ДӘРІС 8. МОБИЛЬДІ ГАЖ
ДӘРІС 8. МОБИЛЬДІ ГАЖ
Дәрістің мазмұны
1. Мобильді ГАЖ түсінігі
2. Мобильдік қосымшалар дүкендеріндегі ГАЖ қосымшалары
3. ГАЖ қосымшаларының функционалдық ерекшеліктеріне қарай топтастырылуы
Соңғы онжылдықта смартфондар әр адамның күнделікті өміріне мықтап еніп, қолданылуы бойынша гаджеттердің көптеген санаттарының ішінде бірінші орынға шықты. Қазіргі заманғы смартфондар фото және видео түсіру, жедел хабарламалар мен деректер алмасу, қоңырау шалу және қабылдау, бірнеше метрге дейінгі дәлдікпен нысанның орнын анықтау, интернетке тұрақты қол жеткізу арқылы сан-түрлі ақпараттарды алу және тағы басқа көптеген функцияларды орындайды. Жыл сайын смартфондардың техникалық мүмкіндіктерінің артуымен бірге, пайдаланушылардың оларға деген сұранысы да өсіп келеді. Бұл смартфондарға арналған әртүрлі бағдарламалық қосымшалардың пайда болуына тікелей ықпал етті.
Қосымшалардың мыңдаған түрлерінің ішінде соңғы жылдарда танымалдыққа ие болған геоақпараттық жүйелерді ерекше атап өткен жөн. Қалалардың үнемі кеңеюі мен қарқынды динамикалық дамуына байланысты адамның қоршаған ортаның өзгерісін бақылау мүмкін болмай қалады. Бұл жағдайда бейтаныс жерлерді жылдам шолуға және жергілікті жерді бағдарлауға мүмкіндік беретін және географиялық нысандар туралы ең толық, дәл және өзекті геоақпараттарды қамтитын мобильді ГАЖ қосымшалары көмекке келеді.
Мобильді ГАЖ – бұл кеңістіктік деректерге қол жеткізуге, өңдеуге, талдауға және графикалық түрде визуализациялауға арналған, жергілікті жердегі мәліметтермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мобильді құрылғыларға арналған геоақпараттық қосымшалар.
Мобильді ГАЖ-дың маңызды ерекшелігі – кез-келген уақытта және кез-келген жерде кеңістіктік және атрибуттық ГАЖ деректеріне қол жеткізу мүмкіндігінің болуы. Тағы бір ерекшелігі – қазіргі заманғы мобильді ГАЖ GPS датчиктердің көмегімен кеңістіктегі орнын анықтап, оны сандық картада көрсете алады.
Қазіргі кезде, iOS; Microsoft Windows; Mac OS X (iTunes) операциялық жүйелеріне арналған «App Store» және Android операциялық жүйесіне арналған «Google Play» мобильдік қосымшалар дүкендерінде жүздеген Мобильді ГАЖ қосымшалар бар. Оларға шолу арқылы Google Play-де 250-ге жуық ГАЖ қосымшалары, ал App Store-да 150-ге жуық ГАЖ қосымшасы бар екендігін аңғаруға болады. Олардың ішінде тегін жүктеуге болатын кейбір қосымшалар туралы ақпарат төменгі кестеде келтірілген (кесте).
Кесте - «App Store» және «Google Play» мобильдік қосымшалар дүкендеріндегі ГАЖ қосымшалары
Топтамасы |
Қосымшаның атауы |
Мобильдік дүкендерде бар болуы (+ бар; - жоқ) |
|
Google Play |
App Store |
||
Жол-навигациялық мобильді қосымшалар |
Google Maps |
+ |
+ |
Maps.me |
+ |
+ |
|
Яндекс карты |
+ |
+ |
|
2GIS(2ГИС) |
+ |
+ |
|
Яндекс.Навигатор |
+ |
+ |
|
Шолу және зерделеуге арналған мобильді қосымшалар |
GIS Surveyor |
+ |
- |
Locus GIS |
+ |
- |
|
GIS Mapper |
+ |
- |
|
MapltFast |
+ |
- |
|
Mapit GIS |
+ |
- |
|
ArcGIS QuickCapture |
+ |
+ |
|
Land Map |
+ |
+ |
|
Шолғыш Виртуалды глобустар |
Google Earth |
+ |
+ |
ArcGIS Earth |
+ |
+ |
|
3D Earth |
+ |
+ |
|
Картографиялық-навигациялық мобильді қосымшалар |
GPS Fields Area Measure |
+ |
+ |
UTM Geo Map |
+ |
- |
|
Компас 54/55 |
+ |
+ |
|
P.L.A.N.I.T. |
- |
+ |
|
GIS4Mobile-X |
+ |
+ |
|
GPS-бақылауға арналған мобильді қосымшалар |
Satellite Tracker - Спутники |
+ |
+ |
CityBus |
+ |
+ |
|
Самолеты Live: Радар самолетов |
+ |
- |
Жоғарыда атап өткеніміздей, мобильді ГАЖ қосымшаларының түрлері өте көп. Пайдаланушылар оларды қалауына қарай смартфондарына жүктеп пайдалана алады. Смартфондарға арналған қосымшалар дүкендеріндегі ГАЖ қосымшаларын функционалдық ерекшеліктеріне қарай былай топтастыруға болады:
1. Жол-навигациялық мобильді қосымшалар мекен-жайды немесе нысандарды іздеу; нысандар туралы қысқаша ақпарат алу, автомобильде, автобуста, таксиде, велосипедте және жаяу жүру арқылы мекен-жайға жеткізу маршрутын көрсету, жол кептелісін көрсету, нысандарды белгілеу, нысанның кординатасын анықтау және т.б. қызметтерді онлайн және офлайн режимдерінде орындай алады.
2. Шолу және зерделеуге арналған мобильді қосымшалар жер үстілік түсірілімдердің бақылау нүстелерін белгілеу, мәліметтер енгізу, ауданды есептеу, арақашықтықты өлшеу, GPS-трекерлерді іске қосу арқылы маршрут сызу және т.б. қызметтерді ұсына алады.
3. Шолғыш виртуалды глобустар веб-көріністер мен әртүрлі сервистеріне жүгіне отырып, 3D форматта әлемнің бірнеше тақырыптық карталарын әртүрлі масштабтарда көрсетеді, KML немесе KMZ форматтарда жеке файлдарды глобусқа енгізу және қарау, белгілерді қою, нысандарға шолу жасау және т.б. жұмыстар жасауға мүмкіндік береді.
4. Картографиялық-навигациялық мобильді қосымшалар. Нысандардың орналасуын анықтау, координаттарды тіркеу, ауданы мен қашықтықты өлшеу, копуспен бағдарлау, азимут бұрышын өлшеу, жердің биіктігін өлшеу, контурларды сызу сияқты функцияларды немесе осылардың бірнешеуін орындай алады.
5. GPS-бақылауға арналған мобильді қосымшалар GPS датчиктері орнатылған жердің жасанды серігі, автобус, пойыз және т.б. қозғалмалы нысандарды бақылауға арналған.
Кейбір картографиялық сервистер немесе геопорталдарға ұқсас мобильді қосымшалар бар. Мысалы, Google Earth ғаламдық геопорталының орнына шолу және зерделеу жұмыстарында ArcGIS Earth мобильдік-ГАЖ қосымшасын қолдануға болады (сурет).
ArcGIS Earth мобильдік-ГАЖ қосымшасында Imagery, OpenStreetMap, National Geograrhy, Топографиялық, Жер бедері, Ғарыштық және т.б. тақырыптық қабаттардағы жер және оның географиялық нысандары туралы мәліметтер бар. Қосымша арқылы әртүрлі ғаламдық және тақырыптық геопорталдардың карталарын пайдалануға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Лайсханов Ш.У., Каймулдинова К.Д., Алиаскаров Д.Т. Геоинформатика: География мұғалімдерін даярлайтын ЖОО студенттеріне арналған оқулық. – Алматы: ОНОН баспасы, 2022. – 198 б.
2. Мобильные ГИС. URL: https://sovzond.ru/services/gis/mobile/
3. Заблоцкий В.Р Мобильные ГИС – новое направление развития геоинформационных систем // International journal of experimental education. – 2014. – С. 22-23
4. Драч В.Е., Родионов А.В., Чухраев И.В., АЛеченкова И. ГИС-Приложение, интегрированное с социальными сетями // Вопросы радиоэлектроники. - 2016. - № 2. - С. 13-16.