лекция 9
лекция 9
Дәріс №9. Тақырыбы: Қазақстан моңғол жаулаушылығы дәуірінде (XIII ғ.)
Қаралатын мәселелер:
1. Найман ұлысы, Керей ұлысы және жалайырлар моңғол
шапқыншылығы қарсаңында
2. Шыңғысханның жаулаушылық саясаты және ұлыстардың құрылуы
Әдебиет:
Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1991.
Моңғолдың құпия шежіресі. – Өлгий, 1979.
Рашид ад-Дин. Сборник летописей. – Т.1-3 / Пер. С персид. Л.А.
Хетагурова. – М.,Л: Изд-во Ан СССР, 1952-1960.
Қиянатұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. – 1-кітап. – Алматы:
Арда, 2008. – 270-285-бб.; 407-424-бб. – 432 б.
Қазақстан тарихы. – Алматы: Атамұра, 1996. – 1-том. – 408-416, 440-
454-бб.
Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы: Норма К, 2008.
1.Найман ұлысы, Керей ұлысы және жалайырлар моңғол шапқыншылығы қарсаңында. Наймандар VIII ғасырда Орхон өзені мен Алтай тауының аралығын қоныстанған. Найман конфедерациясын 8 тайпа құраған. Найман ұлысы Наркеш-Даянның кезінде (1160-1203жж.) барынша дамыды. Наймандардың астанасы Орхон өзені бойындағы Балықты болған. Ұлыста іс қағаздарын жүргізу жақсы дамыды. 1204 жылы наймандардың билеушісі Даян хан Шыңғыс әскерінен жеңіліс табады. Оның ұлы Күшілік Алтайға қашып кетіп, немере ағасы Бұйрықтың қолына келіп жасырынады. Ол әкесінің ісін жалғастырып, моңғолдарға қарсы күреспек болады. Алайда моңғол жерінен аластатылады. Сөйтіп, ол Жетісуға келеді. Гурхан оны вассал елдердің қарсылығын басуға пайдаланғысы келеді. Сол үшін гурхан Күшілікті қаражатпен және әскермен жарақтандырады. Ал Күшілік оны гурханның өзіне қарсы қолданады. 1209-1210 жж. Хорезмшах әскері қарақытайларға қарсы жорыққа шығады. Соны пайдаланып, Күшілік гурханның қазынасын және Үзкентті басып алады. Баласағұнды алуға талпынады. Бірақ қарақытайлар оның әскерін талқандайды. Дегенмен де 1211 жылы Күшілік Қарақытай мемлекетін басып алады.
Керейлер Орхон, Селенга, Керулен, Аргун өзендері бойын қоныстанаған. Ұлыстың орталығы Битөбе деген жерде болған. Рашид-ад-диннің көрсетуіне қарағанда, ІХ – ХІІІ ғғ. Керей ұлысы іргелі елге айналады. Оларда көне түркі жазуы қолданыста болған. Ұлыстың дамыған кезі Маркус пен оның ұлы Құршақұс хандардың кезіне сәйкес келеді. Керейлер кейін моңғолдардан жеңіліс табады.
Жалайырлар Селенгі, Орхон өзендерінің бойын қоныс еткен. 1201 жылы Жамұқа өзін гурхан деп жариялаған. Жамұқа Шыңғыс ханмен бірде тату, бірде қату тұрған. Мұқылай Шыңғыстың ең жақын адамы ретінде айтылады.
2.Шыңғысханның жаулаушылық саясаты және ұлыстардың құрылуы. ХШ ғ. Шыңғыс хан империясының негізін салған Тимучин 1155 жылы ақпанда ( 1162 ж.) Онон өзенінің жағасындағы Дэлгуун-Болдог шатқалында дүниеге келіп, 1227 жылы 18 тамызда қайтыс болған.
Тимучин дүниеге келген Онон өзені бойы
Оның әкесі белгілі моңғол бнлеушісі Есугей-баһадүр ноян қият руының текті әулетінен шыққан, халық арасында белгілі кісі болатын. Шешесі – Оэлун.
Шыңғыс хан
Қарақорым орналасқан жер
Шыңғыс ханның Улан-Батордағы ескерткіші
Шыңғыс ханның Улан-Батор мұражайындағы мүсіні
Темучин таққа 1206 ж. отырды. Шыңғыс ханның мөрінде: «Көкте Тәңір, жер бетінде Қаған біреу, әлем билеушісінің таңба-мөрі» деп жазылған. Заң жүйесі - «Ұлы жасақ» (қазақша – билік, үкімет) деп аталды. Оны былайша жіктеп көрсетуге болады: 1.Жалпы ережелер; 2) Халықаралық қатынастар заңы; 3) Үкімет пен әскери қарулы күштер туралы заңдар; 4) Қылмыстық заң; 5) Әскер туралы заң; 6) Азаматтық заң; 7) Сауда туралы заң; 8) Әдеттегі тыйым ережелері. Жасақ бойынша, кісі өлтіргендер, сатылған құлдар, соғыс алаңынан қашқандардың басы алынды. Сондай-ақ көлікке, яғни жүйрік атқа байланысты ережеде ат ұрлағандардың, арғымақ атын басқа ұрғандардың басы алынды. Сауда-саттық туралы ережелерде: «Саудагерлерді жан-жақты қорғау керек. Олар алғаш рет ұтылса – көмектесу, екінші рет ұтылса – ұтылғанын төлету, үшінші рет ұтылса, басы алынсын» делінген. Шыңғыс ханның өсиет тағылымдары да жасаққа енді. Онда: «Қараша халықтың міндеті ұлықтарға қарсы бару емес, оған бағыну, бас ұру», «Әр адам өзін дұрыс алып жүрү үшін заң қажет», «Ой тазалығы үшін ақыл, мәдениет тазалығы үшін білім қажет», «Әуелі он адамды басқара білген, жүз мың адамды билей алады», «Өз ошағын түзей алмаған адам елін түзей алмайды», «Өліммен жекпе-жек келсең де, еліңді сатпа» деген сияқты тағылымды ойлар бар.
Кейіндері Қазақ хандығында дүниеге келген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді заң ережелері «Ұлы жасақтың» көптеген элементтерін қабылдап алды.
Империяның астанасы – Қарақорым. Шыңғыс хан халықтарды біріктіру үшін «Киіз туырлықты бірігіңдер!» деген ұран көтерген. Ең жоғарғы билік органы – Құрылтай болды. Империя 95 әкімшілік бөлікке – түменге бөлініп басқарылды. Түмендер аймаққа бөлінді.
Шыңғыс ханның үлкен әйелі қоңырат ұлысының билеушісі Дай ноянның қызы – Бөрте еді. Қадырғали Жалайырдың мәліметінше, Бөрте Жошы, Шағатай, Үгедей және Толы атты 4 ұл мен 5 қызды дүниеге әкелген және Шыңғыс ханның әйелдерінің ішіндегі ең құрметтісі және сыйлысы, әрі үлкені еді.
1208 жылы Шыңғыс ханның әскері қашқан наймандар мен меркіттерді қуалай отырып, оларды Ертіс жағалауында екінші рет талқандайды. Ал жеңіліс тапқан наймандар мен керейіттер Күшлік ханның бастауымен Жетісуға келіп паналайды, меркіттер болса, Орталық Қазақстан даласына қашты.
Шыңғыс хан әскері 1211-1215 жж. Қытайға жасаған жорығынан кейін моңғол армиясында Қытайдың әскери техникасы – қабырға құлатқыш, тас атқыш және от атқыш қарулары пайда болды. 1216 жылы моңғолдар батысқа жылжуын қайта жалғастырды. 1218-1219 жж. моңғолдар көптеген көрші халықтарды бағындырды.
Моңғол шапқыншылығының картасы
Күшілік 1211 жылы Қарақытай мемлекетінің қожайынына айналды. Күшілік көреген саясаткер болмады. Ол мұсылмандыққа карсы саясат жүргізді. Өзі христиан дінінде еді, кейін гурханның қызы мен әйелінің ықпалымен буддизмді қабылдады. Солтүстік Қытайды бағындырған Шыңғыс хан 1218 жылы Күшілікке қарсы Жебе ноян бастаған 20 000 әскер жіберді. Күшілік Бадахшанға қашты. Бірақ Жебе ноян ұстап алып, оның басын алды. Күшіліктің қазасымен бірге Қарақытай мемлекеті де өз тіршілігін тоқтатты. Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болған Шыңғыс хан Жетісуды аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Жебе ноян жарлық беріп, бейбіт халықтың мал-мүлкіне тиісуге тыйым салды, ал мұсылмандарға кұдайға құлшылық етуге рұқсат берді.
Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғыс ханның Мауреннахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорығына жол ашылды. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғыс хан сауда керуенін жіберді. Онда 450 адам, 500 түйе бар еді. 1218 жылдың жазында керуен Отырарға жетеді. Отырар билеушісі Қайырхан Иналшык көпестердің
тыңшы екенін байқаған соң керуенді кұртып жіберуге бұйрық береді. Енді Шыңғыс хан Хорезмшах алдына Қайырханды қолыма бер деген талап қояды. Бірақ осы талапты айтуға келген елшілер де өлтіріледі. Осылайша Шыңғыс ханның Хорезмге қарсы жорығы басталады.
Жорық 1219 жылдың қыркүйек айында Ертіс жағалауынан басталады. Шамамен 150 мың әскер жинаған Шыңғыс хан Ертістен Сырдарияға жетті. Моңғол әскері Отырарға таяп келгенде Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен Жент және ЖаңАқент калаларына жіберді. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғыс хан ұлы Төлеймен әскердің негізгі күштерімен Бұқараға беттеді.
1219 жылдың күзінде Шыңғыс хан орасан зор әскерді бастап, Жетісу арқылы Мауереннахрға аттанды. Ол алғашқы соққыны Сырдария бойындағы қалаларға бағыттады. Моңғолдардың карамағында бұл тұста көптеген жергілікті феодалдар мен көпестер бар еді. Олар Шыңғыс ханды қажетті мәліметтермен жабдықтап отырды. Жетісуда Шыңғыс ханға өз әскерлерімен Бесбалық қаласының билеушісі мен Алмалықтың ірі феодалы – Сугнақ тегін келіп косылды. Шыңғыс хан нөкерлері ішінде Қойлық қаласынын әмірі де болды.
Отырардын күйреуі. 1219 жылы кыркүйекте Шыңғыс хан әскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қалада 80 мыңдай әскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халық бұкарасының монғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қаланы коршау 5 айға жуық уақытқа созылды. Қаланың кұлауына опасыздық себеп болды. Хорезмдік әскербасы-Қараджа хаджиб түн жамыла каланың Софыхан кақпасынан шығып, моңғолдарға өтіп кетті. Қаланы коршап тұрған монғол әскерлері осы қақпа арқылы калаға лап беріп, басып кірді. Монғолдар оны әбден тонады, халқын қырғынға ұшыратты. Осыған карамастан, әскердің бір бөлігі мен қала халқы оның ішкі қамалына кіріп алып, бір ай бойы қайыспай қарсылық көрсетіп, бір адамы қалғанша соғысты. Әбден титықтап барып алған қамалдағы жаралы, ауру адамдарды моңғолдар қырып салды. Сөйтіп, Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол қолы Шыңғыс ханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғыс хан Бұхара мен Самарқан арасындағы жолда болатын.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Сыр бойындағы қыпшақтар астанасы – Сығанақты 7 күн және 7 түн қоршады. Ақыры басып алған соң тұрғындарын тегіс қырып жіберді. Сырдың бойымен төмен жүріп отырып Үзкент және Баршынкент қалаларын қарсылықсыз алды. Ашнас каласын қорғаған керейлер қатты қарсылық көрсетті. Бірақ күш тең емес еді. Қала халкының көбі қырылып кетті. Бұдан кейін Жент пен Янғикент қалалары кұлады. Осының бәрі 1219-1220 жылдың кысы мен көктемінде болған окиғалар еді. 1220 жылды Жошы хан Жент қаласында өткізді. Ал 1221 жылы Үргеніштің тұрғындары қаланы бірнеше ай бойы ерлікпен қорғады. Сондықтан бұл калаға Жошы, Шағатай және Шыңғыс хан әскерлерін әкелуге мәжбүр болды. Қала алдырмады. Оны тура шабуылмен ала алмағаннан кейін, моңғолдар Әмудария өзенінің бөгетін бұзып, каланы суға толтырыл барып басып алды.
Монғол басқыншыларына Орта Азияның ең ірі калалары Бұкара мен Самаркан калаларының халкы да табанды карсылык көрсетті. Оңтүстік және Оңтүстік Қазақстан арқылы сапар шеккен Плано Карпини осынау жерден яғни Сырдарияның төменгі жағынан "қиратылған сансыз қалаларды, бұзылған бекіністерді, көптеген қаңырап қалған қыстақтарды көргендігін" айтады. Қалалармен қатар суару жүйелері бұзылып, егістіктер тапталды және сол маңайдағы егіншілік аймақтары кұртылды. Сырдария бойындағы егінді мекендердің көптеген халқы кырылды, егіншілері тұтқынға алынды, үшіншілері басы ауған жаққа бытырап қашты. Тұтас бір аудандар, оның ішінде көшпелілері де бар, құлазып бос қалды.
Шыңғыс ханның империясы
1219 жылдан 1221 жылға дейін Шынғыс хан әскерлері бүкіл Орта Азиядағы көптеген калаларды тонауға салып, жойып жіберді. Хорезмшах Мұхамед Иранға кашып кетті. Ол кейін Каспий теңізі аралдарының бірінде өлді. 1220-1221 жылдарғы қысқы жорықтардың нәтижесінде моңғолдар Хорезм жерін тегіс жаулап, Орта Азиядағы соғыс қимылдарын аяқтады. 1221 жылдың көктемінен бастап соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Үндістан мемлекеттерінің жеріне ауысты.
Жебе ноян мен Сүбедей ноян басқарған 30 мың әскер Солтүстік Иран арқылы 1222 жылы Кавказға баса көктеп кіріп, аландарды, қыпшақтарды, орыстарды талқандаған соң Шығыс Дешті Қыпшақ арқылы Ертістегі Шыңғыс хан ордасына 1224 жылы оралды. Осылайша, 1219-1224 жж. моңғол шапкыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясынын құрамына енді.
Шыңғыс ханның жаулап алған байтақ жері түгелімен оның балаларына бөлініп берілді.
Моңғол шапқыншылығының аумағы көрсетілген карта
Шыңғыс хан өзінің империясын 4 ұлына үлестіріп берді: кіші ұлы Төлей Шыңғыс ханның негізгі жұртын – Моңғолияның өзін, сондай-ақ, моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды. Моңғолиядан батысқа карай жаулап алынған ұлан-ғайыр аумақ, үлкен ұлдарына бөлінді, бұл орайда олардың әрқайсысына тұрақты әскерден 4 мың адамнан бөлініп берілді. Шыңғыс ханның үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен ұлысының орталығы орналасқан Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы карайтын болды. Өзін ұлы хан деп жариялағаннан кейін (1228/29-1241) Үгедей, Орхонда, Қарақорымда тұрды.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай Шығыс Түркістанды, Жетісу мен Мауереннахрды алды. Жамал Қаршидің деректері бойынша, Шағатай иеліктерінің негізгі бөлігін құраған өлке Аларғу елі деп аталды, оның басты қаласы Алмалық болды. Шағатайдың жазғы ордасы Іле өзенінің, алқабындағы Кұяш деген жер болды. Оның мирасқорларының ордасы, Жувейни деректері бойынша, түрікше Ұлығ-Иф (Ив) деген атпен, яғни «Үлкен үй» деген атпен мәлім болған. Шағатай мен онын мирасқорлары иеліктерінің кұрамына Балх және Хорасан өлкелері де кірді.
Моңғолдар билігі тұсындағы Қазақстан
Үгедей хан қытайлық суреттерде
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының үлесі Жетісудың солтүстік бөлігін және Төменгі Еділ бойына дейінгі жерді коса бүкіл Шығыс Дешті-Қыпшақты қамтыды. Рашид ад-Диннің деректеріне сәйкес, Жошының ордасы Ертісте болған, бірақ басқа деректемелер бойынша, ол Сарысуға жақын маңда, қыпшақтар елінде жерленген. Алтын Орданың кұрылуына байланысты Жошы ұлысының саяси орталығы Төменгі Еділге ауысты.
Сонымен Қазақстан аумағы моңғолдын үш ұлысының құрамына: далалық бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік - Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік- шығыс бөлігі - Үгедей ұлысына кірді.
Моңғол әскерлері
Қазақстанда Шыңғыс ханның құрметіне шығарылған монета