лекция 11
лекция 11
Дәріс №11. Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы ХІV-ХV ғғ. ортағасырлық мемлекеттер.
Қаралатын мәселелер:
1) Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі мемлекеттер;
2) ХІV-ХV ғғ. Қазақстанның экономикасы және мәдениеті
Әдебиет:
Негізгі:
Ким Г.В. История Казахстана. Учебник для вузов. – Алматы:
Алматыкітап баспасы, 2013. – С. 94-101.
Қазақстан тарихы. Бес томдық. – Т. 2. – Алматы: Атамұра, 1998. – 100-
170-бб.
Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы: Норма К, 2008. – 129-141-бб.
Қосымша:
Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1991.
Әмір Темірдің аманаты / Өзбекшеден аударған И.Сапарбай. – Алматы,
2008. – 144-б.
Батырбеков Г.О. Наследие академика К.И. Сатпаева по общественным
наукам. – Алматы, 1997. – С.146-160.
Дулати М.Х. Тарихи-и-Рашиди.– Алматы, 2003. – 73-105, 171-175-бб.
Махаева А.Ш. Ұлы жібек жолы. – Алматы, 1999. – 61-63-бб.
Почекаев Р.Ю. Золотая Орда: История в имперском контексте. – СПб.:
Наука, 2017.
Сатпаев К.И. Избранные статьи о науке и культуре. – Алма-Ата, 1989.
Ер Едиге / Предисловие К.И. Сатпаева. – М., 1927.
Ханы Золотой Орды. – Казан. Татар китап нәшрияты, 1995. – 127 б.
1) Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі мемлекеттер. Ақ Орда (Көк Орда). Алтын орда XIV ғасырдың екінші жартысында бірнеше аймаққа бөлінді. Куликова шайқасынан кейін Алтын Ордадан орыс князьдері тәуелсіздік алды, бірте-бірте Қырым, Еділ бұлғарлары бөлініп шықты, Хорезм Әмір Темірге тәуелді болып қалды.
Жошы өлген соң Шығыс Дешті Қыпшақты үлесіне алған Орда Ежен (Жошының ұлы, Батудың ағасы) және оның мұрагерлері дербес Ақ Орда мемлекетін құрды. Ақ Орданың негізін салушы – Орда Ежен Жошыұлы. Ақ Орданын территориясы қазіргі Қазақстан аумағын түгел камтыды. Тілі - қыпшақ тілі.
Халқы. А.О. халқы этникалық жағынан қыпшақ, каңлы, үйсін, жалайыр, алшын және т.б. бірыңғай түркі тілдес тайпалар мен халықтардан тұрды. Әйгілі араб тарихшысы Әл-Омари бұл жөнінде былай дейді: «Ертеде бұл мемлекет – қыпшақтар елі болган еді, ал оларды татарлар (моңғолдар) билеп алганнан кейін қыпшақтар солардың қол астына қарап қалды. Сонан кейін олар (моңғолдар) бұлармен (қыпшақтармен) араласып туыс болып кеттті, жер олардың (моңголдардың) табиги және нәсілдік сипатып өзгертіп жіберді, олардың бәрі (бұлармен) бір атадан тугандай, дәл қыпшақ болып кетті. Осыдан кейін моңголдар қыпшақ жеріне мекендеп қалды. Бұлармен неке қиысып, осылардың (қыпшақтардың) жерінде тұрып қалды».
Орталығы алғаш Ертіс бойындағы Алқакөл маңы болса, кейін Жетісу жеріндегі Алакөл маңына ауысты. Тәуелсіздік жолының ізашары Орыс (Ұрыс) ханнын (1376-1380) тұсында мемлекеттің астанасы Сығанақ қаласына көшірілді.
Ақ Орда мемлкетінің картасы
XIV ғ. екінші ширегінде, Ерзен мен Мүбәрәккожа хандар билігі тұсында Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы басталып, XIV ғ. 60-70 билік еткен Ұрыс хан кезінде едәуір нығайды.
Ақ Орда хандары: Орда-Ежен, Сартақ, Қонишы (Қойшы), Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Тоқтамыс, Қайыршық және Барақ болды. Орыс хан 1368 ж. Еділ бойына қарай жорыққа аттанады. 1374-1375 жж. Сарай, Қажы Тархан қалаларын алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Мамайды жеңе алмай, кері, Сыр бойына кайтады. Қайтар жолда Сарай қаласы маңын жаулауда өзіне көмекке келмеген Маңғыстау аумағын билеуші Тұйқожаны жазалайды. Оның баласы Тоқтамыс қашып барып, Әмір Темірді паналайды. Ақ Орда мен Моғолстанды жаулап алуды көздеп отырған Әмір Темір оны жылы қабылдап, қару-жарақ, әскер беріп, Ақ ордаға аттандырады. Тоқтамыстың 1374-1375 жж. алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады. Бұл соғыста Орыс ханнын ұлы Құтылык Бұқа қайтыс болады. Тоқтамыс тек төртінші жорығынан кейін ғана Ақ Орданын ханына айналды. Ал 1380 жылы Алтын орданын да ханының тағына отырды. Сөйтіп, Тоқтамыс 1380-1395 жж. Ақ орданы және Алтын орданы қатар биледі.
Күшейіп алған Тоқтамыс енді Әмір Темірдің өзіне қарсы шықты. XIV ғасырдын аяқ шенінде Алтын Орданы билеген Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасында сұрапыл соғыстар болды. 1391 жылы Әмір Темір Құндызша деген жерде (қазіргі Ресей федерациясына қарасты Куйбышев облысында)Тоқтамысты жеңеді. 1395 ж. Әмір Темір 2 рет Алтын ордаға жорық жасады, сөйтіп, 1395 ж. Алтын орданың астанасы Сарай Беркені басып алып, Алтын ордаға катты соққы берді.
1395 ж. Терек өзені бойында (Солтүстік Кавказ) Әмір Темірден біржола жеңілген Тоқтамыс Сібірге қашып кетеді.
Әмір Темір Ақ Орданың ханы етіп Орыс ханның баласы Қайыршык Темір Құтылықты қояды. 1423-1428 жж. орданы Барақ сұлтан Орыс хан немересі басқарды. Ол 1425-1426 Әмір темірдің немересі ¥лықбекке қарсы аттанды. Ұлықбек жеңіліп, зорға қашып құтылады. Нәтижесінде Ақ Орда Темір әулеті үстемдігінен тәуелсіз болып алады.1428 ж. Барақ хан қайтыс болып, ішкі қайшылықтың кесірінен үкімет билігі Жошының кіші (5-ші) ұлы Шайбан тұқымынан шыққан Әбілкайыр сұлтанның қолына өтеді. Сөйтіп, 1227 ж. Орда Еженнен бастап, 1428 ж. Барақка дейін 200 жылдай басқарылған Ақ Орда мемлекеті өмір сүруін токтатты.
Әбілқайыр хандығы (1428-1468). Шайбан әулетінен шыккан Дәулет Шайоғлының баласы Әбілқайыр 1428 ж. Тура қаласында хан болып сайланды. Әбілқайыр хандығы тарихи әдебиетте «Өзбек хандығы», «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деп те аталады. «Өзбек» деген жалпы атаумен түркі тайпалары аталды. Әбілкайыр хандығының халқы 92 ру-тайпадан тұрды. Тұрғындардың ең көбі, Фазаллах Рузбиханның мәліметінше, ер жүрек қазақтар болған, сонымен бірге мемлекетте шайбандар мен қарақалпақтар да тұрған.
Әбілқайыр хандығығының астанасы Тура (1428 ж.) , Орда-базар (1431 ж.), Сығанақ қаласы (1446 ж.) болды. XV ғ.30 жылдары Әбілқайыр Тоқа Темірдің ұрпақтары Махмұд пен Ахмед хан иелігіндегі Арал, Сырдария жерлері үшін соғысқа аттанады. Шайқас 1431 ж. Екіретүп деген жерде өтеді. Әбілқайыр жеңіске жетеді.
1430 ж. Әбілқайыр Хорезмді басып алып, Үргенішті тонады. 1446 ж. Самарқан мен Бұқараға шабуылдады. Көп ұзамай 1446 ж. Атбасар маңында Мұстапа ханды тас-талқан етіп жеңді.
Осы жылы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, астанасын Сығанаққа көшіреді. Сөйтіп, Әбілқайыр озінің хандығына көптеген егіншілік, отырыкшылык аудандарды косып алды. Алайда Жошы әулеті Әбілқайырды қолдамады. Әбілкайырдың қалалар мен оның төңірегіндегі алқаптарды алуы Жәнібек пен Керейдің және оған тәуелді, Сырдария бойы мен Қаратау өңіріңде көшіп-қонып жүрген қазақтардың мүдделеріне қайшы келді. Бұл олардың арасындағы күретгің кайта жанданып, қазақ сұлтандары мен оларға қарасты рулар мен тайпалардың көшіп келуіне әкеліп соқтырған аса маңызды себептің бірі болды. 1456-57 жж. Сығанақ түбінде Әбілқайыр калмақтардан жеңіліп, Түркістанды тастап, Дешті Қыпшақка кетуге мәжбүр болды. 1468 ж. Жетісуға, Моғолстанға қарсы жорыққа аттанған Әбілкайыр Алматы манындағы Аққыстау деген жерде қаза
тапты. Оның мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі талас-тартыста өлтірілді. Ал Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470-1510) қазақ хандарымен Сыр бойындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді.
Ноғай ордасы. Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік кұрылымдардың бірі - Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы XIIIғ. екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл процесс XIV ғ. Әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұраддиннің (1426-1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасының территориясы Еділ мен Жайықтын арасындағы созылып жатқан дала мен құмды, таулы жерлерді алып жатты. Орталығы – Сарайшық (Жайық бойындағы).
Ноғай Ордасы негізінен Жайық пен Еділ арасын жайлаған негізгі тайпа манғыттардан тұрды, сол себепті де бұл ұлыс «Маңғыт жұрты» деп те аталды. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» деген терминдер әдебиетте алғашқы рет тек XVI ғ. басында ғана пайда болды. Ноғай Ордасының құрамына қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұк, алаша, тама және басқа ру - тайпалар кірді.
Негізін салушы – Едіге (1396-1411). Ол басқарған «Маңғыт жұрты» елеулі неліктердің бірі болды. Едіге беделді билеуші ретінде танылды және көрші иеліктерге де ықпалды болды. Ибн Арабшах оның өз иеліктері мен әскері бар 20 ұлының барын көрсетеді. Едіге 200 мыңнан аса әскерді ұдайы қарамағында ұстаған. Ноғай Ордасы этникалық емес, саяси кұрылым болды. Ш.Уәлиханов ногайлар мен қазақтарды «екі туыскан орда» деп көрсетті. Ал Хақназар хан «казақ-ноғай ханы» деп аталды. ХVІ ғ. ортасында Ноғай Ордасы бірнеше иелікке бөлініп кетті.
Едігені халқы «Ел қамын жеген Едіге» деп ардақтаған. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 ж. Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре жылнамалардың бәрінде де үлкен кұрметпен аталды. Сол заманғы ақындар Едігені: «Артынан келіп карасам, қаһардан пайда болғандай, алдынан келіп қарасам, лапылдан пайда болғандай», – деп сүйсіне жырға қосты
Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық өмір шын мәнінде Едіге ұрпағы маңғыт әмірлерінің қолында болды және оны рудағы жасы үлкендігіне қарай мұраға қалдырып отырды. Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктердің аумақтарында Шыңғыс ұрпақтарынан қайсыбір адамды хан көтеру Едіге ұрпақтарының келісімінсіз жарамсыз деп танылатын дәстүр болған. Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде XV ғасырда Едігенің ұрпақтары Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалар зор рөл аткарды.
XVI ғ. Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық және саяси байланыстар бірте-бірте қалыптаса бастады. XVI г. екінші жартысында Казан және Астрахан хандықтары Ресейге қосылғаннан кейін Ноғай Ордасы бірнеше дербес иеліктерге ыдырап кетті, оның ыдырау процесінде халықтың
бір бөлігі Кіші жүз құрамына енді. Солтүстік-шығыста тұратын ноғай рулары Сібір иеліктеріне қарап кетті.
Моғолстан. Ұлы ханға тәуелді болмаған саяси бірлік түріндегі ортаазиялық шыңғыстықтардың мемлекеті – Хайду мемлекеті. Хайду (1269-1301 жж.) билеген кезде мемлекеттің құрылымы өзінің толысу шегіне жетті. Жамал қаршының сөзіне қарағанда, Хайду әділетті, қайырымды, жұмсақ мінезді, елінің мүддесін қорғайтын білімді, мұсылмандарға камқор хан болған. Үгедейдің немересі Хайду өлгеннен кейін көп кешікпей, Шағатай ұлысы өзара тартыстың әсерінен XIV ғасырдың 40 және 50- жылдары он шақты иелікке бөлініп кетті. 1306 жылдан 1370 жылға дейін онда 20 хан ауысты, осының бәрі XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай мемлекетінің ыдырап, батыс пен шығыс бөліктерге бөлінуіне әкеп соқты. Шығыс бөлігі Моғолстан атанды, ал батыс бөлігі - Мауреннахр дербес аймақ күйінде қала берді. Сөйтіп, 1346 жылы Шағатай мемлекетінен Моғолстан деп аталған солтүстік-шығыстағы аумақ бөлініп шықты.
Негізін салушы, В.В. Бартольдің көрсетуінше, Барақ ханның ұлы, Шағатайдың шөбересі Тува (Дува) (1306-1307 ).Моғолстандағы ру-тайпалар «моғол» деп аталған. Түркі халықтары моңғолдарды «моғолдар» д.а.Тарихи оқиғаларға байланысты Моғолстанның жер көлемі бірде кеңейіп, бірде тарылып отырды. Моғолстанның саяси өмірінде дулат руы басты рөл атқарды. Дулаттар бұл кезде Жетісудағы ең ірі түрік тайпаларының бірі болатын. Дулаттар Шығыс Түркістанды, Ферғананың бір бөлігін, Алайды, Ыстық-көлге дейінгі бүкіл Орталық Тянь-Шаньді қамтыған байтақ та бай жер - Манғылай Сүбе аймағын иеленді. Дулаттар иеленген Маңғылай Сүбе өлкесі Моғолстанға кейде қосылып, кейде бөлініп кетіп отырды. Дулаттардың ең күшті де беделді билеушісі Поладшы (Болат) болды. Орталығы Ақсу каласы болатын. Маңғылай Сүбе өлкесінде дулаттардан өзге албан, суан, қаңлы, керей, арғын, найман т.б. да тұрды. Бұлардың басым көпшілігі ежелден осы өңірді мекендеген түрік тілдес тайпалар, олардың ішінде жергілікті түрік тілдес халықтарға сіңіп, түріктеніп кеткен моңғол тайпалары да болды. Поладшынын кіші бауыры Камар-ад-дин Талас, Шу өңірін, Ыстыккөлден Балқашқа дейінгі аймақты басқарды. Поладшы Шыңғыс тұқымынан болмағандықтан хан сайлана алмады, сондықтан 1348 ж. оның қолдауымен Моғолстанның бірінші ханы Тоғылык Темір (Шағатай ұрпағы) таққа отырады. Ал Поладшының өзі жоғарғы билікті – ұлықбек қызметін иеленеді.
Тоғылық Темір 1354 ж. өзі ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттік дінге айналдырды. Ол Мауреннахрды өз иелігіне қосуды ұйғарды. 1360-1361 жж. Мауреннахрға жорық жасап, Самарканға өзінің үлы Илияс Қожаны отырғызды. Ал Орта Азияның болашақ билеушісі Әмір Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады.
Моғолстан шекарасы Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» атты кітабында былай баяндалады: «Қазір Моғолстан деп аталатын жер аумағының ені мен ұзындыгы 7-8 айга созылатын жолды көрсетеді».Сол кездегі Моғолстанға казіргі Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Қазақстан аумағы кірген. Одан әрі карай Мұхамед Хайдар Дулат былай жалғастырады: «Моғолстанда үлкен өзендер көп, үлкендігі Джейхунга (Әмудария) ұқсайды. Олардың ішінде Іле, Еміл, Ертіс, Шұйлық және Нарын бар. Бұл өзендер Сырдариядан кем түспейді. Бұл өзендердің көп бөлігі Көкіие теңіз (Балқаш) көліне құяды, ол Моголстан мен Өзбек ұлысының ортасын да бөліп тұрады». Бұл мемлекет Шағатай ұлысының бір бөлігі еді, ал екінші бөлгінде Мауереннахр өмір сүріп жатты.
Моғолстанның құрамына Түркістан, Оңтүстік-шығыс Қазақстан облыстары және Орта Азняның кейбір облыстары кірді. Оған кіретін тайпалар: дулаттар, албандар, суандар, қаңлылар, ксренлер, арғындар, барластар т.б. Моғолстанның орталығы Алмалық қаласы болды.
1364 ж. Тоғылық Темір ауырып қаза тапты. Моғолстанда билік Ілияс Қожаға көшкенде Мауереннахрға билеуші болып Хұсайын тағайындалды. Осы тұста карындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған Әмір Темір онымен бірге Моғолстанға карсы шығып, Мауеренахрды өздерінің кол астына біріктіруге кірісті.
Әмір Темірдің жорықтарының сызбасы
Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Ол діндар емес еді. Әйтсе де ол көптеген мешіттер, діни оқу орындарын, Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің мазарын салдырды.
Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі. Түркістан
қаласы. XIV ғасыр
1365 ж. 22 маусымда 10 мыңға жуық адам қырылған Ташкент маңында «Батпақ шайқасы»( Джанг-и лой) өтті. Шайқас кезінде нөсер жаңбыр құйып, адамдар батпақ пен лайға шыланып, соғыс алаңында ажал құшты. Ілияс Қожа Әмір Темірді жеңді. Бірақ Самарқанды ала алмай кері оралады. Оны дулат руының әмірі Камар ад-дин үй-ішімен қоса қырып салады.
Әмір Темірдің жорықтары
XIV ғасырдың 70-90 жж. Орта Азия билеушісіне айналған әмір Темір Моғолстан мен Ақ Ордаға қайта-қайта шапқыншылық жорықтар жасады.
Әмір Темірдің әскерлері Алмалық маңына дейін келді және осы өңірдегі керей тайпасын талан-таражға ұшыратты. Әмір Темірдің шақыншылық жорықтары Ақ Орда мен Моғолстан халқына ауыр азап шектірді. Егін шаруашылығы бүлінді, қала-қыстақтар қирап, сауда мен колөнер құлдырап, мал басы кеміп кетті. Осынын нәтижесінде 70-80-жж. өзінде-ақ Моғолстан билеушілері Қызыр Қожа ханнын (1388-1389 жж.), әмір Қамар ад-дин Дулаттың, Енке төренің және баскалардың Жетісу мен Қашқарияға Темір әскерлерінің басып кіруіне қарсы ұзақка созылған және табан тірескен күрес жүргізуіне тура келді. Осы күрес барысында Ақ Ордамен күш біріктіруге әрекет жасалды. Әмір Темірге қарсы бірлескен күресінің Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісу халқының саяси, шаруашылык байланыстарын орнату үшін зор маңызы болды. Орта Азия билеушісі жорықтарының нәтижесінде Моғолстан уақытша үлестерге бөлініп кетті. Қызыр Қожа хан өзін Темірдің вассалы деп тануға мәжбүр болды. Темір ұрпақтары XV ғасырдың І-жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан жерлерінен дәмеленуін тоқтатпады.
Әмір Темір
Самарқан қаласындағы Әмір Темір кесенесі
Әмір Темірдің мүсіні
Ташкент қаласындағы Әмір Темір ескерткіші
Әмір Темірге арналған Ташкентттегі мұражай
Қызыр Қожа хан өлген соң, онын балалары билеген кезеңдерде өзара талас-тартыс қайта өршіді. Моғолстан мемлекеті бірнеше бөлікке ыдырады. 1408 жылдан Моғолстан ханы Мұхаммед ханның тұсында Моғолстан іс жүзінде Темір әулетіне тәуелді болған жоқ. Бұл хан Темір әулеті билігінен Моғолстанның батыс аудандарын, Шу, Талас алкабын азат етіп коймай, сонымен қатар Түркістан мен Ферғананың егіншілікті алқаптарына кол жеткізу үшін одан әрі жылжуга күш салды.
Мұхаммед Хайдар Дулати көрсеткендей, Мұхаммед хан ел басқару ісін тәртіпке келтірді.
Дегенмен Мұхаммед ханнан кейін Моғолстанда бүліктер мен өзара дау- жанжал кайта өрбіп, мүны Мауереннахр билеушілері пайдаланды. 1414 ж. Қашқария қайтадан Темір әулетінің иелігіне көшті. Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек 20-жж. Моғолстанның өз ішінде Жетісу жерлерінде, Солтүстік Тянь- Шаньда Темір әулетінің ықпалын кеңейту қадамдарын жасады.
1418-1421 жж. Моғолстанда үкімет билігі Уәйіс ханнын қолында болды. Могол тагына екінші бір үміткер Шер-Мұхаммедтің өтініші бойынша 1421 ж. маусымда Ұлықбектің өзі Моғолстанға жорыққа аттанды. Ұлыкбектің көмегіне сүйенген Шер-Мұхаммед 1421 ж. елде билікті өз қолына алды. Моғол әмірлері мен бектерінің бір тобы оны қолдаса, енді бір тобы Уәйіс хан жағында қалды. Уәйіс хан тұсында (1418-1428 жж.) ойраттардың Моғолстанның шығыс шекараларына қысымы күшейе түсті.
Уәйіс хан 1422 ж. Турфан қаласын басып алып, оны өз астанасына айналдырды, ал ойраттар Хами қаласына шабуып жасады. Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтардың барлығы 61 шабуылына тойтарыс берген.
XV ғасырдын І-жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан тынымсыз өзара алауыздық қыркысулар сахнасына айналды. Қызыр Қожа хан, Мұхаммед хан, Уәйіс хан тұстарында Моғолстанда үкімет билігін орталықтандыру мен ішкі саяси жағдайларды уақытша тұрақтандырудың жекелеген кезеңдерін феодалдық күресінің жаңа толқындарымен, Жетісу аумағына батыстан Темір әулеті және шығыстан ойраттар жасаған үздіксіз шапқыншылықтары бұзып отырды.
Уәйіс хан өлгеннен кейін 1433 ж. шамасында хан тағына 13 жасар Есен-Бұға (1433-1462 жж) отырды. Арада бірнеше жыл өткен соң моғол көшпелі ақсүйектерінің талап етуімен жаңа хан Есен-Бүға Сайрам, Түркістан, Ташкентке тонаушылык шапқыншылықтар жасады. Келесі жолғы жорықта Есен-Бүға Әндіжанга дейін жетіп, қамалды қоршады.
XV ғасырдың 50-жылдарында ойраттар Моғолстан аумғгына келіп, Шу өзенінің жағасына жетті. Қашқардағы алауыздык кырқысулардан қолы босамай жүрген Есен-Бүға хан оларға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Соғыстар мен өзара қырқысулардың салдарынан Жетісудағы қазақ тайпалары орталык және оңтүстік өңірлерден қол үзіп қалды, тайпалардың этникалык ұлт болып бірігу процесі баяулады.
XV ғ. ойраттар шапқыншылыгы бірнеше рет қайталанды. Олар Моғолстанды әлсірете түсті, міне сондықтан да Моғолстан ханы Есен-Бұға 50- жж. аяғында Батыс Жетісуға келген казақтар Жәнібек пен Керейді ойраттар бетін қайтару үшін пайдаланбақ болды. Қазақтар, іс жүзінде, әсіресе 60-жж. ортасында Жетісудағы өз иеліктерін ойраттардан қорғай алды. 1462 ж. Есен- Бұға қайтыс болып, Жүніс хан билікке келді. Рашид ханның кезінде мемлекет ыдырай бастады.
2) XIV - XV ғғ. Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті. Шаруашылық. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Егіншілік екі орталықта – Сығанақ қаласы мен Ясы қаласы маңында күшті дамыды. Орыс ханның кезінде теңгелер соғылды. XIV ғасырдың аяғы - XV ғасырларда Әмір Темір мен оның мұрагерлері тұсында тауар-ақша катынасы өрлей түсті. Теңгелер бұл кезде Отырардың (мыс теңгелер), Самарқан мен Хорезмнің теңге сарайларында дайындалды.
ХІV - XV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінде Әмір Темірдің мыс динарлары айналымда болды. Әмір Темірдің мыс теңгелері өте көп шығарылып, күміс шығаратын сарайлар да мыс ақшаны шығаруға кірісті. Тек 1525 жылы күміс теңгелер қайта айналымға кіріп, оның салмағы бірдей өлшеммен, яғни 4,8 гр болып соғыла бастады. XV ғасырда Отырар алқабындағы «теңге» деп аталатын ақша түрі айналымға енгізілді және оның кіші бірліктері (4/1 -«мири», 12/1 -«тангаша» ) де болды.
Салық түрлері. Халық осы кезеңде тағар, қалан, құшыр, зекет секілді салық түрін төлеп тұрды. Тағар – әскерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында заттай жиналатын салық. Оның нақты көлемін хан мен билік иелері өз ұйғарымдары бойынша белгілеген. Құшыр – жан басына салынатын салық. Қалан – жер көлеміне қарай салынатын салық. Құшыр салығы көшпелі тұрғындардан жиналды. Зекет – мал басынан жиналатын салық түрі. Салықтың бұдан басқа да көптеген түрлері болды.
Рухани мәдениет. ХІV – XVғғ. тарихи эпостар бізге «Қырымның қырық батыры» деген топтама түрінде жетті. «Қырымның қырық батыры» 40 бөлімнен тұрады. Оның әрқайсысы бір батырға арналған. Бұл жырдың негізгі батырлары: 1) Алатайлы Алтыбай батыр; 2) оның ұлдары Баба түкті Шашты Әзіз, Ер Көкше және ер Қосай; 3) Пап-Пария батыр; 4) Құтты Қия батыр, 5) Едіге батыр; 6) Нурадин батыр; 7) Мұса батыр; 8) Мамай батыр; 9) Орақ батыр; 10) Орақтың баласы Қарасай батыр... Қ.И. Сәтбаев «Ер Едіге» жырын алғысөз жазып, 1927 жылы Мәскеу қаласынан жарыққа шығарды. Қ.С. Сәтбаев Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырын қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындады.
Қ.И. Сәтбаев кітаптың алғысөзінде халық ауыз әдебиеті ғылым үшін өте маңызды екенін, онда қазіргі кезде ұмытылып қалған қазақ тіліндегі көптеген бұрынғы сөздердің барын, халық өнерінің көрінісі екенін және тарихымыз үшін аса құнды сол замандағы халықтың тұрмысы, ой-санасы мен салт-дәстүрінен көрініс беретінін жазып көрсетті.
Жыраулар: Кетбұға жырау, Сыпыра жырау, Қодан тайшы, Асан қайғы, Қазтуған.
Күйлер: «Ескендір», « Қамбар батыр», «Шора батыр», «қобыланды батыр».
Архитектура. Орталық Қазақстандағы Алаша хан, Жошы хан, Болған-ана кесенелері ХІV – XVғғ. құрылыс объектілеріне жатады.
Бақылауға арналған сұрақтар:
1)Тас дәуірінің тарихи кезеңдерін көрсетіңіз: а) тобыр; ә) қауым; б) матриархат; в) патриархат; г) ру.
2)Қола дәуіріндегі кен өндіру әдістеріне қайсысы жатады?
а) отпен уату; ә) омыру; б) қопару; в) майдалау; г) үңгіп қазу.
3) Әлемнің жеті данышпанының бірі саналатын сақтардан шыққан философты атаңыз:
а) Диоген; ә)Аристотель; б) Анахарсис; в) Әл-Фараби; г) Сократ.
4)Мына мәдени жәдігерліктер кімдерге тесілі екенін жазып көрсетіңіз:
А) Аң стилі –
Ә) Қарғалы диадемасы –
Б) Руна жазуы –
В) Таңбалы тас петроглифтері –
Г) Полихромды өнер –
5) Бұл ғұламалар қандай жаңалықтар ашқан?
а) В. Томсен –
ә) Ә. Марғұлан –
б) Х. Алпысбаев –
в) М. Қашқари –
г) Чжань Цянь –
6) Қай мемлекеттің орталығы екенін анықтаңыз:
А) Алқакөл, Алакөл, Сығанақ –
Ә) Тура, Орда базар, Сығанақ –
Б) Алмалық, Турфан –
В) Суяб,Күңгіт –
Г) Қатынбалық, Қара-Хото –
7) Жағырапиялық атаулардың қазіргі қай жер екенін көрсетіңіз:
а) Дешті Қыпшақ –
ә) Мауреннахр –
б) Оғыз сахарасы –
в) Көк теңіз –
г) Маңғылай Сүбе –
8) Мына халықаралық шайқастардың уақытын көрсетіңіз:
А) Қатуан шайқасы –
Ә) Данг-и-лой (батпақ) шайқасы –
Б) Атлах шайқасы –
В) Оғыз мемлекеті мен Киев Русінің Хазар қағанатына қарсы соғысы – Г) Марафон шайқасы –
9) «Агычы», «мустауфи» деп қарахандықтар қандай қызметкерлерді атады?
а) қолбасшыны; ә) қазынашыны; б) ханның кеңесшісін; в) дін қызметкерлерін; г) заңгерлерді.
10) Ортағасырларда халық санағы қай мемлекетте жүргізілді?
А) Найман; Б) Керей; Б) Қарақытай; В) Үйсін; Г) Қарлұқ.
11) Бұл сөздер кімге тиесілі екенін көрсетіңіз:
А) «Жер – мемлекеттің негізі» –
Ә) «Бақыт – абсолютті қайырымдылық» –
Б) «Өліммен жекпе-жек келсең де, еліңді сатпа» –
В) Білім – бақыт жолы, білім – сарқылмас тауар» –
Г) «...Қара терімді төктім, қызыл қанымды жүгірттім, Түрік елі үшін» –
12) Ортағасырлардағы салық түрлеріне анықтама беріңіз:
а) коммендация институты –
ә) ихта –
б) үлескерлік –
в) зекет –
г) тағар –
13) Мұсылманша «Абдал-Керім» деген ат алған қарахандық билеуші –Сатұқ боғра хан.
– Иә. – Жоқ.
14) Византиялық тарихшы Менандр Маниах-Земарх елшілігі жөнінде жазды.
– Иә. – Жоқ.
15) Найманның Күшілік ханы Сүбедей ноянның қолынан қаза тапты.
– Иә. – Жоқ.
16) Қ.И.Сәтбаев «Ер Едіге» жырын араб һәрпімен Мәскеуден қазақ тілінде басып шығарды.
– Иә. – Жоқ.
17) Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» атты заңдар жинағы ұйғыр әліпбиімен жазылған.
– Иә. – Жоқ.
18) Түркі дәуірі VI – ХVI ғасырлар аралығын қамтиды.
– Иә. – Жоқ.
19) Нумизматика теңгелерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы.
– Иә. – Жоқ.
20) «Кодекс куманикус» үш тілді сөздік екені белгілі. Қай анықтама дұрыс?
А) Латын-парсы-қыпшақ;
Ә) Түрік-неміс-соғды;
Б) Араб-қыпшақ-қытай;
В) Латын-қыпшақ-қарақытай;
Г) Соғды-түрік- қытай.
Ескерту: Дәрісте көрсетілген суреттер интернет-ресурстың әртүрлі сайттарынан алынып, пайдаланылды.