ДӘРІС 1. ГЕОИНФОРМАТИКА ПӘНІНЕ КІРІСПЕ. «ГЕОИНФОРМАТИКА» ҰҒЫМЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДЫҚ-ТҮСІНДІРМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

ДӘРІС 1. ГЕОИНФОРМАТИКА ПӘНІНЕ КІРІСПЕ. «ГЕОИНФОРМАТИКА» ҰҒЫМЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДЫҚ-ТҮСІНДІРМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

Дәрістің мазмұны

1.     Геогинформатика ғылымы және оның қалыптасуы

2.     «Геоинформатика» анықтамалары

3.     Геоинформатиканың ғылым мен өндіріс салаларымен байланысы

 

Геоинформатика – ғылымның жаңа, тез дамып келе жатқан саласы. Көптеген ғалымдардың пайымдауы бойынша, геоинформатика геоматиканың құрамдас бөлігі болып табылады немесе онымен объективті және әдістемелік түрде жанасады. Геоматика дегеніміз - деректерді өңдеу және геожүйелерді талдау үшін ақпараттық технологияларды, мультимедиа мен телекоммуникация құралдарын қолдану жиынтығы. Кейде геоматика геоинформатиканың синонимі ретінде қолданылады.

«Гео» префиксі барлық осы сөздерде (геоинформатика, геоматика, геоақпараттық жүйе (ГАЖ) "география" сөзінен емес, геос - жер сөзінен шыққан; бұл префикс кеңістікті (геос - кеңістіктің сипаттамасы), кеңістіктік байланған деректермен, яғни, геоақпараттармен жұмыс жасауды білдіреді. Ал, «информатика» термині 1960 жылдары Францияда ақпаратты автоматтандырылған өңдеумен айналысатын аймақты атау үшін қолданылған, француздың «information» (ақпарат) және «automatique» (автоматика) сөздерінің қосылуынан пайда болды.

Геокеңістік - бұл бізді қызықтыратын кеңістік қасиеттері бар табиғи және техногендік сипаттағы географиялық нысандардың, табиғи құбылыстардың, техногендік және табиғи процестер мен оқиғалардың (үстінде, астында) аумақтағы жиынтығы.

ГАЖ-да таза геоақпараттардың үлесі онша үлкен емес және бұл жүйедегі деректерді өңдеу технологиялары географиядағы кеңістіктік деректерді дәстүрлі өңдеумен кейде сәйкес келе бермейді.

Адамзат дамуының бүкіл тарихы 3 кезеңге бөлінеді:

-       6000 жылға созылған аграрлық кезең;

-       150 жылды қамтыған өндірістік (индустриалды) кезең;

-       ХХ-ХХІ ғасырлардың тоғысында қалыптасып, қазірге дейін жалғасып жатқан ақпараттық кезең.

Америкалық футуролог Элвин Тоффлер өз ғылыми еңбектерінде бұл кезеңдерді (дәуірлерді) толқын ретінде қарастырады. Ғылым мен техниканың қоғам өміріндегі терең өзгерістерге алып келетін серпілісін Тоффлер толқын ретінде сипаттайды. Ауыл шаруашылығы саласының дендеп енуі, оның дамуы бірінші толқын болса, өнеркәсіптік революция екінші толқынға негіз болды. Толқын біртіндеп «домаланып», планетадағы  іргелі өзгерістерге алып келеді. Білім мен ғылым дамыған сайын толқындар арасындағы кезеңдер біртіндеп қысқарады.

Тоффлер аграрлық бірінші толқын көне дәуірден басталып, XVIII ғасырға дейін, екінші өнеркәсіптік толқын - индустрияландырудан кейінгі үшінші толқынның орнын баса бастаған ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін созылды деп санайды. Тоффлердің айтуынша, үшінші толқын 2025 жылға қарай толығымен екіншісін алмастырады.

Бұл қазіргі кездегі адамзат өркениетінің дамуындағы негізгі фактор - ақпараттық ресурстардың зор маңызға ие болғанын, яғни ақпарат адам қызметінің барлық түрлерінің негізгі бөлігі болып қалыптасқанын білдіреді. Ақпараттың маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын геоақпараттар - бізді қоршап тұрған географиялық кеңістік туралы үйлестірілген ақпараттық базаны құрайды. Аумақтық басқарудың міндеттерінде шешімдердің шамамен 70% -ы геоақпаратты пайдалануға байланысты. Геоақпаратты алу және пайдалану мәселелері жаңа концепцияға немесе түсінікке, яғни геоинформатикаға негізделген.

Геоинформатика анықтамасы. М.В. Ломоносов атындағы ММУ профессоры, географ-картогроф ғалым А.М. Берлянт бойынша, геоинформатика - деректер базасы мен географиялық білім негізінде табиғи және әлеуметтік экономикалық геожүйелерді (олардың құрылымын, байланыстарын, динамикасын, кеңістік-уақыт қызметін) компьютерлік модельдеу арқылы зерттейтін ғылыми пән.

Сонымен қатар, Геоинформатика терминінің географияда талдау және қоршаған ортаны зерттеу құралы ретіндегі анықтамасын үш аспект бойынша беруге болады:

1. ғылым ретінде;

2. ақпараттық технология ретінде;

3. өндіріс немесе өнім ретінде (ақпараттық индустрия).

Геоинформатиканың ғылым ретіндегі анықтамасы: «Деректер базасы мен географиялық білім негізінде компьютерлік модельдеу (үлгілеу) және талдау арқылы табиғи және әлеуметтік-экономикалық геожүйелерді зерттейтін ғылыми пән».

Геоинформатиканың ақпараттық технология ретіндегі анықтамасы: «Геожүйелерді басқару, оңтайландыру және жинақтау мәселелерін шешуге бағытталған кеңістікте таралған ақпараттарды жинау, сақтау, түрлендіру, көрсету және тарату технологиясы. ГАЖ - шешім қабылдау процесінде ақпаратты жинақтау мен талдаудың техникалық құралы».

Геоинформатиканың ақпараттық өндіріс ретіндегі анықтамасы: «Кеңістікте таралған ақпаратты жинақтау және өңдеу, кеңістіктік шешімдерді дайындау, сонымен қатар геоақпараттық жүйелер мен технологияларды құру және пайдалану бойынша өндірістік қызмет атқарады».

Бұл анықтамалар геоинформатиканың 3 ерекшелігін анықтауға септігін тигізеді

 1-сурет. Геоинформатиканың маңызды ерекшеліктері

Геоинформатиканың жоғарыда келтірілген ерекшеліктері – бұл ғылымның кеңістіктік нысандарды зерттеумен айналысатын ғылым ретінде көрсетіп, зерттеу нысаны география ғылымымен ортақ екендігін көрсетеді.

Зерттеу нысандары. География және геоинформатика – тарихи-генетикалық және функционалдық байланыстармен, зерттеу нысандарының ортақтығымен, әдіснамалық қағидаттары және зерттеу тәсілдері мен әдістері ұқсас өзара байланысқа ие ғылымдар.

Геоинформатика пәні – табиғи-географиялық ортаның кеңістіктік-уақыттық ақпараттық ағындары.

География және геоинформатиканы зерттеу нысандарын «географиялық нысандар» (гео нысандар) деген атаумен немесе танымның жүйелік принципті ескере отырып, «географиялық жүйелер» (геожүйелер) терминімен беріледі. Кейде, басқа да терминдер: «аумақтық жүйе», «кеңістік-бөлінген жүйе», «аумақтық кешен» және т.б. қолданылуы мүмкін.

Басқа ғылымдармен байланысы. Геоинформатика ұғымы ғылым мен өндірістің салалары арасындағы пәндермен байланысқан (2-сурет).

Сурет 2

Ғылым ретінде геоинформатиканың тақырыптық көп қырлылығын да атап өткен жөн. Оның бір қыры табиғатты зерттеуге бағытталған (табиғи немесе табиғи жүйелер) және физикалық география ғылымдары жүйесімен, геологиямен және жер мен жабайы табиғат туралы басқа ғылымдармен байланысты. Екінші қыры қоғамға (әлеуметтік жүйелерге) бағытталған және географияның қоғамдық салаларымен (экономикалық география, әлеуметтік география, саяси география), сондай-ақ әлеуметтік ғылымдармен (тарих, саясаттану, экономика және т.б.) байланысты. Үшінші қыры «табиғат-қоғам» жүйесіндегі өзара әрекеттесуді зерттеуге бағытталған және аумақтық жоспарлау, жобалау және табиғатты ұтымды пайдалану, табиғатты өзгерту және қорғау саласындағы ғылымдармен байланысты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                   Географиялық ақпараттық жүйелер: негізгі терминдер мен түсініктер / К.Д. Каймулдинова, Ә.С. Бейсенова, Д.Т. Алиасқаров, А.Н. Бейкитова – Алматы, 2012. – 88 б.

2.                   Ковин Р.В. Геоинформационные системы: учебное пособие / Р.В. Ковин, Н.Г. Марков. - Томск: Изд-во Томского политехнического университета, 2008. - 175 с.

3.                   Геоинформатика: Учеб. для студ. вузов / Е.Г.Капралов, А. В. Кошкарев, В. С. Тикунов и др.; Под ред. В. С.Тикунова. - М: Издательский центр «Академия», 2005. — 480 с.

4.                   Тоффлер Э. Третья волна. – М.: ООО "Фирма "Издатетьство ACT", 1999. – 345 с.

 


Вы прошли 100% лекции
100%