лекция 8
лекция 8
ДӘРІС 8. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ТАНЫМДАРЫ
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Тарихи танымдары
2. Географиялық ұғымдары
Көне түріктердің табиғат пен туған жерге деген сүйіспеншілікті паш ететін дүниетанымы, тамыры терең, айшықты дәстүр-салты бар көне түріктер де өзгеше дала мәдениетінің негізін салды, өзіндік тарихи-географиялық түсінік қалыптастырды.
Көне түріктер табиғатты жанды қалпында, қозғалысты тірі кейіпте түсініп, жер-суды Отан деп ұқты. Византиялық тарихшы Феофилакт Симокатта: «Түріктер жер туралы ән шырқайды», – десе, қытай жылнамашылары түріктердің арғы бабасы – ғұндардың билеушісі Модэнің «Жер – мемлекеттің негізі» деген қанатты сөзді айтқанын растайды. Бұл тарихи мәліметтер көне түріктердің Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі, құрметінің жоғары болғанын айғақтап, көне түріктер үшін «мемлекеттің негізгі ұйытқысы, таянышы – халық, жер, қаған» болғанын растай түседі.
Монғолия жерінен табылған VIII ғ. жататын үш элитафия – көнетүріктік жазбалар тарихи жағынан бай мазмұнға ие шығармалар қатарына жатқызылады әрі көне түріктердің тарихи танымы жайлы сөз қозғауға мүмкіндік береді.
Түріктер өзінің өмір сүре бастағанын әлемнің жаратылуынан бері қарай есептеп келді, бірақ олар дүние онша көне емес деп ойлады.
«Биікте Көк Тәңірі,
Төменде қара жер, жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған», –
дейтін Күлтегін жырының үлкен жазбасындағы жолдар Көне түріктерді Аспан және адам бір мезгілде жаралды деп түсінгендіктеріне меңзейді. Кеңістікті Жоғарғы, Орта және Төменгі әлем деп (жоғарыда – аспан төменде – жер екеуінің арасында адам) деп бөлу көрінісі байқалады. Күлтегін жырында тарихи шолу былайша жасалады: «Адам баласы үстінен менің ата – бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған салтанатты отырды». Осылайша, дүниенің бастауы Бумын, Истеми қаған кезінен бастау алады дегенге меңзейді жыр авторы.
Түріктердің пайда болуы қытай деректеріңде өзгеше берілетінін де ұмытпаған жөн. Онда түріктер бөрі анадан таралған ұрпақ ретінде көрсетіледі. Құлпытастағы және қытай жылнамаларындағы түріктердің шығу тегі туралы мәліметтердің сәйкес келмеуіне зерттеушілер әрқилы баға береді. Әйтсе де тарихи танымы мол тасбітіктердің кейбірі бізге жетпеуі немесе ағашқа жазылып қалдырылса, олардың шіріп кетуі мүмкін деген пікірлердің жаны бар секілді.
Түріктік екі тасбітіктің авторы, әрі жазушы, әрі тарихшы Йоллығ-тегін тарихи материалдарды іріктеп пайдаланған. Ол – өз заманының жаршысы. Йоллығ-тегін де, Тоныкөк те екінші Түрік қағанатының ресми ұлытүріктік, империялық «Мәңгілік Ел» идеологиясына қызмет етті және оны ұлықтап отырды. Бұл идеологияның негізіне тұтас түрік елін қайткенде де сақтап калу идеясы жатты. Түріктердің өзіндік идеялық бағыты төл мәдениетін, дүниетанымын, әдет- ғұрпын Қытай секілді куатты көршілердің ықпалынан, ырқынан сақтап қалу жолын іздестірді. Осы ізгі жолды, бағытты бектер мен қалың бұқараға түсіндіру үшін «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары жазылды. Л.Г. Гумилевтің түсіндіруінше, көне түріктер сөз куатын, сөз күшін ұғынатын, әрі қоғамдық пікір өмір сүрген қоғамды, дамыған қоғамды құра алды. Сондықтан үш жазудың үшеуі де түрік қоғамының қалың бұқарасына үндеу іспетті рөл атқарды.
Иоллығ-тегін халыққа елдігін сақтап қалудың нақты бағдарламасын ұсына білген: Қытайдың қол астына кірсең, түрік халқы, жоқ боласың, ал Өтүкен жерінде елдігіңді сақтап отыра берсең, мәңгі ел болып, тоқ боласың дейді. Йоллығ-тегін қытай мәдениетін, оған еліктегіш өз халқының мінез- құлқын сынға алады.
Көне түріктердің эпиграфиялық текстері консервативтік мүддені алға тосады: кез келген әдет-ғұрыптың, саяси, әлеуметтік немесе діни өзгерістің бәрін зиянды деп есептейді. Бұдан VIII ғ. Орталық Азиядағы түріктерге және олардың көршілеріне Қытайдың экономикалық және мәдени ықпалы күшті болғаңдығы байқалады. «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. Олар тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді. Жақын қонып, сосын олардан әдепсіз қылықты үйренуші еді», – дейді Білге қаған. Оны Тоныкөк те куаттайды: «Бағынғаның үшін басқаға, Тәңірі сені өлімші етті. Түрік халқы қырылды. Әлсіреді, жойылды. Түрік-сір халқы жерінде тіршілік қалмады».
Тарихи мәліметтер Орхон жазбаларында асқан шынайылық тұрғысынан берілген деп есептеуге негіз бар. Себебі, ата- баба аруағын қадір тұтқан көне түріктерде болмағанды болды деп айту, жазу бір шеті бабалар рухын сыйламаушылық болып саналса, екіншіден, әлі бұл тарихи оқиғаларды ұмыта қоймаған көзі тірі тайпаластардың сенімсіздігін, коғамдық кері пікірін туғызып, ері осы тасбітік арналған кісінің қадірін түсіруі хақ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп түсінетін халық үшін бұндай әрекет аруақтың қаһарына ұшырау болып саналар еді. Сондықтан да көне түрік дәуірі тарихшылары тасбітіктің мазмұнына, ондагы тарихи оқиғалардың шынайылығына аса зор мән бергені өзінен-өзі түсінікті болса керек.
Эпиграфиялық текстердегі тарихи баяндауларда әулеттік және әскери оқиғаларға үлкен көңіл бөлінеді. Өлген кейіпкердің ерліктерін баяндау көбіне таза тарихилықтан гөрі эпикалық нақышта беріледі: «Табғаш, Оңтұтықтың бес мың әскері келді, соғыстық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Оңтұтықтың қарулы басшыларымен қолға түсірді. Қарулыларды қағанға еншіледі. Ол әскерді сонда талқандадық».
Көріп отырғанымыздай, жеке батырдың ерлігі қысқа, нұсқа, әрі қарапайым тұрғыда айтылған. Әйтсе де осы әскери оқиғалардың саяси және экономикалық негіздермен байланысы жоқ емес. Бәрі де түріктердің игілігі үшін болғандығын Білгенің мына сөздері аңғартады:
«Әкеміз, ағамыз құрған халықтың, аты, даңқы өшпесін деп,
Түрік халқы үшін, түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым.
Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-тіріліп жерді ұлғайттым.
Халықты көтермек боп... көп қолмен он екі жорық жасадым.
Сөйтіп, Тәңірі жарылқады.
Бағым болғандықтан,сәті түскеңдіктен, өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым».
Тоныкөк болса өзінің «қызыл қанын төгіп, қара терін ағызып, күш- қуатын аямай жүріп бастаған жорықтарының нәтижесінде неге қол жеткізгенін мына жолдармен түсіндіреді: «Бүкіл түрік халқына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым».
Түріктердің тарихты түсіну философиясында екі бағыт байқалады. Бірі Қытайдан тәлім-тәрбие алған Тоныкөктің бағыты – субъективтік- идеалистік және Иоллығ-тегіннің құдайшылдық танымы. Тоныкөк Тәңіріге сенеді, бірақ жердегі түріктердің жетістіктеріне тек мен істедім деп менмендікке бой алдырады.
Йоллығ-тегін бәрін Тәңірі ісі деп ұғынады. Бұл жерде екі автордың өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, ойлау жүйесінде айырма бар екендігі сыр береді.
Орхон ескерткіштерінде тарихи синтез жасау әдісі арқылы кейіпкердің өмір сүрген дәуірі жайлы баян болады. Кейіпкердің өмірбаяны қоғам тіршілігімен тығыз байланыста қарастырылады және саяси контекске сәйкестеле әңгімеленеді. Мысалы, Тоныкөк өмірі саяси оқиғалар желісімен көрсетіледі. Бірінші түріктердің қытайлықтарға қарсы ірі күресі көшпелілердің жеткілікті әзірлігі болмағандықтан басылып тасталады, содан кейін Тоныкөк өзі қолға алып, түріктерді жеңіске бастайды.
Білге қаған мен Күлтегін әрекеттері де осылай тарихи синтез жасау әдісімен сол дәуірдің саяси, әскери және әулеттік қысыл-таяң кезендерімен, өзгерістерімен байланыста алынып жырланады.
Тарихты хронологиясыз баяндау мүмкін еместігі баршаға аян.
Көне түріктердің уақытты белгілеу жүйесі олардың жазба ескерткіштерінде айқын көрініс береді. Қазіргідей 24 сағаттық тәулік түсінігі болмағанымен, күн мен түнді айырып, бөлек санаған. Түндер ерекше жағдайда, мысалы, түнде болған маңызды оқиғаны көрсеткен кезде болмаса, есепке алынбаған.
Қытайдың Чу әулеті жылнамасында түріктердің жыл санауы жайлы: «Олар уақытты көгерген шөптін шығуы бойынша есептейді және жылдың жүйелі ауысуын біледі», – деп жазылған. «Жас от» деп көне түріктер жайқалған жасыл шөпті атаған. Осы жас от шыққанда мал төлдейтінін байқаған малшылар «бірінші, екінші, үшінші... жас от» деп мал жасын айыратын болған. Андолы түріктері әлі күнге дейін осылай жас айырады, мысалы, «оған үш жасыл» (uс уаsindа) деген секілді.
Адам баласы жасы әрине, жылдың кез келген мезгілінде туылуы мүмкін болғандықтан, жасыл желеңмен өлшеуте келмейді. Көктем көне түріктерде жыл басы болып есептелгендіктен адам¬ның неше жыл жасағаны, қанша жыл басын, көктемді қарсы алғанымен өлшенетін болған.
«Мен, Төп-апа, 15 жасымда қытайлардың тәрбиесіне алындым... Менің жасым 67-де, құлағым тас керең болды», – деген Енисей ескерткіштеріндегі жазу немесе «Күлтегіндегі»: «Інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деген жолдар көне түріктердің өздерінің жас ерекшелігін ажырата алатындығына дәлел бола алады.
«Алтынкөл I және II ескерткіштері тексінде: «Апам мені он ай бойы көтерді. Мен ұл болып туылдым. Мен жауынгер болып өстім», – делінеді.
Көне түріктердің есептеу жүйесіне шаққанда он ай, яғни жаңа айдың он рет тууы біздің қазіргі тоғыз айға сәйкес келетін болған. Мұнда ешқандай қателік жоқ. Жоғарыда келтірілген мәліметтер көне түріктердің жүктілікті айдың тууына қарап айқындағанын аңғартады.
Түрік тайпалары он екі жыл уақытты мүшел деп атаған. Мүшелдегі жылдар 12 түрлі хайуанның: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз атымен байланыстырыла саналған.
Мүшелдің шығуы мен дамуын арнайы зерттеген француз ғалымы Э.Шаванн (1865-1918) өзінің «Түркілердің он екі жылдық мүшелі» (1906) атты еңбегінде мүшел есебін ойлап тапқан түріктер деп қорытынды жасайды.
Күлтегін ескерткішінде: «Қой жылы өлді, мешін жылы осы тасты орнаттық» деген жазу бар. «Қырғыздар жылды он екі хайуан арқылы белгілейді», – дейді қытай жылнамашылары. Демек, көне түріктер мүшел есебін өте жақсы білген.
Халық күнтізбесін зерттеуші ғалым М.Искаков Орхон түркілерінің мүшеліңде он жыл болғандығын, он саны олардың ескерткіштерінде өте көп айтатындығын, мешін мен ұлудың мүшелге кейін қосылғандығын дәлелді көрсеткен.
Уақыт пен кеңістік туралы көне түріктердің түсінік-танымдары Ұлы далаға бейімделе өмір сүру дәстүрлерімен тығыз байланысты. Өзі мекен еткен қоршаған ортаны, байтақ даланы танып-білу көне түріктер үшін тіршілік кепілі болды. Сондыктан да жағырапиялық таным айрықша орын алды.
Көне түріктердің жер-суды атауы айқын да анық, қарапайым да түсінікті. Осыдан болар көне түрік ескерткіштеріндегі Бұхар, Қаракөл, Тибет, Шантун (Шаньдунь провинциясы) Ертіс секілді кейбір жер-су атаулары бүгінгі ұрпаққа өзгеріссіз жетіп отыр.
Қазақ түркітанушы ғалымы Ә.Қоңыратбаев «Күлтегін» және «Тоныкөк» жазбаларында 39 топонимдік атау кездесетінін анықтаған. Бірақ олардың бәрін бүгінгі күнгі атауларымен теңестіріп шығу мәселесі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Мысалы, С.Г.Кляшторный Кенгерес (Күлтегін ескерткішінде) сөзін халық атауы десе, А.С.Аманжолов бұл жағырапиялық атау, қазіргі Сарысу мен Кеңгір алқабының бір кездегі аты, VIII ғ. Сырмен жанасып жатқан қазіргі Орталық Қазақстанның дархан даласы – Сарыарқаны мегзейді деп дәлелдеген].
Түріктердің географиялық танымдары олардың жаулап алған аудандарынан да кең болған. Көне түріктерде дүниенің төрт бағытын білдіретін ілгері – күншығыс, кейін – күнбатыс, түн ортасы – солтүстік, күн ортасы – оңтүстік деген ұғымдармен қатар нақты елді мекендер, қала, жер – су атаулары болған.
Түріктер өздерінің шығыс жағындағы қазіргі солтүстік-шығыс Қытай жерін – «Шантун жазығы» деп атаған. Күлтегінде: «Ілгері Шантун жазығына дейін соғыстым» деген жолдар бар.
Батыстағы елдер мен жерлер туралы ұғымдары едәуір көп. Орта Азияны – Соғдақ, Сырдария өзенін – Иенчу (Іңду), Темір қақпа деп Бұзғал асуын білген. Бұхара, Тоғу балық (Тоғу қаласы) секілді қалалар да аталады.
Оңтүстік жағынан түріктер екі ірі мемлекетті білді: Табғаш және Тибет. Қазіргі Хангай тауы – Өтүкен, Үлкен Хинган тауы – Қадырқан қойнауы, Саян тауы – Көгмен, Алтай тауы – Алтын йыш деп аталды.
Көне түріктер табиғат құбылыстарын, қоршаған орта сырын терең танып, оны қалт жібермей бақылау арқылы өздерінің білік-тәжірибелерін жинақтап отырған. Күлтегін жырында жыл мезгілдерінен жаз, қыс маусымдары, ал қазба байлықтардан алтын, күміс, темір аталады.
Көне түріктердің түсінігі бойынша жердегі өмірмен байланысы бар көк аспанның негізгі атрибуттары бұлар күн мен ай болған. Енисейлік құлыптас ескерткіштерде «көк аспандағы күн мен айды жоғалттым» деген сөздер жиі кездеседі. Орхон түріктері күнге қарап бағыт-бағдарды айқындаған.
Қоршаған орта, табиғат көшпелі түрік тайпаларының тұрмыс- тіршілігінің көзі ретінде маңызды рөл атқарды, бұған қоса олардың кәсіби қызметі, яғни малды күтіп-бағу табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді болды. Сондықтан да көне түріктердің діни наным-сенімдері табиғатқа табынушылық сипат алды.
Көне түріктердің тарихи-географиялық түсініктерін одан ары жан-жақты және тереңдете зерттеп, сонау заманнан осы күнге дейінгі жер-су атауларының Көне атауларын қайта қалпына келтіру халық жадын жаңғыртуға, елімізді рухани жаңғыруға бастайтыны хақ.
Осы дәріске арналған сұрақтар:
1. Көне түріктердің тарихи танымы
2. Көне түріктердегі жыл санау
3. Мүшел
4. «Жас от» ұғымы
5. Көне түріктердің географиялық түсініктері
Пайдаланылған әдебиеттер:
Аманжолов А.С. Түркі филологиясы және жазу тарихы. – Алматы: Санат, 1995.
Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – Алматы: ТОО «Жалын баспасы», 2008.
Базен Л. Человек и понятие истории у тюрков Центральной Азии в VIII в. / Пер. с фр. Д.Д. и Е.А. Васильевых // Зарубежная тюркология. – М., 1986. – С. 345-360.
Базен Л. Концепция возроста у древних тюркских народов / Пер. с фр. Д.Д. и Е.А. Васильевых // Зарубежная тюркология. – М., 1986. – С. 361-378.
Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы: Білім, 1994.
Дәулетхан Ә.Көне және орта ғасырлардағы түркілер: тарихи зерттеулер. – Алматы: ЖК С.Т. Жанәділов баспаханасы, 2011.
Искаков М. Халық календары. – Алматы, 1963.
Кляшторный С.Г. Стела Золотого озера // Turcologia. – Л., 1976.
Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – М., 1964.
Кляшторный С.Г. Мифологические сюжеты в древнетюркских памятниках // Тюркологический сборник. – М., 1981.
Күлтегін // Көне дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 1991.
Қоңыратбаев Т., Әуелбек Қоңыратбаев – түріктанушы. – Алматы, 1986.
Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. – М., 1951.
Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. – Алматы: Қазақ университеті, 2000.
Малов С.Е. Енисейская письменность тюрков. – М., – Л., 1952.
Сарткожаулы К. Объединенный каганат тюрков в 745-760 годах (по материалам
рунических надписей). – Астана: «Фолиант», 2002.
Симокатта Ф. История. – М., 1957.
Түріктер «Түжиө). Жыужәндар / Құраст. Қ.Салғараұлы. – Алматы: Санат, 1999.