Педагогика философиясы
Педагогика философиясы
Педагогика философиясы
Қарастырылатын сұрақтар:
1.Педагогика және білім философиясы.
2.Білім онтологиясы.
3.Білім логикасының жалпы сипаттамасы.
4.Білім аксиологиясы.
5.Білім этикасы.
6.Білімдік орта сипаттамасы және ондағы субъектілердің өзара әрекеттестігі.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Білім философиясы
Білім философиясы ғылыми пән ретінде әлемде бірнеше онжылдық көлемінде қолданылып келеді. Онда білімге қатысты әртүрлі көзқарастар мен пікірлер қатар өмір сүре алады. Кеңес өкіметі шеңберінде болған мемлекеттерде ғана бұл ғылым кеш қолға алына бастады. Мұның себебі біріңғай идеология біздің топырағымызға басқа философия мен тұжырымдамалардың енуіне жол бермеді.
Білім философиясы адамның мәдени ортада ақыл-ой және адамгершілік жағынан дамуын, бұл үрдіске білім беру жүйесінің әсерін қарастырады. Білім философиясы білімдік үрдістегі барлық құбылыстардың мәні мен табиғатын: білім дегеннің өзі не (білім онтологиясы); ол қалай пайда болады (білім логикасы); білімдегі құндылықтардың табиғаты мен қайнар көзі қандай (білім аксиологиясы); білімдік үрдістің қатысушыларының қарым - қатынас мәлениеті қандай болуы тиіс (білім этикасы); білімдік үрдіске әсер етудің әдістері қандай болады (білім әдіснамасы) деген сұрақтарға жауап іздейді.
Бұл мәселелерге тереңдемей тұрып «білім» ұғымының философиялық тұрғыдан мәнін ашуды дұрыс деп есептейміз. Білім - игілік. Ол субъектінің психасында орналасқан, оның жеке мәдениетіне қатысты, басқа адамдармен қарым-қатынаста, әлемді тануда, жеке тәжірибе жинақтау барысында қалыптасады. Білім адам дамуы жүретін ортамен байланысты. Білім – жеке мәдениеттің ішкі құрылымы болып табылатын күрделі жүйе. Ал жүйе – белгілі құрылымнан тұратын жинақталған, бір-бірімен өзара байланысатын элементтерден тұратын біртұтастық. Ол материалдық және абстрактылық, күрделі және қарапайым, жасанды және табиғи, органикалық және бейорганикалық, ашық және жабық жүйелер болып бөлінеді. Білімдегі жүйе – білім жүйесі тәжірибеде әртүрлі білімдік бағдарламаларды жүзеге асыратын арнайы әлеуметтік институттардың әрекеттерімен байланысты. (б/бақшалар, мектептер, жоғарғы о/орындары, зерттеу институттары, білімді басқару мекемелері) Олардың әрқайсысының өзіндік ішкі жүйесі бар.
Білім онтологиясы
«Онтология» ұғымының грек тілінен аудармасы бар нәрсе жайлы ілім. Білімнің адам өміріндегі орны, оның жанұяда, мектепте, қоғамда бар болу керек екені күмән келтірмейді. «Білім» ұғымының төмендегідей үш мәні бар: білім – тұлғаның игілігі; білім – тұлғаның өзінің игілігін жасау үрдісі; білім жүйесі – барлық азаматтарға сондай игіліктерді алуға көмектесін әлеуметтік институт.
«Білім» В.И.Дальдің сөздігінде «білдіру, үйрету» деген мағынаны береді. Демек, жас өскінді өзіңнің білетініне үйрету. Қазіргі уақытта бұл ұғымды «тәрбиелеу» түсінігінен бөліп қарауға болмайды.
Философиялық сөздіктерде білімді – адамның рухани келбеті деп түсіндіреді. Ал педагогикада білімді білік, дағдылар жүйесімен байланыстырады.
Нобель сыйлығының иегері, белгілі ғалым Макс фон Лауэ «Білім дегеніміз барлық жаттағандарымыз ұмытылғанда қалатын нәрсе» деген пікір айтады. Шынында не қалуы мүмкін? Ойланып көрейікші.
Білімді тұлғаның алға қарай жылжуы ретінде қарастырсақ, онда оның өзінің белсенділігі алға шығады. Ол танымдық жолмен қозғалыс жасай отырып, әлемдегі үлгілермен танысады, өзі де сол әлемнің бір бөлігіне айналады. Бұл жолда ол тәжірибе жинақтайды, басқалармен әрекеттеседі, сол арқылы көкжиегін кеңейтеді немесе білім алады. Ал білім жүйесі тұлға мен мәдениет арасындағы дәнекердің қызметін атқарады.
Қазіргі уақытта «дәстүрлі және балама білім жүйелері» деген түсініктер қалыптасқан. Кластық – сабақтық жүйе ретінде сипатталатын дәстүрліжүйеге балама ретінде Мария Монтессори атымен аталатын мектеп, Р.Штайнердің Волдорф педагогикасы мектебі, Александр Нилл мектебі, Д.Дьюидің прогрессивті мектебі т.б. алынады. Олардың өмірде болуы дәстүрлі мектепті, ондағы оқыту жүйесінің жетілуіне ықпал етіп отыр.
Білімді адамға: белгілі бір білімдер жиынтығын меңгерген, оны қолдана алады, қоғамдағы қалыптасқан нормалар мен стандарттарды қабылдайды, өзінің танымдық позициясын анықтаған деген сипаттама беруге болады. Дамыған демократиялық ашық қоғамда тұлғаның білімдік кеңістігі ретінде бүкіл әлемдік мәдениет алынады. Олардың барлығының үлгілерін үйреніп көрген ол тек өзіне, өзінің ішкі дүниесіне үйлесімдісін таңдап ала алады. Ал шығармашыл тұлға әдетте олардың ешқайсысынан орын таба алмай өз жолын жасауы мүмкін.
Білім логикасы
Логика философияның қойнауында пайда болған дұрыс ой қорытындылар жасауға көмектесетін ойлаудың формалары мен құралдары жайлы ілім. «Логос» ежелгі гректерде - сөз, заң, реттілік, ұғым, пайымдау түсініктерін береді. Дегенмен қазіргі уақытта бұл сөздің қолданылуында басқа да реңк бар. Мысалы: «Осылай жасалуда қандай логика бар?» -деп, жатамыз. Немесе «Үрдістің логикасын түсіне алмай тұрмын» дейміз. Бұл жағдайларда сол жүріп жатқан үрдістің өту заңдылықтары, оның кезеңдері жайлы айтылып тұр.
Білім логикасы тұлғаның даму заңдылықтарын қарастырады және сол жайлы ойлаудың бағытын реттейді, басқарады. Сонымен қатар танымдық үрдісте өзі де өзгеріске ұшырайды. Білімдегі алынған дұрыс не теріс нәтижелердің себебі не, неге байланысты осылай болды? – деген сұрақтардың жауабын іздеуде логикалық білімнің қажет екендігі түсінікті. Бұл туралы Д.Дьюи «педагогикадағы барлық ойлар екі идеяның күресін көрсетеді. Оның бірі – білімді табиғи қабілеттерге негізделген даму деп есептесе, ал екіншілері – сыртқы әсерлер арқылы табиғи бейімділіктердің орынына жаңа қабілеттерді қалыптастыру деп есептейді». Сіздер қалай ойлайсыздар?
Тұлғаның қалыптасуына қатысты бихевиоризм және гуманистік психология әртүрлі түсініктер береді. Бихевиористер (Б.В.Скиннер, Д.Уотсон т.б.) адамның субъективті әлемін зерттеуден бас тарта отырып, оларда белгілі бір мінез – құлықтардың қалыптасуы және оларда жаңа қабаттарының пайда болуы (жоғарылауы) туа бітті бағдарламаларға жасап көру, қателіктерді түзеу барысындағы рефлекстер арқылы болады деп есептейді. Мысалы Уотсон кез келген тұрпаттағы адамды оның генетикалық ерекшеліктеріне қарамай-ақ сыртқы әсерлер арқылы жасап алуға болады деп есептейді білім беруде осы логикаға сүйенуге бола ма?
ХХ ғасырдың басында пайда болған гуманистік психология тұлғаны біртұтас ашық жүйе ретінде қарастырады. Ол басқаратын машина да,қуыршақ та емес. Ол – қайталанбайтын даралық деп деп түсіндіреді. Әр адамның өзіндік дүниетанымы мен таңдаған өмірлік жолдары болады. (К.Роджерс, А Маслоу, В.Франкл т.б.) Логиканың бұл бағытының негізгі ерекшеліктері – адам өзінің тұлғасын дамытуда үнемі қозғалыста, басқа жүйелермен қарым-қатынаста болады. Үздіксіз даму мен өзін-өзі дамыту, өзін-өзі іске қосу – адамның өмір сүруінің негізі. Сондықтан да олар белсенді, болашаққа бағытталған шығармашыл тіршілік иесі деген пікірді уағыздайды. Мұнымен келісесіздер ме?
Тұлға өзінің жолын әлі оның біртұтастығы анықталмаған жетілмеген кезеңнен бастайды. Бұл кезеңде ол жағдайға байланысты мінез танытады. Әлем жайлы түсінігі таяз, пайымы шашыраңқы. Жетілу жолында ол ішкі тәжірибе мен сыртқы дүниені салыстыру, келісімге келтіру бағытында қозғалыс жасайды. Бұл үш кезеңнен тұрады: өзін-өзі бекіту, өзін-өзі іске қосу, мәнділікті түсіну.
Өзі-өзі бекіту – әрекеттегі қарапайым нормаларды орындай алу басқалардан қалмау, күлкілі, дәрменсіз болмау бұл кездегі негізгі идеялар. Тұлға бұл кезеңде нәзік, тез жараланады (психологиялық тұрғыда), кейде тіпті агрессивті болуы да мүмкін соған байланысты сыртқы жағдайларға сәйкес реакция жасауды біле бермейді, ол үшін психиканың басқа механизмдерін қосады. Құзырлылығы қарапайым, мәдени нормалары ең төменгі деңгейінде.
Өзін-өзі іске қосу – кезеңіне өту құзырлылығының артуымен сипатталады. Бұл оның белсенділігі, ішкі мәнді күштерінің көрінуі. Тұлға бұл кезеңде шешім қабылдауға әзір, әрекеттің субъектісі ретінде танылады. Ол әр түрлі техника мен технологияларды меңгеруде батылдық танытады. Оның осы бір ұстанымы болашақтағы дамуының негізі бола алады.
Мәнділікті түсіну – әрекеттің мәнін ұғыну (мысалы білімнің) Сол арқылы өз жолын таңдау, өз тәжірибесін сыртқы орта нормаларымен үйлестіре алады. Даму бұл кезеңде тереңнен басталып интенсивті жүреді. Әрекетте де терең рухани құрамалар байқалады.
Білімнің жолы – өзіне қарай жүру жолы болғандықтан дара жол. Ол - даму жолы. Тарих қайта айналып келмейтіні сияқты дамудың нәтижесі де қайталанбайды. Адам өз өмірінде, білімін қайта бастай алмайды.
Білімнің этикасы
«Этика» ұғымының грек тілінен аудармасы - (этос) дәстүр, мінез, әдет сияқты түсініктерді береді. Бұл ұғымды практикалық философияда алғаш рет адамдардың өздерін ұстауы қалай болуы тиіс, керісінше нені жасауға болмайды дегенді анықтау үшін Аристотель қолданған. Ол уақытта этика өмірдің гигиенасы сипатында болды.
Қазіргі кезде білім этикасы білім жүйесіндегі қатысушылардың мінез-құлық және адами халықтарының үлгілерін қарастырады. Мұғалім мен оқушының мінез-құлық нормалары дәстүрге байланысты реттеліп отырылады. Дәстүрлі білім жүйесінде мәдениетті сақтап, оны ұрпаққа жеткізіп отыру құндылығы жетекші рөл атқарады. Онда баланың өмірі әлі де нағыз, толыққанды өмір деп есептелінбегендіктен оқу әрекетінде қатал мәжбүрлеу орын алады. Еліміздегі көптеген мектептер тәжірибесінде осы уақытқа дейін, дәстүрлі жүйенің тоталитарлық талаптары орын алып отырғаны жасырын емес (бірдей тапсырма, бірдей оқулық, ынта-ықылассыз күштеп оқыту, жаттату, «сүйрелеу», репрессивті бағалау т.б.).
Бұл жүйеде мұғалім мәдениет пен білімнің атынан сөйлейтін болғандықтан, толық және абсолютті құзырлылықты көрсетуі тиіс. Оның осындай рөлі оқушының танымдық бастамашылдығын төмендетеді. Бұл жердегі құзырлылық оның шығармашылық әлеуетінен гөрі, өкінішке орай алдын-ала дайындалған сұрақтарға жылдам жауап бере алушылдығын көрсетеді.
Гуманистік психологияға негізделген шығармашылық педагогикасында мұғалім білімділік үрдіске қатысушылардың еркіндігін, қарым-қатынастың табиғилығын сақтауды басшылыққа алады. Бұл жағдайдағы мұғалімнің рөлі бағыт беруші, ұйымдастырушылықболғандықтан, соған тән адамдық қылықтардың үлгісі тиімді.
Білімнің идеалистік философиясында мұғалім мен оқушы, қарапайым адам және жаратушы арасындағы дәнекер ретінде қарастырылады. Ол Алланың жердегі қызметшісі.
Қазіргі әлеуметтік жағдайда мұғалімге қойылатын талаптар қандай? Олар туралы не айта аласыздар?
Мұғалім деп тек мектепте оқытатын адамды ғана атау сыңаржақ пікір. Өсіп келе жатқан баланың жолында кездесіп, ол үшін мәнді, ерекше орын алған басқалар да ол үшін ұстаз. Бұл жерде оқушы тәлім-тәрбие алатын білім мекемелерінің этикасы, ондағы атмосфера жайлы сөз қозғау сұранып тұр. Жеке тұлғаның сұраныстарына бағытталған, ізгілікке негізделген, креативті ортада тәрбиеленген бала болашақта басқаның еркіндігі мен еріктілігін, адамгершілігі мен ар-намысын аяқ асты етпейтіндігіне шүбә келтіруге болмайды. Бұдан қазіргі білім берудің модельдеріндегі этикалық астарларды жете білу, білімді ортаны, сол арқылы әр адамның «ішкі ортасын» өзгерту міндеті туындайды.
Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесін философиялық тұрғыдан талдап түсіну ең алдымен оның дәл ортасында «адамның» тұрғанын мойындаудан басталады. Бұл біздің гуманистік метаұстанымды басшылыққа алуымыздың қажеттілігін туындатты. Педагог өзінің шығармашылық әлеуетін өзі дамытуына қажетті жағдай жасалмайынша, оның өзіне, өзінің оқушыларына нағыз гуманистік көзқарастары қалыптастырады деп айту қиын. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалім оқу үрдісін шаблонды түрде емес, оқушылармен өзара әрекеттестік, өзара түсіністік пен сыйластық негізінде жүргізіледі. Бырақ бұл тек, сөзбен айтылып қана қоймайды, ол үшін мұғалімнің өмір сүру образы өзгеруі тиіс, терең гуманистік білім болуы, әрекеті мен ойлау жүйесі өзгерген, яғни ол өзі ізгіліктің үлгісіне айналуы қажет.
Білім аксиологиясы
Аксиология (грек тілінен аудармасы – «құндылық») құндылықтар әлемнің құрылымы туралы философиялық ілім. Өмірдегі барлық нәрсе құндылық қатынастардың объектісі бола алады.
Қазіргі жағдайда білімнің қоғамды дамыту институты ретіндегі ерекше рөлі туралы мәселе өзекті болып отыр. Білім ешқашан аяқталмайтын категория. Бұл жағдайда адамды сол социумды оның жеке, қоғамдық – саяси және әлеуметтік өндірістік әрекеті бұзуға емес бекітуге әкелетіндей етіп оқыту мәселесінің өзектілігі артады. Қоғамға А.И.Субсттоның сөзімен айтсақ әмбебап – тұтас адамның қажет болуы құндылықтар мәселесіне ерекше назар аудару қажеттілігін туындатады.
Құндылықтар әлемі – мәдениет әлемі, адамның рухани әрекетінің саласы, тұлғаның рухани байлығы өлшемін білдіретін, оның адамгершілік санасының басымдылықтарының саласы. Құндылықтар дүниетаным ықпалымен қалыптасады, өйткені адам әрқашан әлеуметтік тәжірибесі барысында әр алуан көзқарастарды біріктіруге ұмтылады. Құндылық – құнды нәрсе. Бұл мәселені құндылықтар теориясы немесе аксиология ғылымы зерттейді.
«Аксиология» 1902 жылы француз философы П.Лапи енгізген. Ал 1908 жылы неміс ғалымы Э.Гартман өз еңбектерінде белсенді түрде қолдана бастады. Қазіргі сөздіктерде аксиологиялық құндылықтар жайлы ғылым деп түсіндіріледі. «Құндылық» ұғымын американдық философ Р.Б.Перри арнайы зерттеген.
Адамның құндылық бағдарлары индивидтің әлеуметтенуі барысында қалыптасады да 18-20 жастан кейін ол өмір суретін орта мен дағдарысты кезеңдерде өзгерістерге ұшырайды. С.Л.Рубинштейннің айтуынша оның өмірінің өзі – басты құндылық.
Философияда құндылық деп адам және қоғам үшін жағымды не жағымсыз мәні бар айналаны қоршаған өмірдің әлеуметтік объектілер, қоғамдық өмір мен табиғат адам тіршілігіне қатысуы танылады. Әлемдегі бар нәрсенің барлығы құндылық қарым-қатынастардың объектісі бола алады немесе оған адам жақсы не жаман, әдемі не сиықсыз, шын не жалған, ақиқат не аңыз деген баға береді. Қоғамдық өмірде құндылықтар әртүрлі қызмет атқарады: нақты өмірдің шындығына бағыт береді, әлеуметтік үрдістіктердің объектісі, тәжірибеде қоршаған әлем мен заттарға деген қарым-қатынастардың белгілері бола алады. Заттық әлемнің құндылығы (материалдық құндылық) объектінің жағымды не жағымсыз маңызын көрсетеді; субъективті құндылықтар. Материалдық құндылықтарға стихийялық жағдай және табиғи байлықтарда болатын әл-ауқат, зұлымдық, еңбектің құны (пайдалылығы), әлеуметтік игіліктер мен жамандықтар, тарихи оқиғалардың прогрессивтілігі мен реакционерлігі; адамдар әрекетінде болатын материалдық жақсылық пен жаманшылық, өнер туындылары мен табиғи объектілердің эстетикалық сипаттары атады. Осы тұрғыдан алғанда субъективті құндылықтарға – нормативті түрде көрсетілген қоғамдық ережелер, тиымдар, императивтер жатады.Қазіргі ғылыми еібектерде құндылықтарға әртүрлі анықтамалар беріледі. Дегенмен олардың көпшілігі «құндылықтар субъектінің (адам, үлт, халық) адам еңбегінің объективті, материалдық және рухани нәтижелеріне қажеттіліктердің дамуы тұрғысынан қарайды» деген көзқарасты ұстанады.
«Құндылықтар» жайлы бұрын сондай болған еді дегенді атап өтуде ғана қолдану дұрыс емес, себебі өмірдің өзгеруіне байланысты құндылықтар да белгілі бір өзгерістерге ұшырап отырады деген пікрге қосыла отырып, мұғалімнің шығармашылықпен еңбек етуі бүгінгі күннің нормаларынан туындап отырғанына тағы да бір тоқталып кеткіміз келеді.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, «құндылық» адамның белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын заттар мен құбылыстарға баға беру үшін қолданылады. Еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайы білімге қатысты құндылықтарды өзгертті. Бізге қазір жалпы білім емес, жоғары сападағы, әлемдік стандарттарға сай білім қажет екенін сезінудеміз. Ол білім адам өмірінің сапасын арттыратын, Жер – планетасына, адамзатқа зиян келтірмейтіндей басты құндылықтарды қалыптастыруы тиіс.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша сұрақтар
1.Педагогика және философияның байланысын түсіндіріңіз
2.Білім философиясының қарастыратын мәселесіне сипаттама беріңіз