лекция 7

Лекция 7

ДӘРІС 7. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӨНЕРІ

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):

1.    Көне түріктердің қарулы күштері

2.    Көне түріктердің соғыс жүргізу тактикасы

3.    Көне түрік дәуірінің соғыс қару-жарақтары: түрлері және сипаты

Мінездері өр және табанды болып келетін көне түріктердің жауынгер болып қалыптасуына даланың қатаң табиғаты да әсер етті. Түріктердің арыстандай айбатгы қасиетіне көңіл аударған ортағасырлық әр тілді авторлар олардың әскери өнерді жетік меңгергендіктерін баса көрсеткен. Араб жылнамашылары түріктердің бар ынта – жігері  соғыс өнерін меңгеруге бағытталғандығын, бұл өнер түріктерге зор ләззат пен мақтаныш әкелетіндігін, әрі арабтардан басым түсетіндігін, түріктің он оқты әр бағытқа атып үлгергенде, араб жауынгерінің бір ғана оқ ататынын айтып, таңқала әңгімелеген.

 Көне түріктердің соғыс өнерін жете меңгеруге ұмтылысы қорғаныс қажеттілігінен де туындаған. Осы жағдайды З.Валиди сынды білгір ғалым  былай деп көрсеткен-ді: «Түріктердің оңтүстік тарапында қытайлар һәм Иран халықтары тұрған. Олар көп уақыт түріктермен соғысып ғұмыр кешкен һәм кейбір уақыттарда тәуелді болып, алым (хараж) беріп тұрған. Түрік жеріне шапқыншылық жасап кірсе де, еш пайда таба алмаған. Ұлы түрік халқы һәм олардың зор жерлері хақында қытайлықтар мен ирандықтар арасында небір қорқынышты хикаяттар тараған. Сондықтан да олар түрік жеріне басып кіруге бата бермеген».

         Көне түріктердің соғыс тактикасының табысты болуы әрбір жауынгердің жеке әзірлігіне байланысты болды. Жекпе-жек сол кездегі ұрыстың маңызды бөлігін құрайтын. Жекпе-жекке  шығатын батырлар әскердің айбыңды тобын құрайтын және олардың өлімі сапта үрей тудырып, кейде оны жеңіліске ұшырататын.

         Түрік әскерлері ұрыс тәсілінің қарапайым түрі – жауды орағытып өту немесе тұтқиылдан тап беруді кеңінен пайдаланған. Тоныкөктің: «...Әскермен жорыкқа аттандық. Алтын қойнауын жолсыз астық, Ертіс өзенін өткелсіз кештік. Түн қаттық. Болшыға таң ата жеттік»; «Күн демей, түн демей желіп бардық, қырғыздарды ұйқыда бастық» – деуі осыны аңғартса керек.

         Дұшпанның әскері, жер жайы т.б. жөнінде астыртын мәлімет жинау, жол бастаушы, хабаршы жігіттердің қызметін пайдалану, екі жақтың елшілік алмасуы секілді әрекеттер де болған. «Оғыздардан елші келді»; «Жершіл жігіт іздедім»; «Үш хабаршы келді»; «Тіл, сөз алып отыр»  және т.б. Тоныкөк жырыңдағы жолдар көне түріктердің соғыс барысыңдағы іс – қимылдарын  білдіргендей.

 Сап құрап соғысу тактикасын түріктер сирек болса да қолданған. Бұл тәсіл жазық жерлерде ғана болмаса, тау – тасты өңірде онша көп орын алмаған.

 Түрік қағанатының әскері әр уақыттарда 100 мыңнан 400 мыңға дейін жеткен. Көне түріктерде әскер оң және сол қанатқа, Шығыс Түрік қағанатының қолбасшысы Қапағанның кезінде екі қанатқа және орталыққа бөлінген. Түріктерде әскерді ғұндар секілді ондықтарға, жүздікгерге бөлу жүйесі де болғанға ұқсайды (қытай деректері мәліметтеріне қарағаңда).

         Түрік әскерлерінің ішінде бөрілер деп аталатын Ашина руынан шыққан қағандардың сауытты атты ерекше бөлімдері болған. «Оққағарларды бері деп атайды, ол - шыкқан тектерінің бері екендігін есте сақтағандары. Олар ат үстінен садақты шебер атады, табиғатынан жауыз, аяуды білмейді», делінеді қытай жылнамасыңда.

         Түрік әскерлерінің басым бөлігін садақ пең жебесі бар атты жауынгерлер құраған. Таяу қашықтықтағы және қоян – қолтық  ұрыстарда найза, қылыш, алдаспанды қолданды.

Түркілердің әскері жеңіл және ауыр қаруланған әскерден тұрды. Көне түрік жауынгерінің әскери қабілеті өз заманында барынша жоғары болды. Олар өз дәуірінде шығысында Маньчжуриядан батысында Қырымға дейінгі кең аймақта әскери қымылдар жүргізді. Көне түріктердің әскери құрылымы ондық жүйе бойынша: 10, 100, 1000, 10000 болып құрылды. Армия 2 қанатқа: оң және сол болып бөлінді.

Ауыр қаруланған кавалерияның қару-жарағы садақ, семсер, қылыш, найза, айбалта болды. Олар сақтану үшін сауыт, темір сауыт киді, қалқан ұстады, ат жабу тақты. Жеңіл қаруланған әскердің қару-жарағы  садақ, қанжар, шот балтадан тұрды.

Ұрысқа алдымен атты садақшылар жіберілді, кейін ауыр қаруланған кавалерия кірді.

Әскерді басқару  үшін түріктер «бөрінің алтын басы бар туларды», бұйрық беру үшін «алтын ұшты мөрі бар жебені» пайдаланған.

         Қағандар әскермен санасып отырған, жауынгерлер қолдауынсыз олар елді ұзақ билей алмаған. Қытай деректеріне қарағанда, жужандарды түпкілікті жеңген Мую хан Кигинь (Мұқан қаған) қатаң да қатал, батыл да ақылды болып, көптеген ұрыстарда әскерді жеңіске бастап қана қоймай, өнеге – үлгі де көрсете білген.

 Араб жылнамалары халиф елшілері келгенде түрік қағаны өз қолымен ер тұрман жасап отыр екен дейді. Түріктер керекті жебе, найза және басқа қару- жарақты басынан аяғына дейін өз қолымен жасаған. Қаған да бұл тәртіпті бұзбаған. Зерттеуші Қ.Сартқожаұлы түріктер  он оқ жүйелік әскери-әкімшілік құрылымды ғұндардан мұра етіп алды, түріктердің әсери басшылығы он қолбасшыдан құрылған Кеңестің қолына шоғырланды деп көрсетеді.

         Түріктердің жұмыс үстіндегі тағы бір қасиеті, арабтардың байқауынша, ешкімнен жәрдем және ақыл сұрамайды екен. Қытайлық тарихшылардың «түріктер басшыларды сыйламайды» деуіне қарағанда, еркіндік сүйгіш, өр мінезді жауынгер түріктерді басқару да оңайға түспесе керек. Дегенмен де «Елхан» атанған Бумын, одан кейінгі Мұқан, Күлтегін секілді ержүрек қолбасшылар, Тоныкөктей данагөй кеңесшілер, Йолығ тегіңдей тарихшылар ел бірлігін келтіріп, біліктіліктерімен көзге түскен. Түріктер соғыста өлгеңді даңқ санаса, ал аурудан өлгенді намыс көрді.

Осы дәріске арналаған сұрақтар:

1.Көне түріктердің әскери өнерінің ерекшелігі

2.Көне түрік дәуірінің соғыс қару-жарақтары: түрлері және сипаты

3.Көне түріктердің қарулы күштері

4.Көне түріктердің соғыс жүргізу тактикасы

5. Зерттеуші Қ.Салғараұлының түріктердің әскери басшылығы туралы

    тұжырымдары

                           

 Пайдаланылған әдебиеттер:

Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (батырлар қару-жарағы, әскери өнері, салт- дәстүрі). – Алматы, 1996.

Алланиязов Т.К. Очерки военного дела кочевников Казахстана. – Алматы, 1997.

Военное дело древних племен Сибири и Центральной Азии. – Новосибирск, 1981.

Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1993.

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. –  Алматы,  2002. – 54-58, 34-35-б.

Сарткожаулы К. Объединенный каганат тюрков в  745-760 годах (по материалам рунических надписей). – Астана: «Фолиант», 2002. 

Худяков Ю. С. Золотая волчья голова на боевых знаменах: Оружие и войны древних тюрок в степях Евразии. –  СПб.: Петербургское Востоковедение, 2007.

Худяков Ю.С. Вооружение центральноазиатских кочевников в эпоху раннего и развитого средневековья.    –   Новосибрск, 1991.

Худяков Ю. С. Вооружение енисейских кыргызов VI-XII вв.. – Новосибирск, 1980.

Худяков Ю. С. Вооружение средневековых кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. –  Новосибирск: Наука. Сиб. отд-ние, 1986.

Худяков Ю.С. Древние тюрки и енисейские кыргызы в войнах в Центральной Азии. – Спб.: Евразия, 2019.