лекция 3
лекция 3
ДӘРІС 3. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Көне түркі әдебиетін кезеңдеу мәселесі
2. Көне түрік дәуіріндегі аңыздардың сипаты
3. Көне түріктердің әдебиетіндегі этикалық-саяси идеал
Түрік тілдес халықтардың Көне әдеби ескерткіштерін тарихи – деректік, әдеби, тілдік т.б. қырынан танып-білуге қатысты түйінді мәселелер аз емес. Соның бірі – Көне түрік әдебиеті дәуірін айқыңдау.
Итальяндық ғалым А.Бомбачи түріктер исламды қабылдағанға дейінгі (X ғ.) кезең түрік әдебиетінің ең көне кезеңі деп атайды, орыс ғалымы С.Е.Малов көне түрік текстері дегеніміз V-XV ғ.ғ аралығында Орталық Азияда жазылған ескерткіштер дейді. Белгілі лингивист-түркітанушы Н.А.Баскаков Көне түрік дәуірі VI – ІХ ғ.ғ. қамтиды деген болса, қазақ әдебиеті тарихының білгірлері де әрқалай пікірде.
Тарихшы ғалымдардың да көне түріктер дәуірін анықтауда ойлары тоғыспай жатқаны байқалады. Бұл жеке тақырыпқа арқау болатын мәселе. Дегенмен де оны бірлесе отырып шешу, бір ізге салу – уақыт талабы.
Көне түріктердің генеологиялық аңыздары, қасқырдан таралғаны туралы Көне аңыздар қытай жылнамаларында кездеседі. Түріктердің арғы бабаларын Линь мемлекетінің жауынгерлері талқандайды. Тек бір он жасар бала аман қалады. Дұшпандар бала жас болғандықтан өлтіруге аяп, аяқ-қолын шауып, көлге лақтырып кетеді. Бұл жерде оны қасқыр каншық тауып алып, аяп кетіп, ет беріп асырай бастайды және аштықтан құтқарып қалады. Мұны естіген дұшпандар баланы да қасқырды да өлтіруге бел буады. Алайда қасқыр баланы алып, Алтай тауларындағы бір үңгірге әкеледі. Үңгірдің ішінде айналасы бір лиге сөзылып жатқан көкорай шалғынды жазық бар екен. Үңгірдің жан – жағын таулар қоршап жатыр екен. Осы үңгірде қасқыр баладан он ұл тауыпты. Бұл ұлдар ержетіп он тайпа ел болады. Ұлдардың бірінің аты Ашина, яғни «бәрі» деп аталған. Ол ерекше қабілеті және ақылдылығымен кезге түсіп, тайпа көсемі болады.
Н.Я. Бичурин келтірген келесі бір аңызда қасқырға байланысты былайша әңгімеленеді. Ғұндар көсемінің екі сұлу қызы болыпты, оларды күйеуге беруге қимаған көсем көк Тәңіріге бағыштауды ұйғарыпты. Сөйтіп жапан түзде үй тұрғызып, сол жерге қыздарын орналастырып, көктен қыздарын атуды сұрайды. Қыздардың кішісі сол үйді күндіз – түні торып жүрген қасқырға күйеуге шығып, ұл табады. Одан тараған ұрпақ көбейе келе бір мемлекет болыпты: сондықтан да бұл жерде адамдар қасқырдың ұлығанындай сөзылыңқы өнді жақсы көреді екен. Теле тайпаларының түп атасы осы қыздың қасқырдан туған ұлы болып саналған.
Зерттеуші Л.Н. Гумилев бұл қытай жылнамаларында келтірілген аңыздарда екі түрлі сюжет – мифологиялық және тарихи сюжеттер тоғысқан деп жорамалдайды. Бөрі бейнесі мифологиялық мәнге ие, ал түріктердің бір бөлігінің арғы аталары Алтайға қашып баруында тарихилық бар дейді.
Көне түріктердің ауыз әдебиеті кейіндері пайда болған жазба әдебиетке нәр беріп, оның өмірге келуіне алғы шарттар әзірлеп берді. Орхон жазуларында ауыз әдебиетінің ескі үлгілері аз кездеспейді. Бұл әдебиеттің халық өмірімен тығыз байланысын аңғартады. «Ауыз әдебиетінің түрлері, әрине, бір мезгілде туып, бірден қалыптасқан жоқ. Әрқайсысының шығу, өсіп - өркендеу тарихы, ұзақ уақытқа созылған даму жолдары бар», – деп көрсетті М.Ғабдуллин.
Көшпелілер тек материалдық мәдениетте ғана емес, сол сияқты рухани мәдениетте де (олардың әдебиеті ауызша айтылатын болса да) өздерінің отырықшы көршілерінен артта қалып көрген емес. Көшпелілер жыр-аңыздың екі жанрын: батырлар жыры мен жын-пері хикаяларын жасаған. Мұның екеуі де мифологияға жақын, бірақ олар акиқат өмірді осыңдай жолмен қабылдап, өздерінің сезім-түйсіктерін білдірген.
Түрік тайпаларының мифологиялық наным-сенімдерінен әлемдік мифологияға ортақ жамандық пен жақсылық тартысы аңғарылады.
«Фольклордың кейбір элементтерін, тіпті, қайткеңде де түріктер уақытына жатқызуға болады», – деп жазды Л.Н.Гумилев. Зерттеуші алтайлықтардың «Сай-Солонг жырында көне аңыздың негізі бар деп көрсетеді. Алтайлық батыр Сай-Солонгқа көмекке келген Ирбис-бурканның өзі жайлы: «Қалың жартасты тесіп өтіп, мен жарық дүниеге өзім шықтым», – деуі көне түріктердің шығу тегі туралы аңызбен сәйкес келетіндігіне назар аудартады. Одан әрі: «Рашид-ад-динде түріктердің шығу тегі туралы олар тау жартастарының ішіне айдап кіргізіліп, одан шыға алмаған еді деп әңгімеленеді. Сонда олар жартас түбіндегі бір жерге отынды үйіп, лаулата от жағады. Ал тау темір рудасы болғандықтан, ол ериді де, тесік пайда болады, сол тесіктен түріктер жарық дүниеге шығады. Мұндағы нұсқалар дәлме-дәл келеді. Түрік Ирбис-буркан алтайлық Сай-Солонгты бәледен құтқарады да, оның қарыңдасына үйленеді, сөйтіп олар бірге, ағайынгершілікпен өмір сүреді. Батырлар жырының өзі үшін елеусіз саналатын дәл осы саздың тарихи мәні бар. Ол кездері Алтай тұрғындарының түркіттердің қалғандарымен бірігіп кеткендігін қуаттайды», – деп ой түйеді.
Түрік қағанаты дәуірінен сыр шертетін сюжеттер алтайлық «Алып- Манаш» (Алпамыс батыр туралы эпостың бір варианты) жырында көрініс береді. Зерттеуші В.М. Жирмунский бұл жырды ең көне нұсқа деп есептейді.
Батыр Алып-Манашқа туыстары Қырғыз ханның сұлу қызын әпереді. Бұл әйелді ұнатпаған батыр Ақ Қанның қызы Ерке Қарақшы сұлуды іздеуге кетеді. Ақ Қан оны тұтқынға алғанда, ақ қаздың қанатына үйіне жәрдем сұрап хат жібереді. Көмек беруге жіберілген өкіл ағасы тұтқын үшін берілген сиқырлы асты жеп қойып, Алып-Манаш кейпін киіп, батырдың әйелін алу үшін кері қайтады. Атының жәрдемімен босап шыққан батыр Ақ Қанның елін шауып, малын алып, еліне келіп, той жасайды.
Л.Н. Гумилев мұндағы Ақ Қанды табғаш билеушілерімен, Алып- Манаштың өкіл әкесінің опасыздығын түрік ханзадалары мен батырларының табғаштардың парасына сатылуымен ұқсастырады. Жырдағы өз құқын сақтап қалу идеясы Иоллығ Тегін мен Тоныкөктің бағдарламалық ой-пікірімен үңдесіп жатқаңдығын атап өтіп, бұл сюжеттер Бірінші түрік қағанаты кезінде туып, Екінші түрік қағанаты тұсында өмір сүрген шығар және содан Алтайға өтіп, біздің уақытымызға дейін сақталып қалған болса керек деп топшылайды.
Түрік қағанатының ең биік жетістігін белгілі қазақ түркологы Ә. Қоңыратбаев оның эпостың туынды жасауында деп көрсетті. Мұндай жазбаларға мифологиялық сюжеттер ғана емес, тарихи оқиғалар да негіз болды. Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған жырлары Көк түріктер кезінен сыр шертетін әдеби ескерткіштер болып табылады. Орхон жазбаларында тарихты баяндау, саяси риторика және эпикалық жанр араласа беріледі. Дегенмен де эпикалық жанр басым түседі. Зерттеуші Н.Келімбетов көне түркілердің поэзиясына үш элемент – оқиғаның басталуы, сол оқиға желісінің біртіндеп ұлғаюы және осы циклда айтылуы тиіс ой-пікірдің түйіні деп көрсетеді. Бұдан көне түріктердің әдебиеті этикалық-саяси идеалға – түрік халқының қуаты мен өркендеуіне бағытталғаны, сол идеал жолында күрескен батырлар тұлғасын дәріптеуді мақсат тұтқаны байқалады. Түркілердің өмірлік ұстанымы елдің бірлігі, тұтастығы, қуаттылығы және дамуы болды. Сол үшін түркі жырларындағы қаһармандар «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» халқына қызмет етті.
Неміс ғалым-түркітанушысы Анна фон Габен көне түріктердің ауызша айтылып, ел арасына таралған басқа да жырлары, аңыз әңгімелері мен мифтері болуы мүмкін деп топшылайды.
Орхон жырлары көне түрік тайпаларында ортақ әдеби дәстүрдің болғандығын байқатады. Бұл жырларды қазақ эпосы үлгілерімен, қазақ жыраулары шығармаларымен өзара салыстыра зерттеу нәтижесінде әдебиеттанушы ғалымдарымыз көне түріктердің ақындық, шешендік, даналық, көркем ойлай алушылық өнері ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға үздіксіз жалғасты деген тұжырым жасап отыр.
Осы дәріске арналған сұрақтар:
1. Көне түріктердің ауыз әдебиетін кезеңдеу мәселесі
2. Көне түрік генеологиялық аңыздары
3. Зерттеуші В.М. Жирмунский, Л.Н. Гумилев, А. Фон Габеннің тұжырымдары
4. Қазақ түркітанушылары Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов және т.б. пікірлері
5. Көне түркі жырларындағы түркілік идеалдың көрінісі
Пайдаланылған әдебиеттер:
Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитвших в Средней Азии в древние времена. – Т. – Алматы, 1998.
Бомбачи А. Тюркские литературы. Введение в историю и стиль. Сокр.пер. с англ. Л.В. Горячевой // Зарубежная тюркология. – Вып. 1. – М., 1986. – С. 191-293.
Габен А. Древнетюркская литература Пер.с нем. Д.Д. и Е.А. Васильевых // Зарубежная тюркология. – Вып. 1. – М., 1986. – С. 294-344.
Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1994.
Гумилев Л.Н. Қиял патшалығын іздеу. – Алматы, 1992.
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1996.
Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше и богатырская сказка. – М., 1960.
Келімбетов Н. Көне дәуір әдебиеті. – Алматы, 2005. - 46-114-б.
Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. – Алматы, 2002. – 10-11, 17-19, 31-32-б.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы, 1987.
Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары. – Алматы, 1991.
Қоңыратбаев Т. Әуелбек Қоңыратбаев – түркітанушы. – Алматы, 1996.
Қыраубаева А. Көне әдебиет. – 2-том. – Алматы, 2008.- 151-157-б.
Стеблева И.В. Поэзия тюрков VI – VIII веков. – М. 1965.