лекция 5
лекция 5
Дәріс № 5. Тақырыбы: «Сақтардың мәдениеті»
Қаралатын мәселелер:
1)Сақ тайпаларының мәдениеті туралы көне авторлардың
мәліметтері;
2)Сақ тайпалары мәдениетінің қысқаша тарихнамасы;
3)Сақтардың тұрғын жайы мен тұрмыс-салты;
4) Діни наным-сенімдері;
5) Бейнелеу өнері;
6)Жазуы;
7) Сақтардан шыққан ойшылдар;
8) Сақтар мәдениетінің сабақтастық дәстүрі
Әдебиеттер:
Негізгі:
Великая степь в античных и византиийских источниках. – Алматы, 2005. – С. 34-44.
Қазіргі Қазақстан тарихы. – Астана, 2010. – 18-25-бб.
Қазақстанның жеті кереметі. – Алматы, 2006. – 1-29-бб.
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. - І том. – Алматы, 1996. – 25-34-бб.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы. – Алматы, 2010. – 90-97-бб.
Қосымша:
Абай. Ескендір // Шығармалары. – Алматы, 2002. – 64-68-бб.
Акишев К. Курган Иссык. Исскуство саков Казахстана. – М., 1978. – 131 с.
Акишев А.К. Исскуство и мифология саков. – Алма-Ата, 1984.
Есмагамбетов К.Л. Что писали о нас на Западе. – Алматы, 1992. – С. 10-12
Махаева А.Ш. Ұлы жібек жолы. - Астана, 2009. – 14-29-бб.
1)Сақ тайпаларының мәдениеті туралы көне авторлардың мәліметтері. Көне дәуірлердегі Қазақстан туралы алғашқы географиялық мәліметтердің жүйесін жасаған көне грек оқымысты-энциклопедисі Геродот болды. Оның «Грек-парсы соғыстарының тарихы» аяқталмай қалған, алайда оқымыстылар оның еңбегін 9 кітапқа бөлген. Соның ішінде 4 кітабы Скифияны, яғни Сақтар елін суреттеуімен құнды. «Тарихтың атасы» Геродот өзінің еңбегінің мақсаты жөнінде: «Эллиндіктер мен тағылардың таңғаларлық істері, даңқтары уақыт ағымымен ұмыт қалмауы үшін өзіме мәлім жайларды баяндаймын», – деп көрсетеді. Геродоттың еңбегінде сақтардың рухани мәдениеті, әсіресе, әдет-ғүрыптары туралы өте көп мәліметтер бар.
Сақтардың шығу тегін Геродот былайша тарқатады:
Арпоксай
Тарғытай Колоксай
Липоксай
Географиялық және этнографиялық құнды мәліметтердің бірқатарын «Географияның атасы» саналатын Страбонның «География» атты еңбегінен және Птоломейдің «Географиясынан» алуға болады. Сондай-ақ скифтер туралы өз естіген, білгендерін Ктесий, Диодор, Үлкен Плиний, Помпей Трог, Полибий және т.б. грек тарихшылары қалдырып кеткен. Алайда оларда нақты ақпараттар көп еместігін де айта кетуге тиіспіз.
Сақтардың өмір салты, рухани және материалдық әлемі жайынан ежелгі парсы жазбалары баян етеді. Олардың қатарында І Дарийдің Бехистун жазбасын, сондай-ақ Ксеркс жазбасын атауға болады.
Зороастризм дінінің қасиетті кітабы – «Авестаның» мәліметтері де сақтар мәдениетін зерттеуде құнды деректер қатарын құрайды. Дегенмен де ол әлі өз зертеушілерін күтіп жатқандығын да айта өткен жөн.
Көне авторлар мәліметтерінің растығын білуде, салыстыра зерттеуде, әрине, археологиялық деректердің орны ерекше. Археолог ғалымдардың ерен еңбектері сақтар мәдениеті тарихнамсының өзегі болып табылады.
Сақтар мәдениетінің тарихнамасы. Сақ тайпалары мәселелеріне арналған мол әдеби мұраның ішінде кеңестік тарихшылар, археологтар, тіл мамандары мен антропологтардың еңбектері ерекше орын алады. Осындай ғылымның әр саласындағы ғалымдардың жанкешті еңбектерінің арқасында сақтар тарихы тек әскери жорықтар мен патшалар тарихы болудан қалды. Енді сақтардың саяси тарихы ғана емес, сондай-ақ олардың материалдық және рухани мәдениетіне де үлкен көңіл бөліне бастады.Себебі, ертедегі сақ тайпаларының мәдениеті мен өнері ғасырлар қойнауындағы көне тарихымыздың ашылмай жатқан сырларын шертеді.
Сақ тайпаларының мәдениеті мен өнері туралы айтқанда, алдымен, белгілі археолог-ғалым А.Н. Бернштам есімі еске түседі. А.Н. Бернштам– Жетісу,Тянь-Шань және Памир-Алай сақтарының тарихы мен мәдениеті тақырыбына алғаш қалам тартқандардың бірі. Оның «Жетісу мен Тянь-Шань мәдениеті тарихының негізгі кезеңдері» (СА, 1949. № 9), «Шу аңғары» (МИА. 1950. № 14) алғашқы мақалалары сақтардың көне тарихын зерттеуге жаңа жол ашты. А.Н. Бернштам таулы аймақтардағы көшпелі сақтардың тарихын зерттесе, Арал маңындағы жазық жерлерді қоныстанаған сақтардың мәдениеті тарихын археолог С.П. Толстов зерттеді. Сақ-массагет тайпаларының қоныстарын, қалаларын, монументальді ескерткіштерін ашу арқылы С.П. Толстов сақтар мәдениетін зерттеуге өзіндік үлес қосты. Ол Шірік Рабат қонысын 1946 жылы ашты (С.П.Толстов. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962).Сақтардың өзге елдермен қарым-қатынасы, мәдени байланыстары К.В. Тревер, М.М. Дьяконов, Е.Е. Кузьмина сияқты талай ғалымдардың зерттеулеріне арқау болды.
Сақтардың мәдениетін зерттеу қазақ археологтарының да назарынан тыс қалған жоқ. 1969 жылы Алматыдан 50 км жерде Есік өзенінің жағалауынан б.э.д. V ғ. сәйкес келетін сақ патшасының қорғаны табылды.
Жетісу жеріндегі сақ дәуірінің керемет бір ескерткіші – осы Есік қорғаны. Ол Алматының шығысында, Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Қорғанның диаметрі – 60 м, биіктігі – 6 м. Үйілген топырақтың астында екі бейіт болған, біреуі тоналған, ал біреуі аман қалған. Антропологтардың айтуынша, өлген адамның жасы 17-18-де , бойы 165 см. Алтын адамның үстіндегі киімінің салмағы – 6 кг асады.
Есік қорғаны (қазба жұмыстары басталғанға дейінгі көрінісі)
1969 жылы Есік обасынан табылған «Алтын адам».
Қазақстандық белгілі археолог, темір дәуірінің ірі маманы Кемел Ақышев осы қоныстағы қазба жұмыстарының негізінде өзінің атақты «Есік қорғаны. Қазақстан сақтарының өнері» деген еңбегін жазып шықты.
К.А.Ақышев (1924-2003)
Ғалымның бұл еңбегі Қазақстан жеріндегі сақ тайпаларының мәдени деңгейі жоғары дәрежеде дамығанын бүкіл дүние жүзіне паш етті. Есік қорғанынан алынған мәдени мұралар арқылы К.Ақышев кейбір зерттеушілердің Орта Азия мен Қазақстанның ежелгі тайпаларын тек варварлар болды, мәдениет пен өнердің құнды ескерткіштерін жасауға қабілетсіз болды дейтін пікірлерінің ұшқыр екендігін, қате екендігін ғылыми түрде дәлелдеп берді. Жетісу жеріндегі «Бесшатыр» және «Алтын киімді адам» обаларын зерттеген К. Ақышев сақ тайпаларының мол мәдени мұраларды жасап шығуын олардың мемлекеттік дәрежеде өмір сүруімен байланыстырады және сақтардың бейнелеу өнеріндегі «аң стилі» жергілікті негізде қалыптасты деген пікірді ұсынды. Қазіргі таңда археолог-ғалым Кемал Ақышевтің «Есік қорғаны» атты еңбегі бірегей құнды шығармалар қатарына жатады. Ал Г.А.Кушаевпен бірігіп жазған «Іле аңғарындағы сақтар мен үйсіндердің ежелгі мәдениеті» (Древняя культура саков и усуней долины р. Или (А., 1963) атты кітапта К. Ақышев «аң стилі» өнерінің даму кезеңдерін көрсетті.
|
Сақ тайпаларының өнері, аңыз-әңгімелері, жалпы рухани мәдениеті де зерттеушілерді өзіне тартпай қоймады. 1977 жылы скиф-сақ тайпаларының идеологиясы туралы көлемді еңбекті Д.С. Раевский жазды (Раевский Д.С. Очерки идеологии скифо-сакских племен. – М., 1977). Бірақ бұл еңбекте сақтардың рухани мәдениеті лингивистикалық тұрғыдан зерттеліп, тарихи деректерге аса көңіл бөлінбейді. Ал сақ тайпаларының рухани мәдениетіне тарихи мән бере отырып зерттеуге талпынған ғалым Әлішер Кемалұлы Ақышев болды. Ол Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, сондай-ақ Оңтүстік Сібір мен Орта Азия жерлеріндегі сақ-скиф тайпаларының қабірлерінен алынған материалдар негізінде 1984 жылы «Сақтардың өнері мен мифологиясы» атты монографиясын жарыққа шығарды. Автор сақ тайпаларының Қазақстан жеріндегі Есік, Бесшатыр, Теңлік және т.б. қоныстарынан табылған қолданбалы өнер шығармаларын кеңінен қолдана отырып, оларды Сібір, Алдыңғы Азия және Орта Шығыс өнері туындыларымен салыстыра зерттейді. Әлішер Ақышевтің бұл кітабы сақтар өнерінің «жетісулық мектебінің» қалыптасып, дамуын көрсетуге талпынуымен құнды деуге болады.
Қазақстандық М.Қадырбаев, Г.А. Кушаев секілді археологтармен қатар қазақ антрополог-ғалымы О.Смағұлов, академик Ә.Марғұлан, түркітанушы-ғалым А.Аманжолов, әдебиетші-ғалым А.Қыраубаева сияқты зерттеушілер қазақстандық сақтану ғылымын жаңа белестерге көтеруге атсалысты.
Тәуелсіздік жылдары Ә.Төлеубаев, З.Самашев сияқты археолог-ғалымдар Кемал Ақышевтің сақтанудағы тамаша бастамаларын одан ары жалғастырды. Олар Шығыс Қазақстан өңірінен сақ дәуірінің құнды ескерткіштерін ашты.
Алайда, ғалымдар арасында сақтардың мәдениеті мен өнері туралы шешілмеген, талас тудыратын мәселелер де жоқ емес. Мысалы, сақтар мәдениетінің генезисі туралы әртүрлі пікірлер бар. Дегенмен де соңғы кезде дүниежүзі ғалымдары сақ тайпалары жабайы болмағандығын, олардың тамаша өнер туындыларын жасап, жоғары мәдени мұраны игергендігін мойындап отыр.
Расында, сақтар заманында Қазақстан территориясындағы мал өсіретін тайпалардың мәдениеті мен өнері дамудың біршама жоғары сатысына көтерілді.Темірдің шығуы, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы материалдық және рухани мәдениет формаларын түбірімен өзгертті. Ерте дәуірдегі сақтардың және тағы басқалардың көптеген ұқсастығы бар мәдениеті осы темір дәуірінде қалыптасты. Сақтардың матералдық мәдениетінің тамаша көрінісін олардың тұрғын үйлері мен киімдері көрсетеді.Сақ тайпаларының тұрғын жайы мен тұрмыс-салты туралы алғашқы деректерді Геродот былайша береді: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш, кез келген сәтте, ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Геродоттың бұл мәліметі сол кездің өзінде-ақ киіз үй пайда болған деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Геродот пен Гиппократтың хабарлағанындай, мал өсіретін тайпалардың 4 және 6 доңғалақты арбаларға орнатылған киіз үйлері де болды. Оларды жартылай көшпелі және отырықшы малшылар пайдаланған. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және солтүстік аудандарында тұрақты тұрғын үйлер де болды. Оңтүстікте мұндай үйлер саман кірпіштен жасалды, ал солтүстікте және шығыста бөренелерден тұрғызылды.
Сақтар «адамның мәңгілік тұрағы» деп, «тұрақты мекен үйі» деп оның қабіріне үлкен мән берді. Қабір көбіне төрт бұрышты етіп салынды. Тұрғын үйлердегідей мұнда да бөрене ағаштар тіреу етіп қойылды. Бөрене ағаштар үйдің негізгі бөлігін құрап, «өмір ағашы» символын бейнеледі.
Үйдің әр қабырғасы әлемнің төрт құбыласын білдірді, әрі оның әрқайсысының құдайы бар деп есептелінді.
Сақтардың киімі туралы біршама мәліметтер бар. Геродот сақтардың бірі киізден тігілген шошақ бөрік кигендігін хабарлайды.Парсы жазбалары мен жартастағы бейнелері сақтардың шошақ бөрік, ұзын шекпен кигендігін көрсетеді.
Бехистун сына жазуы. Осы ескерткіштегі сақ адамдарының суреті.
«Есік» қорғанынан табылған алтын адамның киімі алтынмен үптелген. Бір белдігінің өзі 16 әшекей қаптырмадан тұрады. Халқымыз « алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дейді. Ал сақтар алтынның қадірін бағалай білген.
Діни наным-сенімдері. Жерлеу материалдарына қарағанда, сақтарда ата-баба аруағына, семьялық-рулық әулиелер мен желеп-жебеушілерге сыйыну ғұрптары болған. Сақтар о дүниенің болатындығына сенген. Осыдан келіп өлген адаммен мүлікі бірге көмілген, мүліктің өлшемі марқұмның беделі мен қауымдағы дәрежесіне лайықты етіп қойылған. Қауымның жеріндегі ру зиратында атқарылатын әрбір тайпаға тән жерлеу ғұрпы болған. Малшылардың зираты қыстау маңында болды. Өлгендер жылдың қай мезгілінде болмасын осы зиратқа жеткізілді.
Сақ ақсүйектері өкілдерін бальзамдау мен мумиялау әдісі де қолданылған.
Сақтар жауынгердің өлігін ерекше қастерлеп көмді. Жауынгермен бірге оның мінген аты да көмілді, кейде атының орнына жүгені қойылды. Құрбандыққа шалынған жылқы адамға жол табуға және қиындықты жеңуге көмектеседі деген ұғым болған. Орталық Қазақстаннан табылған «мұртты обалардан», сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан жылқыны бірге жерлеу ғұрпын көруге болады.
«Мұртты обалар». Орталық Қазақстан.
Сақ тайпаларының басты сыйынатын құдайы күн болған. Күнді киелі күш деп білді, отқа табыну осы күнге табынудан шыққан. Арал маңындағы сақтар молаларынан қызыл бояу- от пен күннің символы жиі ұшырасады. Сақтар өлікті жерлеп болғаннан кейін обаларды айналдыра от қоятын болған. Себебі, от зұлым рухтарды жолатпайды деп сенген.
Сақтар заманында анимизм, тотемизм және магия сияқты алғашқы ең ежелгі діни ұғымдар да сақталған. Анимизм қалдықтары түрлі заттарды қабірлерге сындырып салудан көрінеді. Тотемизм мен магия сарқыншақтары әр түрлі тұмарларда сақталған. Сақтардың тұрмыстық бұйымдарында жануарлар стилінің басым болуы да осы наным-сенімдерден шыққан.
Сақ өнері.
Бейнелеу өнері. Сақтардың бейнелеу өнеріндегі жанр «аң стилі» деп аталады. Бұл өнер үлгісі Сібір, Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Еуропаның оңтүстігіндегі тайпалар арасына тарады. Аң стилінің негізгі тақырыбы – жануарларды, аңдарды және зооморфтық ғажайыптарды бейнелеу болды. Жануарлар бейнесі тұрмыстық заттарды әшкейлеу үшін қолданылды. Сақ шеберлері аңдарды, жануарларды бейнелеуде түрлі материалдарды қолданды. Бізге жеткен бұйымдардың көбі қола мен алтыннан жасалған. Геродот та сақтарда алтынның көп болатынын көрсеткен еді.
Аң стилінің үш кезеңі: көне заманғы кезеңі (б.з.б. VІІІ – VІ ғғ.) – аңдар бір орнында тұрған қалпында бейнеленді; өрлеу кезеңі (б.з.б. VІ – ІV ғғ.) – жануарлар суреттері күрделі, динамизмге толы сюжеттер арқылы беріледі; құлдырау кезеңі (б.з.б. III – II ғғ.) – жануарлар стилі бірте-бірте ою-өрнекке айналады.
«Аң стилінде» жасалған «Алтын адамның» киіміндегі әшекейлер
Есік қорғанынан табылған жазуы бар күміс тостаған
Сақтар жаза білген. Есік корғанынан екі жолға жазылған 26 таңбалық жазуы бар күміс тостаған табылды. Оны қазақ түркологы Алтай Аманжолов: «Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)!» – деп оқыды. Бұл жазу Қазақстан жерінде бұдан 2500 жыл бұрын жазу-сызу болған ден тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Сақтар алыс-жақын елдермен мәдени-экономикалық байланыста болды. Оны сақ ханзадасының мөрі де көрсетеді.
Мөрлі жүзік
Сақтардан шыққан ойшылдар. Сақтар тек қана жауынгер-батырларымен ғана емес, сонымен бірге оқымысты ойшылдарымен де даңқты болды. Әлемдік әдебиетте сақтардан шыққан ұлы ойшыл, философ Тоқсары (грекше – Токсарис) және Анақарыс, Анарыс (грекше - Анахарсис) туралы айтылады. Олар ежелгі өрениеттің ошағы – Афинада өмір сүрген. Тоқсары Қара теңіз жағалауын қоныс еткен қарапайым сақ тайпасының отбасында дүниеге келген. Оқу-білім іздеп, Элладаға(Афинаға) барып, туған жері - Сақ еліне қайтып оралмайды, сонда қайтыс болған. Ежелгі грек жазушысы Лукиан өзінің «Токсарис және достық» атты шығармасында оның грек ойшылдарымен дос-жоран болғанын баяндайды. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Токсарис б.з.д. 594 (568) жылы Афинаға оқу іздеп келген ханзада Анахарсисты жылы қарсы алған. Сақтардан шыққан ұлы ойшыл Анахарсис (б.з.д. VI-VII ғғ.) туралы ежелгі грек философтары Платон, кейіндері Диоген, Лукиан, Плутарх, Геродот қалам тартады. Платон оны «сақтардан шыққан аңыз адам, Солонның әсерімен бар ғұмырын философияға арнаған» деп көрсетеді. Анахарсис өз дәуірінің көрнекті ойшылдары Солон, Фалес, Эзоппен ой таластырып, талай ғылыми айқастарға қатысқан. Сол үшін оны Платон «әлемдегі жеті ғұламаның бірі» деп таныған.
Одан «Өлі көп пе, тірі көп пе?» деп сұрапты, сонда сақ ойшылы-Анахарсис: «Ал теңізде жүзіп жүргендерді қайсысына қосамыз?» деп қайыра сұрапты. Оның ұшқыр ойын, жүйрік көңілін, кемел ақылын грек ойшылдары жоғары бағалаған. Кезінде Афина зиялылары арасында «Скиф осылай депті» деген мәтел де тараған екен.
Диоген өзінің «Атақты философтардың өмірлері, ілімдері, нақыл сөздері» атты кітабында Анахарсис айтыпты деген қанатты сөздерді келтіреді. Сол мәліметтерге сүйенсек, Анахарсис: «Басқа бәле – тілден», «Мың арам достан бір адал дос артық», «Элладада ақылдылар ой тастайды, бірақ мәселені ақымақтар шешеді» деген өлмейтін сөздер қалдырған. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы болса керек.
Анахарсистің 800 жолдай өлеңі «Латын антологиясы» кітабына кірген.
Сақ ойшылы Анахарсис сүйікті досы Солон өлген соң, еліне қайтады. Бірақ оны өзінің жақын бауыры Сабыл (грекше – Савлий) атып өлтіреді. Өлім аузында жатқан ұлы ойшыл: «Мені Элладада ақылым сақтады, ал туған елімде қызғаныштың құрбаны болдым» депті.
Анахарсистің тұңғиық ойлары сақтардың ойлау жүйесінің желдей жүйріктігін, жүйелілігін, логиканы терең меңгергенін аңғартады.
Қазақ философтары қазіргі таңда қазақ философиясының тарихын осы сақ дәуірінен, Анақарыс данышпаннан бастап жүр.
Сақтар мәдениетінің сабақтастық дәстүрі
Сақтардың тамаша өнер туындылары өзінің сабақтастық дәстүрін, құндылығын әлі күнге жоғалтқан жоқ. Оған тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасында қанатты тұлпарлардың бейнесі қолданылды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбаның авторлары - Жандарбек МәлiбековШота Уәлихановтың ойынша,
Тұлпар - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi.
Қазақстанның тәуелсіздігінің символы ретінде алтын адам бейнесі алынды.
Алматы қаласында орнатылған Қазақстанның Тәуелсіздік монументі
1992 жылы 20 наурызда шыққан Қазақстанның ең алғашқы почта маркасыосындай болған
Астана қаласындағы ҚР Алтын және қымбат металлдар мемлекеттік мұражайында сақтаулы тұрған «Алтын адамның» макеті.
Жалпы «Алтын адамның» сап алтыннан 3 макеті жасалған. Оны жасаған суретші-реставратор Қырым Алтынбеков. Мақеттің бірі БҰҰ-ға сыйға тартылса, бірі ҚР Президенті мұражайында тұр. Үшіншісі Астана қаласындағы ҚР Алтын және қымбат металлдар мемлекеттік мұражайында сақтаулы (суретте көрсетілген).
Алтайлық алтын адам
«Сақтардың мәдениеті» атты тақырып бойынша сұрақтар:
1) Сақ тайпаларының мәдениеті деректер және оның маңызы
2)Сақ тайпалары мәдениетінің зерттелу деңгейі қандай?
3)Сақтардың тұрғын жайы мен тұрмыс-салты, діни наным-сенімдері:
ерекшелігі
4) Сақтардың бейнелеу өнері. Аң стилінің генезисі мәселесі
5) Сақ жазуы: сипаты және зерттелу деңгейі, генезисі мәселесі
6) Сақтардан шыққан ойшылдар және олардың әлем тарихы мен
мәдениетіндегі орны
7) Сақтар мәдениетінің сабақтастық дәстүрі