лекция 4
лекция 4
ДӘРІС 4. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ ЖАЗБА МӘДЕНИЕТІ
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Руна жазуының сипаты, генезисі мәселесі
2. Көне түркі жазуының зерттелуіне қазақ түркітанушыларының қосқан үлесі
3. Көне түрік жазба ескерткіштерін топталуы (классификациясы)
Ұзақ уақыт бойы еліміздің жазба мәдениеті тарихы тереңнен тарқатылмай, қазақтар үш-ақ әліпбиді: араб, латын және кириллицаны ғана білетін секілді ұғым қалыптастырған-ды. Бүгіндері түрік тілдес халықтардың жазба мәдениеті тарихы ерте замандардан бастау алатындығы айқындалып, бабаларымыз бір емес, бірнеше әліпбиді меңгеріп, оны өздерінің әкімшілік, дипломатиялық, діни және жеке басы қажеттіліктерін өтеу үшін пайдаланып келгендіктері белгілі болды.
Түрік тайпалары арасына кең тараған жазу сыртқы нұсқасына қарай «руникалық» немесе табылған жеріне қарай «Орхон – Енисей жазуы» деп аталған жазу. Бұдан өзге көне түрік тайпалары соғды, ұйғыр, манихей, брахми, эстрангело, тохор жазуларын да білген.
Руна – бұл дыбыстық жазу, оның курсиві жоқ, жеке таңбалар бір-бірімен байланыспай жазылады. Фонетикалық жағынан алғанда руна жазуы түрік тайпаларының тіліне барынша бейімделген, әрі дыбыстық ерекшелігін дәл бере алады. Әрбір дыбыс бір немесе бірнеше таңба арқылы беріледі, руна жазуының кейбір таңбалары пиктографиялық сипатқа ие.
Руна әліпбиінде, аймақтық және хронологиялық нұсқаларын есепке алғанда, 40-тан аса таңба бар. Оқылуы – оңнан солға қарай.
Руна жазуының таралу аймағы деп осы жазу үлгісі бар ескерткіштердің мәлім болған жерлерін атаймыз. Мұндай аймақтар – Сібірдегі Енисей, Лена өзендері аңғарлары, Монғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы. Руна тектес жазуы бар ескерткіштер Хазар мемлекетінің территориясы – Еділ, Дон өзендері бойы және Солтүстік Кавказдан да табылған. Алайда руна жазуының бұл батыстық нұсқасы ірі текстердің табылмауынан сыры ашылмай, құпия күйінде қалып келді.
Руникалық жазу ескерткіштерінің таралу аумағының көлемі көне түріктердің сауаттылығы жайынан сөз қөзғауға мүмкіндік береді. Зерттеушілер руникалық ескерткіштердің графикалық қорларына шолу жасай отырып, көне түріктер мекендеген аймақтарда жазу-сызу қолданылған (Д.Д.Васильев), орхоненисейлік түріктердің арасында сауаттылық кең жайылған (В.В.Бартольд) және ешбір «қаңғыбас, кезбе сауаттылардың» көмегінсіз жергілікті тұрғындар өздері жазған (С.Е.Малов), сондай-ақ руникалық эпитафиялар тек ақсүйектерге ғана емес, қалың оқырман қауымға арналған (С.В.Киселев), тіпті күнделікті тұрмыстық бұйымдардың өзінде жазудың болуы тұрғындардың жоғары сауаттылығын айқындайды (А.Н.Бернштам), әрі көне түріктерде қоғамдық пікір өмір сүргендігін паш етеді (Л.Н.Гумилев) деген тұжырымға келіп отыр. Бұл ойды сол дәуірдегі құжаттық материалдар да дәлелдей түседі. Мысалы, VI ғ. өмір сүрген византиялық тарихшы Менандр император Юстиан ІІ-ге түрік елшілігін басқарып келген соғдылық Маниах өз қағанының отынан скиф жазуымен жазылған жолдау хат тапсырғанын баяндаса, ал VIІ ғ. басында тағы бір византиялық автор Феофилакт Симокатта император Маврикийге түрік қағаны хат жазғанын айтып, одан өз еңбегінде үзінді келтіреді. Қытай жылнамаларында түріктердің кісі, жылқы және өзге де мал есебін алғанда ағаш тақтайларға жазып отыратындығы айтылады. Жазудың, жазба мәдениеттің көне түріктерге дейін де болғандығын б.з.д. 176 ж. ғұндардың билеушісі Модэнің Қытай еліне хат жолдауы жайлы мәлімдейтін құжаттар және «Есік» қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу да көрсетіп отыр. Б.з.д. V ғ. жазылған сақ дәуірінен қалған күміс тостағандағы жазба мұра төңірегінде кезінде көп талас-тартыс жүргені рас. Дегенмен, осы сақ жазуының негізінде, әрі оның көне түріктер руникалық таңбаларына ұқсастығына қарап, белгілі түріктанушы ғалым А.Аманжолов төмендегідей қорытынды жасайды:
- Түрік тілдес тайпалар бұдан 2500 жыл бұрын әліпбиі бар жазуды білген және кеңінен пайдаланған.
- Көне түрік руникалық жазуы арғы ата – бабаларымыздың 1500 жыл бойы, яғни б.з.б. V ғасырдан бастап б.з. Х ғасырына дейін қолданған төл жазуы. Сөйтіп, көне түрік тайпаларында әліпбиі бар жазу тек V ғасырда пайда болды деген жылдар бойы қалыптастырылған болжам ескіріп қалды.
Көне түріктер руна жазуын құлыптастарға, тұрмыстық заттарға, үй қабырғаларына өз ойларын жазғанда, сондай-ақ қолжазбалар, хаттар әзірлеуде қолданған.
Атақты «Күлтегін» (732 ж.), «Білге қаған» (735 ж.) және «Тоныкөк» (716 ж.) жырлары тасқа қашалып жазылған руникалық ескерткіштер ішіндегі ең көлемдісі, әрі көне түріктердің өздері туралы өздері жазған аса құнды, бірегей жәдігерліктер болып табылады. Сыртқы пішіні пирамида секілді Күлтегін ескерткішінің биіктігі 3,15 м, ені 1,24 м, қалыңдығы 0,41 м. Күлтегін ескерткішінің негізгі бетінде 40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі 13 жол жазудың жалғасы болып есептеледі. Түркологиялық әдебиеттерде ескерткіштегі 40 жол жазу үлкен жазу деп, ал 13 жол жазу кіші жазу деп аталады. Кіші жазу үлкен жазудың кіріспесі іспетті. Күлтегін жырында түрік халқының ата-бабалары туралы, елге ерен істерімен белгілі болған Елтеріс, Қапаған, Білге қағандар және қолбасшы Күлтегін жайлы, түріктердің жорықтары туралы айтылады. Жыр авторы – Иолығ Тегін жырдың басты идеясы етіп халық бірлігін алған. Ел бірлігі арқасында бастыларды еңкейтіп, тізелілерді бүктіргендіктерін жазған. Бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге боларлық бұл тарихи жәдігерлік, өкінішке орай 1961 ж. үстіне жай түсіп, күл-талқан болған. Бұл күндері Күлтегін ескерткішінің тек орны ғана сақталған.
Білге қағанға қойылған тас ескерткіштің ұзындығы 3 м 45 см, ені 1 м 74 см және қалыңдығы 72 см. Сырт бейнесі, көркемдік нақышы жағынан да, мазмұны жағынан да Білге қаған және Күлтегін ескерткіштері бір-бірімен ұқсас, текст мазмұны бір-бірін қайталайды. Тоныкөк ескерткіші екі бағана тасқа бөлініп жазылған. Біреуінің биіктігі 1 м 70 см, оған 1 – 36 жол, екіншісінің биіктігі 1 м 60 см, мұнда жырдың жалғасы, 37 – 62 жолдар орналасқан.
Жыр авторы Тоныкөктің өзі деген болжам бар. Бұл жырда түрік халқының табғаштарға бағынышты болып қалуы, кейін бас біріктіріп жауға қарсы тұруы, сол кезде қаған сайлауда, жауды жеңуде Тоныкөктің ақыл – кеңесі, ерлік істері зор зор болғандығы баяндалады. Мұнда да ел бірлігі, сол елдің басын қосып, ынтымаққа жеткізуде ақылгөй Тоныкөк секілді қариялардың, ел басшыларының үлкен рөл атқаратындығы дәріптеледі.
Руна жазуы ескерткіштерін алғаш рет 1721 – 1722 ж.ж. Сібірден Д.Г. Мессершмидт және Ф.И. Страленберг экспедициясы тапты. Орыс ғалымы Н.Я. Ядринцев 1889 ж. Солтүстік Монғолия жерінен, Орхон өзені бойынан Білге қаған мен Күлтегінге арналған ескерткіштерді, ағайынды Д.А. және Е.А.Клеменцтер 1897 ж. Селенга өзені бойынан Шығыс Түрік қағанатының қағандары Елтеріске, Білгеге кеңесші болған, данагөй қария Тоныкөктің құрметіне қойылған ескерткішті табады.
Руна жазуы әліпбиінің сырын 1893 ж. дат ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен (1842 - 1927) ашқан еді. Осы В.Томсен құпиясын ашқан әліпбиді пайдалана отырып, В.В.Радлов (1837 - 1918) Орхон ескерткіштері мазмұнын 1894 ж. орыс тілінде жариялайды, ал Томсеннің өзі жасаған аударма неміс тілінде 1895 ж. жарыққа шығады.
Содан бері көне түрік руна ескерткіштерін әр қырынан зерттеу жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді.
Руна жазуының VIІІ-ІХ ғ.ғ. қағазға жазылған нұсқаларын Шығыс Түркістаннан ХХ ғ. бас кезінде ұйымдастырылған археографиялық экспедициялар тапты. Көне түріктер тіліндегі қолжазбалар мен жеке басылымдардың неміс зерттеушілері А. Грюнведель мен А. Лекок тапқан үлкен жинағы Берлинде, Неміс ғылым академиясында, В.В. Радлов, - С. Е. Малов, А.А. Дьяков, Д.А. Клеменц т.б. жинаған олжалар Петербордағы азиаттық музейде, сэр А.Стейн тапқан қолжазбалар Лондонда, Британ музейінде, П.Пельо жинастырған қолжазбалар Париж ұлттық кітапханасында, бірнеше жақсы сақталған парақтар Стокгльм этнографиялық музейінде және Анкарадағы этнографиялық музейде, жапон ғалымы С.Отани басқарған экспедиция олжалары Киотода сақтаулы тұр.
Шетелдерде сақтаулы тұрған бұл қолжазбалар мен фрагменттердің көп бөлігін буддистік «Алтын жарық», «Дишаствустик», «Куаншиим Пусар» секілді шығармалар, сонымен бірге манихейлік, христиандық дінін уағыздайтын текстер және ұйғыр мемлекетінің құжаттары құрайды. Діни тақырыпқа арналғанына қарамастан көне түріктер тіліне аударылған аталмыш қолжазбалардан сол кездегі мәдениет және тарих туралы (әсіресе ұйғыр мемлекетінің) бағалы мәліметтер алуға болады.
Зерттеушілер қағаз жасап шығаруда көне түріктердің батыс, я шығыс үлгісі бойынша өз өндірісі болғандығын, қағаз көбіне тұт ағашынан, сондай-ақ сорадан, мақтадан, күріш сабағынан да алғандығын жазады. Қытай шеберлері VIІІ ғ. Самарқанда қағаз өндірісінің негізін салады. Осы жерден қағаз өндіру тәсілі Жібек жолы арқылы батысқа тарап, онда жазу үшін қолданылып келген пергамент пен папирусты ығыстырып шығарған. Ал Қытайдың өзінде және Шығыс Түркістан жерінде қағаз өндіру б.з.д. ІV ғ. басталған.
Жеке қағаздарды кітапша етіп тігудің әртүрлі жолдары болған. Ирандық-сириялық үлгімен жасалған кітапша-дәптерлер немесе көне үнді кітаптары үлгісіндегі пальма, қайың қабықтарынан құралған кітап (потхи), қытай үлгісіндегі шиыршық-кітап (қағаздың шығырға оралуы арқылы жасалады), төртінші бір түрі кітап-бүктеме (гармошка). Қағазды кеңірдектеп бүктемелеу жолымен әзірленеді.
Кітап жасау ісі Шығыста ерте кезден басталған. Түркістан б.з.д. ІІ – І ғ.ғ. өзінде-ақ кітап шығаратын маңызды орталыққа айналып үлгірген. Көне түрік тіліндегі бізге жеткен алғашқы кітап қатарында 583 ж. жазылған «Нирванасутра» аталады. Дегенмен, С.Е.Малов сияқты ғалымдар түрік тілінде шыққан «Хуастуанифт» V ғ. жазылған деп есептейді.
Шығыс Түркістан жерінен табылған VIІІ – ІХ ғ.ғ. жататын кітаптар мен үзінділердің көбі ксилографиялық жолмен жасалған. Ксилография (ойып басу) арқылы текстерді көбейтіп, кітап етіп шығару өзінің арғы бастауын мөр дайындау ісінен алады. Ксилографиялық кітап басып шығару ісі мынадай жолмен жүрген: алдымен болашақ кітаптың көлеміне сәйкес келетін қатты тегіс тақтай әзірленеді, тура осындай өлшемде жұқа қағазға тест жазылады. Содан соң қағаз тақтайға жапсырылып, әріптер тақтай бетіне ойылып салынады. Әріптері бар тақтай бетіне бояу жағылады да қажетті мөлшерде қағаз бетіне түсіріле беретін болған. Қағазға түсірілген руна жазба кітабы – «Ырқ бітік» деп аталады. Кітаптың аты жоқ, тек бас жағында «Бұл біліктілік кітабы жақсы» деп жазылған. Екі түрлі мағынаға ие «ырқ» сөзін (біліктілік және сәуегейлік) зерттеушілер алғаш сәуегейлік деп аударуына байланысты кітапқа «Сәуегейлік кітабы» (орысша «Книга гаданий») деген атау берілген. Әйтсе де «Біліктілік кітабы» десе шынайырақ болатын секілді. Кітапша бүктелген 29 парақтан құралған. Көлемі 13,2х8 см, тексі 108 жолдан, 65 бөлімнен тұрады, оның әрқайсысы «бұл жақсы» немесе «бұл жаман» деген ой қорытумен аяқталып отырады.
В.Томсен «Ырқ бітікті» VIІІ – ІХ ғ.ғ. жазылған деп білген. Көне түрік поэтикалық арнасында дүниеге келген «Ырқ бітік» түріктердің мұсылмандықты қабылдағанға дейінгі тұрмыс – тіршілігінің көпшілікке беймәлімдеу тұстары және наным-сенімдері жайлы, оларды қоршаған орта туралы соңы мәліметтерге толы.
«Ырқ бітіктің» жазылу стилінде Орхон жазбаларымен ұқсастық байқалады. Мазмұн мағынасы бойынша «Сәуегейлік кітабын» төрт топқа бөліп қарауға болады:
1. Адамдар мен жануарлардығ тылсым – тіршілігі жайлы реалистик көріністер;
2. Мифологиялық және ертегілік сюжеттер;
3. Табиғатты суреттеу;
4. Мінез-құлық туралы нақыл сөздер.
«Ырқ бітіктің» діни-мәдени жағынан қандай шығармаға жататындығы туралы зерттеушілер түрлі пікір айтады. В. Томсен мен неміс ғалымы А. Фон Габен бұл манихейлік шығарма дейді. Себебі, кітаптың соңында кіші динтар, бурвагуруге (манихейлік қауымның терминдері) және біздің тыңдаушыларымызға арналған деп жазылған. Алайда С. Е. Малов «Ырқ бітік» шамандық мазмұндағы шығарма деген пікірде болды. Ондағы дәлелі – кітапта манихейлік діні құдайлары еске алынбайды және бұл діннің ережелері жазылмаған деген тұжырымы. «Ырқ бітікті» арнайы зерттеген И.В. Стеблева кітап мазмұны шамандыққа да, манихейлікке де тән белгілерді қамтиды, бәлкім бұл жағдай түріктер арасына келген манихейліктің түріктер ұғымына бейімделіп, оның ерекшеліктерін бойына сіңіріп алуы сияқты нәрсемен де байланысты болар-ау деп топшылайды.
Барынша көңіл аударатын жағдай сол, «Ырқ бітіктің» авторы көне түріктерге түсінікті ұғымдарды кеңінен пайдалана отырып, көңілге қонымды, барша оқушысына түсінікті ой қорытулар жасай алған. Шығарманың поэтикалық дәстүрі тұрақтылығымен, әрі кең таралғандығымен ерекшеленеді. Түркияда ХІХ ғ. өзінде де (көбіне әйелдер пайдаланған) болашақ үйлену тойы және басқа оқиғаларға байланысты жасалған сәуегейлік кітаптар болған. Осы тұрғыдан қарағанда «Сәуегейлік кітабы» мұндай жинақтардың бастау кезі болуы әбден мүмкін.
Сонымен көне түріктерде кітап болған және ол «бітік» деп аталған. ХІІІ ғ. аяғы ХІV ғ. басында жазылған «Кодекс куманикус» сөздігінде де кітап сөзі түрікше бітік делінетіні көрсетілген.
Көне түрік руникалық текстері арасынан минерология бойынша жазылған 31 парақ шыққан (мұны 1905-1906 ж.ж. неміс ғалымы А.Лекок экспедициясы Шығыс Түркістаннан Туюқ өзені бойнан тапқан). В.Томсен VІІІ ғ. жазылған деп білген бұл трактаттар асыл тастардың сиқырлы қасиеті жайында баяндайды.
Руна әліпбиімен жазылған көне түріктердің мақал-мәтелдерінің жинағы да Шығыс Түркістан жерінен, үңгірде орналасқан храмнан табылды. Олардың бұрыннан келе жатқан ескі дәстүрге және қала тұрмысы жағдайына бейімделе жасалғанын төменде берілген мақал-мәтелдерден байқау қиын емес.
«Айламен арыстанды да аулайды, ал күшпен тышқанды да ұстай алмайсың», «Отсыз түтін болмас, ақаусыз адам (жас) болмас», «Жаңылмайтын жазушы жоқ, адаспайтын жол бастаушы жоқ», «Куәгердің сөзі – мөр басылған құжатпен тең», «Шығымданушы өлді, ал оның шағымы қалды».
Түркиялық ғалым Р. Арат еңбегінде көне түріктердің: «Ер беделі қорқыныш-үрейді жеңуінде, ал су құты – тереңдігінде», «Құдық суында балық жоқ, Качо тауында жолбарыс жоқ», «Жазық жерде бел болмас, тауда өткел болмас» деген секілді т.б. дана, ұшқыр ойларының шағын тізімі берілген.
Мираннан, Дуньхуаннан табылған құжаттар көне түріктердің әскери салада да руна жазуын қолданғандығын білдіреді.
Сонымен руна жазуы көне түріктер өмірінің әр саласында кеңінен пайдаланылған деуге әбден болады.
Көне түрік руникасының шығу тегі жайлы пікірлер XVІІІ ғ. айтыла бастаған-ды. Бұл кезде Петр І бастамасымен Сібірге арнайы жіберілген экспедициялар алғашқы құпия жазуларды тапқан болатын. Орталық Азия мен
Сібірдегі тастағы жазуларды «руникалық» (құпия) деп атау швед офицері Ф.И.Табберт (Стралендерг) еңбегі жарыққа шыққаннан кейін термин ретінде қалыптасып қалды.
Құпия жазудың сырын ашқан В. Томсен оның шығу тегін финикий әліпбиінің бір бұтағы арамей әліпбиімен байланыстыра қарады және әріптердің басым бөлігі семиттік-пехлевийлік әріптермен сәйкес келетіндігіне көңіл бөлді. Көне түрік руникасының шығу тегі туралы пікір-таластар әлі күнге толастамай келеді. Әйтсе де зерттеушілер көзқарасы осы мәселе бойынша екіге бөлінетінін айта кеткен жөн. Біреулері көне түрік руникасының түп-тамыры оңтүстік-батыс Иран мәдени облыстарындағы жазудың, яғни арамей соғды әліпбиінің әсерімен қалыптасты десе, екіншілері аталмыш жазу көне түрік тайпаларының таңбаларынан бастау алғандығы туралы теорияны жақтады. Алғашқы ойды В.Томсен, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Габен, С.Е.Малов, В.А.Лившиц, С.В.Кисилев, С.Г.Кляшторный, Е.Д.Поливанов және т.б., ал екіншісін Н.А.Аристов, Н.Г.Маллицский, Г.Вамбери, М.А.Кастрен т.б. қуаттайды. «Соңғы болжам көпшілік арасына жылдам тарап, өзінің ғылыми маңызын осы күнге дейін жоғалтпай келеді», – деп жазады зерттеуші Д.Д.Васильев.
Көне түрік жазба ескерткіштерін әр қырынан зерттеуге қазақ түркітанушылары да үлкен үлес қосып келеді. Ғ.Айдаров, Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдасбаев, Н.Келімбетов, Ә.Қайдаров, М.Оразов, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев т.б. Орхон-енисей жазбаларының текстологиясы, тілі, әліппесі, аударылуы, қазақ әдебиетіне қатысы сияқты мәселелерді қарастырса, Е.Мұсабаев пен Қ.Мырзалиев «Күлтегін» жазбасының ғылыми және көркем аудармасын жасады. Көне түріктердің жазуының тарихына арнайы қалам тартқан А.Аманжолов: «Алтай-Саян тау қойнауы және Ертістің жоғарғы сағасын көктей өтіп, Сарыарқа мен Жетісу өңіріне созыла жатқан кең аймақ көне түрік этногенөзінің аялы алтын бесігі екендігіне ешбір күмән жоқ. Бұл аймақта ірге тепкен Көне тұрғыңдар (автохтондар) үнді-иран тіліңде сөйлепті-мыс деген тұжырымды айқындарлық тілдік айғақ, дәлелеге медеу боларлық, тілдік фактінің жоқ екендігі белгілі. Қайта, ондай жорамалдардың үнін өшіріп, адымын аттатпайтын деректер сыры сақ қорғандарында атой салып жатқандығын бүркеудің өзі қиын. Өйткені, сақ қорғанынан табылған жазулар көне түркі руникалық алфавитімен төркіндес. ... Сөз етіп отырған атырапты мекен еткен Көне тұрғындарды алғашқы түркі (прототүркі) этносы мен тіліне мүлде қатысы жоқ деушілік, яғни көне түркі, тегінде көне қазақ тайпаларының автахтондығын мойындамай, оларды шет-қақапай жасап, өгейсіту шындықпен ешбір сыйыспайды. Бұған орай этнографтар айтып жүрген этнизация немесе этностану (шаруашылық мәдени типтердің этносқа ұйытқы болуы) құбылысының өзі де тіл және сөйлеу әрекеті негізінде пайда болатыңдығын ескерген жөн. Соңдықтан түркі этносына ұйытқы болған көне тайпаларға кейбір ғалымдардың «тюркизация» (түркілену) терминін қолдануының өзі тым сыңаржақтықтың айғағы деп білеміз», – деп жазды.
Әйгілі ғалым, академик Ә.Марғұлан да қола және ертедегі темір дәуіріңдегі тайпалардың үңдіиран тілдес екендігіне күмән келтірген-ді. Кейінгі жылдарда зерттеушілер арасында Андронов тайпаларының түркі тілдес болғаны туралы болжам белең ала бастағаны байқалады.
Месопотамиядан табылған б.з.д. IV-III мыңжылдықтарды мегзейтін шумерлік ескерткіштерде түрік тіліне тән лексикалык сәйкестіктердің ұшырасуы көне түріктер тілі, жазуы мәселесімен шұғылданып жүрген ғалымдарға бұдан бес мың жыл бұрын түріктердің бабалары Месопотамияға (Шумерге) келген, сөйтіп Шумер ескерткіштері тіліне белгілі деңгейде әсер етсе керек деген тың ғылыми болжамдар жасауға мүмкіндік берді.
Көне түрік руникалық жазба тілінің ерте заманнан тарихи даму барысында жасалып, калыптасқан сөздік құрамы бар екендігі, оның қат – қабаттан құралатындығы айқындала түсуде.
«Ескерткіштердегі көптеген сөздердің қазіргі түркі тілдерінде кездесетіңдігі, ұқсастығы жай, кездейсоқ құбылыс емес, ол тайпалар мен халықтардың генетикалық жақтарынан тығыз байланысты болуының нәтижесі. Ескерткіштер тілінде кездесетін сөздерге назар салсақ, оның 90 пайыздан көбірегі түркі тілдеріне ортақ, байырғы сөздер», – деп түйіндейді «Күлтегін», «Білге қаған» жазуларының фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін зерттеген ғалым Ғ.Айдаров.
Бірқатар лингивистер Орхон ескерткіштерінің тілі қазақ, қырғыз, хакас, алтай тілдерімен туыстас деген пікір айтады.
Руна жазуындағы әдеби мұраларды поэзиялық туынды деп таныған көрнекті ғалым И.В. Стеблева көне түріктер жырларындағы өлең құрылысын алғашқылардың бірі болып теориялық тұрғыдан зерттеп, олардың қазіргі түрік тілдес халықтар жырлары құрылысымен ұқсастықтарын жан-жақты негіздеп берді.
Руникалық жазба ескерткіштерінің тілі шешеңдік сөйлеу әдісінің көрсеткіші бола алатындығы, сонымен бірге сол дәуірдің сан-алуан ономастикалық атауларын ұрпақтарға қаз-қалпында жеткізген тарихи мұра екендігі де дәлелденген. Руна жазуы XI – XII ғасырларда қолданудан шығып қалды.
Соғды жазуы – батыс түріктері арасына кең таралған жазу. Соғды жазуы әліпбиінің шығу тегі арамей әліпбиімен байланыстырылады және иран тілінің солтүстік-шығыс тобына жатқызылады. М. Қашқаридің мәліметіне қарағанда, түріктер соғдыша, соғдылар түрікше білген. Бұған Бұғұт жазуы (Монғолия жерінен табылған, VI ғ. жазылған) және Жетісудан, Талас өзені маңынан табылған керамикадағы, жартастағы жазулар, соңдай-ақ Тараз, Суяб қаласын қазу барысында табылған VIII ғ. жататын жергілікті теңгелердегі жазулар дәлел бола алады.
Ұйғыр жазуы – көне түріктер арасында исламға дейін көп пайдаланылған жазу. Бұл жазу VIII ғ. соғды әліпбиі негізінде пайда болған. М.Қашқари ұйғыр жазуы туралы былай деп жазады: «Ұйғырлардың тілдері таза түрікше... Олар жиырма төрт әріптен құралатын жазуды пайдаланады. Кітап пен хат-хабарды сол жазумен жазады. Бұл жазуды мұсылман дініне кірмеген ұйғырлар мен шындардан басқалары білмейді». Ұйғыр жазуы әріптері жоғарыдан төмен қарай және жазу жолдары солдан оңға қарай орналасады. VIII-XIII ғ.ғ. түрік тайпаларының будда дінін уағыздаушы топтары көп қолданған, бірақ ислам діні қабылдануына байланысты араб жазуы ығыстырып шығарады. Әйтсе де кейбір буддалық монастырьлерде XVIII ғ. дейін қолданылған. Ұйғыр жазуын XIII ғ. монғолдар қабылдады, нәтижесінде қазіргі монғол халқы жазуының негізі қаланған, ал монғолдар ықпалымен ұйғыр әліпбиі маньчжур жазуының да негізіне алынады. Ұйғыр жазуы ескерткіштерінің тілдік ерекшелігін талдай келе ғалымдар бұл тек ұйғыр тайпаларының ғана емес, сонымен бірге түрік, түргеш, басмыл, қарлұқ және басқа VII-VIII ғ.ғ. Шығыс Түркістанды мекен еткен түркі тайпаларының тілі болса керек деп топшылайды.
Түрік руникалық ескерткіштері тілі мен ұйғыр ескерткіштері тілі арасында аса үлкен айырма болмаған. Тіпті сол кездегі авторлардың өзі көне ұйғыр тілін «түрік» тілі деп атайды. Ұйғырдың аудармашысы, әрі жазушысы Шынгко - Шели (X ғ.) өзінің шығармасының соңында табғаш тілінен түрік тіліне аударма жасадым деп көрсетеді.
Ұйғыр жазуымен будда, манихейлік, христиандық діндердің уағыздары, сонымен бірге Шығыс Түркістандағы ұйғыр мемлекеттерінің түрлі заң-құжаттары, жылнамалар, сәуегейлік болжаулар т.б. жазылған. Діни шығармалар көбіне табғаш, соғды, тибет тілдерінен түрік тіліне аударылған.
Ұйғыр аудармашылары діни текстердің жергілікті халыққа ұғынықты болуына күш салып, сол үшін көне түріктердің мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін жиі қолданған, сонымен бірге діни аударма шығармаларда көне түріктердің фольклоры негіздері басшылыққа алынғаны байқалады. Мысалы, Шынгко - Шели аударған буддистік шығарма «Алтын жарықта» қаза болған баланы жоқтау түрік фольклоры дәстүрімен берілген.
Көне түріктердің жазба ескерткіштері әліпбиі жағынан да, жанры жағынан да, стилі жағынан да бір ізді емес. Неміс түркітанушы ғалымы Анна фон Габен көне түрік жазба ескерткіштері дегеніміз түріктердің эпиграфиялық, я қағазға руна, ұйғыр, соғды, брахми, манихей және сириялық (эстрангело) әліпбиімен жазылған текстерінің үлкен репертуары деп көрсетеді.
Зерттеушілер көне түріктердің жазба ескерткіштерін жазылу мерзіміне, жазылған жеріне, қай мемлекет тұсына сөйкес келетіңдігіне және жанрлық сипатына қарай топтап бөледі.
Көне түрік жазба ескерткіштері табылған жеріне қарай аймақтық негізде былайша топталады:
1. Монғолия жерінен табылған ескерткіштер: бұлар негізінен «Орхон ескерткіштері» деп аталады және Орхон, Селенга, Толы өзендері бойына орналасқан. Тасқа қашап жазылған бұл текстердің ең көлемділері және әйгілілері – Күлтегін, Білге қаған, сондай-ақ Тоныкөк ескерткіштері.
Осы топқа Кулишор, Чойрэн, Онгин, Селенга, Сэврэй, Терхин, Тэсин, Қарабаласағұн, Суджа, Хэнтэй, Тайхир-сулу жазуы, Ике-Асхэт, Гоби және Хангай тауынан табылған майда жазулар, сондай-ақ соғды тілді Бұғұт жазуы жатқызылады.
2. Енисей өзені аңғарынан табылған ескерткіштер. Тывалық және минусиндік деп тағы екіге бөлінетін бұл топқа 150 – ден аса үлкенді – кішілі құлыптастардағы, жартастардағы, алтын, күміс ыдыстардағы және теңгелердегі жазулар кіреді.
3. Лена – Байкал ескерткіштер тобы. Жартастар мен тұрмыстық бұйымдарға жазылған оқылуы қиын 16 қысқа жазуды топтайды.
4. Алтай ескерткіштері. Барлығы үлкенді-кішілі 50-дей болатын әртүрлі заттардағы және кұлпытастағы жазу кіреді.
5. Шығыс Түркістан ескерткіштері тобына Турфандағы ескі кұрылыс қабырғаларындағы төрт жазу, храмдағы екі жазу, Миран мен Дунхуаньнан табылған қағазға жазылған бірнеше ірі текстер және қола айнадағы жазу жатқызылады.
6. Ортаазиялық ескерткіштер тобы. Оның жетісулық тобына Талас аңғарыңдағы құлпытастардағы жазу, теңгелердегі, тұрмыстық бұйымдардағы және ағаш таяқшалардағы ұзын саны 12-дей болатын жазулар кірсе, ферғаналық топ керамика мен темір бұйымдардағы қысқа қайрылған 17 жазудан тұрады. Муг тауларынан табылған теріге жазылған құжат та осы топқа жатқызылады.
7. Шығысеуропалық ескерткіштер. Бұл топ тағы үшке: донецскілік, дунайлық және поволжелік деп бөлінеді. Тұрмыстық заттардағы азды-көпті майда жазулардан құралады.
Көне түрік руникалық ескерткіштерінің тарихи-саяси және хронологиялық негізде топталуы:
1. Шығыс Түрік қағанаты тұсындағы ескерткіштер – Орхон жазбалары және Алтай ескерткіштері. Жазылу мерзімі – VIII ғасыр. Тек кейбір майда жазулар VII ғасырда, ал Чойрэн жартасындағы жазу VII ғ. соңына қарай жазылған деп есептелінеді.
2. Қырғыз кағанаты дәуірі ескерткіштеріне Енисей жазбалары, Суджа жартасындағы жазу және Монғолиядағы бірнеше жартастағы VIII-X ғ.ғ. жазылған ескерткіштер жатқызылады.
3. Курыкан тайпалық одағы тұсындағы VIII- X ғ.ғ. ескерткіштер. Мұны Лена – Байкал тобы жазбалары құрайды.
4. Батыс Түрік қағанаты кезіндегі ескерікіштер – Жетісу және Ферғана тобындағы жазбалар (VIII ғ.).
5. Шығыс Түркістандағы Ұйғыр мемлекеттерінің IX-X ғ.ғ ескерткіштері қағазға түскен текстерді және Турфандағы қабырғалардағы жазуды қамтиды.
6. Хазар қағанаты ескерткіштері тобына шығысеуропалық руника, Жетісудағы таяқшадағы жазу және солтүстік Кавказдық рунаға ұқсас жазулар енгізіледі. Әрі осы мезгілде жазылған деп тұспалданады.
Мазмұны жағынан алғанда, аталмыш жазулар түрік, ұйғыр және қырғыз ақсүйектерінің көрнекті өкілдері іс-әрекетін мадақтауға арналғаны байқалады. Кейіпкерлердің іс-әрекеті саяси оқиғалармен байланыста қаралады және кейіпкер өз атынан сөйлейді (I жақта). Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегінге арналған жазбалар түрік қоғамына арналған үндеу іспетті және де бұл үндеулердің мақсаты ешнәрсемен бүркемеленбеген: халықтың көзін жеткізгілері келеді. Тарихи материалдар іріктеліп беріледі. Салыстырып тексерген кезде (қытай жылнамаларында берілген тарихи оқиғалармен) оқиғалардың дұрыс баяндалғанына, бірақ толық емес екеніне көз жетеді. Бұл түсінікті де, себебі, үгіттік кұжатта бейтараптылыққа жол беру – ақылға сыймайтын нәрсе, сонымен көне түрік жазба ескерткіштері жанры бойынша былайша бөлінеді:
1) Үндеу, үгіттеу жанрында жазылған жазбалар. Олардың көп болуының өзі түріктерде сөздің шынайы күш болып есептелгенін көрсетеді ].
2) Құлыптастық лирика. Жетісу және Енисей аңғарынан табылған ескерткіштер мазмұны сәйкес келеді. С.Е.Малов мұны көне түріктер дәуіріндегі «мазарлар поэзиясы» деп сипаттайды. Құлыптастағы қысқа қайрылған жазуларда кейіпкердің аты, шені, жасы, басынан кешкен оқиғалары (қандай жағдайға байланысты екендігі, мезгілі көрсетілмейді) баяндалады, сонымен бірге марқұмның жете алмай кеткен арманы жайлы айтылады.
3) Жартастағы, үй құрылыстарындағы өте келте жазбалар (Тайхир-чулу, Хэнтэй, Тоныкөк мазарындағы жазу және басқа да ұсақ жазулар). Бұларда автор өмірінің қаңдай да бір оқиғасы үзік-үзік беріледі.
4) Магиялық, діни және әдеби текстер. Қағазға жазылған жазбалар, мысалы «Ырқ – бітік» жатады.
5) Іс-құжаттары берілген қағазға түскен жазбалар. Олар Дуньхуаннан және Мираннан табылған.
6) Тұрмыстық заттардағы: айна, ыдыс, теңге т.б. жазулар. Онда шебердің, я болмаса зат иесінің аты немесе тілектер, өсиеттер жазылған.
Осы дәріске арналған сұрақтар:
1. Руна жазуы: сипаты, ескерткіштері
2. Көне түркілердің жазба тілінің ерекшеліктері
3. Руна жазуының таралу аймағы
4. Көне түрік ескерткіштерін таралу аймағына қарай топтау
5. Көне түрік ескерткіштерін жазылу уақытына және жанрына қарай жіктеу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. – Алматы, 1995.
Айдаров Г. Язык орхонского памятника Бильге - кагана. - Алма-Ата, 1966.
Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы, 1990.
Аманжолов А.С. Түркі филологиясы және жазу тарихы. – Алматы, 1996.
Arat R. Eski turk sizi. Ankara. 1965.
Баскаков Н.А. Очерки истории функционального развития тюркских языков и их классификация. – Ашхабад, 1988.
Бартольд В.В. Обзор истории тюркских народов // Соч., т.5. – М., 1986.
Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – Т.1. – Алматы, 1998.
Бомбачи А. Тюркские литературы. Введение в историю и стиль // Зарубежная тюркология. – М., 1986. – С. 191-293.
Васильев Д.Д. Графический фонд памятников азиатского арела (опыт систематизации) – М., 1983.
Византийскик историки. – Спб., 1860.
Восточный Туркестан в древности и раннем средневековье: Этнос, языки, религии. – М., 1992.
Габен А. Культура письма и печатания у древних тюрков // Зарубежная тюркология. – М., 1986. – С. 159-190.
Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1994.
Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках / Под ред. И.А.Батманова. – Фрунзе, 1971.
Киселев С. В. Краткий очерк древней истории хакасов. – Абакан, 1951.
Лайпанов К.Т., Мизиев И.М. О происхождении тюркских народов. – Черкесек, 1993.
Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. – Алматы, 1993.
Қоңыратбаев Т. Әуелбек Қоңыратбаев – түркітанушы. - Алматы, 1996.
Лингивистический энциклопедический словарь / Гл. ред. В.Н.Ярцева. – М., 1990.
Малов С. Е. Памятники древнетюркской письменности. – М., 1951.
Малов С. Е. Енисейская письменность тюрков. – М. – Л., 1952
Маргулан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата, 1979.
Насилов В.М. Язык орхоно – енисейских памятников. - М., 1986.
Петров А.М. Великий шелковый путь. О самом простом, но мало известном. – М., 1995.
Сарткожаулы К. Объединенный каганат тюрков в 745-760 годах (по материалам
рунических надписей). – Астана: «Фолиант», 2002.
Смирнова О.И. К вопросу о языке легенд на тюргешских монетах // Тюркологические исследования. - М., - Л., 1963.
Стеблева И.В. Древнетюркская книга гаданий как произведение поэзии // История, культура, языки народов Востока. – М., 1970.
Стеблева И.В. К реконструкции древнетюркской религиозно – мифологической системы // Тюркорлогический сборник. – М., 1972.
Стеблева И.В. Поэзия тюрков VI – VIII веков. – М. 1965.
Сулейменов О. Язык письма. Взгляд в доисторию – о происхождении письменности и языка малого человечества. – Алматы – Рим, 1998.
Толстов - С. П. Древний Хорезм. Опыт историко – археологического исследования. – М., 1948.
Тугушева Л.Ю. Орхоно - тюркский и древнеуйгурский языки, их сходство и различие // Тюркологический сборник. – М., 1978.
Тугушева Л.Ю. Фрагменты уйгурской версии биографии Сюаньцзана. – М., 1980.
Феофилакт Симокатта. История. – М., 1957.