға бірыңғай рұқсат нүктесін қамтамасыз ететін web-сайт. Бұл геопорталдардың мәні мен бірегейлігін анықтайтын ең тар түсінік және олардың функциялары өте көп.
Геопортал функциялары. Геопорталдардың негізін оның функционалдығы қалайды. Олардың тізімінің негізі ретінде Inspire директивасының IV тарауын алуға болады. Мұнда кеңістіктік деректер жиынтығы мен онымен байланысты қызметтерге арналған желілік функциялар (немесе Web-қызметтер) бес топқа біріктірілген:
- тиісті метадеректер негізінде кеңістіктік деректер жиынтығы мен геосервистерді іздеуге және метадеректер мазмұнын көрсетуге мүмкіндік беретін іздеу қызметтері;
- кем дегенде деректерді көруге, суреттерді шолуға, оларды айналдыруға, масштабтауға және графикалық қабаттастыруға, сондай-ақ карта легендасы мен метадеректердегі тиісті ақпаратты көрсетуге мүмкіндік беретін визуализация қызметтері;
- кеңістіктік деректер жиынтығын немесе олардың фрагменттерін көшіруге мүмкіндік беретін және мүмкіндігінше деректерге тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпаратты жүктеуге арналған қызметтер;
- кеңістіктік деректер жиынтығын интероперабельділігін қамтамасыз ету мақсатында түрлендіруге мүмкіндік беретін деректерді түрлендіру қызметтері;
- басқа (қашықтағы) қызметтерді шақыруға арналған қызметтер.
Геопорталдардың іздеу функциясы және сонымен байланыста орындалатын басқа да функциялар кеңістіктік метадеректер мазмұнындағы стандарттарды негізге ала отырып жұмыс істейтін метадеректерді басқару механизмі жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Кеңістіктік мәліметтер инфрақұрылымында жеке стандарттар немесе халықаралық стандарттың ұлттық профилі пайдаланылады. Алайда, web-сервистердің интероперавельділігі (сәйкестенуі) жүзеге асыру мақсатында OGC концорциумының стандарттары жиі қолданылады.
Геопорталдарды жіктеу әдетте аумақтық және тақырыптық принциптерге негізделген:
Аумақтық қамту бойынша геопорталдар: жаһандық, ұлттық (федералды), аймақтық және жергілікті болып бөлінеді. Жаhaндық геопорталдың ең қарапайым және көпшілікке танымал мысалы Google Earth (https://earth.google.com). Жер планетасы (ағылш. Google Earth) - Google компаниясының жобасы. Жобаның аясында бүкіл жер бетінің өте жоғары анықтылыққа ие жерсеріктік (немесе аэрофото-ның кейбір нүктелерінде) суреттері интернет желісіне орналастырылды.
Сондай-ақ, қазіргі кездегі танымал ғаламдық геопорталдарға:
- GEOSS (Global Earth Observation Data) https://earthobservations.org/geoss.php;
- EARTHDATA https://earthdata.nasa.gov;
- ArcGIS Online https://www.arcgis.com;
- INSPIRE (Европа) https://inspire.ec.europa.eu;
- U.S. Geological Survey https://www.usgs.gov және т.б. кіреді
Көбінесе ұлттық және аймақтық геопорталдар ұлттық және аймақтық кешенді атластарға ұқсауы мүмкін. Сонымен қатар, олардың мүмкіндіктерінің ауқымы, әрине, дәстүрлі баспа аналогтарына қарағанда әлдеқайда кең. Ұлттық және аймақтық геопорталдарға жаңадан құрылып және кеңістіктік ақпараттармен қамтамасыз ету тетіктері жетілдіріліп жатқан Қазақстандық геопорталдарды мысалға келтіруге болады.
1. Тақырып бойынша геопорталдар: әмбебап немесе климат, көлік, төтенше жағдайлар және т.б. сияқты белгілі бір салаға қатысты мүмкін.
Тақырып бойынша геопорталдарға мысал ретінде ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің геология саласындағы Central Asian Geoportal-ын алуға болады.
Тақырыптық геопорталдардың ішінде анағүрлым танымалдарға: Жерді қашықтықтан зондтау деректерін іздеу және тапсырыс беру геопорталдарын (NASA https://data.nasa.gov, DigitalGlobe серверлері https://discover.digitalglobe.com, Роскосмос геопорталы https://kosmosnimki.ru және т.б.), Қуашылықты ғарыштық мониторингілеу геоақпараттық жүйесі http://zasuhi.gzi.kz және т.б.
Қазіргі кезде әлемде экологиялық, қоғамдық, коммерциялық, білім беру және т.б. салалар бойынша жүздеген геопорталдар құрылды. Тафт, Гарвард және Массачусетс технологиялық университеттері әлемдік геопорталдардың арасындағы ақпарат интеграциясын жүзеге асыру мақсатында opengeoportal ашық деректер алмасу жобасын құрды. Осыған ұқсас жобалар көптеген елдерде пайда бола бастады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Лайсханов Ш.У., Каймулдинова К.Д., Алиаскаров Д.Т. Геоинформатика: География мұғалімдерін даярлайтын ЖОО студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: ОНОН баспасы, 2022. – 198 б.
2. Загребин Г.И., Дворников А.В. Геопортал как средство хранения и поиска геопространственной информации в образовательной и научно-технической деятельности // Интерэкспо Гео-Сибирь. – 2016. - № 1(1). – С. 175-178.
3. Андреев С.М., Красовский Г.Я., Радчук В.В. Принципы организации геопортала на основе данных ДДЗ для управления территориальным развитием // Екологічна безпека та природокористування: Зб. наук. пр. - К., 2008. - Вип. 2. - С. 51-76.