лекция 2

лекция 2

ДӘРІС 2. КӨНЕ ТҮРІКТЕРДІҢ  ТІЛІ  ЖӘНЕ  ДИАЛЕКТІСІ 

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):

1. Көне түркі тілі: қалыптасуы және дамуы 

2. Түркі тілдерін топтастыру мәселесі

3. Көне түркілердің жазба  тілінің ерекшеліктері.          

Дәрістің қысқаша мазмұны: Тілдік туыстық белгілері.  Түркі тілдерінің құрылымы  және типологиялық сипаты. Түркі тілдерін топтау қағидасы және түрі.  Көне түркі тілі диалектісі және оның қәзіргі кездегі көрінісі. Көне түркілердің жазба  тілінің ерекшеліктері. 

Көне түріктердің  тілі ерте заманнан тарихи даму барысында жасалып, қалыптасты. Қазіргі таңда түркітанушылар сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының  тілінде түрік сөздері болды деп отыр. Н.А.Аристов, К.Сиратори, Ю.А. Зуев, А.Аманжолов және т.б. көне үйсін лауазымдары (күн бег, тархан, улуғ т.б.) түркі тілінде келтірілгенін алға тартады. Олар қытай деректеріне сүйенеді.

            Академик Ә.Марғұлан қола дәуірінің тайпалары үнді-иран тілдес болды деген көзқарасқа  күмәнмен қарады.

А.Аманжолов түркі этносына ұйытқы болған көне тайпаларға «тюркизация» (түркілену) терминін қолдану тым сыңаржақтық деп біледі.

           Түркі тілі туралы ең алғашқы мәлімет Месопотамиянын оңтүстігінен  (Шумерден) табылған идеографиялық жазба ескерткіштерден ( б.з.б. 4-3 ғғ.) байқалады.   Шумер тілінің алтай тілдерімен туыстығы жөнінде неміс ғалымы Ф. Хоммель, орыс тарихшысы С.П.Толстов, А.Аманжолов және т.б.  болжам пікір айтқан еді. О.Сүлейменовтің пікірі де осыған саяды. Лексикалық сәйкестіктерге сүйене отырып, алғашқы түркілердің  (прототүркілердің) 1 бөлігі бұдан 5 мың жыл бұрын Месопотамияға (Шумерге) келген және шумер ескерткіштерінің тіліне әсер еткен деген тұжырым жасайды.

Лексикалық сәйкестіктерді төменгі кестеден байқаймыз:

Шумер тілінде

Көне түркі тілінде

Қазіргі түркі тілінде

Дингир

Тәңрі

Ұйғырша - тәңри

Уд (күн, мезгіл, кез)

Өд (мезгіл, кез)

Тыва тілінде – өй – мезгіл, кез

Дуг (жақсы)

Ыдуқ (қасиетті, киелі)

Қырғызша – ыйық -қасиетті, киелі; Тываша – ыдық – қасиетті, киелі;

Гуд (бұқа)

Уд (сиыр, бұқа)

Ұйғырша-уй – өгіз, бұқа, қырғызша – уй – сиыр, өгіз

У (ұйқы)

У  (ұйқы)

Саха тілінде – уу - ұйқы

Гиг (ауру)

Іг  (ауру, сырқат)

 

Бараг (ибадатхана)

Барқ (құрылыс, ғимарат, ибадатхана)

 

Ниг (зат, нәрсе)

Нең (зат, нәрсе)

 

Суг (ми батпақ, су)

Сұғ, суб, сув (су)

Чувашша – шу -су; қырғызша – суу-су; қазақша – су

Саг (бас, басшы)

Сағұн (жасы үлкендердің лауазымы)

Қырғызша – саң- әмірші, хан

Көне түркі тілі  – түрік тілді көптеген тайпалардың ұзаққа созылған тарихи кезеңдегі этногенезі негізінде қалыптасқан күрделі де байырғы тіл. Оның сөздік құрамы бірнеше қат-қабаттардан құралады.

Түркі тілдерін тілдік (фонетикалық, морфологиялық) тұрғыдан топтастыру – классификациялау, сөйтіп, әрбір тілдің түркі тілдері құрамындағы орнын айқындау М.Қашқаридан басталады. Әйтсе де, классикалық тіл білімі түркі тілдерін ғылыми негізге сүйеніп топтастырудың тарихын ХІХ ғасырдан бастайды. Түркі тілдері -  Шығыс Еуропадан, Сібір мен Батыс Қытайға дейінгі кең аумақта тұратын 180 млн. адамның ана тілі, 210 млн. адамның екінші тілі боп табылатын, көбі бір біріне өте жақын болған 40 тілден тұратын тілдер тобы. Түркі тілдер жанұясы Алтай тілдері әулетіне жатады. Қазақ тілі соның бірі болып табылады.

      Түркі тілдерін топтастыру жөнінде көптеген ғалымдар өз жіктемелерін ұсынған. Кейбір зерттеушілер географиялық орнына қарай (В.А.Богородицкий, И.Бенциг, К.Г.Менгес) жіктесе, түрік ғалымы Т.Текин көбіне фонетикалық қағидаға сүйенген. Қазіргі уақытта жалпы тіл білімінде түркі тілдерінің тарихын, этникалық құрамын, қазіргі жағдайын жан-жақты зерттеп, фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерін салыстыра жасаған ғалым Н.А.Баскаковтың жіктемесі басшылыққа алынып жүр. Н.А.Баскаков түркі тілдерін әуелі батыс хун және шығыс хун тілдері деп үлкен екі топқа жіктеген. Батыс хун тілдерін 4 топқа бөледі:

 І. Бұлғар тобы: Көне бұлғар, хазар, қазіргі чуваш тілдері;

 ІІ. Оғыз тобы: оғыз-түрікмен тобы (Қашқари сөздігіндегі оғыздар, түрікмен, Кавказдағы түрхмен тілдері); оғыз-бұлғар тобы (көне печенег, үз (торктер, берендейлер, ковуйлер), қазіргі гагауз, балқан түріктерінің тілдері); оғыз-селжүк тобы (көне селжүк, көне осман түріктері, қазіргі әзірбайжан тілдері). ІІІ. Қыпшақ тобы: қыпшақ-полевец (көне полевец (қыпшақ, құман), қазіргі қарайым, қарашай-балқар, құмық, қырым татарлары тілдері); қыпшақ бұлғар: ортағасырлардағы Алтын Орда әдеби тілі, қазіргі татар, башқұрт тілдері; қыпшақ-ноғай: қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдері, өзбек тілінің қыпшақ диалектісі.

ІV. Қарлұқ тобы: қарлұқ-ұйғыр, қарлұқ-хорезм (шағатай, көне өзбек, қазіргі ұйғыр, өзбек) тілдері. Шығыс хун тілдерін 2 топқа бөледі:

І. Ұйғыр-оғыз тобы: ұйғыр-түкюй тобы (көне оғыз, көне ұйғыр, қазіргі тыва, қарағас (тофа) тілдері; саха-якут тобы (якут тілі); хакас тобы: (1) хакас, шор тілінің иран диалектісі, сары ұйғыр, камасин, Чулым татарларының тілі; 2) шор тілінің қосуан диалектісі, алтай тілінің сарлұқ диалектісі).

ІІ. Қырғыз-қыпшақ тобы: Көне қырғыз, қазіргі қырғыз, алтай тілдері.

Көне түркі тілдеріне басқа тілдерден  көптеген сөздер енген. Себебі, олар көптеген халықтармен қоныстас, көршілес болды. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері тілінде  соғды, табғаш т.б. енген бірсыпыра сөздер бар. Бірақ араб-парсы сөздері жоқтың қасы, өйткені ол елдермен VI-VIII ғғ. қарым-қатынас болмаған еді. Кейбір сөздер ескіріп, қазіргі кезде қолданыстан шығып қалған. Мысалы, айағ – құрмет, асығ – пайда, бітіг- жазу, ку- даңқ, тархан -шен, дәреже және т.б.

         Бірқатар лингивистер Орхон ескерткіштерінің тілі қазақ, қырғыз, хакас, алтай тілдерімен туыстас деген пікір айтады Қазақ түркітанушы ғалымы Ғ.Айдаров Орхон-Енисей ескерткіштер тілінде кездесетін сөздердің 90 пайыздан көбірегі түркі тілдеріне ортақ, байырғы сөздер болып келеді деп көрсетеді. Көне түрік тілінің жалғасы бүгінгі түркі халықтарының тілі. Барлығы 40-тан аса тілден тұратын, 180 млн. адамның ана тілі боп табылатын түркі тілдері Алтай тілдері әулетіндегі ең үлкен тіл тобы болып табылады.

Осы дәріске арналған сұрақтар:

1.Тілдік туыстық белгілері. 

2.Түркі тілдерінің құрылымы  және типологиялық сипаты.

3.Түркі тілдерін топтау қағидасы және түрі. 

4.Көне түркі тілі диалектісі және оның қазіргі кездегі көрінісі.

5. Көне түркілердің жазба  тілінің ерекшеліктері.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. Оқу құралы.  – Алматы: Санат, 1996. – 128 б. - 20-37-бб.

Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. – Алматы: Ана тілі, 1995. - 232 б. – 48, 50, 67, 69-бб.

Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. – М., 1984.

Баскаков Н.А. Классификация тюркских языков в связи с исторической периодизацией их развития и формирования // Труды Института языкознания АН СССР. –  М., 1952. –  Т. I.

Зуев Ю.А. К вопросу о языке древних усуней // Вестник АН КазССР. -№5 (146). – 1957. – С. 73

Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. –  Алматы,  2002. -12-13-б.

adebiportal.kz/kz/books/view/1190

Зарубежная тюркология.  – М., 1986.

adebiportal.kz/kz/books/view/1190

https://kk.wikipedia.org/wiki/Түркі_мәдениеті

https://adebiportal.kz/kz/news/view/3203

https://infourok.ru › История

ehistory.kz/media/scorm/201/141/text/text.htm

https://kk.wikipedia.org/.