7 дәріс

7 - дәріс

7 - дәріс.  XIX ғ. 70-ші жж. - 1914 ж. дейінгі

халықаралық қатынастар.

 

1. ХІХ ғ. 70-80 жж. халықаралық қатынастар.

2. ХІХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы халықаралық қатынастар.

3. ХХ ғасырдың басындағы халықаралық қатынастар.

 

ХІХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы  халықаралық қатынастар.

          ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарының басындағы ұлттық соғыстар Европаның бет-бейнесін өзгертті. Негізгі державалардың құрамы өзгерді. Бұл соғыстарға дейін Австрия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Пруссия европалық саясатқа белгілі бір дәрежеде ықпал етіп отырды. Енді Пруссияның орнын Герман империясы басты. Онымен бірге Италия да Европаның басты державасының бірі роліне үміттене бастады. Ұлттық соғыстарда жеңіске жеткен Германия мен Италия европалық саясатта алдыңғы орынға шықты, ал қалған державалардың оларға орын беруіне тура келді. Қырым соғысынан кейін және экономикалық техникалық әлсіздігіне байланысты, Ресейдің күші де әлсіреді.1866 жылғы Пруссиямен соғыстағы жеңілістен кейін Австрия империясы да әлсіреді. Ұлыбританияның күші белгілі бір дәрежеде өсті. Қырым соғысынан кейін оның европалық істерге араласуы төмендеп, ол «жалтырауық оқшаулану» саясатын әрі жалғастырды. Еуропалық саясаттан гөрі, Ұлыбритания отарлық саясатқа көп көңіл бөле бастады. Бұл уақытта Ұлыбританияны Европадағы күштердің арасалмағы қанағаттандырды, әсіресе Франция мен Ресейдің әлсіреуі. Осы оқиғалардың негізінде Европаның белгілі бір дәрежеде тыныштануы жүзеге асты. Салыстырмалы түрде алғанда дамудың бейбіт кезеңі басталды.

Біріккен Германия  халықаралық  аренада  Бисмарктың бастауымен белсенді еуропалық   саясат жүргізе бастады. Бисмарк Францияны оқшаулау үшін Австрия-Венгриямен де, Ресеймен де достық қатынастар орнатуға тырысты.1873 ж. 24 сәуірде Ресей мен Австро-Венгрия арасында одақтық келісімге қол қойылды. Оған Германия да қосылды .Осылайша 3 мемлекеттің соғыс бола қалған жағдайда өзара көмек және халықаралық мәселелерде өзара кеңесуге міндеттенген тобы пайда болды. Ол «Үш императорлар одағы» деп аталды. Үш император І Вильгельм (Германия), Франц Йосиф (Австрия-Венгрия), ІІ Александр (Ресей) алдында 1872 ж. қыркүйекте кездескен болатын.

Бисмарк Францияны жаңа соғысқа арандатқысы келді. Оны Францияда жүріп жатқан әскери реформалар туралы хабар алаңдатты. Бұл кезең Европа және халықаралық қатынастар тарихына 1875 ж. «әскери дабыл» деген атпен енді.

ХІХ ғ.70-ж. ортасына қарай негізгі оқиғалар Таяу Шығыста өтті. Бұл кезең тарихи әдебиетте «1875-1877 жылдардағы «Шығыс дағдарысы» деген атпен мәлім.

1871 жылы Қара теңіздің бейтараптығына қол жеткізген Ресей Балканда өз ықпалын қалпына келтіруге тырысты. 1) Ол түрік сұлтаны қоластындағы христиандарды қолдады; 2)Қара теңіз бұғаздарына өз бақылауын орнатуға тырысты. Босфор, Дарданелл бұғаздары Ресей үшін маңызды болды. Орыс-австрия қайшылықтарының шиеленісуіне ХІХ ғ.70-ж. ортасында Осман үстемдігіне қарсы Балкан халықтарының азаттық қозғалысының тарихта бұрын болмаған дәрежеде өрлеуі әсер етті. 1875 ж. жазда түрік үстемдігіне қарсы Осман империясындағы католиктер, православтар, мұсылмандар мекендеген Босния және Герцеговина провинциясы тұрғындары көтерілді. Порта ХІХ ғ. 30-40 жж. берген христиандар мен мұсылмандарды әлеуметтік жағынан теңестіру туралы уәдесін орындамады. Герцеговина мен Боснияда көтеріліс басталғанда Австрия-Венгрия бұл түріктің ішкі істері оған араласпаймыз дегенімен алайда кейін Австрия-Венгрия Босния мен Герцеговинаны өзіне қосып алуға тырысты. Ұлыбритания мен Австрия-Венгрияны негізінен Осман империясының тағдыры толғандырды, олар Балкандағы өз ықпалдарын жоюға мүмкін Осман империясының күйреуін болдыртпауға тырысты.

1877 ж.12(24) сәуірде Ресей Түркияға соғыс жариялады. Румыниядан басқа Ресей жағында Сербия мен Черногория соғысқа кірісті. Түрік бекінісі Плевна көп айлар қоршаудан кейін ғана берілді. Балканда орыс әскерлері Стамбулға жақындады. Түркиямен жасасқан бітім бойынша, Ресей Закавказьеде түріктердің Ардаган, Карс, Батум қалаларын алды. 1878 ж.19 ақпанда түрік астанасы маңындағы Сан-Стефано деген жерде уақытша бітімге қол қойылды. Алайда Сан-Стефано келісіміне Европалық елдер қарсы болды. Әсіресе Ұлыбритания мен Австрия-Венгрия бітімді қайта қарауды талап етті. 1878 ж. маусым - шілдеде Берлинде негізгі еуропалық мемлекеттер және Осман империясы қатысқан халықаралық конгресс болды. Оның шешімдері бойынша, Румыния, Сербия, Черногория тәуелсіз мемлекет болды. Дунай мен Балкан таулары арасында дербес Болгар княздығы құрылды. Сан-Стефано келісім шартын қайта қарау Ресейдің мүддесіне нұқсан келтірді. Сондықтан Берлин конгресінің шешімдері Ресей, Болгарияда наразылық туғызды. Берлин конгресінің басты қатесі - еуропалық державалардың көпшілігінің Балкандағы мүддесін және күштер балансын орнатқанымен, оның қатысушылары балкан халықтарының талап-тілегімен есептеспеді.

Орыс-түрік соғысы және Берлин конгресі Австрия-Венгрия мен Ресейдің арасындағы қайшылықтардың бірден шиеленісуіне әкелді. Ресей мен Австрия-Венгрия Балкан түбегіндегі жаңадан құрылған жас тәуелсіз мемлекеттерге өз ықпалын жүргізу үшін бәсекелесті. Бастапқыда Ресей ықпалы басым болды. Алайда бірте-бірте балкан мемлекеттері Австрия-Венгрия ықпалына түсті.1881ж. Сербия Австрия-Венгриямен құпия келісім жасады, онда Сербия Босния мен Герцеговинаға дәмесінен бас тартты. Австрия-Венгрияның қолдауымен 1882 ж. Милан Обренович өзін Сербияда король деп жариялайды, 1885 ж. ол Болгарияға қарсы соғыс ашты. 1883 ж. Румыния, Германия, Австрия-Венгрия, Италия одағына қосылды.

ХІХ ғасырдың 80-90-шы жылдарындағы халықаралық қатынастар.

1878 ж. Берлин конгресінен кейін күштердің арасалмағында біраз өзгерістер болды. Ең алдымен орыс-герман қатынастары нашарлап, Германияның Австрия-Венгриямен жақындасуы басталды. Бисмарк Ресей мен Австрия-Венгрия арасы ақыры түпкілікті шиеленісетіні түсініп, ол Ресей мен Австрия-Венгрияның қайсысын жақтайды деген мәселелерде ол сенімді әріптес ретінде Австрия-Венгрияны көрді. Өз таңдауын Австрия-Венгрияға тоқтатқан Германия 1879 ж.7 қазанда Венада Австрия-Венгриямен одақтастық жөніндегі құпия келісімге қол қойды,ол бойынша 2 жақтың біріне Ресей соғыс ашса бір-біріне көмектесуге міндеттенді. Солтүстік Африканы отарлық бөлісу үшін пайда болған Франция мен Италия арасындағы қайшылықтардың шиеленісуін пайдаланған Бисмарк Италиямен жақындаса бастайды.1882 ж.20 мамырда Венада Германия, Австрия-Венгрия, Италия арасындағы Үштік Одақ туралы келісімге қол қойылды. Германия, Австрия-Венгрия, Италияға Франция соғыс ашса көмектесуге уәде берді. Германияның сыртқы саясатындағы бұл бетбұрыс бірден жүзеге асырылды.

Бисмарк Ресеймен қатынасты үзгісі келмеді, оның Франциямен жақындасуын болдыртпауға тырысты. 1885 ж. Шығыс Румелияда Болгария княздығымен бірігуді талап еткен көтерілістер туды. Солтүстік және оңтүстік Болгария бірікті, алайда бұл Берлин трактаты ережелеріне қайшы келді, сондықтан Балкандағы жанжалдарға европалық державалар араласты. Осы жағдайда Болгарияда мемлекеттік төңкеріс болып, князь Александр Баттенбергский биліктен тайдырылып, оның орнына 1887 ж. Австрия-Венгрия, Германия қолдаған Фердинанд Саксен-Кобургский билікке келді. Ресей үшін Болгар дағдарысының жағымсыз шешілуі, оның Австрия-Венгриямен және Германиямен қатынастарын нашарлатты. 1887 ж. 6 (18) қарашада Берлинде «Алдын ала қайта қауіпсіздендіру» деп аталған орыс-герман келісіміне қол қойылды. Ресеймен қатынастары нашарлай бастаған Германия Ұлыбританиямен қатынастарын жақсартуға тырысты.

ХІХ ғ. 60 ж аяғы-70 ж. еуропалық саясаттың оқиғалары көптеген еуропалық мемлекеттер үкіметінің көңілін өзіне аударды. Олар белгілі бір уақытта отарларға деген өз назарларын бәсеңдетті. Франция белсенді отарлық саясаттан уақытша бас тартты. Германия да осылай, тек қана Ұлыбритания мен Ресей ғана өздерінің отарлық экспансиясының қарқынын төмендетпеді.

Ұлыбританияның отарлық мүдделері жан-жақты болды. Ол Африканың оңтүстігінде өз отарлық иеліктерін кеңейтуге күш салды. Отаршылдық әскерлері бурлардың жерлерін және африкалық тайпалар жерлерін тартып алды. 1879-1880 жж. британ отаршылдары зулус тайпасының қарсылығын басты. Үндістанды бағындырғаннан кейін олар онымен көрші елдерді бағындыруға тырысты.1860 ж. Непалға тең емес келісімді таңды.1878-1880 жж. тағы да Ауғанстанды бағындыруға әрекет жасады. Ауғанстанның дербес сыртқы саясат жүргізуін жойған келісімге қол қойдыртты. Ұлыбритания үкіметі Ресейдің Орталық Азиядағы табысты экспансиясын бақылап отырды. ХІХ ғ.70-ж. аяғы-80 ж. басы түркмен тайпалары Ресей қоластына өтті.1885 ж.орыс және ауған әскерлерінің Кушка түбегіндегі әскери қақтығысы Ұлыбританияны қобалжытты.  Лондонда Үндістанға төнген орыс қаупі туралы айтыла бастады.

Ұлыбритания «жалтырауық оқшаулану»  саясатын ұстанатыны туралы жоғарыда айтылған еді. 1887 ж. 12 желтоқсанда Австрия-Венгрия, Ұлыбритания, Италия Лондонда Жерорта теңізі бассейінде Қара теңіз бұғаздарында және Балканда бейбітшілікті және статус-квоны қолдау жөнінде келісім жасады. Бұл кезеңде орыс-ағылшын қайшылықтары Орта Азия үшін де шиеленісті. Ресей Ұлыбританияның Батыс Қытай мен Ауғанстанға өз ықпалын таратуға қарсы тұрды. 1880 ж. Ұлыбританияның Түрікмениядағы орыс әскерлерінің жылжуына кедергі жасауға тырысуы, Ауғанстанға күшпен өз адамын қоюға тырысу әрекеттері сәтсіз аяқталды. 1885 ж. көктемде Ресей әскерлерінің Ауғанстанға жылжуына кедергі болу үшін, Англия Ресейді Қара теңізде атқылауды ойлады. Алайда Ресей қысымымен және Ресейді Германия қолдап түрік сұлтаны Қара теңіз бұғаздарын жапты. Үш император одағы күйреді, Ресей мен Германия орыс-герман бәсекелестігіне қарамастан 1887 ж. «Алдын-ала қайта қауіпсіздендіру» одан әрі жалғастырды. Ол бойынша, Германияға Франция соғыс ашса Ресей бейтарап, ал Таяу Шығыста Ресейге Ұлыбритания қарсы шықса Германия Ресейді қолдануға міндеттенді.

Екі ел арасындағы көптеген келіспеушілікке қатысты Германиядан қарыз ала  алмаған Ресей Франциямен жақындаса  бастайды. 1888 ж. Париждің ірі банклері алғаш рет Ресейге француз үкіметінің кепілдігімен қарыз берді. Осылайша 2 мемлекет арасындағы қатынастарда тарихи бетбұрыс басталды. Арасында терең саяси идеологиялық келіспеушіліктер бар еді. 1891 ж. Парижде Ресей мен Франция қауіп төнгенде өзара кеңесу туралы келісім жасады.1892 ж. 5 (17) тамызда орыс және француз армиясының штабы өкілдері әскери конвенцияға қол қойды, ол бойынша екі жақтың біріне Германия соғыс ашса, бір-біріне әскери көмек беруге міндеттенді. Әскери конвенция 1893 ж. желтоқсанда өз күшіне енді. Орыс-француз одағының құрылуы Ресейдің халықаралық оқшаулықтан түпкілікті шығуына әкелді. Орыс-француз одағының құрылуы халықаралық жағдайдың тұрақтануына әсер етті. ХІХ ғ. соңына қарай халықаралық қатынастардың жаңа тұрақты жүйесі пайда болды. Негізгі державалар күштерінің балансы -  «Еуропа концерті» қалпына келтірілген жоқ. 1897 ж. Ресей мен Австрия-Венгрия сәуір-мамырда Балкан істері бойынша келісімге қол қойды. Бисмарк Германияның 2 майданға соғысуына қарсы болып,Ресеймен достық қатынастарды сақтауға тырысты. Алайда ол 1890 ж. отставкаға кетеді. Оның орнына Л.Каприви отырады. Ол 2 майдандағы соғысқа дайындала бастайды.

ХІХ ғ. соңына қарай Үштік одақ пен орыс-француз одағы құрылғаннан кейін, еуропалық державалардың отарлық саясаты күшейе бастады. Бұл кезге қарай отарлық державалардың қатары кеңейді. Бұрыннан отарлары бар Испания, Португалия, Голландия, Франциямен бірге олардың қатарлары бұрын отарлары болмаған Германия, Италия, Жапониямен толықтырылды. АҚШ пен Ресейдің де сыртқы экспансиясы өзіндік ерекшелігі бар, батыс еуропалық мемлекеттердің формасына ұқсамады.

Аз уақыт ішінде бұл ірі мемлекеттер Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия және Африкадағы отарлармен ықпал ету аймақтарын өзара бөлісті.

Франция 1881 ж. Тунисті аннексиялады. Бұл ел Осман империясының провинциясы болып саналып, оны бей басқаратын. Египеттегі үстемдікке жетудің алғашқы қадамын Ұлыбритания 1875 ж. жасаған еді. 1876 ж. Египеттегі мемлекеттік банкроттық нәтижесінде Ұлыбритания мен Франция оны бірлесіп басқара бастайды. Британ әскерінің Египетті оккупациялауына қатысты Франция мен Ұлыбританияның арасындағы дау 20 жылға созылды, бірақ әскери жанжал болған жоқ.

Еуропалық мемлекеттер арасындағы келесі бір даулы аймақ - Конго өзені бассейні. Конго өзені жағалауларында Бельгия бірнеше еуропалық қоныстарды құрды. Алайда бұл жерлерге Бельгиядан да басқа бірнеше мемлекеттер дәмеленді. Конго өзені бассейнін отарлық бөлісуге байланысты туған қайшылықтарды шешу үшін, 1884-1885 жж. Берлинде Африкалық конференция өтті, оған 14 мемлекет қатысты. Оның шешімі бойынша, Бельгия басқаруына берілген Ерікті Конго мемлекеті құрылды, оның аумағында барлық еуропалық мемлекеттер сауда, кемемен жүзу, табиғи ресурстарды игеруде тең құқықты болды. Бұдан кейін Африканы отарлық бөлісуде Ұлыбритания мен Франция басты роль атқарды. Кейптаун-Каир-Калькуттаны теміржолмен байланыстыру идеясын Англияның белгілі саяси қайраткері, отарлық империяларды құруды уағыздаушы С.Родс ұсынды.

Родс жоспарын жүзеге асыру барысында британ отаршылдары  Египет-тен кейін Шығыс Суданды  басып алды, ал 1899-1902  жж. бур республика-ларын алу үшін Оңтүстік Африкада ағылшын-бур соғысы болды.

Ағылшын-бур соғысы. Отарлық мемлекеттер үкіметі эмиграцияны қолдады.  XVII ғ. Африканың оңтүстігінде Кап отары пайда болды. Бастап-қыда оның тұрғындары голланд қоныс аударушылары болды. Олар түземдіктерді құл ретінде пайдаланды. ХІХ ғ. басында Кап отарын Ұлыбритания басып алып, отызыншы жылдары ондағы құлиеленушілікті жойды. Бұған наразылық ретінде Голландия отаршылары континетке ішкерелей ене берді. Бұл қозғалыс тарихта «Ұлы трек» деп аталды. Олар Африканың оңтүстігінде барынша орнықты. ХІХ ғ. ортасында бурлар -  голланд қоныс аударушылары Африканың оңтүстігінде  Трансвааль және Оренжевая республикаларын құрды. 1899-1902 жж. ағылшын-бур соғысы барысында  Англия Трансвааль және Оренжевая республикаларын басып алды.

ХІХ ғ. аяғына таман Ұлыбритания Оңтүстік-Шығыс Азияда Бирманы, Малайяны т.б. ірі аумақтарды басып алды. Француздар Африкада батыстан шығысқа қарай өз отарлық иеліктерінің жолағын жасауға тырысты. Француздық Батыс Африка отарын құрды. Конго, Чад, Габонның бір бөлігін қамтыған Орталық Африкадағы жерлерді басып алып  Француздық экваторлық Африка отарын құрды. Конгодан шығысқа қарай жылжыған француздар 1898 ж. Фашода деген жерде ағылшын-египет әскерімен кездесті. 1883 ж. Франция Мадагаскарды басып алуды бастап, 1895 ж. оны өз проттекторатына айналдырды.

Герман империясының алғашқы канцлері - Бисмарк ХІХ ғ. 70-80 жж. негізгі назарын еуопалық саясатқа және ішкі мәселелерді реттеуге  көңіл бөлді, сондықтан герман отарларын құруға ат салысқан  жеке адамдар - көпестер, кеме иелері, банкирлер болды.1884 ж. бремен көпесі Людериц герман Оңтүстік-Батыс Африкасын, Петерс германдық Шығыс Африка отарын құрды. Германияның Африкадағы бұл иеліктері британ отаршылдары мүдделеріне нұқсан келтірді, себебі олардың экспансиялық жолында жатты. Бисмарк отставкаға 1890 ж кеткеннен кейін Германия Англия арасындағы қайшылықтар шиеленісті. Ағылшын-бур соғысында бурларды Германия қолдады.

Қиыр Шығыстағы халықаралық қатынастар. Қайшылықтардың бір түйіні-Қиыр Шығыста болды. Отарлық мемлекеттердің бәсекелестігі Оңтүстік-Шығыс Азия  мен Қытайда күшейді, бұл біраз  соғыстарға, жанжал- дарға әкелді.

Әлемнің  бұл аймағында алғаш болып  Жапония мен Франция белсенді  іс-қимылдарға кірісті. Отарлық агрессияның объектісі, бөліске түсетін басты ел – Қытай,  оған апаратын жерлер, яғни оның аралдарының жағалаулары және Қытайға вассалдық тәуелділікте болған Корея, Вьетнам болды.

         1875 жылы Жапония Лю Цю (Окинава)  аралын аннексиялады. 1885 жылы Жапония Қытаймен оның ішкі істеріне араласуға құқық беретін келісім жасауға қол жеткізді. 1884 жылы француз отарлық әскерлері қытай армиясы қорғап тұрған Солтүстік Вьетнамға басып кіреді. 1885 жылы Тяньцзиньде Франциямен жасаған бейбіт келісім бойынша Қытай Вьетнамға жоғарғы билігінен бас тартты, сонымен бірге Францияға Оңтүстік Қытайда кең құқықтар мен артықшылықтар берді.

Жапон-қытай соғысы. Кореядағы азаттық  көтерілісін пайдаланған Жапония 1894 жылы Қытайға соғыс ашты. Жапон әскерлері Оңтүстік Маньчжурияға, Ляодунь түбегіне, Шаньдунға басып кірді. Қытайлар жеңіледі. Жапонияның Симоносеки қаласында 1895 жылы 17 сәуірде бейбіт келісімге қол қойылады, ол бойынша Қытай Кореяның тәуелсіздігін мойындады, Корея енді іс жүзінде Жапонияның тәуелсіздігіне түсті. Сонымен бірге қытайлар жапондықтарға Ляодунь түбегін, Тайвань және Пескадор аралдарын берді. Қытайдың бірқатар қалаларында Жапонияның еркін сауда жасауына және т.б. экономикалық қызметіне рұқсат берілді.

         Жапонияның халықаралық аренада  белсенді қимыл жасауы европалық  державалар – Ресей, Англия, Франция,  Германияны қобалжытты. Олар-дың  Қиыр Шығыста өз мүдделері  болды. Олар Симоносеки келісімін  қайта қарауға қол жеткізіп, Қытайға Ляодунь түбегін қайтартқызды. 1897 жылы неміс әскерлері Шаньдун түбегіндегі Циндао портын оккупациялап алды. Цин үкіметі бұл аймақты 99 жылға жалға берді. 1898 жылы Ресей Ляодунь түбегін (25 жылға), Далянь (Дальний және Люйшунь), (Порт-Артурды – Тынық мұхитта өзінің әскери-теңіз базасы болған қамал құрылысын бастады) қалаларымен бірге жалға алды. Франция Хайнань аралдары маңындағы Гуанчжоувань шығанағы жағалауын, Ұлыбритания Цзюлун (Коулун) және Шаньдун түбегіндегі Вэйхайвэй портын алды. Сонымен бірге Ресей 1897 жылы Читадан Владивостокқа дейін Қытай-Шығыс темір жолын (КШТЖ) салуға концессия алды, ал 1898 жылы оның тармағы Оңтүстік Маньчжур темір жолын (ОМТЖ) салуға құқық алды. Осы кезден бастап Жапония мен Ресей арасындаосы аудандарда шиеленіскен күрес басталды.

Шетел державаларының отарлық  экспансиясының күшеюі, 1899 жылғы Пекиндегі ихэтуань немесе боксерлер  көтерілісі(жұдырықтасып күресуге  үйретілгендер)көтерілісінің  себебі болды,  оның негізгі ұраны  – шетелдіктерді Қытайдан қуу  және жою болды. Шетелдіктерді қорғаймыз деген сылтаумен 8 держава – Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Франция, Ресей, Италия, Германия, Австро-Венгрия әскери интервенция ұйымдастырды. 1900 жылы тамызда интервенттер ихэтуаньдер қарсылығын басып, Пекинді алды. 1901 жылы 25 тамызда (7 қыркүйекте) Цинь үкіметі мен шетел державалары Пекинде Қорытынды (немесе Боксерлік) протоколға қол қойды. Ол бойынша Қытай көтерілісшілерді қолдаған шенеуніктерід қатал жазалауы, шетелдерге шығын төлеуі (450 млн. лян), 2 жыл бойы шетелден қару сатып алмауы, қытай қалаларында державалардың әскери гарнизон ұстауына рұқсат беруі, Пекинде елшілік квартал құруы т.б.-ға тиіс болды.

Бұл оқиғалардан АҚШ-та тыс қала алмады.1893 жылы АҚШ Гавай арал дарын басып алды, шетел интервенциясына  қатысты. Алайда АҚШ Қытайды бөлісуге байланысты басқа державалардың ұмтылыстарын қолдамады. 1899 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Хей Қытайдағы «ашық есік» принципін жариялады. Оның мәні – Қытайдағы барлық державалардың «ықпал ету аймағы» солтүстікамерикалық товарларды енгізу үшін ашық болуы талап етілді. АҚШ өзінің экономикалық басымдығына сүйене отырып, бәсекелестерін Қытайдан ығыстыруды көздеді. Бұл доктрина халықаралық қатынастар тарихында «Хей доктринасы» деген атпен белгілі. Қытайда шет мемлекеттердің тең мүмкіндігі және Қытайдың аумақтық тұтастығын сақтау көзделді. Бұрын Монро және Олни доктриналары европалық мемлекеттердің Латынамерикалық континентке араласуына қарсы бағытталса, Хэй доктринасы АҚШ үшін Қытайда басқа державалармен тең экономикалық мүмкіндіктерді талап етті. Олар Ресейдің Қиыр Шығыста, Қытайда күшеюін қаламады.

ХХ ғасырдың басындағы халықаралық қатынастар. ХІХ ғасырдың соңғы жылдары – ХХ ғасырдың басы маңызды тарихи оқиғалармен сипатталады. Бұл кезеңде халықаралық қатынастарда шиеленіс күшейді. Әлем империализм дәуіріне енді, бұл державалардың сыртқы саяси қызметінің сипатында көрінді. Олардың арасында бөлініп қойған әлемді қайта бөлу үшін күрес басталды, ол үшін қарулануды күшейту, әскери-саяси блоктар құру үрдісі жүрді. Осы кезеңде ірі державалар отарлық экспансияның жаңа фазасына өтті: бөлініп қойған жерлерді қайта бөлісу үшін күрес, яғни бұрын басқа ел басып алған аумақты тартып, басып алу. Бұл бағыттағы алғашқы империалистік соғыстар – Куба үшін испан-американ (1898), ағылшын-бур (1899-1902), орыс-жапон (1904-1905) соғыстары.

Орыс-жапон соғысы.   ХІХ ғасырдың аяғында Қиыр Шығыста Англия мен Ресей мүдделері шиеленісті. Ихэтуань көтерілісі кезінде Қытай темір жолын қорғауды сылтау етіп Ресей Маньчжурияны басып алған еді. Бұл Жапония, Англия, АҚШ тарапынан наразылықты тудырды. Англия Ресейдің Маньчжуриядан әрі жылжымауына мүдделі болды. Лондон Ресейден Орта Азия мен Кавказда кейбір жеңілдіктерге қол жеткізуге тырысты. Ресей Лондонның Ауғаныстанмен дипломатиялық қатынастарды үзуді және Персиядағы ықпал аймағын бөлісуді талап етуін қаламады.

         Ресейді Маньчжуриядан ығыстыруға  тырысқан Ұлыбритания Жапониямен  жақындасуға бет алды. 1902 жылы 30 қаңтарда  Лондонда Англияның сыртқы істер министрі Г.Ленсдаун ағылшын-жапон одақтық келісіміне қол қойыды, ол  бойынша екі держава Қытайдың тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, сонымен біргі «ашық есік» принциптерін сақтауға міндеттенді. Бұл әскери-саяси одақ АҚШ, Германияға, әсіресе Ресейге қарсы бағытталды. Келісімде Жапония үшін маңызды шарт – орыс-жапон соғысы кезінде Франция Ресеймен бірге қимылдасса, Англия – Жапония жағында соғысатыны айтылды. Одақ 5 жылға жасалды. Ұлыбритания іс жүзінде бұл келісім арқылы Жапонияны Ресейге қарсы соғысқа итермеледі. Егер келісуші бір жақ басқа державамен соғысса, 2-ші жақ бейтарап болады, ал егер қарсы жаққа бір немесе бірнеше мемлекеттер қосылса, онда 2-ші жақ оған көмекке келуі тиіс.

Орыс-жапон қақтығысының негізінде Қиыр Шығыстағы 2 державаның қайшылығы жатты. Ресейдің басты елдермен, ең ал- дымен, Жапониямен  қатынастарының күрделенуіне, оның  елдің орталығы 

мен қиыршығыстық  шетті жалғастыратын темір жол  жүйесін дамытуға, қатпайтын порттарды иеленуге, Қытайда ерекше жағдайға ие болуға ұмтылуы ықпал етті. Ресей, Германия, Англия, Франция, АҚШ-тың Қытай істеріне араласуы олардың арасындағы қайшылықтарды шиеленістіріп, бұл мемлекеттерідің Қытайда бекінуге ұмтылушылығы бұл аймақтағы жағдайды шиеленістірді.

         Жапонияның Корея мен Маньчжурияны  иеленіп, одан әрі Қытайға ішкерлей  ену үшін жасаған әрекеттері  басқа елдердің, ең алдымен Ресейдің қар -

сылығын тудырды. Жапония бәсекелестерінен  бұрын қимылдап, өз позиция-ларын бекіту үшін Ресеймен соғысқа дайындала бастады. Жапония Ресейден Маньчжуриядағы әскери күшін әкетуді талап етті. Ресейдегі патша үкіметі Жапония соғысуға тәуекел етпейді деп есептеді. Орыс-армиясының саны аз әрі дайындығы нашар еді. Патша үкіметі жақсы қаруланған, армиясын неміс нұсқаушылары үйреткен Жапонияның әскери күшін бағалай алмады. Англия мен АҚШ Жапонияға ақшалай көмек беріп, ол үшін кемелер жасап, қарумен қамтамасыз етті.

        1902 жылғы ағылшын-жапон келісіміне сүйенген Жапония Ресейге Ресейге өз  талаптарын қойып (оның Кореядағы протекторатын мойындау, Кореяны Оңтүстік Маньчжуриямен қосатын темір жол салуға рұқсат алу, Маньчжурияда Жапониямен Ресейдің құқықтарын теңестіру),  оларды 1903 жылы 23 желтоқсанда ультиматум түрінде талап етті. Петербург оны орындады, алайда 1904 жылы 6 ақпанда Жапония Ресеймен дипломатиялық қатынасты бұзып, 2 күннен кейін 9 ақпанда соғыс жарияламай, Порт-Артурдағы, Кореядағы Чемульподағы орыс әскери-теңіз базасына шабуылдады. Осылайша, 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысы бастал-ды. Соғыс екі жақтан да империалистік сипатта болды. Соғыс Ресей үшін жағымсыз болды. 1904 жылы желтоқсанда Жапония Порт-Артурды (157 күн табандылықпен қорғанған бекініс құлап, жапондықтар орыс флотын жойып жіберді, бұл Ресейдің жеңілуінің бастамасы еді) алды, 1905 жылы наурызда орыс армиясын Мукден түбінде, мамырда орыс флотын Цусимо шайқасында (орыс флоты толық күйрейді) жеңді.

         Бұдан кейін ағылшын үкіметі  Жапония үшін Лондон банктерін  жапты. Англия мен АҚШ Қиыр  Шығыста Жапонияның одан әрі  күшеюін қаламады. Франция Ресейдің ірі әскери құрылымдарын Шығыстан тез арада әкетіп, батысқа бағыттауын қалады, Ресей оған Германиямен қарсы күш ретінде қажет еді. Сондықтан соғыстың аяқталуын бәрі қалады.

         Ресей мен Жапония арасындағы  келіссөздерде  делдал болып, күштер балансын сақтауға тырысқан АҚШ президенті Т.Рузвельт еді. Ол Ресейдің емес, Жапонияға ниеттес болды. Жапония әскери жеңістеріне қарамастан, экономикалық, қаржылық қиын жағдайда болды, Токио үкіметі одан әрі соғысты жүргізуді қаламады.

         Ресей ауыр шығындарға ұшырады, оның экономикалық және теңіз  ресурстары жапондықтарға қарағанда  жоғары болды, алайда патша  үкіметі де со-ғысты тез аяқтап, бітім жасауға асықты. Ел 1905-1907 жылдардағы револю- цияның басталу  қарсаңында тұр еді (Порт-Артур бекінісінің құлауы орыс армиясына моральдық нұқсан келтірді, патша мен әскери басшылықтың қылмысты ісі елдің ашу-ызасын тудырды.Бекініс құлағаннан кейін 3 аптадан кейін Ресейде революция басталды).

         Орыс-жапон келісімі 1905 жылы 5 қыркүйекте Америкадағы курортты қала Порт-Смутте қол қойылды (Ресей жағынан – министрлер кабинетінің төрағасы – Витте, Жапония жағынан – Сыртқы істер министрі Д.Комур). Келісімді талқылауда 2 мәселеде келіспеушіліктер болды: контрибуция төлеу туралы; Сахалин аралы тағдыры – жапондықтар оны басып алған еді. Келісім шарттары Ресей үшін ауыр болды. Келісім бойынша6 Ресей Жапонияның Кореядағы басымдығын мойындады. Ляодун түбегін, Порт-Артур, Дальний қалаларын, Оңтүстік-маньчжурия темір жолын Жапонияға берді. Сахалин аралдарының оңтүстігін Жапонияға берді, Сахалиндегі екі мемлекет шекарасы 50-параллель арқылы өтті. Екі жақ та Маньчжуриядан өз әскерін шығаратын болды.

         Осылайша, 1904 – 1905 жылдардағы орыс-жапон  соғысы Ресей үшін (орыс халқы  үшін қымбатқа түсті: 400 мың адамынан, Тынық мұхиттағы әскери флотынан толықтай дерлік айырылды. Ресей өзінің экономикалық, мемлекеттік және әскери артта қалғандығынан жеңіліске ұшырады. Соғыста жеңілу революциялық қозғалысты өрістетті. Бітімнің жасалуы патша үкіметіне Ресейдегі алғашқы буржуазиялық-демократиялық революцияны басып-жаныштауға мүмкіндік берді) ауыр аяқталды. Цусимодағы орыс эскадрасының талқандалуы Ресейдің бүкіл әлемде және Қиыр Шығыстағы халықаралық беделін төмендетті, қуатты державаларға кіріптар етті. Соғыстан кейін халықаралық аренадағы күштердің қайта топтасу процесі тез басталды. Қиыр Шығыста Жапонияның басымдығы бекітілді.

ХІХ –ХХ ғасырлар межесінде әлемнің түрлі бөліктеріндегі соғыстар мен жанжалдар отарлық қайшылықтардың барынша шиеленіскендігін көрсетті. ХХ ғасырдың басында Еуропадан тыс жерлердегі отарлық дауларды келісімге келе отырып шешу саяси мәдениеті пайда болды. Бұл үрдіс отарлық және аумақтық дауларды реттеу туралы көптеген келісімдерден, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі екі Гаага конференцияларының шешімдерінен көрінді. 1899 жылы 18 – 29 шілдеде І-шіГаага және  1907 жылы 15 маусым – 18 қазандағы ІІ-ші Гаага конференцияларында қару-жарақтарды шектеу туралы мәселе қаралып, халықаралық дауларды шешуге құқықты Аралық соттың Тұрақты палатасын құру және Аралық соттың қызметінің принциптері жасалды. Гаага конференциясының шешімдері соғысты болдыртпау және бейбітшілікті нығайтудың нәтижелі құралы болған жоқ. Алайда бұл мәселелердің халықаралық форумда талқылануы үкіметтер мен халықтардың соғыс қаупіне алаңдайтындығын көрсетті.

Отарлық дауларды бейбіт жолмен реттеу үрдісі Ұлыбританияның ХХ ғасырдың басындағы сыртқы саясатында да күшейді. Германияның ХХ ғ. басындағы әскери-теңіз қаруларын жанталаса шығару және т.б. әрекеттері Еуропадағы күштер балансы мен өмір сүріп тұрған халықаралық тәртіпті бұзу мүмкіндігі Ұлыбританияның «жалтырауық оқшаулану» саясатынан бас тартуына әкелді. Ол Германияның болуы мүмкін қарсыластары – Франция және Ресеймен жақындасуға бағыт алды. Бұл үшін Ұлыбритания олармен отарлық дауларды реттей бастады. Бұл бағыттағы маңызды келісім Ұлыбритания мен Франция арасында 1904 жылы 8 сәуірде Лондонда Ньюфауленд және Батыс Африка туралы екі декларация – Сиам туралы, Египет-Марокко туралы жасалды. Бұл келісім «Шын жүректік келісім» немесе «Антанта» деп аталды. Англия – Египетте, Франция – Мароккода емін-еркін әрекет жасайтын болды. 1904 жылғы келісім отарлық мәселелерге арналғанымен, іс жүзінде ол Ұлыбритания, Ресей, Францияның әскери-саяси одағын құру бағытындағы алғашқы қадам болды, бұл одақ түпкілікті Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары қалыптасты.

        1905ж. басында француздар  Марокко сұлтанынан олардың ықпалын  қа-мтамасыз ететін реформалар  жасауды талап етті. Германия бұған қарсы бо-лып Марокконың тағдыры туралы мәселені талқылау үшін халықаралық конференция  шақыруды талап етті. Германия Марокконың «тәуелсіздігін» қорғаушы болып көрініп, онда Германияға басқа елдермен бірдей құқық беруді талап етті. «І-ші Марокколық дағдарыс» деп аталған халықаралық дағдарыс туды. Германия, Францияның позициясын әлсірету үшін, оның Англиямен келісімін жүзеге асыруға кедергі жасау және Марокко дағдарысын Ресейді Франциядан алыстату үшін пайдалануға тырысты. Марокко мәселесі бойынша халықаралық конференция 1906 ж. испан қаласы Альхесирасада өтіп, оған Еуропаның ірі мемлекеттері - Ресей, АҚШ, Марокко қатысты. Онда Германияны тек қана Австро-Венгрия ғана қолдады. Конференция Марокконың мемлекеттік тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын сақтау туралы шешім қабылдады. Ол Марокконы шаруашылық жағынан игерудегі барлық мемлекеттердің толық тең құқығын және еркіндігін жариялады. Осылайша, Германияның 1904 ж. ағылшын-француз келісімін бұзу әрекеттері сәтсіз аяқталды. Марокко дағдарысы француздарға Ұлыбританиямен ғана емес, Ресеймен де одақтық маңызды екендігін көрсетті.

         Антантаның келесі қатысушысы - Ресей  болуы тиіс еді. Алайда Ресей мен Ұлыбритания арасы салқын еді. Германия Ресейдің Ұлыбританиямен жақындасуына және орыс-француз одағын бұзуға тырысты. Алайда ол жүзеге аспады. Ақырында, орыс-британ жақындасуын көздеген француз дипломатиясы табысқа жетті. 1907 жылы 18 (31) тамызда Санкт-Петербургте орыс-британ келісіміне қол қойылды, ол екі державаның Азиядағы – Тибет, Ауғанстан, Персиядағы қайшылықтарын реттеді. Сөйтіп, Үштік Антанта немесе Үштік Келісім жасалды. Халықаралық аренада Үштік Одаққа қарсы тұра алатын күш пайда болды.

1911ж. көктемде Марокка астанасы Фец маңында көтеріліс болды. Оны пайдаланған француздар қалаға әскер кіргізіп, елді оккупациялады. Германияның бұл отарлық жанжалға араласуынан қауіптенген Франция оған Конгодағы отарлық иеліктерінің бір бөлігін ұсынып Мароккадан бас тартуды талап етті. Бұған қанағаттанбаған Германия үкіметі 1911 ж. 1 шілдеде Марокко жағалауына жеңіл крейсер жібереді. «Агадир дағдарысы» деп аталған өткір халықаралық дағдарыс туды. Германия және Франция дипломаттары ұзақ келіссөздер жүргізіп, Марокка дағдарысын тез арада бейбіт түрде реттеу мүмкін болды. Бірінші Марокка дағдарысы кезіндегідей Ұлыбритания Францияны қолдады. 1911 ж. 4 қарашада француз-герман келісіміне қол қойылып, Германия Францияның Мароккоға басым құқығын мойындайтын болды, ол үшін Франция экваторлық Африкадағы Конгоның бір бөлігін беретін болды.

Босния мен Герцеговинаны аннексиялаумен бірге 1908 ж. жас түрік революциясы халықаралық жанжалдар мен дағдарыстардың түрлерін туғызды. Бұл бағытта Түркияны Ресей қолдады. Ресей Австрия-Венгрияның, Германияның, Италияның байланыстарын әлсіретуге тырысты.1909 ж.11 (24) қазанда екі жақ нотамен  алмасты. 1911ж. 28 қыркүйекте Италия Осман империясына ультиматум қойып, келесі күні оған соғыс жариялады. 5 қарашада италия үкіметі Триполитания мен Киренаикиді аннексиялайтындығы туралы декрет жариялады. 1912 ж. 15 қазанда Италия мен Түркия арасында алдын ала, ал 18 қазанда Лозанада түпкілікті бітімге қол қойылды.

Итальян - түрік соғысы кезінде Балканда жаңа дағдарыс туды. Соның бір қатысушы Сербия болды. 1903 ж. Сербияда мемлекеттік төңкеріс болып, Петр Карагеоргиевич король болып сайланды. Ол Сербияның сыртқы саясатының басты бағыты - барлық оңтүстік славян жерлерін Ұлы Сербия қоластына біріктіру деп ойлады.1912 ж. сәуірде болгар-серб одақтық келісім жасалды. Алайда бұрынғы Осман империясы  иеліктерін бөлісу туралы мәселе жеңімпаздар лагерінде  қайшылықтарды туғызды. Сербия Адриатика  теңізіне шыға алмағандықтан Македония жерінен компенсация сұрады. Греция оңтүстік Македония мен батыс Фракияны алғысы келді. 1913 ж. 1 маусымда Греция мен Сербия Болгарияға қарсы құпия одақ жасады. Кейін одаққа Румыния қосылды. Осылай Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында екі Балқан соғыстары болды.

Ұлыбритания үкіметі Германиямен әскери-теңіз қаруларын шектеу туралы келісімге келе алмағаннан кейін, 1912 ж. флотқа қатысты жаңа Заң жобасын дайындады. Ол бойынша, немістердің бір әскери кемесі орнына 2 өз кемесін жасайтыны көзделді. Франция да әскери флотын күшейту бағдарламасын жасады. Бірінші дүнимежүзілік соғыс қарсаңында Франция Ұлыбританиямен одақтық қатынастарын одан әрі бекітті.

Австриялық императоры тағы мұрагерінің өлтірілуі үлкен саяси резонанс тудырып, ол үшін Австрия-Венгрия үкіметі Сербияны кінәлады. Австрия-Венгрия 1914 ж. 23 шілдеде  Сербияға 10 пунктен тұратын ультиматум қойды. Сербия Австрия-Венгрия ультиматум талаптарының көбін қабылдағанымен оның жауабы Австрия-Венгрияны қанағаттандырмады. 1914 ж. 28 шілдеде Австрия-Венгрия Сербияға соғыс жариялап келесі күні Белградты бомбалай бастады. Тамыз айының басында Германия күтпеген жерден шабуылдап, Люксембургті басып алды. Ондағы мақсаты - Бельгия аумағы арқылы француз армиясының негізгі күштеріне соққы беру еді. Франция агрессияны тоқтатуға белсенді дайындалды. Алайда 2 жақта соғыс жариялауға асықпады. 1914 ж. француз үкіметі III Наполеонның қатесін қайталағысы келмеді. Германия да 1870 ж. Бисмарк кезіндегідей соғыс жариялауға асықпады.  Бірақта бұдан кейінгі болған оқиғалар, адамзатқа зор қиянат әкелген, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкелді.

Жаңа заман халықаралық  қатынастардың шын мәніндегі  жалпыевропалық алғашқы жүйесі болып  табылған – ХVІІ ғасырдың ортасында пайда болған Вестфаль жүйесінің құрылуымен басталады. Ол барлық европалық мемлекеттерді, оның ішінде Вестфаль бітіміне қол қоймаған Ресей мен Осман империясын да қамтыды. Сонымен бірге оған басынан бастап ХVІІ ғасырда европалық мемлекеттердің арасында отарлар мен ықпал ету аймақтарына бөлініп қойған бүкіл әлемді қамту үрдісі тән болды.

Вестфаль жүйесінің  негізіне Отызжылдық соғысты аяқтаған келісімдер алынды, олар Европада халықаралық  мойындалған шекараларды белгіледі. Жалпы алғанда, бұл шекаралар  негізінен ХVІІІ ғасырдың аяғына дейін өзгерген жоқ. ХVІ ғасыр – ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы соғыстар мен жанжалдар нәтижесінде қалыптасқан күштердің балансы Вестфаль жүйесін тұрақты етті. Ол өзін қауіпсіздік пен және жекелеген елдердің еркін дамуының  маңызды кепілі ретінде көрсетті. Сондықтан, ХVІІІ ғасырдың соңына дейін европалық тепе-теңдікті бұзу әрекеттері күшті қарсылыққа кездесіп, сәтсіз аяқталып отырды.

Соғыстар мен революциялардың, бір елдердің құлдырауы мен ал екіншілерінің өрлеуінің ықпалымен, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Вестфаль жүйесі құлдырай бастады. Оны революциялық және наполеондық Францияның соғыстары түпкілікті күйретті, олар шекараларды қайта пішуге әкелді, европалық тепе-теңдікті бұзды және құрлықта Францияның үстем жағдайын қамтамасыз етті.

Наполеондық Францияны  антифранцуздық коалицияны жеңуі Европадағы күштердің балансын қалпына келтірудің және жаңа халықаралық мойындалған шекалардың орнатылуының маңызды алғы шарты болды. 1814 – 1815 жылдардағы Вена конгресі Наполеон соғыстарынан кейінгі европалық құрылымның басты міндеттерін шешуі тиіс болды. Вена конгресінің шешімдері халықаралық қатынастардың Веналық жүйесі деп аталған жаңа жүйенің негізіне алынды. Күштер балансы мен халықаралық мойындалған шекаралармен бірге ол бес ұлы державалардың одағына («пентархияға») және «европалық концертке» сүйенді.

Алайда европа қоғамында болған өзгерістердің ықпалымен, ХІХ ғасырдың ортасында Вена жүйесінің негіздері шайқалды. Бес державаның одағы ыдырады, «европалық концерт» күйреді. Ұлттық соғыстар барысында мемлекеттер арасындағы шекаралар терең қайта қарауға ұшырады. Ақырында, европалық державалар арасындағы күштердің ара салмағы түбірлі өзгерді. Мұның барлығы ақыр соңында, Вена жүйесінің күйеуіне әкелді.

Ұлттық соғыстар мен  революциялар нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңына қарай  Европада жаңа халықаралық  тәртіп қалыптасты. Ол барлық европалық жүйелерге тән мынадай ортақ белгілермен сипатталды: күштер балансы, бейбіт және 1878 жылғы Берлин конгресі сияқты халықаралық конференцияларда орнатылған халықаралық мойындалған шекаралар. Сонымен бірге жалпы мойындалған атауға ие болмаған жаңа халықаралық тәртіп кейбір белгілерімен де ерекшеленді. Бұл ең алдымен, екі қарама-қарсы топтың – Үштік одақ пен орыс-француз одағының (кейінірек – Үштік Антантаның) болуынан көрінді. Сонымен бірге ол шын мәніндегі жаһандық қамтудан да білінді, себебі европалық мемлекеттердің аумақтық және отарлық экспансиясының нәтижесінде бүкіл әлем отарлар мен ықпал ету аймақтарына бөлінді. ХІХ – ХХ ғасырлар межесінде алғаш рет халықаралық қатынастардың бұл жаһандық жүйесіне европалық державалармен бірге теңқұқықты қатысушылар ретінде АҚШ пен Жапония да кірді.

Алайда бұл халықаралық  тәртіп те ХХ ғасырдың басында оның қайшылықтарының ықпалымен күйреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс оны түп- кілікті жойды. Оның айқын қайшылықтарының  бірі – әлемнің басты мемле- –кеттерінің  басқа халықтардың құқықтарын жеткілікті деңгейде құрметтеуге дайын болмауы, дөрекі әскери күшке табыну және құқықтық нормаларды елемеуі болды.

Сонымен, ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік халықаралық қатынастар тарихын қарастыра келіп, оның ерекшеліктері бойынша бірнеше қорытындылар шығаруға болады.

Біріншіден, ХІХ ғасырда бүкіл әлем елдері мен халықтары дүниежүзілік қарым-қатынастарға ерекше тартыла түсті. Бұл уақыттан бастап халықаралық қатынастар бір құрлықпен шектеліп қалмады. Өйткені, дипломатияның қайнаған ошағы Еуропа құрлығы десек, бұдан былай олар өздерінің саяси және экономикалық жоспарларына сай Азия, Африка, Америка және тағы басқа құрлықтарға шикізат көзін іздеу және жаңа нарықтар табу мақсатында «сапарлар» жасай бастады. Еуропалық капиталистік бұл мемлекеттердің аталған бағыттағы тырысушылығы уақыт өте, мақсатты түрде отарлық жаушылыққа айналып кете барды.

Екіншіден, орталықтанған мемлекет ретінде қалыптасқан саяси күштер  ХІХ ғасырдан бастап белсенді дипломатиялық күреске түсе бастады, әр құрлықтың жетекші мемлекеттері сондағы көшбасшылық үшін ымырасыз күрес жүргізуге кірісті. Америка құрлығында АҚШ бірте-бірте әскери-экономикалық жағынан қуатты мемлекетке айналып, ХІХ ғасыр бойы өз территориясын кеңейтумен айналысты. Еуропа құрлығына келсек, мұнда көшбасшылыққа үміткерлер көп болды. Сондықтан да, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа еуропалық мемлекеттер арасында күшті бақталастық орын алды.

Үшіншіден, ХІХ ғасырда халықаралық деңгейде сыртқы саясат жүргізудің сипаты, әдіс-тәсілі, мәдениеті және заңдылығы өзгерді. Бұдан былай жанжалдасушы күштер бірден ашық соғысқа түспеді. Жанжалды шешу үшін түрлі айла-амалдар қолданылды. Бұл уақытта көбіне мемлекеттер геосаяси мәселелерін одақтастар тарту арқылы шешуге тырысып отырды. Жаңа жерлерді «игеру» әскери іс-қимылдар арқылы емес, енді іштен жаулау, яғни, экономикалық тәсілмен отарлау іске қосылды.

Төртіншіден, ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік халықаралық қарым-қатынастардың өте қарқынды жүруіне орай әлемде айтарлықтай геосаяси өзгерістер орын алды. Жетекші, дамыған капиталистік мемлекеттердің сыртқы саяси жаулаушылығы күшейіп, олар әлемді бөліске салу жолына түсті. Бұл бағытта әсіресе, батысеуропалық мемлекеттердің асығы алшысынан тұрды. Жалпы, отарлық империяның пайда болуы және дамуы – жаңа кезеңдегі халықаралық қатынастар жүйесінің құрылу барысының ажырамас бөлігі. ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейін еуропалық елдердің сыртқы саясаты және дипломатиясы жаңа территорияларды иемденуге, өзіне тәуелді отарларды кеңейтуге бағытталды және саяси, сауда жағынан артықшылықтарға ұмтылды. Сол себепті отарлау мәселесі ұлы державалардың сыртқы саясатында үлкен маңызға ие болды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында отарларды қанау түрі мен мазмұны өзгерді. Отарларды басқару жөніндегі ірі реформалар жүргізілді (шектеу, сонымен қатар компаниялардың сауда монополияларын жою, отарлардың жерін сату жүйесін өзгерту және тағы басқа). Егер алғаш отарларды қанау ақсүйектер мен жоғарғы-сауда қаржылық буржуазияның мүдделері болса, ал ХІХ ғасырдың ортасында буржуазияның басым бөлігі оған қатысуға мүмкіндік алды.

 

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Еуропацентристтік әлем геосаясатының негізгі мазмұны қандай?

2. Әлемді территориялық бөлініске салудың аяқталуы мен ықпал ету аумақтарын кеңейту жолындағы күрес қай жылдары және қандай себептерге байланысты күшейді?

3.Үштік одақ қай жылы құрылды және оған қай елдер қатысты?

4. «Жүректік келісім» - Антанта қай жылы құрылды және оған қай елдер қатысты?

5. Бірінші дүниежүзілік соғыстың шығуының негізгі себептері қандай?