лекция 6

лекция 6

ДӘРІС 6. КӨНЕ  ТҮРІКТЕРДІҢ  МҮСІН ӨНЕРІ

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):

1. Көне түріктердің мүсін өнері: генезисі және жанры, ерекшеліктері.

2. Тас мүсіндер және олардың сементикасы.

3. Көнетүріктік мүсін өнерінің көркемдік ерекшеліктері.

Дәрістің қысқаша мазмұны: Көне түріктердің мүсін өнері.  Көне түріктердің мүсін өнерінің пайда болуының алғышарттары: мәдени астарлары.   Көне мүсін өнерінің нақыштық-композициялық түрлерінің генезисі.  Көнетүріктік мүсін өнерінің жанры және ерекшеліктері.   Тас мүсіндер және олардың сементикасы. Табылған орны және жергілікті өзгешеліктері. Көнетүріктік мүсін өнерінің көркемдік ерекшеліктері. Мүсін сомдау материалдарының технологиялық тәсілдері. Көнетүріктік әшекейлеу (декоративтілік).

Тас мүсіндерді тұрғызу  мыңдаған жылдар бойы көшпенділердің ғұрыптық дәстүрінде  берік орын алды. Ә. Марғұлан Түрік қағанаты кезінде тұрғызылған тас мүсіндер сонау қола дәуірінің тастан жасалған ескерткіштерімен сабақтасып жатқанына назар аударған болатын. Тас мүсіндерді жерлеу ғұрпына байланысты сақтар, сарматтар  да тұрғызды.

Ғасырлар тереңінен бастау алатын тас мүсін орнату ғұрпы көне түріктер дәуірінде одан әрі жалғасын тапты. Тас мүсіндердің таралу аймағы көне түріктер қоныс тепкен жердің бәрін қамтыды. Тас мүсіндердің таралу аймағы  Моңғолия, Шыңжан, Минусинск ойпаты, Қазақстан, Шығыс Еуропаның далалық жерлерін қамтиды.

Тас мүсіндер жайлы ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. А.Д.Грач тас мүсіндерге саяси мән беріп, ол өлтірілген дұшпандардың бейнесі, түрік қағанаты өзінің әскери күш-қуатын көрсету үшін осылай істеген десе, Я.А. Шер секілді ғалымдар, бұл өлген адамның өзі дейді. Аталған екі көзқарас та деректер мәліметімен расталады. Мысалы, Ибн-Фадлан (X ғ.) оғыздар өлтірген жауларының санына қарай ағаштан адам белгілерін жасап, «Бұлар оған о дүниеде қызмет етеді дейді» деп көрсеткен. Плано Карпини (XIII ғ.) түрік тілдес халықтар тас мүсіндерге арнап ас апарады дейді. Белгілі зерттеуші Л.Р. Кызласов балбал деген бар болғаны өңделмеген тас бағана, ол өлтірілген дұшпанға арналып қойылған, тас мүсін болса, өлген адамның өзіне арналып жасалған; Балбал сөзі деректерде көпше мағынасында қолданылады, мысалы Күлтегін, Білге қаған жырларында, сондықтан да балбалдар, яғни тас бағаналар мен тас мүсіндерді ажырата білу керек деп ескертеді.

Көне түріктерге дейінгі, көне түріктер кезіндегі  және қыпшақтар дәуіріндегі  тас мүсіндер бір-бірінен орнату, бедерлеу  әдісімен ерекшеленді. Көне түріктерде мүсін жасау, қолданбалы өнер және бейнелеу өнері де айтарлықтай дәрежеде болған. Мүсіндерді түріктер көбіне тастан қашап жасаған, олардың көркемдік деңгейі әркелкі. Мүсін жасау үшін көбіне 0,5 метрден 2,8 метрге дейінгі тастар таңдалып алынып, бейнелер қашап салынған. Тас мүсіндерде көбіне ерлер мен әйелдердің басы, бет - әлпеті  ғана бейнеленіп берілген. Әйтсе де шекпен киіп, белдік қару - жарақ  такқан ерлер мүсіңдері де сирек болса да кездесіп отырады. Көне түріктердің тас мүсіндерінде көбіне оң қолында сусынды тостаған, ал белбеуінде қаруы - қылышы  бар ер адамдар бейнеленеді.  Тас мүсіндердің кейбірінде тек  адамның басы ғана бейнеленген түрі де кездеседі. Тас мүсіндердегі ер адамның бейнесі сұсты келеді. Көнетүркілік  мүсінші батырдың  от шашқан көздері мен  керілген  қастарын бейнелей отырып, батырдың айбынды кейпін аңғартуға ұмтылғандай әсер береді. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған батыр айбынды қалпымен  мәңгіге  есте қалсын деп тұрғандай.

Сонымен көне түріктердің балбал тас қоюы дұшпан о дүниедегі кісіге қызмет етеді деген түсініктерімен байланысты болса, ал тас мүсін өлген адамның рухына бағышталып қойылатын болған. Мұндай тас мүсіндерге қыпшақтардың иіліп тәжім етуі, аттылының атынан түсіп, садағын жерге қадап,  иіліп, ал табын-табын  мал айдап келе жатқан бақташының бір қойын тас мүсін алдында қалдыруы жайлы мәліметті Низами еңбегінен кездестіреміз.

Көне түріктер аруаққа арналған ғұрыптық  кешендерінің құрамдас бір бөлігін бәдіз  деп атады.  Бәдізді яғни «тасмүсінді»  мәрмәр, құмдақтас, гранит, сланец, базальт   және  т.б. тас түрлерінен арнайы бәдізшілер, тас шеберлері жасады. Сөздің төркіні «bet->бет- bed->бед- »  түбiрлерiмен «бет, бедер, бейне, бой,  дене, тұлға»  деген семантикасымен ортақ мағыналы болып келеді.  Көне моңғол, манжұр  тілдерінде  beye>бие  «дене, тұлға»  деген мағыналы сөздер де аталмыш көне түркі тілінің атауымен ортақ болып табылады. Демек, бәдіз  –  «бет әлпеті бар, бой денесін сомдаған тастар» деген ұғымды білдіреді.

Бүгіндері  зерттеушілер балбал  тастар кішкентай тас бағаналар екенін растап отыр. Балбалдар тас мүсіннің алдында орнатылған. Көне түркі руникалық жазбалары мәліметтерінде де балбалдар батырдың өлтірген жауларының  санын көрсететіні айтылады. Мысалы, Шығыс түрік қағанатының қағаны  Білге қағанға арналған жазбада «Олардың батырларын өлтіріп, мен (өзіме) балбалдарды дайындадым» деген мәлімет бар.  Бұдан шығатын қорытынды көне түркі тас мүсіндері өлген батырлардың,  бейнелері болып табылады.

Көне түріктер тас мүсінді төрт бұрышты құрылыстың шығыс жағына орналастырған және таспен қоршап қоятын болған. Тас мүсіннен шығысқа қарай тас бағаналар – балбалдар қойылған. Көне түрік тас мүсіндері, мемориалды мүсіндер өлген адамның құрметіне орнатылған ескерткіш болып табылады. Руникалық жазбаларда көрсетілгеніндей, көне түріктер тасты «мәңгі» деп санады, сондықтан да  тас мүсіндер арқылы батыр бабалардың айбынды бейнесін мәңгіге  қалдыруды көздеді. Сондықтан да  көне түріктердің күнделікті өмірінде тас мүсіндер  ғұрыптық өнер ескерткіштері ретінде,  олардың наным-сенімнің, тұрақтылық пен мәңгілікке деген сенімінің белгісі ретінде  қоғамдық маңызға ие болды.

Осы дәріске арналған сұрақтар:

1.Тас мүсіндер және олардың семантикасы

2.Бәдіз ұғымы

3.Көнетүріктік мүсін өнерінің көркемдік ерекшеліктері

4. Мүсін сомдау материалдарының технологиялық тәсілдері

5. Көнетүріктік тас мүсіндер ғұрыптық өнер ескерткіштері ретінде

 

                    

 Пайдаланылған әдебиеттер:

Баяр Д. Білге қағанға арналған  ескерткіш  кешенінде жүргізілген археологиялық зерттеулер  // «Shygys. Шығыс» ғылыми журнал. –  2005. – №1. – 115-125-б.

Баяр Д. Уникальный памятник древнетюркского исскуства в Западной Монголии // Тюркологический сборник. –  М., 2006. – С. 63-76.

Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитвших в Средней Азии в древние времена. – Т.1. – Алматы, 1998.

Войтов В.Е. Древнетюркский пантеон и модель мироздания в культово-поминальных памятниках VI-VIII вв. –  М.,1996.

 Грач А.Д. Древнетюркские изваяния Тувы (по материалам исследований 1953-1960 гг.). –  – М., 1961.

Досымбаева А. Западный Тюркский каганат. Культурное наследие казахской степи. ОФ «Тюркское наследие».  –  Алматы,  2006.

Досымбаева А.  Мерке – сакральная земля тюрков Жетысу. – Тараз, 2002.
Елеукенова Г.Ш. Очерк истории средневековой скульптуры Казахстана. –  Алматы, 1999. – С. 17-99.

КляшторныйС.Г., Савинов Д.Г. Степные империи Евразии. – СПб., 1994. – С. 128-129.

Кызласов  Л.Р. О назначении древнетюркских каменных изваяний, изображающих людей  // Советская археология. – 1964. - № 2. – С. 27-39.

Қазақстан тарихы. 1-том. – Алматы, 1996.  – 381-382- б.

Көне түрктердің бәдіз, тасмүсіндері // http://atalarmirasi.org/181-kone-turkterdinh-badiz-tasmusinderi.

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. –  Алматы,  2002. – 59-60-б. 

Самашев З., Базылхан Н., Баяр Д.  Древнетюркские каменные извания Евразийских степей // Мәдени мұра. Культурное наследие. № 1 (22) қаңтар-наурыз. 2009. – Астана.  – С. 30-39.

Сарткожаулы К. Объединенный каганат тюрков в  745-760 годах (по материалам рунических надписей). – Астана: «Фолиант», 2002. 

Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири.Человек, общество.  – М., 1989.

Файзрахманов Г. Древние тюрки в Сибири и Центральной Азии. - Казань, 2000. – С.160.

Шер Я.А. Каменные изваяния Семиречья . – М.,Л., 1966.