лекция 5
лекция 5
ДӘРІС 5. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Ұлы жібек жолының қалалық мәдениетке әсері
2. Түріктердің отырықшы өркениеті: ғылыми көзқарастар
3. Көне түріктердің қалалары: оларды орналастыру және баламалау,
қалалардың сипаты мен кезеңдері.
4. Сауда және ақша айналымы
5. Архитектуралық құрылыс жүйелері
6.Сәндік қолданбалы өнер
7. Діни сәулет өнері
8. Бейнелеу өнері
Түрік қағанаттарының күшейіп, керуен жолдары бойында қалалар мен қоныстардың күшеюі Ұлы жібек жолының «Түрік жолы» тармағының басты қатынас жолына айналуына себепкер болды. Түрік жолының басты жолға айналуының негізгі себебі: ең алдымен Шу, Талас өңірлерінің түрік қағанаттарының ата жұртына айналып, кағандардың ордаларының осында орналасуы, ондағы қалалар мен елді мекендердің бой көтеріп, көркейіп қолөнер мен сауда-саттықтың дамуына мол мүмкіндіктердің болуы және қағанаттардың сыртқы дүниемен байланыс орнатуға әрекеттенуінен болды. Сонымен, түркі қағанаттарының бақылауына алынған Ұлы Жібек жолының осы тармағы арқылы әртүрлі елдердің керуендері, елшіліктері мен жићанкездері ерсілі-қарсылы жүріп жатты. Түрік жолы және оның жекелеген тармақтары туралы деректер Земарх, Сюань Цзянь, Тамим ибн Бахр, Гардизи, Ибн Хордадбек, Кудама ибн Джафар, әл-Мукаддаси және т.б. еңбектерінде кездеседі. Түрік жолының, Ұлы Жібек жолының басты күретамырына айналуына түріктер өздері ықпал етті, мемлекеттің қуаттылығын арттырып, өзгелерге танымал қылды, қалалық мәдениетті өркендетті, сыртқы саясатты оңтайлы жүргізе білді, экспорттық тауарларының сапалы болып, шетелдік саудагерлердің көңіл аударуына ден қойды.
«Орталық Азияны мекендеген түріктерді шетінен көшпенді деген қияли тұжырым, – деп көрсетті тарихшы-ғалым У.Х. Шәлекенов, – Әсіресе бұл ұғым Еуропа елдерінің әдебиеттеріне терең енген. Олар түріктерді көшпенді, жалқау ... деген шатас пікірмен суреттеген. ...Жалпы алғанда, дүниеде жатып ішер жалқау халық болмайды. ...Түріктер ертеден отырықшы мәдениеттің негізін салып, оның алға ілгерілеуіне жартылай отырықшы және көшпеді бөліктері өздерінің үлесін қосты».
Көне түріктер қаланы «балық», қалалық адамды «балықдакы», ғимаратты «барк» деп атады. VI - ІХ ғғ. қала мәдениеті дамыды. Бұл кезеңде көшіп қону аумағы шектеліп, белгілі көшу жолдары қалыптасады, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар егістік жерлер пайда болды. Мемлекеттік басқару ақпараты құрылып, ортақ тіл мен жазу қалыптасады, елшілік дәстүр дамиды, сауда- саттық байланыстар нығаяды. Мұндай жағдай қалалардың саяси- әкімшілік, мәдени-экономикалық маңызын арттырып, олардың қатарының көбейе түсуіне септігін тигізді.
VI - ІХ ғғ. қалаларды көлеміне қарай үш топқа бөліп қарауға болады:
1) Астаналық және ірі қалалар:Тараз, Суяб, Невакет және Нүзкет т.б
2) Орташа қалалар:Текабкет, Меркі, Аспара, Сус, Жол-Сокулук,
Жуван,Сарығ және т.б
3) Шағын қалалар: Құлан, Кірміреу және т.б.
Көне Тараз қаласы Түрік жолындағы аса ірі сауда, қолөнер орталығы болған, бірнеше керуен жолдарының тоғысқан жерінде тұрған бұл қаладан шартарапқа керуен жолдары кетіп жатқан. 629 жылғы Тараз қаласын Сюанъ Цзян былай суреттейді «...Қаланың аумағы 8-9 ли. Онда әртүрлі елдердің саудагерлері мен хусилар (соғдылықтар) аралас тұрады». Сюанъ Цзян Көне түріктердің астанасы болған Суяб қаласының аумағы 6-7 ли болады, онда әр елден саудагерлер тұрады, Суябтың батысына қарай ондаған қалалар созылып жатыр және олардың бәрі түрік қағанына бағынады деп сипаттап жазып кеткен.
Қала халқының өсуі ауыл шаруашылығы өніміне деген сұранысты күшейтті. Бұл өз кезегінде суару жүйесінің дамуына, егістік алқаптарын пайдаланудың барған сайын жетілдіруін талап етті.
Түрік қағандары алғашқы еуроазиялық империяны жасаушылар болды. Түріктердің саяси және мәдени мұралары көптеген елдердің тарихына өз әсерін тигізді. Түріктер де өзге аймақтардың, мысалы, Иран, Византия және т.б. өркениетімен таныса келе жаңа мәдени өрлеуді бастан кешті.
Ұлы Жібек жолы бойындағы елдердің көбіне ортақ тіл – соғды тілі болды. Соғды тілі еларалық қатынас құралы, мәдениет тілі болды. Сондықтан да, түріктер соғды тілін меңгеріп алды. Бұған М.Қашқаридің: «Түріктер соғдыша, ал соғдылар түрікше біледі», – дегені айғақ бола алады.
Соғды тілімен қатар түрік тілі де Ұлы Жібек жолы арқылы өзгелерге таныс болса керек. М.Қашқари Шың және Машын халықтары түрікшені жақсы біледі деп жазды.
Сауда мен ақша айналысы қалалардың дамуына барынша септігін тигізді. Қалаларда қала мен дала тұрғындарының, қала мен оның төңірегіндегілердің арасында, сондай-ақ мемлекеттер арасында тауар алмасу қарқынды жүрді. Оған халықаралық керуен жолдарының қызметі де өз әсерін тигізбей қоймады. VI-ХII ғасырда қалалар мен қоныстардың сауда-саттық және қолөнер кәсібінің орталықтары, әрі қырдағы ел мен отырықшы аймақты өзара байланыстырған маңызды экономикалық буын ретінде үлкен рөл атқарған. Көшпелі малшылармен бірге малшылардың жартылай көшпелі, жартылай отырықшы топтары болды. Егіншілер мен қала тұрғындары ықпалымен көшпелілер отырықшылыққа, қала өміріне өтіп отырды.
Ұлы Жібек жолы бойында көне түріктердің қалалары шоғырланды. Ордабалық, Бұқара, Тоғубалық, Шаш, Тараз, Испиджаб, Суяб, Баласағұн, Үзкент және т.б. қалаларда сауда-саттық қызу жүрді. Аймақаралық және халықаралық сауда ісінде Қытай, Соғды, Ферғана, Бұхара теңгелері айналымда болды.
Көне түріктердің сәулет өнері архитектуралық қазба жұмыстары арқылы белгілі болып отыр. Архитектуралық құрылыстың бір парасы діни сенімге байланысты салынған. Олардың қатарында Ақбешім, Суяб және т.б. қалаларда бой көтерген будда ғибадатханаларын атауға болады. Көне түріктер металл, ағаш және т.б. өрнектеп, оюлар бедерлей білген. Ою өнеріңде жұқалап ою арқылы өрнектеу және жылтырату тәсілдері кеңінен қолданылады. Оюлар антроморфтық және зооморфтық нышанда және діни -магиялық сипатта берілген және терракоталарда зороастрялық, буддалық құдай бейнелерін, сонымен бірге соғды және түріктердің өз кейіптерін көрсететін нақыштар бар.
Ою-өрнектердің алуан түрін түріктердің киім-кешек, әшекейлерінен байқауға болады. Түріктер белдік, қаптырмаларын, ат әбзелдерін төрт бұрышты, ай секілді немесе жүрек тәрізді т.б. өрнектермен керемет етіп безендіріп, пайдаланған. Бұл бабаларымыздың әсемдікке бейім болғандығын, асқан талғампаздығын аңғартса керек.
Көне түріктер дәуіріндегі бейнелеу өнері жайынан жартастағы суреттер (петроглифтер), сарай кешеңдері мен діни орындардың, ғибадатханалардың қабырғаларына салынған суреттер, соңдай-ақ саздан, ағаштан жасалған бұйымдардағы бейнелер мол мағлұматтар береді.
Саз сылақтың қалың қабатын өрнектеу (өсімдік және геометриялық нақышта) Қостөбе сарай кешендерінен байқалса, ағашты өрнектеу үлгілері Құйрықтөбе қамалыңдағы сарай бөлмелерінен көрінеді.
Ортағасырлық еуразиялық көшпелілердің бейнелеу өнерінде салт атты жауынгер бейнесі үлкен орын алады. Дунайдан Қиыр Шығысқа дейінгі аралықта таралған петроглифтердің басты сюжеті – осы атты жауынгер бейнесі.
Жартастағы бейнелердің негізгі элементі – ту. Ту Көне түрік ру- тайпалары бірлестігінің, әскери бөлімдердің, биліктің т.б. белгісі болған. Тулар да, жалаулар да төртбұрышты болған. Жалаулар тудан көлемі жағынан кішілеу болып келеді. Найза ұшына түрік жауынгерлері жылқының жалын таққандығы байқалады.
Тулар Жетісудағы петроглифтерде, Курыкан петроглифтерінде көбірек бейнеленген. Тулардың классикалық түрлері Прибайкальедегі петроглифтерден кездеседі.
Осы дәріске арналған сұрақтар:
1.Көне түрік дәуіріндегі дала мен қала.
2.Ұлы жібек жолының қалалық мәдениетке әсері.
3.Архитектуралық құрылыс жүйелері
4.Сәндік қолданбалы өнер
5. Діни сәулет өнері
6. Бейнелеу өнері
Пайдаланылған әдебиеттер:
Байтанаев Б. Древний Испиджаб. – Шымкент - Алматы, 2003.
Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитвших в Средней Азии в древние времена. – Т. 1. – Алматы, 1998.
Қазақстан тарихы (көне заменнан бүгінге дейін). Бес томдық. – 1том. – Алматы, 2010. – 347-382-бб.
Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. – Алматы, 1998. – C. 10-24, 39-43.
Елеуов М.Е. Шу-Талас өңірлерінің қалалары мен мекендері (VI-XIII). – Алматы, 1999.
Зуев Ю.А. Ранние тюрки.: очерки истории и идеологии. – Алматы, 2002. - С.263-277.
Исламова З.А. Названия продуктов питания в словаре Махмуда Кашгарского "Дивану лугат ит-турк" // Вопросы тюркского языкознания. – Алма-Ата: Наука, 1985. - С. 89 - 91.
Дәулетхан Ә. Көне және ортағасырлардағы түркілер: тарихи зерттеулер. – Алматы,
2011. – 87- 93, 212-214-б.
Камолиддин Ш.С. О градостроительной культуре у древних тюрков // http://www.kyrgyz.ru/ Кызласов Л. Р. Городская цивилизация Срединной и Северной Азии: исторические и археологические исследования . – М .: Вост. лит., 2006. – С. 219-226.
Кляшторный С.Г. Роль согдийцев в экономической жизни тюркского и уйгурского каганатов (VI – IХ вв.) // Памятники письменности и проблемы истории культуры народов Востока. – М., 1973. – С.19 – 20.
Кызласов Л. Г. Очерки по истории Сибири и Центральной Азии. Красноярск, 1992. – С. 83-89.
Махаева А.Ш. Ұлы жібек жолы. – Астана, 2009. – 30-34; 99-121-бб.
Файзрахманов Г. Древние тюрки в Сибири и Центральной Азии. – Казань, 2000. – С. 111-112.
Урбанизация и номадизм в Центральной Азии: история и проблемы. Материалы международной конференции. – Алматы, 2004. – С. 354 – 373.
Шәлекенов У.Х. Түріктердің отырықшы мәдениеті. – Алматы, 2002. – 74-101-б.
Шәлекенов У.Х., Шәлекенов М.У. Ежелден түріктер отырықшы. – Алматы: «Қазақ университеті», 2017. – 67- 101-бб.