9 дәріс

9 - дәріс

9 - дәріс.  Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейнгі

халықаралық қатынастар.

 

          1. 1919 ж. Париж бітім конференциясы

          2. Версаль бітім шарты

          3. 1921-1922 жж Вашингтон конференциясының шешімдері.

          4. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемнің әлеуметтік-экономикалық        және саяси дамуының негізгі бағыттары.

 

1919 жылғы Париж бітім конференциясы. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары. 1918 жылы 11 қарашада Франциядағы Компьен орманында Антанта мемлекеттерінің талабымен Германия жеңілгендігін мойындап, бітімге қол қоюға келісті. Төрт жылға созылған соғыс аяқталды. 1919 жылы 18 қаңтарда соғыстың қорытындысы шығарылып, жеңген елдер мен Германия және оның одақтастары арасында келісімге келу үшін Париж қаласында халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Конференцияға 27 елден делегаттар қатысты. Францияның премьер-министрі Жорж Клемансо, ағылшын премьер-министрі Дэвид Ллойд-Джордж және АҚШ президенті Вудро Вильсон қатысып, басшылық жасады.

Париж конференциясының алдында соғыстан кейінгі халықаралық қатынастағы, әлемдегі өзгерістерді ескере отырып, дүниені қайта құру мәселесі тұрды:

- халықаралық қатынастағы өзгерістерді ескере отырып, жаңа принциптерді қалыптастыру;

- ірі капиталистік елдер арасындағы дүниежүзілік ықпалды реттеу;

- Германия мен Түркияның отарларының тағдырын шешу.

Ірі державалық елдер бұл мәселелерді Париж конференциясында өз мүдделеріне ыңғайлы шешу үшін күрес жүргізді. АҚШ-тың конференциядағы негізгі мақсаты - дүниежүзілік әлемде өзінің үстемдігін қалыптастыру болды. Бірақ бұған Париж конференциясында Франция мен Англия басшылары қарсылық жасады. АҚШ-тың мұндай саясат жүргізуіне оның бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық дамуы негіз болды. Соғыстан кейін Франция мен Англияның экономикасы күйзеліске ұшырап, экономикалық даму жағынан АҚШ-тан артта қалды. Соғыстың ауыртпалығын Франция мен Англия көтерді. АҚШ соғысқа тек 1918 жылы ғана кірісті. Соғыста АҚШ-тың 50 мың адамы өліп, 230 мың адам жараланған. Соғыс жылдарында АҚШ соғыс өнеркәсібі 335 млрд. доллар таза пайда келтірді. 1919 жылы АҚШ дүниежүзінде көмірдің 50% өндірді; шойын мен болаттың; мұнай-

дың; автомобильдің 85% шығарды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ дүниежүзінде қаржы саласында толық үстемдік алды. Шетелдердегі инвестициясы өсіп, Канада мен Латын Америка елдерінде 7 млрд. доллар, Еуропа елдерінде 18 млрд. долларға жетті. 1918 жылы АҚШ президенті В. Вильсон: «Дүниежүзіне кім көп ақша берсе, сол ел әлемде билік жүргізуі қажет» - деген болатын. Сөйтіп, АҚШ дүниежүзілік үстемдік жасау үшін күрес жүргізді. Бұл саясатты іс жүзіне асыру үшін АҚШ президенті Париж конференциясына «14 тараудан» тұратын бағдарламасын әкелді. Бағдарламаның мазмұны төмендегідей болды:

- Антанта елдерінің арасындағы жасырын келісімдерден бас тарту;

- дүниежүзілік мұхиттар мен теңіздерде еркін жүзу;

- барлық кедендік кедергілерді жойып, халықаралық «ашық есік» және «ашық қол» принципін сақтау;

- отар елдердің мәселесін әділетті шешу;

- қару-жарақты қысқарту;

- Германиямен және оның одақтастарымен әділетті келісімдер жүргізу;

- дүниежүзілік дау-жанжал мәселелерді бейбіт жолмен шешу үшін халықаралық ұйым - Ұлттар Лигасын құру.

Париж конференциясында АҚШ Президенті В.Вильсонның бейбітшілік сүйгіш саясатты білдірген «14 тараудан» құрылған бағдарламасына Франция мен Англия басшылары қарсы шықты.

«14 тараудан» тұратын бағдарламаның мазмұнынан АҚШ-тың экспансиялық саясаты анық көрінді. Бұл бағдарламадағы АҚШ саясатының мәні дүниежүзілік әлемде үстемдік жүргізу екенін түсініп, Франция мен Англия Париж конференциясында АҚШ саясатын әшкерелеп, Вильсонның бағдарламасын қабылдамады. Ұлттар Лигасын құру бағдарламасын Клемансо мен Ллойд-Джордж қолдап, халықаралық қатынастағы дау-жанжал мәселелерді шешуде айтарлықтай рөл атқаратын ұйым құруға келісті.

Версаль бітім шарты. Версаль бітім шарты Антанта басшылары уәде еткен «әділетті және демократиялық бітімнен» әлдеқайда басқаша болып шықты. Құжатқа кол қойылған үлкен Версаль сарайының атымен аталған Версаль шарты бойынша Германия соғыстың шығуына кінәлі деп жарияланды және осыған байланысты жаза тартуы керек болды.

Германияны барлық отарларынан айырып, оның территориясының кейбір бөлігін көрші елдерге беру және Антанта елдеріне келтірген зияндары үшін репарация төлеуге міндеттеген шешім қабылданды.

Шарттың территориялар жөніндегі ережелері. Германия Эльзас пен Лотарингияны Францияға қайтарды. Саар облысын басқару 15 жылға Ұлттар Лигасына берілді. Германияның төл территориясының 1/8 бөлігі алынды. Данциг (Гданьск) еркін қала деп жарияланды. Кезінде Германия қосып алған поляк жерлерінің біразы (Познань, Пруссия мен Померанияның кейбір аудандары) Польшаға қайтарылды. Эйпен, Мальмеди және Морене округтары Бельгияға кетті. Данияға Солтүстік Шлезвиг берілді. Германия мұның үстіне Мемельден (Клайпеда) бас тартып, ол кейіннен Литваға қосылды.

Баяғы отарлық жүйенің орнына, Париж бейбіт конференциясында мандаттық жүйе орнады. Германияның отарларын Англия, Франция мен Жапония өзара бөлісті. Англия мен Франция мұның үстіне Осман империясының «мұрасын» бөліп алды. Қорытындысында Англия Ұттар Лигасының атынан Палестинаға, Транс Трансиорданияға, Ирак пен Танганьикаға (Германиялық Шығыс Африкаға) мандат алды.

Франция Сирия мен Ливанға мандат алды. Англия мен Франция Того мен Камерунды өзара бөлісті. Жапония Мариан, Каролина және Маршалл аралдарын, Шаньдун түбегін алды. Ағылшын доминиондары да бірнеше кіші-гірім территорияларға ие болды.

Шарттың әскери баптары. Париж конференциясының шешімдері бойынша, Герман Бас штабы таратылды. Жалпыға міндетті әскери қызмет өзгертілді. Герман армиясының саны 100 мың адаммен шектеліп, еріктілік негізінде құрылатын болып белгіленді. Германияға су асты флотын, ірі су үсті кемелерін, танк құрамаларын, әскери авиация мен ауыр артиллерия иеленуге тиым салынды. Рейн аймағы — сол жағалаудағы герман жерлері мен оң жағалаудағы екі 50 шақырымдық аймақ демилитаризацияланған деп жарияланды. Ол жерлердегі әскери бекіністер жойылып, қарулы күштерді орналастыруға тиым салынды.

Репарациялар мен Антанта елдерінің шығындарының орнын толтыру туралы мәселе келесі келіссөздерге дейін кейінге қалдырылғанымен, 132 млрд алтын марка мөлшеріндегі жалпы саны белгіленді. Рейн аймағында 15 жыл бойына оккупациялық армия орналастырылып, оны герман жағы қамтамасыз етуге тиісті болды.

Версаль келісімі неміс халқына аса үлкен ауыртпалық салды және оның ұлттық сезімдеріне қатты нұқсан келтірді. Кейінгі уақыттарда бұл жағдай кек қайтару идеясы (реваншизмге) мен саясатына дем беріп, оны 30-жж. фашистер шеберлікпен пайдалана білді.

Келісімге қол кою кезінде герман делегациясы тонаушылық бітімінің шарттарын жұмсартуға, оның ішінде соғысты шығаруға "кінәлілік" туралы бапты алдырып тастауға тырысты, бірақ ол қарсылық қабылданбады. 1919 ж. 28 маусымындаГермания Антанта елдерімен және олардың одақтастарымен Версалъ бітімі туралы келісімге қол қойды.

Антантаның жеңілген Германия және оның одақтастарымен жасалған бітімдері. 1919 - 1920 жж. Антанта Австриямен, Венгриямен, Болгариямен және Түркиямен бейбіт бітімдер жасады. Оларда да кейбір территориялық өзгерістер, қару-жарақ пен армияның саны және репарациялық төлемдер туралы шарттар қарастырылды.

Осы аталған келісімдердің барлығы жеңімпаздар мен жеңілгендердің арасындағы қатынастарды анықтайтын және Еуропа мен отарлық аймақтардағы халықаралық қатынастарды реттейтін халықаралық қатынастардың Версаль жүйесін құрды.

Бітім шарттары:

1. Германиямен Версаль шарты (28 маусым 1919 ж.):

- барлық отарларын беру;

- қарулы күштердің санын 100 000 дейін қысқарту;

- Германия ауыр артиллерия, танктер, самолеттер, сүңгуір

қайықтар, соғыс кемелерін иелену құқығынан айрылды;

-         Рейннің сол жағалауы 15 жылға оккупацияланды;

-         Рейннің оң жағалауында екі 50 шақырымдық демилитаризация-

ланған аймақ орнатылды;     

-         территориясының1/8, халқының 1/10 бөлігі басқа мемлекеттерге

беріледі;

-         Версаль бітімінің соғыстар үшін жауапкершілік туралы 231 бабы

бойынша, Германия жеңген мемлекеттерге шығындарының орнын толтыруға міндеттелді, яғни репарация төлеуге.

2. Сен-Жермен-ан-Леде Австриямен жасасқан шарт (10 қыркүйек 1919 ж.):

- Австрия мен Венгрияның бөлінуі;

- Италияға Бреннерге дейін Оңтүстік Тиролъды беру;

- тәуелсіз Чехословакия, Польша, Венгрия және Югославия мемлекеттерін тану;

қару-жарақты қысқартып, армия санын 30 000 дейін азайту;

- репарациялар.

3. Нейиде Болгария қол қойған шарт (27 қараша 1919 ж.):

- Грекияға Фракияның жағалаулың жерлерін беру.

4. Венгриямен жасалған Трианон шарты (4 маусым 1920ж.):

Словакия Чехословакияға өтеді;

- Трансилъвания Румынияға беріледі;

-  Банат Югославияға кетеді.

5. Туркия қол қойған Севр шарты (10 тамыз 1920 ж.):

- бұғаздарға халыцаралық бақылау орнату және осы мақсатпен халықаралық әкімшілік құру;

қару-жарақты азайтып, қарулы күштер санын 50000 дейін қысқарту;

- территорияларды басқаларға беру.

Бірақ Париж бітім конференциясынан кейін отаршыл елдерге Қиыр Шығыс пен Тынық мұхит аймағындағы қарама-қайшылықтарды реттеу, сонымен бірге Шаньдун түбегін Жапонияға беруге қарсы болып, Германиямен бейбіт бітімге қол коюдан бас тартқан Қытайға қатысты саясатты белгілеу АҚШ үшін Вашингтонда конференция шақырып, өзінің пайдасына маңызды шешімдерді қабылдаттыруға қолайылы сәт туды.

 

1921-1922 жж. Вашингтон конференциясының шешімдері. XX ғасырдың 20-жылдарында АҚШ Версаль бітімінің қайта қаралуын талап ете бастады. АҚШ-тың ойы - Париж конференциясында сыртқы саясаттың жеңіліс табуы, жаңадан Батыс Еуропа елдерін өзінің билеу саясатын жүзеге асыруға көндіру болды.

АҚШ үкіметінің тікелей ұсынысымен 1921 жылы 12 қарашада бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының үш жылдығына орай Вашингтон конференциясы ашылды. Конференция жұмысына тоғыз ел - АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Италия, Бельгия, Голландия (Нидерланды), Португалия және Қытай қатысты. Конференцияны ашуда сөз сөйлеген АҚШ президенті Гардинг салтанатты түрде: «Біз дүниежүзінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін бас қосып отырмыз» - деді. Америка Құрама Штаттарының конференциядағы ұсыныстары мен мақсаты қандай болды?

Біріншіден, Қытайдағы Жапонияның ықпалын әлсірету; екіншіден, Англияның әлемдік мұхиттар мен теңіздердегі үстемдігін әлсірету; үшіншіден, Тынық мұхит аралдарында мандаттық статус-кво құқықтарының сақталуын бақылау. Вашингтон конференциясы 1922 жылы 6 ақпанда аяқталды. Вашингтон конференциясының барысында АҚШ өзінің дүние жүзіндегі қаржылық үстемдігін пайдаланып, өзінің негізгі қарсыластарын көндірді де, дүниежүзілік билеу саясатын жүргізуге жол ашты.

Біріншіден, 1922 жылдың 6 ақпанында «9 держава келісіміне» қол қойылды. Мұнда Қытай елінің егемендігі мен жер тұтастығы екі жүзділікпен жарияланып, «ашық есік» және «тепе-тең қатынас» принципі ұсынылды. АҚШ-тың «ашық есік» саясаты 1899 жылы жарияланған болатын, ол Вашингтон конференциясында 1922 жылы жүзеге асты. Бұл саясаттың негізгі мақсаты - Қытайдағы Жапонияның ықпалын әлсірету еді. Сөйтіп, «тоғыздық келісім» барысында Жапония Қытай экономикасына салып отырған заем және несиеден, сондай-ақ Маньчжуриядағы салып жатқан темір жол құрылысынан бас тартты. Қытайдағы кеңесшілерін кейін шақырып алды. Сонымен қатар, Шаньдун түбегін де Қытайға қайтарды. Сөйтіп, Жапопия Қытайдағы беделінен айырылды.

Екіншіден, конференцияда «бес ел келісіміне» қол қойылды. Соғыс-теңіз қару-жарақтарын қысқарту туралы мәселе бойынша сөз сөйлеген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Чарльз Эванс Хьюз мынадай ұсыныстар жасады: жоғары тоннаждағы линкор соғыс кемелерін жасауды тоқтата тұру; ескі соғыс –теңіз кемелерін жою; ұлы держава елдері арасындағы соғыс-теңіз кемелерінің арақатынасын реттеу. АҚШ-тың негізгі ойы - жаңадан соғыс-теңіз кемелерін жасап, Англияның әлемдік мұхиттардағы үстемдігін әлсірету болатын. Конференциядағы «Бес ел келісіміне» сәйкес елдер 35 мың тонналық кеме жасаудан бас тартты. Бұл келісімге - АҚШ, Англия, Жапония, Франция және Италия қол қойды. Кеме жасаудағы үлес салмағы АҚШ — 5, Англия - 5, Жапония - 3, Франция - 1,75, Италия - 1,75 болып пропорциялық түрде белгіленді. 575 мың т. линкор жасау - АҚІII және Англия үлесіне, 315 мың т. линкор жасау Жапонияға және 175 мың тоннадан Франция мен Италияның үлесіне тиді. Әрбір линкор салмағы 35 мың тоннадан артпау керек. Сонда АҚШ пен Англия 15 линкор жасай алады.

Үшіншіден, Вашингтон конференциясында АҚШ, Англия, Жапония және Франция «Төрт елдік келісімге» қол қойды. Бұл келісімде «Тынық мұхит аралдарын пайдалану құқықтарын реттеу» сөз болды. АҚШ-тың мақсаты - Тынық мұхит аралдарындағы Жапонияның беделін әлсірету және 1902 жылғы ағылшын-жапон келісімінің күшін жою болды. Жапония делегациясы бұл келісімнің жойылуына қарсы тұрды. Ағылшын уәкілі: «Сіздер қорықпаңыздар, бір келісімнің орнына төрт келісім қабылданды» - деп жапондықтарды тыныштандыруға тырысты. Жапон делегациясының уәкілі: «Сіздер бәрібір біздің келісімді жерге көмдіңіздер» - деген жауап қайтарды.

Сонымен 1921-1922 жылдардағы Вашинггон конференциясы Америка Құрама Штаттарының ең ірі жеңісі болды. Олар Париж конференциясындағы жеңілістің есесін қайтарды. АҚШ-тың дүниежүзін билеу және ұлы державалық саясаты асықпай іс жүзіне аса бастады. Бірақ, Версаль-Вашингтон келісімдер жүйесі империалистік елдер арасындағы қайшылықтарды жоя алмады. КСРО үкіметінің сыртқы саясатының қалыптасып, нығая түсуіне байланысты, АҚШ көп жылдар бойына өзінің билеу саясатын еркін жүргізе алған жоқ. Версаль-Вашингтон жүйесі, ұлы держава елдерінің арасындағы қайшылықтар, фашизм және агрессиялық елдер саясаты екінші дүниежүзілік соғысқа әкелді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемнің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттары. ХХ ғ. 20 ж. Еуропадағы буржуазиялық революциялар және олардың өзіндік ерекшеліктері. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын Еуропа халықтары тыныштық өмірге оралу жөніндегі үмітпен карсы алды. Бірақ соғыстан кейін бейбіт өмірге өту жеңімпаздар үшін де, жеңілген елдер үшін де қиын да ұзақ процесс болып шықты. Соғыс көптеген елдерді жұтатты. Еуропадағы соғыстан бұрынғы экономикалык, саяси жүйелерді күйретті. Алда халықаралық деңгейде күштердің жаңа арақатынастарын реттеу, халықаралық қатынастар жүйесін құру, жеңген және жеңілген елдер арасындағы қалыптасқан қатынастарды бекіту міндеттері тұрды. Бұл маңызды мәселелер соғыстан кейінгі бейбіт реттеулер барысында шешімін тапты.

 Соғыс және экономикалық қирау саяси дағдарыстар мен революциялық процестерге әкеліп соқтырды. Еуропа революцияларының басы Ресейдегі 1917 ж. Ақпан және Қазан революциялары болды

Жеңімпаз елдер — Ұлыбритания, Франция, Италия, АҚШ, Жапонияда революция болған жоқ, бұл елдер үшін революция уақыты өтіп кеткен еді.

Революция Ресейде және жеңіліс тапқан елдер — Австро-Венгрияда, Түркияда болды. Бұл елдерде шешімін таппаған мәселелер жеткілікті болатын. Соғыстың басты салдарларының бірі — ол күйреген Австро-Венгрия, Ресей және Осман империяларының негіздерінде жаңа мемлекеттердің құрылуы болды.

«Бұқара және бұқаралық қозғалыстар ғасыры» — басталған жаңа дәуірдің маңызды ерекшеліктерінің бірін осылай атауға болады. Жалпыға бірдей сайлау құқы мен демократиялық бостандықтар жүйелерінің дамуы орасан көп халық бұқарасының бұрын болып көрмеген кең көлемде саяси өмір мен саяси күреске араласуына мүмкіндік туғызды. Қоғамдық процестерге сол кездің өзінде «бұқара ғасыры», «тобырлар ғасыры» деген айдар тағылған болатын. Қалың халық бұқарасының ұйымдасқан немесе стихиялық түрдегі саяси-әлеуметтік қозғалыстарға қатысуы, әрине, прогрессивтік құбылыс болды. Бірақ бұл құбылыстың екінші, жағымсыз жақтары бар еді. Саяси және экономикалық сілкіністер жағдайында идея фанатиктері мен алаяқ-саясаткерлердің «тобыр билігін» пайдаланып кету, халықтың эмоциялық еліктегіш бөлігін кертартпа қозғалыстарға тарту қаупі гөнді.

Мұндай бағыттар үшін Еуропа қоғамында негіздер жеткілікті еді. Соғыс кезіндегі қиыншылықтар мен ауыртпалықтар ондаған миллион адамдарды, ең алдымен қала тұрғындарын — жұмысшыларды, қызметкерлерді, саудагер-лерді, қолөнершілерді, халықтың басқа да әлеуметтік топтардың жұтатып, қайыршылық пен аштыққа соқтырды. Соғыста аман қалып, майданнан оралған солдаттардың жағдайлары да оңай болмады. Еуропа елдерінде халықтың арасында едәуір мөлшерде тапсызданған және қайыршылық күйге түскен адамдар көп болды. Олар теңестіру туралы әлеуметтік демагогияларды, утопиялық идеяларды, ұлттық ерекшелік, ұлтшылдық пен шовинизмнің басқа да шектен тыс ұрандарын қабылдауға аса сезімтал болды. Халықтың бұл маргиналдық топтарын бұзақылық әрекеттерге үгіттеу өте оңай еді. Сондықтан да олар көбінесе солшыл радикалдық немесе оңшыл радикалдық қозғалыстар мен партиялардың әлеуметтік негізіне айналып отырды.

Жаңа идеялық-саяси ағымдар. Бұрын еуропалық елдерде либерализм, консерватизм, социализм және олардың түрлі ағымдары үстемдік етсе, Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жаңа қозғалыстар мен партиялар қалыптасты.

Соғыс жылдары II Интернационал ыдырап, социалистік партиялар «үй-үйлеріне» тарады. Жік солшыл радикалдық қозғалыстардың белсенділенуі мен коммунистік партиялардың құрылуына байланысты тереңдеп, ұйымдастырушылық жағынан рәсімделді. Соңғылары 1919 ж. Ресей коммунистік партиясының басшылығымен Коммунистік Интернационалға (Коминтернге) бірікті. Коминтерн Кеңестік Ресейдің материалдық және ұйымдық көмегіне арқа сүйеді және ұлттық партияларды (секцияларды) дүниежүзілік социалистік революция мен әлеуметтік әділеттікке жетудің ортақ мақсаттары негізінде біріктіретін біртұтас тәртіпті халықаралық саяси партия ретінде әрекет жасады. Олар билік жүргізуші либералдық-демократиялық режимдерге оппозицияда болды. Коммунистік партиялардың мүшелерінің саны 1929 ж. дүниежүзі бойынша 0,8 млн адам болды.

Өз кезеңде халықаралық социалистік қозғалыстың реформистік орталығы да қалыптасты. Социалистік және социал-демократиялық партиялар Жұмысшы Социалистік Интернационалды қайта жаңартты, ол да ұлттық секцияларды біріктірді, бірақ оларға қатаң тәртіп пен өз шешімдерінің міндеттілігін таңбады. Социалистік партиялардың қатарында 6 млн аса мүшелері болды.

Социалистер басқа партиялармен одақтасты, кейде үкіметтерді де басқарды. Олардың социалистік мұратқа жету жөніндегі көзқарасы коммунистердікінен басқаша болды, олар парламенттік-либералдық-демократиялық құрылысты революциялық жолмен қирату теориясын қабылдамады, социализмге реформалар және меншік қатынастары мен билік институттарын біртіндеп өзгерту арқылы жетуге болады деп есептеді.

Коммунистер мен социалистердің теке тірестері 20— 30 жж. кейбір елдердегі жағдайларға едәуір әсер етті.

1918—1919 жж. батыстың кейбір капиталистік елдерінде оңшыл радикалдық экстремистік қозғалыс пайда болды, олар жалпы фашизм деп аталды.

Фашизм ұғымын оңшыл радикализм мен экстремизмнің басқа да түрлеріне (мысалы, Италия мен Португалиядағы Иберия нұсқасы) тарату қабылданған. Германияда бұл идеологияны ұлтшыл-социализм деп атады. Фашистік қозғалыстың басшылары әлеуметтік-демагогияны кеңінен пайдаланды, әлеуметтік әділеттік пен әл-ауқатын көтеруге (әрине, «өз ұлтының») уәде берді, ұлттық сезімге түрткі салып, «жаңа қоғамның» өз нұсқасын ұсынды. Фашизмнің әлеуметтік негізін маргиналдық, қоғамның тапсызданған топтары, тұрмыс халі онша емес офицерлер және үйреншікті ортасынан шығып қалған ұсақ меншік иелері құрады.

Ол кездегі солшыл радикалдық және оңшыл радикалдық саяси қозғалыстар мен партиялар либералдық идеялар мен парламентаризмге утопистік «жаңа әлеуметтік жүйелер» мен мемлекеттік құрылыстың өз жобаларын қарама-қарсы қойды. Оларға биліктің диктаторлық, тоталитарлық формалары мен жеке адамдардың құқықтарына мемлекеттің үстемдігін орнатуға ұмтылыс тән болды.

Екі идеялық саяси ағым мен жүйенің — либералдық-демократиялық және тоталитарлық (солшыл және оңшыл радикалдық нұсқаларында) кақтығысулары Еуропаның 1918—1945 жж. саяси тарихының өзегі болды. Бұл процесс Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі революциялық және әлеуметтік қозғалыстарда, әсіресе Германияда, айқын көрініс тапты.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропа және Америкадағы  революциялар мен революциялық өрлеулер. Германиядағы 1918-1919 жылдардағы революция.

Революция қарсаңындағы Германияның жағдайы. Орталық Еуропа елдеріндегі революциялар өте күрделі мәселелерді шешуге тиісті болды. Германия экономикасы жоғары дәрежеде дамыған индустриялы ел болды. Алайда мұнда буржуазиялық-демократиялық қайта құрулар аяқталмағандықтан, саяси жағынан артта қалушылық бар еді. Германияның саяси жағынан артта қалуы помещиктік (юнкерлік) жер иелігі мен монархияның сақталуынан көрінді. Сайлау құқығы өте шектеулі болды, монархтың (кайзердің) билігі шексіз, ал рейхстагтың өкілеттілігінің өрісі тар болды, үкімет басшысы (канцлер) рейхстагқа бағынбайтын еді. Сондықтан демократиялық өзгерістер жасау міндеттері әбден пісіп-жетілді. Сонымен қатар Германияда жұмысшы қозғалысы жоғары дәрежеде ұйымдасқан, оның тәжірибелі саяси партиялары бар еді. Сондықтан бұл революцияның басты қозғаушы күші жұмысшылар болатыны анық еді.

1918 ж. күзінде Германияның дүниежүзілік соғыста жеңілгені айқын болды. Неміс әскерлерінің жазғы шабуылдары сәтсіз аяқталды. 1918 жылдың қыркүйегінде Антанта әскерлері теңізде Маас өзеніне дейін созылған кең майданда шабуылға шығып, немістерді Бельгия мен Франция жерінің көп бөлігінен қуып тастады.

Соғыстағы жеңіліс Германияның ішкі саяси жағдайын да шиеленістіріп жіберді. Қазан айының басында үкімет ауысып, ханзада Макс Баденский канцлер болып тағайындалды. Жаңа канцлер 5 қазанда АҚШ Президентіне дереу уақытша бітім жасауды өтінген жеделхат жіберді.

Соғыс елдің экономикасын қатты ойсыратты. Жалақы барынша азайтылды, азық-түлік қымбаттады, ақша құнсызданып, халық күйзеліске ұшырады. Тылда да, майданда да толқулар басталды. Жоғарғы билеуші топ та елде революциялық сілкініс төніп келе жатқанын түсініп, оны реформа жолымен тоқтатуға үміттенді. Баденский үкіметінің құрамына Германияның социал-демократиялық партиясының (ГСДП) жетекшісі Фридрих Эберт және Германияның тәуелсіз социал-демократиялық партиясының (ГТСДП) жетекшісі Филипп Шейдеман енгізілді.

Революцияның басталуы. Германияның жеңілгендігін әскери басшылар мойындағысы келмеді. Қазан айының аяғында олар Герман флотын ағылшын флотына қарсы шайқасқа шығармақшы болды. Өздерінің күшінен әлде-қайда асып түсетін ағылшын флотына қарсы шабуыл жасау, теңізшілерді мағынасыз өлімге айдау болар еді. Бірнеше әскери кемелер бұйрықты орындаудан бас тартты, ал әскери басшылар оларды жаппай тұтқындауға бұйрық берді. Осыған жауап ретінде 3 қарашада Киль қаласында бұқаралық шеру басталды. Қала комендатурасы шеруді күшпен тоқтатуға әрекет жасады. Бұл әрекет қалада көтерілістің басталуына әкелді. Кемелерде және казармаларда кеңестер құрылды.

Берлиндегі бас көтеру 9 қарашада басталды. Сол күні жүздеген мың жұмысшылар астананың орталығына қарай шеру жасады. Көтерілісшілер түске қарай Берлинді өз қолдарына алды. Кайзер II Вильгельм тақтан бас тартты, ал Макс Баденский канцлер қызметін рейхстагтың ең ірі фракциясының — социал-демократтардың жетекшісі Ф.Эбертке тапсырды. Социал-демократгар елде республика құрылғанын жариялап, уақытша үкімет құрды. 10 қарашада құрылған бұл уақытша үкімет Халық өкілдерінің кеңесі (ХӨК) деп аталды. Кеңесті екі төраға — Ф.Эберт (ГСДП) және Г.Гаазе (ГТСДП) басқаратын болды. К.Либкнехт үкіметке кіру жөніндегі ұсыныстан бас тартты. Ол Германиядағы революция әрі қарай дамып, социалистік сипатқа ие болатындығына сенімді еді. Ол Кеңестердің бүкілгермандық съезін шақырғанға дейін билікті Берлин кеңесіне беруге шақырды.

1918 жылы 16-21 желтоқсанда Берлинде Кеңестердің I бүкілгермандық съезі етті. Съезде ұзақ айтыс тартыстан кейін Құрылтай жиналысы сайлауын қолдау жөне Германияның болашақ мемлекеттік құрылысын анықтау мәселесін Құрылтай жиналысының қарауына беру туралы шешім қабылданды. Ұлттық жиналысты шақыру 1919 жылдың 19 қаңтарына белгіленді.

1919 жылдың қаңтарындағы революциялық өрлеу. Тәуелсіз социал-демократтар желтоқсан айының аяғында Халық өкілдері Кеңесінен шығып кеттті. Осыдан кейін дереу мемлекеттік аппараттың барлық буындарынан тәуелсіздердің өкілдері шығарыла бастады. Осыған наразылық ретінде Берлин жұмысшьшары шерулер мен жиындар өткізе бастады. Бұл бірқатар жерлерде шерушілер мен полицияның арасында қақтығыс туғызды. Осы шерудің әсерімен 5 қаңтарда ГТСДП мен Германияның Коммунисттік партиясының (ГКП) басшылығы жұмысшыларды Эберт үкіметін құлатуға шақырды.

6 қаңтарда Берлинде жапппай ереуіл басталды. Қаруланған жұмысшылар вокзалды, социал-демократиялық «Форвертс» газетінің үйін басып алды. Алайда революциялық әрекетті одан әрі жалғастыруды басқаруға тиіс революциялық комитет ішінде алауыздық басталып, коммунистер мен тәуелсіздер ортақ шешімге келе алмады.

Бавар кеңестік республикасы. Астанадағы көтеріліс талқандалды, бірақ Германияның бірқатар аудандарында әлі де революциялық қозғалыс жалғасып жатты. Ақпан-мамыр аралығында көптеген қалаларда ереуілдер толқыны болып өтті. Революциялық өрлеудің ең шыңы - 1919 жылдың 13 сәуірінде Бавар кеңестік республикасының жариялануы болды. 13 сәуірде монархистер Мюнхенде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, Бавар үкіметінің басшысы тәуелсіз социал-демократ К.Эйснерді өлтірді. Революцияның жетістіктерін қорғап қалу үшін әрекет Комитеті құрылды, оған социал-демократтар тәуелсіздер және коммунистер кірді. Комитетті коммунист Евгений Левине басқарды.

Революцияның қорытындылары және маңызы. Веймар республикасының құрылуы. Қараша революциясының басты қорытындысы және маңызы монархияның жойылуы, саяси және әлеуметтік салада демократиялық өзгерістердің іске асырылуы, республиканың құрылуы, Германияның соғыстан шығуы болды. Германиядағы революцияның ерекшелігі - мемлекеттік құрылыстағы түбірлі өзгеріс бейбіт сипатта іске асуы еді. Бұл өзгерістерді іске асыруға социал-демократия жетекшілік жасады. Парламентгік күрес тәжірибесін әжептәуір меңгерген бұл партия демократиялық республика құру міндетін конституциялық-құқықтық қайта құрулар жолымен іске асыра алды.

1919 жылдың 31 шілдесінде Ұлттық жиналыс конституция қабылдады, бұл Веймар конституциясы деп аталды. Бұл 1871 жылғы конституциямен салыстырғанда нағыз демократияшыл заң болды. Конституция Германиядағы республикалық құрылысты заңдандырды; жалпыға бірдей тең сайлау құқығын, азаматтардың заң алдындағы теңдігін жариялады; сөз, баспасөз, жиналыс, одақтар құру мүмкіндігі берілді. Кәсіподақтардың құқықтары кеңейтілді, әлеуметтік заңдылықтар қабылданды. Алайда конституция парламенттің (рейхстаг) құқықтарын шектеп, президентгің өкілеттігін кеңейтті.

Австро-Венгриядағы революция. Габсбургтер монархиясының ыдырауы. Әр түрлі тілде сөйлейтін, діні, тегі, салты мен әдет-ғұрпы бөлек халықтарды топтастырған Австрия-Венгрия монархиясы XIX ғ. аяғында ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуіне қарамастан, ұзақ уақыт сақталып келді. Габсбургтер әулеті билеген дуалистік монархияда Австрия мен Венгрияның саяси-құқықтық жағдайы бірдей болды, ал Чехия, Словакия тағы басқа бөліктері жартылай отар сипатында өмір сүрді. Экономикалық даму дәрежесі жағынан Чехия мен Австрия басқа бөліктерінен жоғары болды. Алайда Чехия мен Австрияның өнеркәсібінің дамуына артта қалған аграрлы аудандар кесірін тигізді. Бұл жағдай дүниежүзілік соғыс кезінде одан әрі шиеленісті. Чехияда, Словакияда, Венгрияда ұлт-азаттық қозғалысы өрледі. 1848 жылдан бері тақта отырған қарт император Франц Иосиф қанша тырысқанымен империяның ыдырауын тоқтата алмады. 1914 ж. тақтың мұрагері Франц Фердинандтың өлтірілуі саяси дағдарысты тереңдете түсті. Ал 1916 ж. Франц Иосифтің қайтыс болуы және дүниежүзілік соғыста Австро-Венгрияның жеңілуі империяның ыдырауын жылдамдата түсті. 1918 ж. күзде Чехияда, Польшада және басқа славян жерлерінде тәуелсіз ұлттық мемлекет құру ниеті күшейді. 1918 ж. 28 қазанда Чехословакия, 29 қазанда сербтер, хорваттар мен славяндар (Югославия), 2 қарашада Венгрия тәуелсіздіктерін жариялады. Осылайша Габсбургтер империясы ыдырады.

Австрия республикасының құрылуы. Австриядағы ықпалды саяси күштер - Социал-демократиялық жұмысшы партиясы, христиан-әлеуметгік партиясы және пан-германдық партия 1918 ж. қазан айында елде қан төгіс төңкерістің болуына жол бермеу үшін империя жеріндегі бүкіл неміс халқын біртұтас демократиялық республика біріктіру туралы келісім жасады. 1918 ж. 21 қазанда империяның өкілдік органы - рейхстагтың депутаттары мәжіліс өткі-зіп, тәуелсіз Австрия демократиялық мемлекеті құрылғанын мәлімдеді және уақытша ұлттық жиналыс құрды. Ұлттық жиналыс 12 қарашада Австрияны республика деп жариялады. 1919 ж. 16 ақпаңда Құрылтай жиналысына сайлау жүргізілді. Бірінші рет жүргізілген жалпыға бірдей, төте демократиялық парламенттік сайлауда социал-демократтар көп дауыс алды. Құрылтай жиналысының шешімімен социал-демократтар үкімет құрды, премьер-министр К.Реннер болды. Бұл үкімет елді Антанта мен Австрия арасында бітім шарты жасалғанға дейін басқаратын болды. Осылайша Австрияда монархияның жойылуы, республиканың құрылуы, социал-демократиялық жұмысшы партиясының үкімет құруы сияқты түбірлі өзгерістер қантөгіс төңкеріс нәтижесінде емес, парламенттік күрес ауқымында іске асырылды. Австрия социал-демократиялық партиясының теоретиктері XX ғ. басында большевиктердің де, социал-демократияның оңшыл қанатының да идеялық тұжырымдамаларына қосылмай, марксизмнің жаңа кезеңге неғұрлым бейімделген нұсқасын жасады. Бұл тұжырымдама австромарксизм деп аталды. Австриялық марксистердің ойынша, революция қысқа уақытта іске асатын көтеріліс емес. Революция – ұзақ жүретін, күрделі үрдіс.

Венгриядағы революция. Габсбургтер монархиясының ыдырауы, соғыс-тағы күйзеліс пен жеңіліс, экономикалық жағдайдың нашарлауы Венгрияда жалпы ұлттық дағдарысқа әкелді. 1918 жылдың күзінде елде саяси жағдай әбден шиеленісті.

1918 ж. 25 қазанда Будапештте бұқаралық шеру болып, онда бітім жасау және Венгрияның жеке мемлекет болып жариялануы туралы ұрандар көтерілді. Тәуелсіздік партиясының ұсынысымен Ұлттық Кеңес құрылды, оған социал-демократтар да кірді. Ұлттық Кеңестің басшысы Михай Каройи болды. Ұлттық Кеңес халыққа үндеу жолдады. Үндеуде Венгрияның толық тәуелсіздік алуы, бітім жасау, демократиялық бостандықтар беру, аграрлық реформа жүргізу талаптары айтылды.

1918 ж. 2 қарашада Венгрия тәуелсіз мемлекет болып, ал 16 қарашада Венгрияда халықтық республика құрылды деп жарияланды.

1918 ж. Ресейден елге дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен венгрлердің көпшілігі қайтып оралды. Олар Ресейде кеңес үкіметін құруға және оны қорғауға қатысып, большевиктік идеяларға әбден сеніп, табанды коммунистер болып алған еді. 1918 ж. наурызда Москвада Бела Кун мен Тибор Саммуэльдің басшылығымен РКП(б)-ның венгр бөлімі құрылды. Бұл ұйым үгітшілерді дайындады. Олар Венгрияға келген соң, коммунистік идеяларды белсенді түрде насихаттай бастады. 1918 ж. қараша айында олар Бела Кунның басшылығымен Венгрия Коммунистік партиясын құрды. Партияның ықпалы жылдам өсті.

1919 ж. наурыз айында Антанта Венгрияның Румыния мен Чехословакияға берілуге тиісті жерлерін босатуды талап етіп, Венгрия үкіметіне ультиматум тапсырды. Бұл ультиматумды орындау әлі түпкілікті бітім жасалмай түрған кезде Венгрияның кейбір жерлеріне шетел әскерінің енгізілуіне мүмкіндік беретін еді. Ал ультиматумды орындамау елдің тәуелсіздігіне қауіп төндірер еді. Венгрия үкіметі осындай қиын жағдайда қалды, бұл саяси дағдарыс туғызды.

Венгрияда кеңестік республиканың құрылуы. Елді саяси дағдарыстан шығару үшін үкімет сыртқы саясаттың бағдарын өзгерту керек деп шешті. Венгрия бұрын Антантаға бағдар ұстаса, енді Кеңестік Ресеймен жақындасу керек деген ұйғарымға келді. Бұл шешімді іске асыру үшін уақытша президент қызметін атқарып отырған М.Каройи социал-демократиялық партияның жетекшілеріне үкімет басқару туралы ұсыныс жасады. Социал-демократтар үкіметті коммунистермен бірлесіп құру керек деп шешті.

1919 ж. 21 наурызда социал-демократиялық және коммунистік партиялар бірігіп, Венгрия социалистік партиясын құрды. Сол күні Венгрияда Кеңестік Республика жарияланды. М.Каройи президенттік қызметтен кетті. Венгрияның жаңа үкіметі - Революциялық үкімет кеңесі құрылды. Оны социал-демократ Ш.Гарбаи басқарды, ал Бела Кун сыртқы істер министрі болды. Жаңа үкіметтің құрамына 14 коммунист, 17 социал-демократ және партияда жоқ 2 саясаткер кірді.

Революциялык үкімет бірқатар реформаларды іске асырды: банктер, ірі өнеркәсіп, транспорт, ірі жер иеліктері мемлекет меншігіне алынды; 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді; сыртқы саудаға мемлекеттік бақылау қойылды; жалақы көбейтілді, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жасалды; қызыл әскер құрыла бастады; халықтық милиция құрылды.

Бела Кун кеңестік Ресейге жеделхат жіберіп, Антантадан қорғауды өтінді. Алайда азамат соғысы жүріп жатқандықтан, большевиктер үкіметі кеңестік Венгрияға көмек бере алмады.

Венгрияның Дунайдың сыртындағы оңтүстік аудандарында кеңестік үкіметті жақтамаған топтар жиналып, Сегед үкіметін құрған болатын. Бұл үкіметтің жеке әскер бөлімдері болды, оны адмирал Миклош Хорти басқарды. Будапештгегі И.Фридрих үкіметін Антанта мойындамай қойды, ол да биліктен кетуге мәжбүр болды. Билік адмирал М.Хортидің қолына тиді. 1920 ж. Ұлттық жиналыс Венгрияда монархияны қалпына келтіру туралы шешім қабылдады да, 1 наурызда Хорти регент - Венгрия корольдігінің билеушісі болып сайланды. Регентке парламентті шақыру және тарату, заңдарды дайындау, әскердің бас қолбасшысы болу құқығы берілді. Хорти өкіметі елде жаппай жазалау жүргізді: 6 мың адам қаза тапты, 70 мың адам түрмеге түсті, 100 адам шет елге кетті. 1926-1932 жж. жалпыға бірдей сайлау құқығы және басқа негізгі демократиялық құқықтар мен бостандықтар жойылды. Венгрия екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияның одақтасына айналды.

Англия, Франция және АҚШ -тың Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдайы.

 Еуропа елдерінде және АҚШ-да соғыстан кейінгі бейбіт өмірге оралу ұзаққа созылды. Бітім жөніндегі келісімдерге қол қойысу, күйреген империялар коқсығында жаңа мемлекеттердің құрылуы, әлеуметтік қозғалыстардың толастауы, кеңеске қарсы басқыншылықтың тоқтатылуы мен Батыстың Кеңестік Ресеймен қарым-қатынастарының қалыпқа келуі тұрақтылыққа жол ашты. Өмірдің қалыпқа түсу процесі басқалардан гөрі жеңімпаз елдерде ертерек байкалды. АҚШ, Англия, Франция, Скандинавия елдері экономикаларын бейбітшілік арнасына бұруды аяқтап, 1929 -1933 жж. экономикалық дағдарыстарға дейін созылған экономикалық өрлеу жолына түсті.

Экономиканы қалпына келтірудің ерекшеліктері. Еуропа елдерінің шаруашылық өмірін қалпына келтірудің ең маңызды шарты - соғыстан кейінгі инфляцияны ауыздықтау, ұлттық валюталардың, ең алдымен 1924 жылға дейін берекесі кеткен Германия валютасының тұрақтылығын қалпына келтіру болды.

Дауэс жоспары. 1924 ж. америкальқ банкир Дауэс басқарған арнайы халықаралық комитет халықаралық несие-қаржы және сауда қатынастарын қалпына келтірудің стратегиялық жоспарын қабылдады. Жоспардың мазмұны - несиелердің көмегімен Германия экономикасын қалпына келтіру болды. Бұл оған Англия, Франция және басқа да елдерге соғыс шығындарын өтеуге, ал оларға өздерінің АҚШ-қа қарыздарынан құтылуға мүмкіндік берді. Капиталдың бұл айналымы валюталардың алтын стандартына көшумен бірігіп, экономиканы қалпына келтірудің алғышартына айналды.

Құрылымдылық қайта құру. 20-жж. жетекші капиталистік елдердің экономикасында маңызды құрылымдық өзгерістер орын алды, соғыс кезіндегі қираушылықтар қалпына келтіріліп, өмірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайлар бірсыпыра жақсартылды. Автомобиль, электротехника, химия өнеркәсіптері сияқты жаппай өндіріс салалары алдыңғы қатарға шықты. Жаппай өндірістің жаңа техникалық деңгейі автомобиль конвейері, стандарттау, типтік бөлшектерді кеңінен қолдану, еңбек процесстерінің қарқынын арттыру мақсатымен оларды басқару мен ұйымдастырудың тиімді әдістерінен көрініс тапты. Мұның барлығы еңбек өнімділігін, өндірістің тиімділігі мен табыстылығын арттыруға мүмкіндік берді.

20 - жж. екінші жартысында барлық капиталистік елдер өндірістің соғыстан бұрынғы деңгейін калпына келтіріп қана қоймай, оны басып озды. Әсірісе АҚШ экономикасы аса жедел дамыды. Соғыстан бұрынғы деңгеймен салыстырғанда халыкаралык сауда үштен бір есе артты. Ол жылдардағы «просперити» деген американ сөзі экономиканың дағдарыссыз даму дәстүрінің келгеніне сену мен болашаққа үмітпен қараушылықты білдірді.

Капиталистік дүниенің экономикалық дамуы біркелкі болмады. Егер АҚШ, Франция, Германия салыстырмалы тез қарқынмен дамыса, Англия, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі даму қарқыны жөнінде артта қалды.

Капиталистік дүниедегі экономикалық, тұрақтылық берік болмай шықты. Оның ең осал жері 20-ж. соңында өсе бастаған тауарларды жаппай өндіру мен халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуі арасындағы айырмашылық болды. Бейнелей айтсақ, 30-жж. автомобиль конвейерлерінің соңында бұрынғыдай тынымсыз сатып алушылар кезегі артта қалды. Тауарлар өтпей, қоймаларда жиналып, сауда дағдарысы келе жатты. Одан жарнамалар, несие беру, кейін төлеу де сақтай алмады. 1929 ж. 24 қазанында Нью-Йорк фондалық биржасында үрей басталды, жұрттың барлығы өз акцияларын сатуға ұмтылды. Сөйтіп, салыстырмалы гүлдену дәуірі аяқталды. АҚШ-тың соңынан бүкіл капиталистік дүние дүниежүзілік экономикалық дағдарыс тереңіне енді.

20 жж. саяси дамудың ерекшеліктері. Бірінші дүниежүзілік соғыс Еуропалық қоғамның негіздерін түбімен шайқалтты. Соғыс аяқталған соң ұзамай-ақ шыққан О. Шпенглердің «Еуропаның ақыры» деген кітабы көп мәселелерде уайымшылдық пен мұраттардың қирағандық көңіл күйіне сәйкес келді. Революциялар, саяси дағдарыстар, халықтың қайыршылануы үкіметтерден, саяси партиялардан жаңа саяси бағытқа түсуді талап етті. Социал-демократиялық партиялар Еуропаның саяси тарихында тұңғыш рет үкімет басқарып, басқа саяси партиялармен билеуші одақтарға енді. Олардың қатарларында 6 млн. аса мүше болды, оларға ондаған миллион сайлаушылар дауыс берді. Социал-демократтардың ықпалының артуына, партиялардың негіздерінің кеңеюіне соғыстан кейін барлық Еуропа елдерінде жалпыға бірдей сайлау құқын енгізу себеп болды. Бұл құқықты соғысқа дейін онымен пайдаланбаған әйелдер де алды.

20-жж. саяси күресте әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруші баспасөздің рөлі арта түсті. Радио, кинематограф аса қуатты ақпарат құралдарына айналды, «бұқаралық мәдениет», көпшілік қойылымдар мен көрілімдер (хоккей, дансингтер, концерттер т. б.) пайда болды. Қоғамдағы реформашылдық көзқарастардың артып, әлеуметтік қозғалыстардың толастауына «халықтық», дағдарыссыз капитализм идеяларын насихаттау әсер етті.

Тұрақтылық пен реформаларға ұмтылушылық тек қалыптасқан дәстүрлі парламент жүйелері бар елдерге (Үлыбритания, АҚШ, Франция, Скандинавия елдері) ғана тән құбылыс емес еді.

20-жж. демократияландыру, реформалар қоғам өмірінде жұмысшы және демократиялық қозғалыстар маңызды рөл атқаратын, мемлекеттік басшылыққа ықпал етуге және қоғамдағы бүлікшіл күштерге қарсы тұруға қабілетті салиқалы реформашыл орта қалыптасқан жерлерде өтіп жатты. Осал орталық оқиғалардың шиеленіскен жағдайында Италиядағыдай оңшыл экстремистік күштердің, Ресейдегідей солшыл радикалдардың билік басына келуіне тосқауыл қоюға дәрменсіз болып шықты.

Авторитарлық режимдерді орнатуға ұмтылушылық Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінде (Венгрия, Болгария, Грекия, Албания) орын алды. «Солға» және «оңға» ауытқушылық мемлекеттік құрылыстағы демократиялық жүйелер орнаған елдерде орын алды.

АҚШ - 20-жж. гүлденудің американдық үлгісі. Соғысқа ең соңынан кірісіп және соғыс қимылдары театрларынан қашықта орналасқан АҚШ-тың адам шығыны ең азы болды, оның үстіне соғысқа қатысқан ел бизнесі орасан көп пайда тапты. АҚШ Еуропаға қарыздардан несие берушіге айналып шыға келді. АҚШ жаңа техника мен технологияның саласында таңқаларлықтай табыстарға жетті. Тұңғыш рет Генри Форд енгізген конвейер жүйесі 1913 ж. Мичигандағы автомобиль зауытында машинаны жинау уақытын 14 сағаттан 1,5 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Таскынды өндіріс басқа сала-ларға да енгізілді. Кіржуғыш машиналарды, тоңазытқыштарды, фото-аппараттарды, радиоқабылдағыштар мен ойнатқыштарды жаппай шығару басталды. 20-ж. соңында әрбір екінші американдықтың радиоқабылдағышы болды. Жолаушылар таситын әуе көлігінің дәуірі басталды. 1927 ж. Чарльз Линдберг монопланмен 33 сағат ішінде Атлант мұхиты арқылы ұшып өтті. Кино актерлері Мэри Пикфорд, Чарли Чаплиндердің атағы әлемге жайылды. Журналистер 20-жж. Әртүрлі – «актерлер ғасыры», «джаз ғасыры», гүлдену он жылдығы, тағы басқа деп атап, мақтанып жатты.

Шын мәнісінде АҚШ қарама-қайшылықтар елі болды. Экономикалық дамудың орасан қарқыны, ғылым мен техниканың ең соңғы жаңалықтары, тұрмыстың түгелдей өзгеруі 20-жж. барып тұрған саяси кертартпалықпен, экономикалық либерализм идеяларының салтанат құруымен, «тасмаңдай өзімшілдікпен» ұштасып жатты.

Бұл Еуропадағы революциялық оқиғаларға консервативтік-корғаныс тұрғысынан жауап болды. Бизнес соғыстан бұрынғы «қалыптылыққа» оралуды, ең алдымен мемлекеттік реттеу мен тәртіптеу шаралары мен кәсіпкерлердің ісіне араласуды жоюды талап етті. АҚШ-тың экономикалық жағдайы мен реформалар және мемлекеттік реттеу үйреншікті әдетке айналған Еуропа елдерінің арасындағы принципиалды айырма, міне, осында еді.

Дағдарыстан шығу жолдарын іздеу. Кейінстің теориясы. Экономистер дағдарыстан байқау және қателіктер әдісі арқылы да, теория көмегімен де шығу жолдарын іздестірді. Әp түрлі көзқарастар тоқырасты (әлеуметтік рыноктік шаруашылықтың либералдық теорияларынан шаруашылықты бір орталықтан жоспарлау мен бөлудің - тоталитарлық және социалистік теорияларына дейін). Бұл ізденістерде ен үлкен табыс ағылшын экономисі Дж.М.Кейнстің үлесіне тиді. Ол өзінің теориясының негізін «Жұмыспен қамту, пайыз және акша теориясы» (1936) кітабында баяндады.

Кейнсшілдік ең алдымен үкіметтер мен кәсіпкерлердің экономикалық стратегиясын өзгертуді көздеді. Кейнс жағдайды дұрыс бағалады: жаңа өндірушілік мүмкіншіліктер жаппай өндіріс өнімдерін тұтынуда қоғамның мүмкіншіліктерінің шектелгенлігіне тап болды. Мұндай жаппай өндіріс үйлесімді және тұрақты даму үшін оған жаппай тұтыну мүмкіншілігі сай келуі керек. Халықтың қайыршылығы және еңбек ақыны төмендету жолымен «тер сығып алу» жағдайында, яғни сатып алушылық қабілетін төмендету жолымен тауарлардың салыстырмалы артықтығы тұйығынан шығу мүмкін емес еді. Бұл тұйықтан шығудың бір-ақ жолы болды, ол еңбек ақыны арттыру жолымен (Кейнсше «тиімді сұраныс») еңбекшілердің сатыпалушылық қабілетін арттыру немесе қорлардың артығын қоғамдық тұтынуға, қоғамдық жұмыстар шығындары аясына, қызметтерге, ағарту ісіне (мемлекеттік шығындар арқылы) аудару жолы еді. Екінші нұсқа милитарландыру болды. Кейнс тұтыну көлемін, жалпы сұранысты мемлекеттік шығындарды ұлғайту жолымен арттыруды ұсынды. Мұндай бағытты тіпті мемлекет қарыздарын ұлғайту жолымен де жүргізу қажет деп санады. Бұл өндірістің құлдырауына және тауарлардың жатып қалуына бөгет болып, бір мезгілде қаржыларды аса жоқшылық көріп отырғандардын пайдасына қайта бөлуге, қоғамдық жұмыстар ұйымдастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берер еді. Осы жолмен жұмыссыздықты азайту, тіпті толық жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін де шешуге мүмкін еді.

Кейнс экономиканы дағдарысқа қарсы реттеу жөнінде бірнеше нақтылы шаралар ұсынды. Ол мемлекеттік шығындарды азайту немесе арттыру, экономикалық конъюнктураға байланысты салықтар мен банк пайыздарын кеміту немесе көбейту арқылы экономиканы жалпы мемлекеттік реттеу (макрореттеу) механизмін жасады. Дағдырыс жағдайында «сұранысты қампиту», яғни өндірісті ынталандыру мақсатында мемлекеттік шығындарды арттыру, салық пен банк пайызын азайту, ал экономиканың «қызып кеткен» және инфляция жағдайында шығындарды азайту, салықтарды және банк пайызын көбейту ұсынылды. Мемлекеттік реттеудің бұл шаралары «тоқта-жүре бер» ұстанымы леген аталды.

Дағдарыстан шығу жолдары. Тоталитаризим немесе демократия? Мемлекет пен мемлекеттік реттеудің рөлі туралы мәселе экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік күйзелестерден шығу жолдарына байланысты мәселелер шумағымен қоса өрілген болатын.

Сайып келгендс, барлық пікір-таластырдың ұшы ең басты мәселеге- мемлекет пен азаматтық қоғамның, мемлекеттік және жеке меншіктердің, мемлекеттік реттеу мен рыноктың рөліне келіп тірелді. Тіпті дарашылдық пен дәстүрлі либерализм идеяларының тамырлары тереңге кеткен американ қоғамынын өзінде де мемлекеттік реттеу мәселелері буржуазияшыл саясаткерлер мен экономистердің, кәсіпкерлердің назарын өзіне аудара бастады. Ал Еуропада өткен ғасырдың соңында-ақ марксистік емес саяси экономия мемлекеттік реттеу мен экономикаға араласудың маңызды рөл атқаратындағын дәлелдеген болатын.

Бұл мәселе сол кездің басты идеялық-саяси қайшылығы — мемлекет пен тұлға, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қатынастар турасында принциптік түрде қарама-қарсы түсініктерді ұстанған тоталитаризм мен либералдық демократия арасындағы келіспеушілікке байланысты болды. Бұл өмірлік маңызы бар мәселерден алыс жай ғана теориялық пікір-талас емес еді. Бұл XX ғ. саяси тарихының арқауын қурайтын тотаритализм мен демократия арасыидағы күрестің мазмұны болды.

 Тоталитарлық режимдердің ерекшеліктері. Екі дүниежүзілік соғыс арасында Еуропада саяси режимдердің негізгі екі түрі өмір сүрді: қоғамдық дамудың авторитарлық-тоталитарлық үлгісі мен либералдық-демократиялық үлгісі.

Тоталитарлық үлгінің толық логикалық шынына жеткен көрінісі алдымен Италияда, кейінірек Германияда (нацизм түрінде) және Испания мен Португалияда (ибериялық нұсқа) орнатылған фашистік режимдер болды.

Тоталитарлық режимдер белгілі бір мақсаттарды: күрделі саяси және экономикалық дағдарыстардан шығу, милитарландыру және соғысқа дайындалу, индустриаландыруды тездету, алдын-ала ойластырған идеологиялық құрылымға сәйкес қоғам мен одақтарды өзгерту үшін құрылды. «Тоталитарлық» ұғымы 20-30 жж. КСРО-да қалыптасқан әкімгершілдік-өміршілдік жүйе мен сталиндік диктатураға да тура келеді.

Тоталитарлық жүйелерге азаматтық қағамды мемлекеттің басып-жаншып, аяқ асты ету құбылысы тән. Б.Муссолини өзінің «Фашизм туралы ілім деген кітабыңда былай деп жазды: «Фашизм үшін ең жоғары нәрсе -мемлекет. Оның алдында жеке адамдар мен топтар түкте емес. Бұл салада жеке адамдар емес, тек мемлекеттің ғана пікірі шешуші рөл атқарады». Тоталитаризм - либерализмнің демократияның, пікір әралу-андығының, ой мен ұйым бостандығның қас жауы. Тоталитаризм мемлекіттік реттеудің қоғамдық өмір мен жеке адамдардың іс-әрекеттерінің барлық салаларын қамтығанын жақтайды. Азаматтық қоғамды тотилитарлық мемлекеттің жұтып қоюының экономикалық негізі - ол рыноктық қатынастарды мемлекеттік-бюрократтық реттеу, жоспарлаумен алмастыру болып табылады. Бұл жағдайда жеке меншік ауқымының тарылатындығы сонша, тұлғаның бостандығы мен еркіндігнің экономикалық негізі жоғалады. Саяси салада тоталитаризм либералдық-демократиялық режим мен оның институттарының жойылуын, мемлекеттік-партиялық диктатураның орнатылғандығын білдіреді. Идеология саласында фашизм мен нацизм ұлтшылдық шовинистік және социалистік идеялардың эклектикалық қосындысы ретінде демократияға, либерализмге, марксизмге қарсы бағыт ұстады. Бұл теріске шығару және бірмезгілде зорлау мен қорқыту арқылы іске асырылып жатқан «жаңа тәртіптің» қиялдағы тұжырымы негізінде коғамды қайта құрудың утопиялық доктрикасына сену идеологиясы еді. Экономика саласындя фашизм мен нацизм экономиканы мемлекеттік реттеу жүйесін құрып, оны милитарландыру мен алдағы соғысқа дайындалуға бағыттады. Фашизм тұсында тап күресін, еңбек пен капиталдың дәстүрлі қарама-қарсы тұруларын мемлекеттік партиялық аппарат аяусыз басып жаныштады. Кәсіподақтар қуып таратылды.

Басқа оңшыл радикалдық күштерден айырмасы фашизм өзіне көпшілік негіз таба білді. Қоғамның кейбір топтарына фашистік идеялар, несілшілдік теория, антисемитизм ұнады, олар материалдық пайда тапты, кейбіреулер фашистік қылмыстарға қатысып, қолдарын қанға бояды. Сонымен бірге фашистік режимдер белсеңді әлеуметтік саясат жүргізді. Олар экономиикалық дағдарыстарға тосқауыл қоя алды.

Либералдық-демократиялық режимдер. 30-жж. дағдарыс апаттарынан демократиялық институттарды сақтай отырып шығудың демократиялық жолы ежелден келе жатқан берік демократиялық дәстүрлері бер, саяси мәдениеті мен қоғамдық қозғалыстары жоғары дамыған елдерге тән болды. Мұндай елдердің қатарына Ұлыбритания, Франция, Скандинавия елдері, АҚШ, Канада, Мексика т.б. елдер жатты. Мемлекеттік реттеу құралдарын пайдаланып және еуропалық демократия мен дәстүрлі либерализмнің идеялық негіздерін сақтай отырып, бұл елдер мемлекеттің әлеуметгік қызметтерін кенейтті. Бұл ұстанымдар деп отырғанымыз - экономикалық өмірге араласпау саясаты емес, заңды жалпыға бірдей және тең қолдануды, мемлекетпен салыстарғанда артықшылықпен пайдаланатын адамдардың негізгі және ажыратылмас құқытарын, биліктерін, бөліну принциптерін, сайлаушылықпен парламентеризмдік танитын қоғамдық және саяси идеялар болып табылады. Мемлекетпен азаматтық қоғам, мемлекетпен жеке тұлға арақатынастарына байланысты тоталитаризммен демократияның арасындағы принципиалдық айырмашылықтар осындай еді.

Авторитарлық саяси режимдер. Екі соғыс аралығында Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропада орнаған авторитарлық саяси режимдер аралық сипатта болды. 1940 жыл соңына қарай Гитлер әскерлерінің Францияға басып кіргенінен кейін, бейтарап Швеция және Швейцариядан басқа, Атлантикадан бастап КССРО шекарасына дейінгі бүкіл Еуропада орналасқан елдерде фашистік немесе автолитарлық режимдер билік құрды. Еуропамен Азияның сол кездердегі карталарына көз жүгіртер болсаңыз, ХХ ғ. 40 жж бұл екі құрлықтағы демократия мен бостандық ошақтарын саусақпен санауға болатынын көрер едіңіз.

Халық майданы. Халық майдандарын құру капиталистік елдердің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа құбылыс болды. Халық майданы қозғалысы Францияда, Испания мен Чилиде үлкен табыстарға жетісті, бұл елдерде кең саяси негізде демократиялық біріккен үкіметтер құрылды. Бірақ бұл табыс ұзаққа бармады. 30-жж. соңында бұл қозғалыс өзін-өзі сарықты, бөтен елдерде бұл қозғалыс онша өріс ала алмады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында антифашистік бірлік идеясы халықтардың антигитлерлік одағын - Біріккен Ұлттарды құрудан көрініс тапты. Испанияда Халық майданы үкіметі 1936 ж. жазда испан Мароккосында генерал Франко шығарған фашистік бүлікке қарсы халық күресін ұйымдастырды. Республикалық армия мен фашистік бүлікшілердің және оларға қару-жарақ пен әскерлерін жіберіп, көмекке келген фашистік Италия мен нацистік Германия режимдерінің арасындағы азаматтык соғыс үш жылға таяу уақытқа созылды. Республикашылдардың қатарында дүние жүзілік көптеген елдерінен көмекке келген демократ-еріктілер соғысты. Кеңес Одағы да оларға әскери көмек көрсетіп, еріктілер жіберді.

1929-1933 жж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың ерекшеліктері. Дағдарыс 1929 ж. қазандағы Нью-Йорк фондылық биржасында миллиондаған акциялардың бағасының миллиардтаған долларға кеміп кетуіне байланысты үрейден басталды. Бұл бағалы кағаздар рыногінің апатқа үшырауы еді. Акциялармен биржалық-алып-сатушылык және олардың курсы 1928—1929 жж. экономикалык серпіліс кезіндегідей жасанды түрде асыру осындай салдарға алып келетіні күмәнсіз еді. Бірақ биржа апаты терең экономикалық дағдарыстың тек сыртқы көрінісі ғана болды.

Экономикалық циклдін міндетті кезеңі болып табылатын экономикалық дағдарыстардың ең басты себептерінің бірі - өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы болып табылады: шығарылған тауарлар рыногындағы ұсыныс оларға деген төлем қабілеті - сұраныстан асып кетеді. Тауарлар жатып қалмасын деп өндірушілер әдетте дағдарыс кездерінде бағаны кемітеді, өндірісті азайтады, жұмысшыларды қысқартады, капитал салымын кемітеді. Өндірісті рыноктің таралған көлеміне дейін теңестіру - циклдік дағдарыстан автоматты түрде шығудың алғашқы адымы болып табылады. Бұл бұрын болған экономикалық дағдарыстарға тән көрініс болатын. Бірақ 1929—1933 жж. экономикалық дағдарыс ерекше болды.

Дағдарыстан шығудың автоматтык механизмінің «істемей қалуы» көп жағдайда капиталистік шаруашылықтың құрылымының өзгерістерімен байланысты болды. Капитал мен өндірістің аса ірі бірлестіктерде шоғырлану- ірі бірлестіктерге олардың өндіріске монополиялықтарына байланысты бағаны төмендетпей, бір мезгілде өндірісті қысқартуға мүмкіндік берді. Дағдарыстың аса ұзақка созылуы (кей елдерде бес жыл бойына) дағдарыстан автоматты түрде шығудың дәстүрлі рыногтік механизмінің бұл жағдайда істемейтіндігін сол себепті мемлекеттік реттеу механизмімен толықтырылуы тиіс екендігін көрсетті. Халықаралық тауар алмасу процестеріне кедергі келтірген қолдаушылық саясаты да дағдарыстан шығуды қиындатты.

XX ғ. бірінші үштігінде жасалған жана техника мен технологияның жаппай өндірісті қамтамасыз етуге мүмкіншіліктері бар болатын. АҚШ-та жана дәуірдің белгісі автомобиль шығару болды. Жаппай өндірісті бастау үшін жаппай сатып алушы, жаппай тұтынушы қажет. 1929—1933 жж. дағдарыста дәл осы өндіріс пен тұтынудың, ұсыныс пен сұранымның арасындағы сәйкессіздік көрініс тапты.

Ақырында, дағдарыс бұрын болып көрмеген мөлшерде тұрақты жаппай жұмыссыздық туғызды, миллиондаған адамдар үшін аштық, бүліктер мен көтерілістер қаупін төндірді, яғни әлеуметтік мәселелер шиелеінісе түсті.

Дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың аса маңызды ерекшелігі- циклдік дағдарыстың ұзақ мезіргідік құрылымдық дағдарыспен тура келуінде болды. 30-жж. циклдік экономикалық дағдарыс әдетте әрбір 10-15 жылда бір peт келетін құрылымдық дағдарысқа тура келді. Орыс ғалымы Н.Д.Кондратьев 20-жж. өзінде-ақ экономикалық дамудағы «үлкен циклдер», немесе «ұзын толқындар» теориясын тұжырымдаған болатын. XX ғ. аса ірі экономикалық және саяси сілкіністері экономикадағы «ұзын толқындар» теориясының дұрыстығын дәлелдеп берді.

Экономикада «ұзын толқындар» деп ұзақтығы шамамен алғанда 48-55 жылға созылатын экономикалық белсенділіктің оқтын-оқтын ауытқып тұруын айтады. Мұндай жартығасырлық аралыққа келетін кезендерде индустриялық қоғамның техникалық және технологиялық негізі жанарып, бұл құбылыс капиталистік өркениеттің басты-басты экономикалық аймақтарының шаруашылықтарының барлық салаларын қамтиды. Мұндай циклдер XVIII г. 80-ші ж. соңы мен 90-шы жж. басынан басталған болатын. Сол кезден бастап батыс елдері төрт «ұзын толқындарды» бастарынан өткізді, олардың әркайсысының бірінші жартысында конъюнктураны арттыратын кезеңі болса, соңынан төмендейтін кезеңі болады. Арттыратын және төмендететін кезендердің түйіскен жеріннің үлесіне әлеуметтік сілкіністердің көп бөлігі (соғыстар, революциялар, аса ірі әлеуметтік-саяси қақтығыстар) келеді. Бұл үлкен циклдердің шеңберлері шамамен мына төмендегідей: 1780 ж. соңы - 1840 ж.; 1840 ж. соңы — 1890 ж.; 1890 ж. соңы — 1940 ж. басы; 1940 ж. басы — 1982—1985 жж. Сөйтіп, XX г. екі толық «ұзын толқындар» орын алды, ал 1980 жж. басталған бесінші «ұзын толқындар» немесе кезең XXI г. аяқталмақшы.

1914—1945 жж. аралық кезен конъюнктураның төмендеу кезенің қамтилы. Бұл уақыт ішінде екі дүниежүзілік соғыс, 30-жж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыс, Ресей мен кейбір еуропалык елдердегі революциялар, Еуропадағы тоталитарлық және авторитарлық режимдердің орнауы секілді оқиғалар орын алды. Бұл кезеңді дүниежүзі тарихында ең ірі омырылу, либералдық демократияның терең дағдарысы және еуропалық өркениеттің өзін-өзі жойып жіберу қаупі деп қарастырған жөн. Соғыс аралық онжылдықтар мен екі дүниежүзілік соғыстың күйзелістерінен шығу жолдарының қиындығы мен қарама-қайшылықтығы, міне, осында болды.

      ХХ ғасырдың 1930 жылдарының бірінші жартысындағы халықаралық қатынастар: барысы мен дағдарысы. ХХ ғасырдың 30-40 жж. арасындағы халықаралық қатынастар тарихы тым күрделі. Осы кезең аралығында Германия, Италия, Жапония бастаған фашистік және милитаристік мемлекеттер Версаль-Вашингтон жүйесіне наразы болып, дүниені қайта бөлуге, негізінен Англия, Франция, АҚШ және олармен байланысты елдер бақылауында болған отар, шикізат көздері мен өткізу рыноктарын басып алуға жанталасты. Германия өз көршілерін табанына салуды, КСРО-ны талқан-дауды, Африка мен Таяу Шығыста жаңа отарлық империя құруды көздеді. Италия Жерорта теңізін «Итальян көліне» айналдыруды, Балкан түбегі мен Таяу Шығыс елдері, Африканың шығыс және солтүстігінің бір бөлігін өзіне бағындыруды жоспарлады. Жапония Қытай және Кеңес Одағының Азиялық бөлігін, сондай-ақ Бирма (Мьянма), Индонезия, Филиппин мен басқа «оңтүстік теңіз» елдерін өзіне қаратуды көздеді. Ең ірі фашистік-милитаристік мемлекеттер - Германия мен Жапония дүниежүзілік үстемдікке ұмтылды. Жапонияның басқарушы топтары өз мақсаты «дүниенің сегіз бұрышын бір шаңырақ астына, яғни Жапония қол астына біріктіру» деп ашық жариялады. Фашистік Германия үкіметінің басшысы Гитлер 10 ақпан 1939 жылы неміс әскери қолбасшылығының құпия мәжілісінде сөйлеген сөзінде өз саясатының мақсатын а) Еуропада үстемдік, ә) жүз жылдық дүниежүзілік үстемдік деп айқын белгіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ Италия, Германия және Жапонияның басқарушы топтары агрессиялық жолға түсті. Италия Эфиопия (Абиссиния) мен Албанияны, Германия Австрия мен Чехословакияны басып алды. Жапония 1931 жылы Маньчжурияны (Солтүстік-Шығыс Қытай) оккупациялады, ал 1937 жылы Орталық Қытайда соғыс қимылдарын бастап, Пекин, Шанхай, Нанкин сияқты Қытайдың ірі қалаларымен қоса үлкен территорияларын өзіне қаратты. 1938 жылы жапон милитаристері Хасан көлі ауданында Кеңес Одағына, ал 1939 жылы Халкин-Гол өзені алқабында Моңғол Халық Республикасының территориясына енді. Кеңес және моңғол әскерлері басып алушылардың шабуылына тойтарыс берді. 

 

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Париж бейбіт конференциясы қай жылы және не үшін шақырылған еді?

2. Париж бейбіт конференциясында үстемдік еткен қай елдер және негізгі

шешімдерді қабылдаған кімдер?  Антантаның

3. Антантаның жетекші үш державасының  Бірінші дүниежүзілік соғыстан

кейінгі  бейбіт реттеуге қатысты үстанған бағыттары қандай болды?

     4. Ұлттар Лигасының Жарғысында халықыралық қатынастардың қандай

жаңа принциптері жарияланды?

     5. Мандаттық жүйе деген не?

6. Париж бейбіт конференциясында герман мәселесі қалай шешілді және

Версаль бітім-шартының қай баптары Германиняң егемендігін шектеді?

7. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның картасында қандай

жаңа мемлекеттер пайда болды және Орталық және Шығыс Еуропада  пайда болған жаңа мемлекеттердің шекараларын белгілегенде Антанта мүшелері нені басшылыққа алды?

8. Вашингтон конференциясында қандай келісімдер жасалды және неге

АҚШ олардың нәтижелерін өзінің жеңісі деп есептеді?

9. Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтондық жүйесінің

тұрақсыздығы неде?

10. Германияда Веймар республикасы қашан жарияланды?

11. Фашисттік партия қай жылдары пайда болды?