лекция 1

лекция 1

ДӘРІС 1. КІРІСПЕ

Көне түріктер дәуірі немесе көне түріктер заманы деген ұғым тарихи-археологиялық әдебиеттерде екі түрлі мағынада қолданылады. Саяси даму үрдісін білдіргенде VI-VIII ғасырларды қамтиды, яғни көне түрік мемлекеттері заманын көрсетеді (тар мағынасында). Ал енді тарихи-этномәдени даму үрдісін білдіру үшін кең мағынада қолданылғанда V-X ғасырлар аралығындағы мезгілді көрсетеді.  Тарихи-хронологиялық жағынан алғанда бұл кезең ұлан-байтақ территорияны мекендеген әртүрлі тайпалардың  бәріне түсінікті ортақ тілдің, өзара жақын әдет-ғұрыптың, қоғамдық-қарым-қатынастың қалыптасуымен сипатталады.

Көне түріктер дәуірінде тек қана ашина түріктердің (тугю) құдіретті қағанаттары ғана емес, сонымен бірге ұйғырлардың және енисейлік қырғыздардың мемлекеттері де өмір сүрді. Қазіргі Тыва, Моңғолия, Хакасия, Оңтүстік алтай, Қазақстан және Орта Азия территорияларында жүргізілген археологиялық зерттеулер көне түріктер мемлекеттерінің құрамы ірі, әрі тұрақты этникалық топтардан тұрғандығын және жүздеген жылдар өмір сүргендігін көрсетіп отыр. Тарихи-археологиялық мәліметтерге сүйене отырып, зерттеушілер көне түріктер дәуірінің негізгі этно-мәдени аймақтарын былайша айқындайды:

1) Орталық және Орталықазиялық түрік қағанаттары құрамына енген тайпалардың аймағы (Моңғолия, Тыва, Алтай, Қазақстан, Шығыс Түркістан және Орта Азияның біраз жері);

2) Көне қырғыздардың – хягастардың мемлекеті құрамындағы тайпалар аймағы (Минусинск ойпаты, ал 840 жылдан  X ғасырға дейін Моңғолия, Тыва, Алтай жері);

3) Курыкан бірлестігіне кірген тайпалар аймағы (Байкал маңы).  

Көне түріктер заманыныдағы тайпалар бір-бірімен  кең экономикалық және мәдени байланыста болды. Шығысында Қытайдан батысында Византияға дейінгі аса ауқымды аймақты алып жатқан бұл тайпалардың өзара байланысының маңызды дерек көздеріне көне түрік дәуіріндегі тас мүсіндер, петроглифтер, сондай-ақ жерлеу ғұрыптары (әсіресе, VII ғ. бастап атпен бірге жерлеу) жатқызылады. Көне түріктер мәдениетінің ортақтығынруна жазба ескерткіштері және олардың бірыңғай діни наным-сенім жүйесі де айқындайды.

Батыс пен Шығыстың арасын жалғастырушы дәнекер рөлін атқара жүріп,  көне  түріктер тамыры терең, айшықты дәстүр-салты бар өзгеше дала мәдениетінің негізін салып, қоғамдық-әлеуметтік институттардың күрделі түрлерін, еншілік жүйесін, шендер иерархиясын, соғыс өнерін, елшілік үрдісін игере білді, сол сияқты олардың көрші елдердің идеологиясына қарсы қоятын мұқият әзірленген дүниетанымы да болды.

Көне түріктердің рухани әлемі – аса күрделі мәселелердің бірі. Бұл жөнінде зерттеушілер арасында бір-біріне қарама-қарсы пікірлер, түрлі көзқарастар, болжамдар аз емес. Еуроцентристік көзқарасты жақтаушылар көне түріктер ерекше діндар болмады, саудаға да бейімді емес еді, сондықтан төл жазуының әліпбиін шығаруға құлықсыз болды, қатағ даланың жыл мезгілдерінің ығына жығылып, көшіп-қонып жүріп, табиғатқа тәуелділікке түскен көшпенділердің қоғамы – тарихы жоқ қоғам  дейді. Алайда  Оңтүстік Сібір мен Орталық Азияда ұзақ жылдар бойы жүргізілеген археологиялық және палеографиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері көшпенділер  «адамзаттың арамтамағы» деген үстірт түсінікті теріске шығарып, ғылыми дәйексіздігін көрсетіп берді.

Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткен бүгінгі 160 миллиондай түрік тілдес халықтардың түп атасы – көне түріктердің рухани өмірі қанша күрделі болғанымен,  ол  бабаларымыздың табиғат пен туған жерге сүйіспеншілігін, сауаттылық пен білікке ұмтылған құлшынысын, ел тұтастығын сақтауға деген талпынысын паш ететін ертедегі тарихымыздың жарқын беттері болып табылады. Сондықтан да көне түріктердің дүниетанымын, рухани қазынасын тұтас, әрі жан-жақты зерделеу заман талабынан туындап отырған мәселе. Осыған байланысты көне түріктердің рухани мәдениетін  зерттеуге арналған еңбектердің ғылыми нәтижелерін қазақ тілінде түсіндіріп беру аталмыш дәрістер курсының мақсаты етіп алынды.

-----------------------  

Пайдаланылған әдебиеттер:

Савинов Д.Г. Государство и культурогенез на терртории Южной Сибири в эпоху раннего средновековья. – Кемерово, 1994.

Грач А.Д. Хронологические и этнокультурные границы древнетюркского времени // Тюркологический сборник. – М., 1966.

Клосон Дж. Происхождение тюркского рунического письма. Пер. с английского Д.Д. и А.А.Васильевых // Зарубежная тюркология. – М., 1986.

Тойнби А. Постижение истории. – М., 1997.